Бiздiң елде орыс тiлiнде көркем шығарма жазатын өзге ұлт өкiлдерi аз емес. Азаяр түрi де көрiнбейдi. Он сегiзiншi ғасырдың алғашқы жартысында молдаван Антиох Кантемир бастап берген осынау бiр өмiршең дәстүрдi немiс халқының ресейлiк дарынды өкiлдерi Иван Хемницер, Каролина Павлова және Лев Мей iлiп әкетiп, кейiнiрек осы салада литван Юргис Балтрушайтис, армян Мариэтта Шагинян, грузин Ираклий Андрониковтардың бiраз жемiстi еңбек еткендерi белгiлi. Бүгiн таңда Георгий Поженян, Булат Окуджава, Фазыл Искандер, Роман Солнцев (Ринат Суфиев), Инна Кашежева, Раим Фархади,.. тәрiздi орыс тiлiнде бiр емес, бiрнеше өлең кiтаптарын жазған тегеурiндi топ, бiрi — армян, бiрi — грузин, бiрi — абхаз, бiрi — татар, бiрi — қабарды, бiрi — өзбек болғандықтарына қарамай, совет орыс әдебиетiнiң кәдiмгi өз өкiлдерi есептеледi. Осы тағдырлас ондаған автор iшiнде, қазақша өлең жазбаса да, өз ұлтының ақыны болып бөлектеу аталатын жалғыз ғана Олжас Сүлейменов. Бұл анықтаманы «Айналайын» атты мақаласында алғаш рет ашып айтқан және кесiп айтқан Леонид Мартынов болатын-ды. Мен өзiм де сондай пiкiрдемiн. Бiрақ пiкiрдi айта салу бар да, дәлелдеу бар…
Дала ғой бұл,
Дала ғой бұл сыралғы:
Бiрде буаз,
Бiрде қысыр бие — тың.
Қондыр бiздi арғымаққа,
Әйтпесе
Тiзелер де талып кеттi малдастан.
Ақ сорпа ғып арғымағын көңiлдiң.
Арғымақ ернi тұратын түсiп,
Салбырап.
Түн ортасы,
Ақ жаңбыр тоқтағанмен,
Тамшылары барады тық-тық басып.
Бұл — бүкiл болмысы, бүкiл кәсiбi төрт түлiк малмен, әсiресе жылқы малымен, көбiне-көп арғымақтармен тығыз байланысты болған дала халқы, жауынгер елге ғана тән бедерлi бейнелер мен солардың көздерi көбiрек көрiп, көбiрек байқайтын құбылыс-көрiнiстер.
Жанар-Күннiң
Қаршыға –
Қарашығы секiлдi.
Жүнiн жұлған қырғи менiң жүрегiм.
Сен ақ қоян болған кезде
Қып-қызыл
Түлкi болып қараса күн пайымдап.
Бұл — негiзгi тiрлiгi табиғатпен тығыз байланысты, демек аңшылықпен барынша бiте қайнасқан саятшыл халық қана алдымен аңғарып, алдымен жырға қосар сахара суреттерi. Мәселе ақынның тек осылай жазуында ғана емес, солай жазу үшiн солай көре бiлуiнде. Бұл жердегi көз — қырағы қырдың көзi.
Бiр ғажабы, автор даланы ғана далалықтың көзiмен көрiп қоймайды, қаланың өзiне де қыр тұрғыны болып қарайды.
Тұмсығындай қасқырдың
Көкке қарап
Қу мұнара ұлиды жалынышты.
Бұл мұнара, әрине, осы заманның мұнарасы емес, көне заман сiлемi — қу мұнара. Тұмсығын көкке қаратып ұлуы, итше ұлымай қасқырша ұлуы, қасқырша болғанда да жалынышты ұлуы тегiннен тегiн дей алмаймыз… Мiне осы тұстан бiз Олжас поэтикасының екiншi тамырына тап боламыз. Ол — тарих.
Төңкерiлген қазандай оба-дөңдер.
Жұлдызды көк төбеңнен төңкерiлген
Шұрық тесiк ұқсайды дулығаға.
Ай сәулесi қанжарындай батырдың.
