АЛТАЙДАҒЫ ХАЛЫҚТЫҢ БЕЙНЕСІ
(жазушы Ырысбек Дәбейдің «Мөлтіл» жинағы жайында мөлтек сыр)
Ырысбек Дәбей – бүгінгі қазақ әдебиетіне имене басып келген ақын. Қазақ прозасында өлең жазбаған жазушы кемде-кем деуге де болады. Ырысбек Дәбейдің алдағы уақытта өлең өлкесінен жазушылыққа қарай бет бұруы оқырмандардың таңданысын тудырмайтыны анық. Жалпы алғанда поэзия елгезек жанр. Осы сөзге бола поэзияның жүгі жеңіл тартпауға тиіс. Солай бола тұра ұйқас пен ырғаққа сыймаған дүниенің бәрін әңгімеге айналдырып жіберу де қате. Үлкен қателік. Кейінгі кезде әңгіме үлгісі мен заңдылықтарына бағынбайтын автордың басынан кешірген қым-қиғаш қилы тағдырына толы оқиғаларға құрылған әңгімелер оқырман үшін киелі сөз өнерінің қадірін кетірентіндей көрінетіні рас… Жә, біздің айтпақ сөзіміз тіптен басқа! Олай болса, сол сөзімізге көшейік…
«Шық тұнған жолдар» атты өлеңдер жинағы оны ақын, «Әкелеріміз айтатын әңгіме» атты эсселер жинағы оны ізденгіш журналист және өте әңгімешіл, айтары көп азамат ретінде танытып тастады. Былтырғы жылы жарық көрген прозалық «Мөлтіл» жинағы да Ырысбек Дәбейді оқырмандарына жаңа қырынан көрсетіп, жаңа кітапты ыждахаттылықпен шұқшия отырып, оқып шығуға мойын бұрғызғаны да шындық. «Мөлтіл» кітабы жеті әңгіме мен «Қарға тамған көз жасы» повесінен тұрады. Алдыңғы толқын ағалар мен орта буын өкілдері болмаса, тәуелсіздік жылдарында әдебиетке келген кейінгі жастарда повесть жазу сирек, жоқ деуге болады. Қатарластарымыздың көбісі роман жазуға құмартып жүр. Біз білетін бүгінге дейін жазылған екі роман ғана бар.
Аталған автордың прозалық жинағына енген «Әнсар қалпе» әңгімесінен ауылдағы оның ішінде Алтайдағы шалдың бет-бейнесі айқын шалынады. Бір-ақ күнде «қалпе» болып шыға келген қиқар шалдың қылығы әңгіменің қызықты оқылуына бастайды. Елдің бәрін ауруынан құлан-таза айықтырып жіберетін Әнсар қалпенің Мәкей шалды көргенде білгенінен жаңылатыны құрдастар арасындағы қалжыңды, бір-біріне ойы мен сөзін еркін айтатын ақсақалдардың кескін-келбетін көрсетеді. Жинақтағы «Бүйрек пен талон», «Жұмыс тапқан әйел», «Бейбақ» сияқты әңгімелердің бойында бір шикіліктің бары, автор ойының тым көмескі жеткізілуі сезіледі. Айтылған үш шығармада публицистикалық сарындағы әңгімелер. Жазушы өз ойын «айтамын» дей отырып, жаттанды диалогтарға барып, жеңіл сөзбен, көркемдік құны төмен сөйлемдерге ұрынып қалғаны ашық аңғарылады. Сонымен бірге, жазушының «Мөлтіл» жинағында бұған дейін жарық көрген «Әкелеріміз айтатын әңгіме» кітабына тән баяндау байқалады. Мұны қайталау немесе кемшілік, эссеге тән баяндау кездесетіндіктен бұл «әңгіме емес» деп кесіп айтуға болмас. Бәлкім, осы айтқанымыз Ырысбек Дәбейдің қолтаңбасы, яки стилі болуы мүмкін екенін де ескерсек дұрыс болар.
Қандайда бір кітап немес жинақ болсын жазушы үшін соның ішінде сәтті шыққан шығармалар кездеседі. Сол сияқты аталмыш автордың «Құрал қонған қыс», «Тау басындағы қардың дәмі», «Самұрықтың зары» сияқты әңгімелерін сондай туындыларға жатқызуға болады. Біз атап айтқан әңгімелерінің жазылуы, оқырманды баурап алатын бір қасиеті бар екенін жасыра алмаймыз. Бәлкім осы әңгімелер автордың балалық шағындағы тәтті шақтарды еске салатын болғандықтан жүрекке жылы тиуі мүмкін. Бұл әңгімелер сонысымен құнды сонысымен жақсы оқылады. Адам баласының балалық шақтағы басынан кешірген сәттері ешқашан ұмытылмайды. Сондықтан естелік еміп, оқып отыруға осы әңгімелердің бек ылайық екен айтқымыз келеді.
