Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – бүгінгі қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Бірнеше кітабын оқыдым, мерзімді баспасөзде, әлеуметтік желі мен сайттарда жарияланған жырларын үнемі оқып жүремін. Жаратқанды тану арқылы өмірдің мәнін ұғынуға бастайтын имани өлеңдер бірден өзіне баурап, тартып әкетеді. Кейде керісінше, тіршіліктің жазылмаған тәртібін, құбылыстарын түсіну арқылы Алланы да тануға болады. Ақынның жырлары, міне, осылайша бағыт, жол көрсетеді.
Қазақы құндылықтарды, адамзаттық мәселелерді көтеретін жырлары да оқырманға ерекше әсер етеді. «Сенің арқаң», «Қоқыстағы домбыра», «Ақбөкен ажал» сияқты өлеңдері мен үшін тіпті қымбат, құнды. Бұл өлеңдер менің де ішкі жан дауысым, менің де жүрек сөзім. Дәулетбек Байтұрсынұлының алдағы уақытта оқырмандары көбейіп, арта түсетініне сенемін.
Саят ҚАМШЫГЕР,
ақын
АЛҒАШҚЫ ДИАЛОГ
«Анауы алай, мынауы былай, қал мүшкіл,
Естисің жұрттан заманға деген қарғыс кіл.
Қиындық деген қисапсыз қинау салады,
Ән емес, жұрттың езуінде тек бар мысқыл»
…деп маған мүлде ұғындырмағын, ұғамын,
Өзіме өзім болып өскемін мұғалім.
Ертеңін елдің күтумен төрт боп қос көзім,
Жастыққа тимей тың тыңдап келді құлағым.
Ауызың жетпей, кешігіп қалсаң аз аққа,
Бір жола батып кеттік дейсіңдер азапқа.
Елінің артық, кемісін білмеу кещелік,
Қан жұтып босқа қамығу намыс қазаққа!
Дат басып қалған мылтық емеспін атылмас,
Тартылыс күшімін қазақтың күнін батырмас.
Тәңіртау елінен келген ақынмын,
Қайта менімен қалай Ел болу жәйін ақылдас!
(1994 жыл, Қазақстанға келгенде жазылып еді)
АБАЙҒА
Көңілдерде күдік көп,
Санада салмақ бар ауыр.
Табады емін тарихтан,
Жұтқанда шипа қана бір.
Сырқатын жанның емдеген,
Бойға сіңді дана жыр.
Әлемге сәуле таратқан,
Жидебай мен Қарауыл!..
«Адамзаттың бәрін сүй,
бауырым деп»… үн қаттың.
Тобықтыдан басталып,
Бар қазаққа тыңдаттың.
Қауышпаған жарыққа,
Қараңғыға шын батты.
«Білгенге маржан» асыл сөз,
Нарқын білдің қымбаттың.
Көңілдің көзі ашылып,
Алланың іштің шәрбатын.
Қара сөзбен шертілді,
Қасиетті әр хатың.
Хикіметті кеудеңнен,
Ақиқатты аңдаттың.
Адамзатқа асқақ боп,
«Абай» деген қалды атың!
Ән мен жырға әдемі,
Жаның сенің күйге бай.
Жата алмадың тыныш боп,
Рахатпен үйде жәй.
Мәз болма деп ескерттің,
Болғанына шүйде май.
Шақырады ұлтымды,
Қарауыл мен Жидебай!
Ұстар туы ұрпақтың,
Қадірлісі данасы.
Емделгеннің Абаймен,
Жазылады жарасы.
Тәңір сиы тартылған,
Хакім, туған сарасы.
Алашымның ардақты,
Ақылы мен Санасы!
КҮНӘСІЗ МЕКЕН
Аяқ тұсап тастады, мойын байлап,
Босқа іріп шіри ме, ойым қаймақ?!
Аңға айналған адамнан алыс кетіп,
Тартсам ба екен, елсізге қойымды айдап…
Арасында алжаспай азғындардың,
Сақтасам ба, иманның аз күнгі әрін!..
Көк жайлауын орманын бір Алланың,
Шиырласам қайтеді, саз-құмдарын?!
«Теңге, теңге, теңге…» деп тепеңдеген,
Мазағына мас болып өтем бе мен?
Қаза болды қанша ма парыздарым,
Қалды қанша құлшылық өтелмеген?
«Тіршілікті біз қалай етеміз?»-деп,
Неше көктем ауысты, неше күз кеп…
Қия бассам кездесем қиянатқа,
Кетсем бе екен, күнәсіз мекен іздеп!..
Қанжығаға қан пезер сойыл байлап,
Бассыздыққа белшеден тойынды аймақ.
Қаламым мен құшақтап Құранымды,
Естімеске кетсем бе, қойымды айдап?!..
ҚАЛАДЫ
Қалады бәрі, қызық пен қиын бұл жалған,
Қалады тауың, ағашың көктеп бүр жарған.
Сарайың, тағың, күркеше жүдеу лашығың,
Қалады тегіс қол созған әсем түрлі арман…
Қалады мақтан, алданыш, арбау аздаған,
Нені де болса, мәңгілік саған жазбаған.
Пәниді біліп, бақиды білмей пенделер,
Қалды ма адам баласы жерде азбаған?
Тек қана біздер кетеміз тәннен бөлініп,
Құтылармыз да жататын күннен Бөрі ұлып.
Жанымыз анау жеті қат көкке жол шегер,
Тәніміз қалар топырақ Текке көміліп.