Бұл, әрине, таза тарихтың өзi емес. Оған сәл кейiнiрек тоқталмақпыз. Ал әзiрше ақынның сөздiк қорына, оның замана түкпiрлерiне тереңiрек көз жiберетiн тарихи дүрбiсiне, бейнелеу құралдарына ғана мүмкiндiгiнше назар аударып отырмыз. Әр дәуiрдi сол дәуiрдiң өз бояуымен суреттеу — шын дарынға тән қасиет. Өзге тiлде жаза отырып, өз ұлтының өкiлi болып қалу — тiптен ерекше құбылыс… Кейбiр сәттерде Олжас шығармаларының өзi «Игорь жасағы туралы жырды» еске салғандай болады. (Ақынның болжамы бойынша ол дастанның авторы екi тiлдi қатар бiлгенге ұқсайды.)
Скажи, негромкое:
Жаным, аз тэ обичам
Подай мне руку
есть у нас такой обычай.
Алку не спеша отстегнула.
Осы екi үзiндiдегi ерекше екi сөзге айырықша назар аудару үшiн мысалдарды ана тiлiмiзге аудармай-ақ, әдейi түпнұсқа күйiнде ала тұруға тура келдi. Әйтпесе қазақша шумақтағы қазақ сөздерi орысшасындағыдай бiрден дараланып, көзге бiрден түсе қоймас едi. Қысқасы, осы үзiндiлердегi «жаным» мен «алқаның» орыс тiлiнде баламалары жоқ емес. Бар, әрине. Бiрақ соларды автор әдейi қазақша күйiнде алып, сол арқылы өз жырына ұлттық өң, ұлттық сипат берiп отыр. Тiптi орысша айтып отырып та кейде Олжас кейбiр қазақы ұғымның ұлттық iреңiн сақтай бiледi.
Налей-ка, отче, синего чаю.
Әдетте қазақ жасылдың өзiн көбiне-көп жасыл демей, көк деп атай бередi. Жасыл теректi көк терек, жасыл шөптi көк шөп, жасыл шапанды көк шапан деп айтуға әбден әдеттенгенбiз. Соның бiрi жасыл шай. Қазақ оны да, жасыл шай демей, көк шай деп кеткен-дi. Соны жақсы түсiнген Олжас, орыс тiлiнде оны «зеленый чай» делiнетiнiн бiле тұра, жоғарыдағы үзiндiде «синий чай» деп отыр. Демек автор айналадағы өмiрдi қазақ боп көрiп қана қоймайды, қазақша қабылдап, қазақша ұғынып, соның арқасында өз ана тiлiне баяғыда айналып кеткен орыс тiлiн қазақы ерекшелiктерге қызмет еткiзе бiледi.
Осы көркемдiк арсеналдардың өзiмен-ақ бiраз жерге барып қалуға болар едi. Бiрақ табиғатынан шыншыл, алды-артын бiрдей бақылап, қашанда қырағы болуға әбден машықтанған парасатты дарын, басқа да суреткерлiк мүмкiндiктер толып тұрғанда, өзiн өзi бiр ғана ұлттық шеңбермен құрсап тастауды ол о бастан құп көрмеген. Жиырмасыншы ғасыр поэзиясын, әсiресе жиырмасыншы-отызыншы жылдардағы орыс поэзиясын, оған қоса әлемдiк өлең-жырды тәптiштей тексерiп, өнер жолындағы екiншi баспалдақ — халықаралық биiктiкке ертерек қанат қағуды дұрысырақ деп тапқан. Оның ұлттық өрнектегi алғашқы айқын суреттерi техникалық ғылыми прогрестiң қым-қиғаш жаңа оюларымен баи бастады. Дәлiрек айтар болсақ, күрделене түстi.
Гүр-гүр етiп,
Кiредi аспан әйнектен.
Терең құдық — бұл өзi
Жерге қаққан дәу дүрбi.
Сен Атлантида бiр кезде мұхит жұтқан,
Сүңгуiр боп көшеңдi аралаймын.
