Пұт болдым деп мақтанба,
Одан да ауыр батпан бар,
Би болдым деп мақтанба,
Асқар ала тау менен,
Ар жағында аспан бар.
Басыма бақыт қонды деп,
Зауалды жалған дүниеге,
Біле білсең таспаңдар.
Қарсы жүрген адамың,
Басын исе достық қыл,
Жеңілсе дұшпан достық қыл,
Аяққа салып баспаңдар.
* * *
Мекке менен Медине – жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
* * *
Келін жақсы болса –
Үйіңе көп кісі келеді.
Келін жаман болса –
Келген кісі кеткісі келеді.
Ас құй десең төккісі келеді,
Төкпей құй десең сөккісі келеді.
* * *
Дүние деген шолақ депті,
Жан кеудеге қонақ депті,
Ақырет деген бір киім,
Алып қайтар сол-ақ депті.
Дүние деген осы,
Ешкімнің емес досы,
Болар еді досы,
Аумаса егер қосы.
Дүниеге қызығамыз несін біліп,
Аз күнгі қызығына есерленіп,
Жалаңаш кеп, жалаңаш қайтамыз ғой,
Мойынға төрт қары бөз тесіп іліп.
* * *
Өлімнен құтылмассың қашсаң-дағы,
Атадан арыстан туып ассаң-дағы,
Алладан шыныменен жарлық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы.
Жігіттер, ғибадат қыл маған нансаң,
Намаз оқы Алланы ойыңа алсаң.
Қырық жыл қашқан ажалдар Қорқыт та өлген,
Түбінде сөз сенікі өлмей қалсаң.
Кәрі өлсе соққан дауыл тынғандай-ақ,
Жас өлсе бәйтерегің сынғандай-ақ.
Жігіттер, жас кезіңде тәубеге кел,
Ажал деген көзді ашып-жұмғандай-ақ.
Шал ақын (Тілеуке Құлекеұлы)