СЕНІҢ АРҚАҢ
Тауы мен өрі қалқан,
Жерімде елі дарқан,
Өмірге келгендігім,
Қойнында кені бар сан,
Бастырған мені балпаң,
Иә, Алла, сенің арқаң!
Ұлы боп көшпендінің,
Ұлан боп өскендігім,
Бақытым бүршік жарып,
Өкініш өшкен мұңым,
Дегенім сенім артам,
Иә, Алла, сенің арқаң!
Қатені «қой!» дегенім,
Тапқаным ой кененін,
Мойындап құлдығымды,
Шүкір деп сөйлегенім,
Рухымның шөлі қанса,
Иә, Алла, сенің арқаң!
Орнатсам діл бекімді,
Жалғасам тілге тілді,
Қалыпты адам болып,
Атқарсам міндетімді,
Өмірді тегін алсам,
Иә, Алла, сенің арқаң!
Ғаламның мыңнан бірі,
Жер шары тұрғандығы,
Ту ұстап қазақстан,
Елдігін құрғандығы,
Атқаны келіп әр таң,
Иә, Алла, сенің арқаң!!!
ӨСІРЕР ІШІП МЕРЕЙІН
Жазайын десем, менсіз де,
Алматы да ақын көп.
Жазбайын десем, «елсізде»,
Өлеңнен басқа жақын жоқ.
Дегенімі елсіз шындығым,
Сүйреткен бәрі сүлдерін.
Сезіндім өмір сұмдығын,
Аязын көрдім шілденің.
Ойраны шыққан секілді,
Жүрегі беріш ортаның.
Ар-ұят тозып сетілді,
Алдағы күннен қорқамын!..
Өзімше менде өрнектеп,
Суретін сала берейін.
Бір күні біреу шөлдеп кеп,
Өсірер ішіп мерейін!..
СОҢҒЫ САҒАТ ЖЕТКЕН КҮН
Жұрт есінде қалатын,
Жаза алдым ба бір өлең?
Қиналамын сол үшін,
Соғылғандай дүремен.
Алынбайтын асуға,
Жартастарға тірелем.
Ақталмаған үміттің,
Ұятынан тірі өлем!..
Қалар ма екен бір сөйлем,
Халық сүйіп айтатын?
Тыңдағанды тамсантар,
Таңдайына май татып.
Сұхбаттасқан ағайын,
Сүйінішпен қайтатын.
Жүректерге жететін,
Асыл сөзді, айт, ақын!
Қалар ма екен халқыма,
Ықыласты леп белгім?
Көк майсаға айналса,
Дәнім өсіп, еккен мың.
Будай тарап кетер ме,
Көкірекке шөккен мұң?
Соны сөзім қалар ма,
Соңғы сағат жеткен күн?!
ТҮСІНІКТІ
Түсінікті, бұл пәни түсінікті,
Күн көреді күлімдеп күші мықты.
Желбуаздар желпініп ісініпті,
Жалаңаштар аязда үсініпті.
Түсінікті, тіршілік түсінікті,
Сырт күмпиген, тұрлаусыз іш іріткі.
Қарғыс суы харамның ішіліпті,
Кіндігінен ышқырын түсіріпті…
Түсінікті, шошимын түсінікті,
Ашкөз, қорқау шайнайды тісі мықты.
Әкесінің шенімен атқа мінген,
Сарауыздар самолет ұшырыпты.
Түсінікті, бүгінім түсінікті,
Айналада ақ түтек қыс ұлыпты.
Өлең шіркін оқылмай, өнер өтпей,
Өзімнің де жағдайым түсінікті!..
АВТОРДАН АҚПАРАТ
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ – ақын. 1964 жылы 8 наурызда ҚХР Іле қазақ облысы, Тәңір тауы бөктерінде дүниеге келген, 1981 жылы орта мектепті, 1983 жылы Педогогикалық техникумды, 1988 жылы Шыңжаң оқу-ағарту институтының физика факультетін бітірген. Монғолкүре аудандық №1 орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, Құлжа қаласындағы Саяси мектепте бірліксап және зиялылар мәселесі бойынша ұстаз болды.
1994 жылы тәуелсіз Қазақстанға біржолата көшіп келді. 1996 жылдан Қазақстан Республикасының азаматы. 1994 жылдан жазушылар одағының, 2006 жылдан журналисттер одағының мүшесі. «Халық кеңесі», «Ислам және өркениет» газеттерінде жұмыс істеді. Қазақстан Жазушылар одағының жанынан шыққан «Әдебиет айдыны» газетінде тілші, жауапты хатшы, Бас редактордың орынбасары болып, «da Қазақстан» журналының Бас редакторы болып қызмет атқарды. Өлеңдері 1988 жылдан ҚХР және ҚР-дағы мерзімді баспасөзде үздіксіз жарық көріп келеді, «Жас толқын» жинағына енген. «Күнәсіз мекен», «Мәңгілік мекен», «Ләтипа лүпілі», «Топыраққа сіңген нұр», «Сенің арқаң» жыр жинақтарының авторы. Әдеби басылымдарда жиырмаға жуық сын мақалалары жарық көрді.
Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, «Алматы» телеарнасы ұйымдастырған жыр мүшайраларының жүлдегері, Түркияның Елазық қаласында, Қырғызтанның Бішкек қаласында, Әзірбайжанның Баку қаласында өткен түркі мемлекеттерінің халықараалық фестивальдерінің дипломанты. Қырғыз Республикасының «Молда Бағыш» атындағы әдеби сыйлығының, Түрксойдың «Мақтумқұлы Фраки» медалінің лауреаты, халықаралық «Ильһам» сыйлығының иегері.