Байқайсыз ба, өлеңдердiң объектiсi де және оны бейнелейтiн, бейнелеуге тиiс сөз бояулары да бiртүрлi өзгерiп сала берген сияқты. Уақыт та, заман да басқа. Сондықтан ба, ақын қолтаңбасында, автордың өмiртанымында сәл-пәл үргедек сақтық байқалады. Иә, бұл небары поэтикалық барлау ғана.
Телетайп — жүрегiң не бiледi?
Сынық бұтақ
Құлап түскен биiктен
Альпинистiң жансыз қолы тәрiздi.
Кенияның жалауын жамылғанда
Аумайды екен тас мүсiн футуристен.
Қолыма алып таудың рейс-федерiн.
Жоғаласың содан соң
Қайта сiңiп
центрифуга,
микроскоп арасына.
Мәселе тек телетайп, альпинист, футурист, рейс-федер, центрифуга, микроскоп сияқты осы заман әкелген әрқилы атауларда ғана ма?! Әрине, олардың өлең-жырға баса-көктеп, кимелеп кiрулерiнiң өзi үлкен қоғамдық, әлеуметтiк өзгерiстердiң айқын нышаны. Ал оларды өз еркiмен бейнелеу құралдарына айналдыру — ақындық принцип, көркемдiк кредо.
Бұл өмiрде түзу нәрсе —
Жалғыз-ақ
Шексiздiкке бағытталған Пи ғана.
Бұл тармақтарды екiнiң бiрiне түсiнiктi деу қиын ендi. Бiрақ өңгелер түсiнбейдi екен деп, өмiр ағымына қарсы жүру, ғылыми техникалық прогрестен көркем сөз өкiлi ретiнде бас тарту тiптен дұрыс болмас едi. Пи дегенiмiз — шартты түрде гректердiң «П» әрпiмен белгiленетiн шеңбердiң диаметрiне қатынасы. Күрделiсi күрделi, әрине. Әйтсе де, күрделi ой, күрделi пiкiр, күрделi құбылыстар өздерiне лайық күрделi теңеулердi де керек қылатын болулары керек.
Қайткен күнде де, Олжасты Олжас, оны жиырмасыншы ғасырдың озық ақыны етiп тұрған басты бiр белгi — мiне осы. Тамыры — туған ұлтында, ұшар басы — замана биiгiнде… Қазақ оқырманы оның топырағына үңiлсе, орысша оқитындар оның жайылған жапырағына көз тiгедi. Бiреуiнiң қалтқысыз қабылдағанын екiншiсi кiрбiңсiз қабылдай бермеуi де мүмкiн. Олжастың аты-жөнiн жақсы бiлетiн жалпы жұртшылықтың бәрi бiрдей Олжас өлеңдерiн терең түсiнедi десек, ағаттық болар едi.
Рас, Олжас тiлге ғана емес, көңiлдiң өзiне ә дегеннен қона кетпейтiн ғылыми-техникалық атауларды жетiскеннен пайдаланбайды, қажеттiлiктен, кейде тiптi мұқтаждықтан пайдаланады. Жұмыр да жатық шымыр жолдар iшiнде бұлтиып бөлек тұрмасын деп, ондай оғаштау оқыс сөздердi өздерi тектес, немесе дыбыстас, үндес екiншi бiр сөздермен бауырластырып, жымдастырып, кейде тiптi некелестiрiп жiберуге қатты әрекет етедi.
Балладаңыз быламық боп,
Кемпiрлер
Блокпенен жоғарылайды Блокқа.
Танк болып тапта жапон танкасын
тәрiздi ойнағы каламбурлар кейде замана адресiне бағышталған ащы мысқылға, қышқыл кекесiнге айналады.
«Цивилизiң» «сифлис» боп шығады —
Араптардың тiлi де бiр,
Ән де бiр.
«Кастрид» деп,
Қысып ұстап көмейдi,
Ендi қандай ет берсең де жемейдi.
