Жетесіз дүние!
Қазақтың жеріне келіп сыналдың!
Крестен басқа түк өспей,
Топырағым іштей тынады.
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ
Қолына қалам ұстаған кез-келген жазушы қандай да бір шығарма жазар алдында, ол шығарманы жазуға арқау болатын өмірдегі қақтығыстар, түрлі жағдайларға кезігіп барып, санасына ерекше әсер қалдырған, жан-тәнімен сезінген, жанына өте жақын дүниелерді қағазға түсіретіні анық.
Әңгіме – әсем жанр. Әңгіменің бір әсемдігі – жинақылығы. Жинақылық – мұқият мықтының ісі. Әңгіме келелі тақырыпқа жазылуға тиіс. Сол тақырыптың бірі біздің туған даламызда болған сонау заманғы соғыс, жаугершілік заманы болса, одан кейін сол соғысқа пара-пар болған атом бомбасы болып отыр.
КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астына жасай бастады. Атом бомбаларының жарылыстары сұмдық ауыр болды. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті. 1949 жылдан 1963 жылға дейін жер бетінде жасалған сынақтардың зардабы әсіресе мол болғаны рас. Бұл аймақтағы аурулардың есеп-қисабы 1990 жылға дейін мұқият жасырылып келді. Облыста онкологиялық, жүрек-қан тамыр, жүйке және психикалық аурулар саны күрт өсті. Азап шегіп, өлім құшқан адамдар қаншама. Отбасыларында кемтар балалар көбейді. Бұның өзі қазақ ұлтының келешегіне төнген зор қауіп болатын. 1980 жылдардың аяғына қарай халықтың төзімі таусылып, шегіне жеткен еді.
Басқа ядролық державалармен салыстырғанда, Қазақстан аумағында қиратқыш әлуеті жағынан орасан зор ядролық арсенал болды.
Бір тұтас халықтың тура да, ауыспалы да мағынада өмірін улап, бүгінгі күнге дейін сол зұлматтың зардабын тартқандар аз емес. Уақыт өтіп, жылдар жылжып жатса да, санасында, жүрегінде мәңгі жазылмас жара болып қалатын бұл сұрапыл дүниенің әсерінен туған қос шығармаға тоқталғым келеді.
«О, жарық Ай, мүсіркеме сен мені. Мен күнәсіз қыз боламын. Сезімім бүтін, ақылым дұрыс. Бірақ мынау тіршілік дүниесінен безінген жұдырықтай жүрегім кек пен қасіретке толы. Мен өзіме адам сияқтымын, басқаларға адам емес, адам пейілін тәубаға түсіретін мүгедекпін. Қарауылдың адамдары мені көрген сайын: « Мұны алла-тағала адамдар тәубасына келсін, қол-аяғының саулығына, он-екі мүшесінің дін амандығына шүкір етсін деп жаратқан-дейді.» – деген Ләйләның монологы. Роза Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» әңгімесінде осы полигонның әсерінен өмірге мүгедек болып туылған Ләйләның тағдыры туралы баян етіледі. Шығармада автор Ләйләның бейнесін жасы жиырмадағы ересек қыз болса да, өспей қалған, сырт кейпі бес жасар қызды танытатын мүсәпір пендені суреттеген. Ләйләның жалғыз сырласы өзі атап шақырғанындай « Жарық ай!». Ләйлә жетім, оның өзі де, көңілі де жалғыз. Оның жан дүниесін ешкім түсінбейді.
Ләйләмен тағдырлас жан өзге автордың қолынан туған шығармада өмір сүреді.
Қаншама жыл отау құрып, бірге тұрып жатқандарымен Аққазы мен Моншақтың жаялық кірлетер кішкентайлары болмайды. Құрсағына біткен екі бірдей нәрестесінен айырылып қалған Моншақ, осы баланы Алладан өзі тілеп алған. Құрсағына бала бітіп, дәрігерлерге көрінгенінде Семей мен Өскеменнің қазақ-орысы аралас дәрігерлері оған «дені дұрыс бала таппайсың, ішіңдегі құбыжық іспетті бірдеңе, жаныңның аман қалғанын қаласаң «жасанды түсік» жасату керек» деген. Бірақ Аққазы мен Моншақ олардың дегеніне көнбей, өлісінде де, тірісінде де бұл баладан айырылмауға бекініп, ауруханадан қашып, ауылына бірақ келеді. Әйелінің толғағы келіп, дүниеге сәби келер сәтте Аққазы өзі ғана болады. «Ол жарының шатын жарып келе жатқан құлынның қос тұяғын көріп еді… Содан шошына тұрып кеткен. Ішінен « Бісмілла!» деп күбірлеп те жіберді. Ол жіп-жіңішке, торы түкті шырыш-шырыш сирақтарды біріктіре ұстап, еппен ғана ептеп тарта бастады.» Бұл Асқар Алтайдың « Кентавры». Басты кейіпкер Басарыс атты құлын денелі жігіт. Оның басы кеудесі түгел адамдікіндей де, белінен төмен аяқ орнына тұяқ жаратқан. Бұл шығармада ұрпақ сүйгісі келіп, асығып жүрген қос мұңлықтың ауыр тағдырына құлынденелі сәби береді. Әрине, ата-анасына өз ішінен шыққан сәбиі қай кезде де ыстық. Бірақ бұл жерде тағы да сол бір атом бомбасының кесірі тиген Ләйлә тағдырлас Басарыстың да адамдар көзіне оқыс көрінетіні, оның мына тіршілік иесінен өзгеше жаратылысы кейбір адамдардың одан үрейін туғызса, біріне ол жемтік болып елестеген еді.