Жазушының бүгінгі күнге дейін көсіліп жазған «Қарға тамған көз жасы» повесін ойланбай тағы оқи алмайсың. Өте сәтті шыққан шығарма. Сәтті шыққаны сол хикаят шиеленіске толы болса да өте жеңіл оқылады. Повесттің басталуы кейіпкер Сырымның туған жеріне шекара асып баруынан басталады. Повестегі үлкендер жиі айтатын «Соқыртөбе» жайлы аңыз Сырымның көкейінде қайта жаңғырып, бел-белесті кезген бал дәурен шағы есіне оралады. Былай қарасаң сол тау баяғы қалпы. Еш өзгермеген. Оның сырына үңілу үшін, көңілде қалған ескі әңгімені қозғау үшін кемеліне жетіп, ой тоқтатқан болуың керек сияқты. Бір қарағанда кейіпкер туған ауылына талай жыл көрмеген туған-туыс, құрдастарын көруге барғандай болады. Бірақ автордың шебер баяндауы, лирикалық шегіністері арқылы өткен мен бүгінгі күнге таразы жасап, беймаза ойға шомасың. Бұған дейін кейіпкердің айналасында болып өткен оқиғалар оқырманды ойлануға, өткеніне көз жіберуге мәжбүрлейді.
Ырысбек Дәбейдің шығармашылығында бүгінгі ауыл көрнісі жақсы берілген. Кейіпкердің бала кезден бірге өскен жолдасы екеунің арасындағы ауылды мекендеген халықтың қалаға көшуі тек алыс Алтайдағы жәйт емес, бұл біздің күнде көріп жүрген көрінісіміздің бірі. Солай бола тұра әлі де атамекенін тұрақтаған жандардың еліне, жеріне құрметі ерекше көңіл жұбатады. Кейіпкер мен оның нағашысы арасындағы «Сансызбай дарасы» туралы мына диалог оқырманды ойландырып тастары хақ. «Шешеңе хабарласқан сайын «көшіп кел, көшіп кел» дей береді. Мына дараны арқалап алып жүруге болатын болса, қай жерге болса да барар едім. Аруақты төбені тастап, мен ешқайда бармаймын…» Адам баласының жүрегінде туған жеріне кіндік кескен мекеніне осындай адал махаббат өмір сүрген болса ол қашан да жақсылыққа құмартып, тек мейірім сәулесін шашып жүрген болар еді. Бірақ, әттең дәл солай емес. Елімізді, туған жерімізді бас пайдамыз үшін тастап, басымыз ауған басқа жаққа қашып жатқанда мына Біздер.
«Бірге оқыған досымыз келді» деп құшақ жайып қарсы алатын Сырымның құрбы-құрдастарының әрекеті адамдар арасындағы ізгілікті байқатып, «Қазақстан» десе, «Атамекен» десе елең ете қалатын жырақтағы қазақ баласының сол байырғы салты мен мінезін тағы бір мәрте танытады. Алыста, тым алыста, арғы бетте жүрсе де «Елім» деп елеңдеген жандар көз алдыңа елестейді. Еріксіз сол халықтың, сол қандас бауырлардың келешектегі тағдырына алаң көңілмен қарайсың. Әдеби көркем шығарма өткенді баяндау арқылы, бүгінгі қоғамдағы келеңсіздіктерді әшкерелеп үлкен идеяны, астарында жатқан шындықты ашып, мәнін түсінуге тәрбиелейді.
Жарықтық Алтай – киелі тау. Ежелгі түркінің ен жайлаған мекен еді. Алтай туралы талай-талай аңыз-әңгіме, повесть-романдар бар. Бізге жақсы таныс бергі беттегі жазушылардан бөлек, Алтайдың арғы бетіндегі қаламгерлерге мол азық болғанын білеміз. Ырысбек Дәбейдің біз танысып шыққан шығармашылығында да Алтай аймағындағы халықтың жай-күйі жаңаша көрініс тапқан. Шекара сыртындағы халықтың бүгінгі бейнесі осындай, келешектегі тағдырына күмәнмен қарайсың. Олай ойланбасыңа әсте болмайды. Себебі, біз бәріміз қаны бір ҚАЗАҚ баласымыз…
“Жерұйық” әдебиетінің редакторы