Бұл үзiндiлердегi «цивилиз», «сифлис», «кастрид» (гастрид) сияқты «тәрбиелi» құлақтарға бiрден түрпiдей тиетiн сүйкiмсiздеу сөздердi, кедiр-бұдырын тегiстеп, аударып-ақ жiберуге болатын едi аудармадық. Қазақша баламаларын таппағаннан емес. Кейде табылып та қалады. Аудара қалған жағдайда өлеңнiң кiлтифаны қылт етiп қолдан шығып-ақ кеткелi тұр. «Civilis» латын тiлiнде азамат, азаматтық мәндi берсе, «цивилизация» қоғамдық дамудың деңгейiн бiлдiрмей ме?! Ал автор сол деңгейiңiздi әдейi «сифилиспен» ұйқастырып қойса (кейiпкердiң аузымен, әрине), тегiннен тегiн емес. Дәл қазiр, бүгiнгi таңда, жиырмасыншы ғасыр цивилизациясы замана iндетiне айналған СПИД-пен ұштасып жатса, сифилисiңiз сөз болып па тәйiрi!..
Ал ендi доңыздың етiн жеп қойған дiндәр қарттың аузына гастрид сөзiн «кастрид» етiп, өңiн айналдырып салу арқылы, автор бүгiнгi дүмше молдаларды барынша әжуа қылады. Оларды молда емес, рухани мәтек етiп көрсетедi.
Әрi оқып, әрi аудара жүрiп, ширек ғасыр iшiнде байқаған бiр нәрсем — Олжас өлеңдерiндегi астарлы мысқыл. Әзiл емес, кiсi өлтiретiн кәдiмгi ащы кекесiн.
Қаламақы төленбесе
Ол жырды
Қатыны да түсiнуден қалады.
Сен құдайдан тудым дейсiң,
Надандар
Өзi, сiрә, туа ма екен тектiден!
Қол соғады түсiнде халық саған,
…жатса бiреу аулада кiлем қағып.
Салынды әйнек,
Құлап түстi үй бiрақ.
Мимырт ұлу ойлайды
Жүйткiп шауып келем деп.
Бiр жылқы бар әр адамның күшiнде,
Философ бар әр есектiң iшiнде.
Әр өлеңнан амалсыз үзiп-жұлқып, суырып-суырып алған суыртпақ мысалдар бiреуге түсiнiктi, бiреуге түсiнiксiз шығар. Ал менiңше, алды-артынсыз, осы тұрғандарының өзiнде тотияйынның қою ертiндiсiндей тамған жерiн ойып түседi-ау, ойып түседi!.. «Бесiк жырын тышқанның» («Серая мисс») ұқыпты оқысаңыз, тұтас жатқан жалпақ сатира әлемiне тап боласыз. Ана тышқан бала тышқанға өз күйiнiшiн былай деп жеткiзедi:
Ақ сұңқарым,
Айыптымын мен саған.
Ауырлық бар,
Қиындық бар қаншама!
Алып келдiм дүниеге
Тышқанға
Тiршiлiк жоқ мысықтардан самсаған.
Айналайын,
Көп қасiрет,
Көп қайғы.
Мысықтарды мысық қана таппайды.
Қойдың өзi қой дегенге қарамай,
Мысық тауып,
Мысық болып қаптайды…
Әттең, елу шақты өлең тармағынан тұратын осы бiр удай зәрлi туындыны түгелдей мысалға келтiруге мақаланың көлемi көтермейдi. Бiрақ осы екi-ақ шумақ үзiндiнiң өзiнде қаншама астар, қаншама запыран жатыр!
Ақын туралы пiкiрдi сен айтсаң да, басқа айтса да, айттырып отырған, айтуға мәжбүр қылып отырған — сол ақынның творчестволық құдiретi болуға тиiс. Мақтағың келсе де, даттағың келсе де, талант табиғатына тән емес нәрсенi әдейi ұлғайтып көрсету — әдеби әдiлдiкке үйлеспейдi… Олжас өлеңдерiн оқып отырғанда
Жалған теңге шын теңгенi күндейдi.
Ана сүтi арамдыққа суарса,
Сиыр сүтi ала алмайды сенi емдеп.
Доңыздау болмай болмайды
Дүлейлеу болғың келсе егер.
Албастысы болады әсте әр үйдiң.
