Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ қысқа өмірінің ішінде асқақ ақындығымен өз үнін естірте көзге түсіп, өшпейтін көркем туындылар қалдырды. Жұмекен Нәжімеденов – тұлғалы талант. Қазақ поэзиясы жөнінде сөз қозғала қалса, Жұмекенді ауызға алмай өту мүмкін емес. Ол сонау алпысыншы жылдардың өзінде-ақ жұрт назарына өзінің ақындық ерекшелігімен ілінді.
Оның нәзік лирикасы, балладалары, дастандары өзіндік ерекшеліктерімен, нұсқалылығымен, озық қасиеттерімен өз замандастарынан қара үзіп, әлі күнге дейін алдыңғы саптан көрінуде. Оның өлеңдері мен дастандарының әрбіреуі – болмысы бөлек, үлгілі туындылар.
Қадыр ЖҮСІП
жұмекентанушы, Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің профессоры
ЭКСПЕРИМЕНТ
Тәлім көрген жұрт айтты,
қарттар айтты кәрі құлақ:
өгіз күшті, десті олар,
жүйрік, десті, арғымақ.
Шаруа-жігіт жұрт сөзін
бір тексеріп көргелі
арғымақты алды ұстап,
өгізді ұзақ жемдеді.
Адамы ғой еңбектің – сұмдығы жоқ сорлы о да –
арғымақ пен өгізді қатар жекті арбаға.
Қатар жексе несі бар,
жігіт былай ұғынды:
арғымақ – тез жеткізер,
өгіз тартса жүгімді.
. . . . . . . . . . . . . . . . . .
– Әй, қарттар-ай, деді әлгі,
сөйлейсіңдер құр қаңғып:
арғымақта – барлық күш,
өгізде екен жылдамдық!
ДОМБЫРА
Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.
Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы…
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.
Сырласам көкірегіме сүйеп тұрып,
Жанымның жазығына күй ектіріп.
Ой, арман – екі шегің болсын сенің.
Берейін жүрегімді тиек қылып.
…Күй екен мынау аққан бұлақ десек,
Бұлақтар таудан ғана туад десек,
Ал, кәне, бір тыңдайық домбыраны,
Төсіне туған жердің құлақ төсеп…
АҚЫН
Қарайды ол алыс түйіліп –
Барады-ау, сірә, шалғайға.
Арманшыл ойлар жиылып,
Әжім боп қатты маңдайға.
Махаббат, жастық, мас ақыл,
Дүниені алға жайып сап;
Айдынға желсіз тасатын
Қарайды ол кейде айыптап:
«Сапырып суды құлатты
Жыра мен жартас қолтығы;
Көбігі болса бұлақтың,
Толқыны қайда, толқыны?!
Еркің бар қайда бұрсаң да
Толқынды тапсаң тауды ырғап.
Ақса ғой деймін жыр сонда
Ойларға бөгіп, ауырлап».
Естиді құлақ бір үнді,
Үлгермес ақыл оны екшеп.
Қасықтап жиған жырыңды,
Төгер ме ең, ақын, шелектеп!
Келеді оймен күн кешіп,
Жырына аздап жан кірді.
Үміт пен сезім мінгесіп
Қиялдың белін талдырды…
Ақыным қарап қалыпты,
Қызықты ойлар жыр сала;
Аңсар ма ол биік даңқты,
Өзі одан биік тұрса да…
ӘКЕ ТУРАЛЫ
Үзіліпті сол өмір…
Жо, жоқ, өлген жоқ бірақ.
Тек ерлік пен еркіндіктің өлеңін
Айтар болдық бұрынғыдан қаттырақ.
Тек оны ешкім шақырмайды дауыстап,
Алматыда көре алмайды әке ұлын.
Бірте-бірте құлақтардан алыстап
Бара жатыр аты оның.
Бұдан өзге тіршілігі сол күйі –
Әйнек салған рамада бейнесі,
Оған арнап, «ас береді» енді үйі,
Жумайд бірақ ешкім оның жейдесін.
Соғыс бітті, біткенде ме бар айып,–
Соғыс, соғыс… ұмыттырмас ол атын.
От өшкен соң осылайша қарайып
Орны қалар болатын.
Ұмытар ем соғыс атын, ел оны
Бес құрлыққа таратыпты бес бөліп.
Және соғысты ұмыттырмай келеді
Әкелер жайлы естелік.
СОНАУ БІР СОҒЫС КҮНДЕРІ…
Көкбеттеніп тұрды аспан,
Құмның жүзі қарасұр.
Жел суыпты түн асқан,–
Аласұр, қияқ, аласұр.
Ұлылығы не керек –
Уілдеп тоңып дала тұр.
Дір-дір етпей ебелек,
Бір тасаға бара тұр.
Сұлыбас – жас, мұрт – кәрі,
Шықсаң, сұлы, биік шық.
Желпілдейді жұрттағы
Ұмыт қалған қиық шыт.
Сыйдаң бұта – суылдар,
Суық пен жұт – егіз мұң.
Арық-тұрақты қуыңдар,
Ауласына семіздің.
Тартса қарт қой құрсағын,
Қойшы қартың бүрсеңдеп,
Кемпіріне ұрсады:
«Не бітіріп жүрсің деп».
Ол бітірмей жүр несін –
От жанады жылтырап.
Итарқаның іргесін
Ит қазады жұлқылап.
Жоқтық пенен суықтық!
Әніңді айтып жаңағы,
Көрпе астына қуып тық
Жалаңаяқ баланы.
Жалт-жұлт еткен табандар,
Жылт-жылт еткен танаулар,
Көрпе астынан қараңдар:
Келе жатқан адам бар.
Тұр ғой оны шал боқтап,
Тоңса – кімнен көреді?
Екі етегі далбақтап
Бригадир келеді…
ТЕҢІЗ
Теңіз, міне. Теңіз менің не теңім,
Теңім менің – табынумен өтемін!
Толқын тулап жағаны асты, жарды асты,
Мөлт-мөлт етіп көбік-көздер арбасты.
Неткен ғажап, неткен ғажап бұл теңіз!
Бұл теңіз бен аспан егіз, бұлт егіз.
Жатыр шексіз қасіретсіз шалқып ол
Ұлылықтың, сұлулықтың даңқымен.
Бас ием мен сол даңққа амалсыз.
Амалсызбын – ол күшті де мен әлсіз.
Уа, ұлылық! Атың кімді бұзбаған
Дәл өзіңді теңізден де кызғанам!
Теңіз, теңіз, даңқ-атақтың құлы көп,
шынында да сен не тындырдың ұлы боп?!
Толқын, тулап жарға қарғып, ал, шық, ал,
жаралғаныңды ұмытпа тек тамшыдан.
Тебірен теңіз,
тебіренгенің – далбаса,
басың сүйеп құлайтын
Қара жерің болмаса.
МЕНІҢ ЕЛІМ
Көкірегімнің үміті мен тілегі
Күй боп түлеп, күн боп шығып күледі.
Күн астында көк төбелер түледі –
Менің елім, менің елім – гүл елі!
Айтпағым бір ағыл-тегіл сыр еді –
Шежіреңе ол өлең болып кіреді.
Мендегі өнер сен деп өмір сүреді.
Менің елім, менің елім – жыр елі!
Қанат қомдап таң атқанда шығыстан
Торғайым бар қыраныңмен бір ұшқан.
Жүрегім бар жүрегіңмен ұғысқан,
Менің елім, менің елім – гүлстан!