Ләйләны барлығы есінен адасқан, есуасқа баласа, Басарысты жабайы жануарға теліді. Олардың сырт бейнесімен ғана санасқан тіршілік екеуінің ішкі дүниесіне үңілген жоқ. Тіпті оның барына да сенбеді. Табиғат тартқан жаза емес, қатігез адамдардың өз қолымен жасаған қасіретінің жазасын екеуі ғана тартты. Екеуі де сол себепті өздеріне деген пананы даладан іздеді. Ләйлә « Жарық аймен» тілдессе, Басарыс тау-тасты аралап, аң-құспен дос болды. Қайраты мен күші тасыған балғын жігіт сол табиғат ананың құшағында жүріп өзін еркін сезінетін. Ал Ләйләның өзі жасап алған құпия әлемі бартын. Ол әлемде қыздың жүрегін елжіреткен тап-таза махаббатта өмір сүрген. Алайда, сол өзгеше жаратылған тіршілік иесін адамдар еш қабылдай алмады. Көрген жерде қорлап, мазақ етіп жас қыздың санасына « сен мүгедексің!» дегенді құйып тастаған. Айналасындағы адамдардан қолдаудан гөрі қорлау көрген ол, өз-өзін расында еш дәрменсіз, бейшара санайтын. Ләйлә қасіретке толы кеудесін ақыры ақтара алмай, жалғанның күйігі болудан шаршап, көз жұмды. Ал Басарыс тау баласы, тау бауырында жүріп, қаніпезер аңшылардың қолынан қаза тапты. Бірақ ол санасыз аң сияқты емес, нағыз азамат болып көз жұмды. Себебі, ол жазықсыз оққа ұшқан қорбаңдаған қос қонжықты қорғады. Бәлкім табиғат оны әдейі құлынденелі етіп жаратқан болар, мына пасық адамдардың жаман ниетінен мақұлық аңдардың қорғаушысы болсын дегені болар мүмкін. Оққа ұшқан аю ананың жетім қалған қонжықтарын саналы адам аямағанда, Басарыстың бұл қылығын кім құптар.
«Шер толы жүрегі тулаған, қан толы көкірегі қинаған құнан-адам қыл шашақты құйрығы мен шашасын жел көтеріп, қасат үстінде тыныш тапты». – деп аяқталады Кентавр әңгімесі. « Ал жан тапсырған төсектегі қыз суретін ұзақ аймалаған Ай биіктеп, жылжып кетті, мәңгілік қоштасып кетті. Екі тіршілік.» Осылайша, қос кейіпкердің де мына жапан далаға сыймай, ақыры бейіштен тыныш тапқандарын, сонымен бірге өмірдегі бар жамандықты өз бойларына бүркеп алып кеткендей сезіледі. Түгел болмаса да, бір жамандықтың жолын кесіп, шамын өшіріп кеткендері рас.
Ләйлә шын өмірде «Еңлік» атты қыз. Қазіргі таңда Семей қаласындағы мұражайда оның мүрдесі әлі күнге сақтаулы. Автор сол бейнені көргеннен соң, осындай шығарма жазуға бел байлаған.
Асқар Алтайдың кейіпкері өмірден олай қорлық көрген жоқ, қайта оның басқа адамдардан күші, қайраты жағынан артық, батыр тұлғалы ұлды бейнелеген. Кентавр – ежелгі грек аңыздарында жартылай адам, жартылай жылқы тәрізді бейнеленетін мифологиялық кейіпкер.Әрине, полигонның кесірінен тура осындай жартылай жылқы денелі адам тумасада, екі басты, төрт аяқты немесе бір көзді адамдар дүниеге келді. Қаламгер осыны біраз романтикалық образ етіп алды. Ол автордың қиялынан туған, десе де автор ойын оқырманға түсінікті жеткізе білген көркем шығарма.
Түйіндей келе айтарым, маңайымызда болып жатқан қаншама қайғылы оқиғалар, қиын жағдайлар мен қасіретті күндер өтуде. Бұл бір ғана қаланың, не бір ғана отбасының қайғысы емес, бүтін бір ұлттың тағдырына жазған ауыр қарғыс десе де болар. Бүгінгі таңда тәуелсіз мемлекет болып, алдымыздан сан қилы мүмкіндіктер, жолдар ашылып жатқан уақытта сол бақты бағалау үшін өткен күнді ұмытпаған дұрыс болар.
Айгерім ҚИЫҚБАЙ
жазушы
Автордан ақпарат
Айкерім Қиықбай – 1993 жылы 18 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 2000-2011 жылдары Ақтөбе қаласындағы №19 орта мектепте білім алған. 2013 жылғы Батыс Қазақстан облыстық «Дала дарындары» проза байқауының Бас жүлдегері, Халықаралық «Шабыт 2013» шығармашыл жастар фестивальінің лауреаты, Астана қаласының мәдениет қайраткері Нағима Өтепова атындағы сыйлықтың иегері. Бүгінде Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласындағы Қазақ иновациялық гуманитарлық-заң университеттінің IV курс студенті.