Титтей қате — мәңгiлiк,
Сәл-сәл бояу — шеберлiк…
сияқты қанатты сөзге айналып кеткелi тұрған ойлы оралымдар күтпеген жерден оқыс бой көрсетiп отырады. Бiрақ Олжастың бүкiл жырлары осындай мақал-мәтел iспеттi нақыл сөздерден тұрады деп тұжырымдау сәл орынсыздау болар едi. Ойшылдық оған жат емес. Сөйте тұра ол, негiзiнен, суреткер ақын. Шын мәнiнде сөз суреткерi.
Қай заман, қай елдiң ақыны болмасын, оның көркемдiк әлемi туралы әңгiме, сайып келгенде, шеберлiк жайындағы әңгiмеге барып тiрелмек. Дарынның барын, не жоғын анықтауға болады. Бiрақ дарын өлшенбейдi. Өлшенетiн, менiңше, шеберлiк қана!
Шеберлiк! Өзiне өзi әрең сиып тұрған аса үлкен ұғым. Онда шек жоқ. Өнерпаздың соры да сонда, бақыты да сонда. Сорың — ешқашан түбiне жете алмайсың. Бақытың — қанша жүре алсаң, сонша мүмкiндiгiң бар. Көкжиек. Көкжиек. Көркемдiк көкжиегi.
Иә, шеберлiкке дауа жоқ. Нағыз ағаш шеберi, басқа құралдарды былай қойғанда, батпандай балтаның өзiмен түйiн түйiп, оймақтай дүние жасап бере алады.
Бүкiл өнердiң тегi бiр. Олардың бәрi Дарын мен Шеберлiктен тұрады.
Көркем әдебиеттiң құралы да — сөз, материялы да — сөз. Сөздi сөзбен шабады. Сөздi сөзбен жонады. Сөздi сөзбен оймыштайды. Қажет десеңiз, сөздi сөзбен күйдiредi.
Сөзде түбiр мен жұрнақ, жалғау мен шылау ғана емес, әрбiр дыбыс, әрбiр әрiп өзiне лайық белгiлi бiр жүк көтерiп тұруға тиiс. Иә! Иә! Басқаларын былай қойғанда, бiр ғана әрiптiң өзi мәселе шешедi кейде…
«Қыш кiтабында» сәл ғана көрiнiп, содан кейiн мүлдем мәңгi ғайып болатын өткiншi егiз кейiпкер бар. Екi кейiпкер — екi кемеңгер.
Арем. Базар.
Күн балқытқан қойтасты.
Бiр екi ми
Айқасудай айқасты.
Бiрi — үндiс А-брахм сидиған,
Жас болса да,
Ағартпаған жай шашты.
Брахм-А.
Ол — иудей болатын…
Бiр мықтының аты — А-брахм, екiншi мықтының аты — Брахм-А. Бұлар өзi қайдан шыққан, неғылған кейiпкерлер? Оның бәрiне жауап берiп жатуға дәл қазiр мүмкiндiк жоқ. Мақаланың көлемi көтермейдi. Қазiргi мәселе олардың затында болмай, атында болып отыр. Неге А-брахм? Неге Брахм-А? Ең бастысы: неге брахм? Неге ол, мысалы, Асан емес? Оны да А-сан және Сан-А деп екiге жiктеуге болар едi ғой. Болуын болады, әрине. Бiрақ, мәселе жалғыз жiктеуде ғана ма екен?! Мәселе, менiңше, таза Брахмның өзiнде. Және оның алдына А қоссаң, А-брахм (Абрахм) болатынында.
Брахм — санскрит тiлiнде брахманизм мен индуизмнiң негiзiн қалаушы үш құдiреттiң бiрi. Ал философтар болса — ақылдың пiрi. Демек басқа сөздерге яки басқа есiмдерге қарағанда, дәл осы арада Брахмның правосы молырақ. Ол қатардағы жай ғана әбеқоңыр сөз емес, iшкi мазмұнға әбден бай философиялық ұғым. Бұл — бiрiншiден. Екiншiден, жаңа ғана айттық, оның алдына А қоссаңыз — Абрахм яки Таяу Шығыстың көне тұрғыны болып шыға келедi. Демек бiр философ ежелгi Үндiстаннан болса, екiншi философ көне цивилизацияның алғашқы бесiктерiнiң бiрi — әлгi айтқан Таяу Шығыстан. Таза дыбыстық немесе есiм тұрғысынан келгенде А-брахмды Иудеяның, ал Брахм-Аны Үндiстан өкiлi жасау керек сияқты. Бiрақ автор, бiле тұра, әдейi олар iстемеген…
Мұның бәрiне бiрдей қатардағы қарапайым оқырман мән берiп жатпайды рас. Алайда екiнiң бiрi мән бермейдi, екiнiң бiрi түсiнбейдi екен деп астарсыз шығарма жазуға бола ма?!
На озерах Кургальджино
августовская кутерьма,-
деп басталады ақынның бiр өлеңi. Барынша сәттi жазылған жыр. Аударғанда да мен оны сүйсiнiп аударғанмын. Бiрақ мысалға қазақшасын алмай, түпнұсқасын алуға мәжбүр болып отырмын. Баршамызға аян: бүкiл қазақ бұл көлдi Қорғалжың көлi дейдi. Ал автор оған «о» қосып, «Кургальджино» жасаған. Неге? Неге, бәсе? Оған Леонид Мартынов былай деп жауап бередi. Жоғарыдағы мысалымыз секiлдi ұстаз ақынның сөзiн де аудармай сол күйiнде алғанды мақұл көрдiк. «…в стихах Олжаса Кургальджин превратился в Кургальджино. Мы, русские, мы, славяне, приняли в свою поэтическую речь, как это правильно отметил Олжас в исследовании своем о «Слове о полку Игорове», кое-что от тюркского Востока. А вот теперь казахский поэт отметил в своих стихах русское восприятие названия казахского озера. Озеро — значит «оно», не Кургальджин, а Кургальджино.
Бұдан, әрине, Қазақстанның кез келген өзен-көлiнiң соңына «о» әрпiн қоя беру керек деген қорытынды шықпаса керек. Мәселе әр тiлдiң өз қасиетiн, өз ерекшелiгiн терең түсiнiп, тиiмдi пайдалана бiлуде… Бұл бұл ма, ақын ендi бiр жерде:
Қос мүйiздей тарамдалған өзендi
Сиырдария деп атаған қосоқтар,— дейдi.
Бұл деп батыл жазу үшiн, солай ұғыну үшiн, адам алдымен сол өзеннiң бүгiнiн ғана емес, өткенiн де яки бiрнеше ғасырлық тарихын да жақсы бiлуге тиiс. Арнасынан әлденеше ауытқыған асау дарияның бiр кездерде автор айтқандай дәл солай аталуы әбден мүмкiн. Бiр сөз бойынан бiр әрiптiң, араға жылдар, ғасырлар салып тiптен жоғалып кетуi бiздер үшiн хат құбылыс емес. Кигiздiң киiз, құмғанның құман болып шыға келуi бiздер үшiн баяғыдан таныс құбылыс. Әдетте, өмiр шындығынан гөрi көркем шындық әсерлiрек көрiнедi. Бiрiншi шындыққа сенiңкiремей, екiншi шындыққа бiрден иланып қаласың. Байқайсыз ба, мәселе тағы да бiр әрiптiң бiр ғана әрiптiң төңiрегiнде. Сол бiр ғана әрiптiң арқасында Сырдарияңыз Сиырдария боп шыға келдi. Неге солай аталғанын сол екi тармақтың өзiнен табасың: «Қос мүйiздей тарамдалған өзендi, Сиырдария деп атаған қосоқтар».
Тарихсыз халық — тамырсыз қаңбақ. Қаңбақ-халықтың бүгiнi болуы мүмкiн, бiрақ болашағы жоқ. Соны түсiнген ел яки Ел болам деген ел ең алғашқы ұлы қадамын өз тарихын зерттеуден, өзге тарихтарға үңiлудан бастамақ. Қай халықтың болмасын сабақ алатын бiрден бiр университетi — адамзат тарихы. Өз елi, өз жұртының өткен-кеткенiнен бейхабар адам — бейғам адам. Мәңгүрт болудың бiрiншi шарты — шежiреңе мән бермеу, тарихыңды танымау. Осылай ойлап, осылай ұққан Олжас «Аз и Я» және бұдан екi мың жетi жүз жыл бұрын өткен көне хикаяға яки «Қыш кiтабына» кiрiспей тұрып, ата-бабаларымыздың әргi-бергi дүрбелең тарихынан алып, «Шыңғыстауға жатыр таяу сазарып», «Жыр толғағы», «О, сәйгүлiк!», «Батыр Мәмбеттiң өлер алдындағы сөзi», «Ант», «Куман жыры», «Ақсақ құлан», «О ақсақ Темiр!», «Домбырасын қасып шертiп ақырын», «Жүректi қалай жұбатам?», «Құм көшкiнi», «Хабаршылар», «Махамбетке», «Махамбеттiң өлер алдындағы ойы», «Көне заман турасында күптi ойлар», «Ақын Смедтiң ақырғы сөзi» тәрiздi толып жатқан шежiре жырлар жазады. Тек өз тарихымызбен ғана шектелiп қоймайды. Iргелес қонған орыс халқының өткенiне үңiлiп, «Россия», «Асқан ару Глебовнаның жоқтауы», «Күзгi Москва», «Даңқты түкпiр», «Пушкин алаңы», «Шағын ғана ертегi», «Декабристер», «Сәуiр», «Кий — қайықшы» сияқты тағы бiр топтама жазып, «Аз и Яға» жақындап қояды. Кезiнде әртүрлi дау туғызғанына қарамай, бұл кiтап, менiң түсiнiгiмде, екi елдiң арасын ажырататын еңбек емес, жымдастыра түсетiн еңбек.
Отыз жылға созылған Олжас творчествосында ерекше назар аударатын, ал егер назар аудара қалсақ, мiндеттi түрде бiраз таң қалатын сәттер бар. Мысалы, ақынның «Арғымақтарын» алайық. Небары екi мың жарым ғана тиражбен жарық көрген бұл жинақ — Олжастың тұла бойы тұңғышы. Тұңғыш екенiне қарамай, бұл жинақтан да бiрнеше жақсы жыр таба аласыз. Олжасты бiрден көре қою қиын. Дәлiрек айтсақ, Олжас бар. Бiрақ айқын емес. Көмескi. Күңгiр. Әйтсе де осы кiтаптың аты кәдiмгiдей көрегендiкпен «Арғымақтар» деп дұрыс қойылған екен. Өлең секiлдi өнер сапарына Олжас жабы мiнбей, сәйгүлiк мiнiп шығыпты. Осынау, негiзiнен, символдық қана мiндет атқарған алғашқы жинақтан, араға бiр жыл салмай жатып, 1962 жылы «Нұрлы түндер» жарық көрдi. Менiңше, шын Олжас, нағыз Олжас осы кiтаптан басталады. Мән бермей кетуге болмайтын тағы бiр жәйт: бұл екiншi жинағына автор алғашқы жинағынан жалғыз-ақ өлең «Арғымақтарын» енгiзiптi. Өз басым оны тегiннен тегiн деп айта алмаймын… Қысқасы, «Нұрлы түндерде» сол кездегi жас ақын бiрден ғасырлар қабатына бойлап, тiптен әрiлеп кеткен көне тамырға — халық тарихына қол созады. Ата-бабалар аруағына барлау жасап, одан бүгiнгi өз Азиясына қайтып оралады. Содан Америкаға саяхат жасайды.
Ескерте кететiн екiншi бiр жәйт: ақын «Арғымақтар» мен «Нұрлы түндер» арасында «Адамға табын, жер, ендi!» поэмасын жазып, оны да жариялап үлгерген-дi. Бұл Олжас үшiн ғана емес, бүкiл әлемдiк поэзия үшiн мүлдем жаңа тақырып болатын. Ол тақырыптың пионерi де — бiздiң әрiптесiмiз.
Жоқ Шығыс,
Жоқ Батыс та,
Жыр-Отаным!
Бар кешiң,
Бар әдемi бұла таңың.
Жоқ Шығыс,
Жоқ Батыс та,
Кәдуiлгi
Егiздей екi ұлы бар ұлы атаның,-
деген интернационалистiк концепцияны ақын осы жолы батыл ұсынған болатын. Оған шейiн әйгiлi Редьярд Киплингiнiң:
О, Запад есть Запад,
Восток есть Восток, и с мест они не сойдут.
Пока не предстанет
Небо с Землей на Страшный господный суд.
Но нет Востока, и Запада нет, что — племя, Родина, род,
Если сильный с сильным лицом к лицу у края земли встает?—
деп келетiн атақты шумағы әдеби әлемде аксиома сияқты көрiнетiн. Ең бiрiншi рет оған қазақ ақыны қарсы дау айтты. Және жай айтқан жоқ, көкейге қонымды қылып, орынды айтты. Елдер елең ете қалды. Олжас мұнымен де тоқтап қалған жоқ, кейiн «Шапағатты шақ» кiтабында бұл мәселеге тағы бiр қайта оралып, «Айналайын» атты өлеңiнде былай деп түйiндедi:
Бабаларым шабысып ѕәм атысып,
Болған әбден қателесiп,
Шатысып.
Батыс болса —
Шығысыңның шығысы,
Ал Азия —
Батысыңның батысы.
Мен қайғырам,
Зәбiр көрiп қай халық,
Қасiретке батар болса қайғы алып.
О, Қара Жер, бар дертiңдi қабылдап,
Жүрейiн мен үйiрiлiп,
Айналып!
Басқа тiлде баламасы жоқ «айналайын!» сөзiнiң тура мағынасын да, ауыспалы мағынасын да осы тұста Олжас әбден толық пайдаланған. Пайдаланып қана қоймай, әдеби тiрлiкте барынша iске асырған. Қара жердi әлденеше айнала жүрiп, халықаралық тақырыпта қаншама өлең жазды! «Уа, Алабама!», «Колумбия перзенттерi шырайлы», «Нью-Йорк нөсерi», «Ниагара түнi», «ООН ордасындағы негр», «Отельдiң әйнегiнен қарағанда», «Индея», «Лувр», «Луврда мен соқыр көрдiм серiксiз», «Құдiреттi Монмартрдың», «Көне грек ойын-тойлы», «Грекиямен қоштасу», «Қара мен қызыл», «Кашмир қышлағынан келген ақын ару», «Сүмбiле айындағы Библос», «Баалбек — күн храмы», «Кения жазушысы Джеймс Нгугидiң еркiн өлең туралы толғауы» тәрiздi толып жатқан өлеңдер — жай ғана қонақкәде болмаса керек. Жүрек талабынан туған жемiстi жырлар… Ақын өлеңдерiн тақырыпқа даралап, жеке-жеке безбендеп, олардың ара салмағына айырықша назар аударар болсақ, Олжастың әлем жөнiнде жазған поэтикалық туындылары оның өз Қазақстаны туралы жазылған дүниелерiнен басымырақ түспесе, кем түспейдi. Бұл ақынның алыс елдердi өз елiнен жақынырақ қойғанынан немесе өздерiңiзге қарағанда өзгелердi жақсырақ бiлгеннен, не жақсырақ көргеннен емес, әрине. Жоқ, мәселе мүлдем басқаша. Ол — өзiн өзгелер арқылы тану. «Азиямен салыстырып әр сәтiн Европа өмiр сүрiп келмей ме?» дегенiндей, ақын өзiнiң Андрей Вознесенскийге арнаған бiр өлеңiнде:
Танып-бiлiп өзiмiздi өзгеден,
Көшемiз бiз өзiмiздi бетке алып,—
деп түйiндейдi. Басқа бауырлас халықтар сияқты бiздер, қазақтар да, бәрiн көрiп, бәрiн үйренгiмiз келедi. Үйрене тұра өзiмiздi өзiмiз жоғалтып алмағанымызды қалаймыз. Олжастың да ақындық һәм азаматтық мақсат-мүддесiнiң өзi осы болса керек. Бүкiл жұмыр жерге ортақ перзент бола жүре белгiлi бiр ұлттың ұлы болу, орысша жазып, қазақ ақыны болу, басқаларды бiлмеймiн, Олжастың өз басына жарасып-ақ тұр. Неге екенi белгiсiз, ол маған үнемi жаңғақ ағашын еске салады. Жаңғақ қай жерде де жаңғақ. Бар мәселе — оның тамыры мен жапырағында…
Abai.kz