Аркадий КУТИЛОВТАН
ҚЫШ ТАБЫТ
Мұраларым, күнәларым, қастерлім.
Қорқынышы қоғам дейтін әскердің.
Сендерге ажал келіп тынса мезгілсіз,
Талайыма табыт қашап бәс бердім.
Қайта қазып ашқан мезет қабірді.
Қанша жүрек жоғалтады-ау сабырды.
Жанарына жас келтірер жаһанның
Тырналардың дауысымен кәдімгі…
ТАМЫЗЫҚ
Бір ойға бір ойың кедергі.
Ерніңді жымқырдың,
Не болды?..
Әйелің, абырой-атағың,
өзіңнен бет бұрса,
Сен енді…
Сен енді, кейіме ешкімге…
Досыңа, дұшпанға, бес күнге.
Жарыққа қош айтып кете бар,
Тамұққа үн қатып, естіл де.
Кешкен соң…
Болмайды жан қайғы.
Тірілер бір-бірін алдайды.
Өлгендер өш алмас өмірден,
Өлгендер өкпелей алмайды.
ТҮЙМЕДАҚ
«Сағыныштың көгілдірі болмайды»,—
Бұған сіз де иланбайтын шығарсыз?!.
Виский дәмі қоюлатып мән-жайды
Көк те көрге айналғандай,
Күмәнсіз…
Кешегінің сәлемдері жалынды
Кездеменің ішкі астары ғана боп.
Электронды әлемдерге таңылды
Естеліктер күл боп шығып,
Қаракөк.
«Сақтансаңыз, сақтаймын», — деп Жаратқан.
Мейірімсіз боп алған ба бұл күні.
Есінесек, есігіміз со жақтан,
Тарс жабылып, түрілетін түндігі.
Сыр алдырмас биязылық бүгінгі.
Түймедақтың ұмыттарды жұпарын.
Сол қорқыныш қабартып ап сұрымды
Кісіліктің жоғалтыпты,
Үт әнін…
Александр БЛОКТАН
Ие, мен тәкәппар шығармын,
ешкімге ешуақыт сенбейтін.
Сұп-суық бір мінез шығардым
жазмыштың өзіне көнбейтін.
Өзің де дәл мендей болмап па ең,
Жұлдыздан алатын хат-хабар.
«Қараңғы орнар, – деп, – сонда әттең»,
жарыққа үмітпен жалт қарар.
Тастүнек.
Айтқаның айдай кеп,
сәулені іздейтін жүрек жоқ.
Көңілдер ашылмас шайдай боп,
өмірлер сыйламас жігерлі от.
“Өткенге өкпе жоқ” дейтіндер
жарықтың мехнатын қайтеді.
Кектескен самарқау кей түндер,
әл-әзір бітпейді-ау, әй, тегі.
Жетелеп ақ таңға ақ арман,
Елемей күншілдің әлегін.
Сенім мен үміттен нәр алған,
өзім де дәл сендей пәк едім.
Ал, қазір түк те жоқ.
Жым-жылас.
Сол жарық жұлдыз боп ағыпты.
Ізгілік орнына сырлы наз,
өткенге өкініш таңыпты.
Қалғаны – жымиыс, кекесін,
соңында өршіген кермек мұң.
Әйелдің қызартқан шекесін,
ұяты боп қана өлмекпін.
Сұп-суық темірдей төзіммен,
Сұп-суық қабірді күзетіп.
Өзіңді қалдыршы өзіңмен,
Кеткенше жаныңнан сыз өтіп.
Франсуа ВИОННАН
БЛУАДАҒЫ БАЙҚАУ БАЛЛАДАСЫ
Бұлаққа келіп шөлдеп өлемін.
Жымиысымды шерге көмемін.
Ермек екен ғой еңбек дегенің.
Бейнетіме де сергек келемін.
Өзімнің үйім – біреудің оты,
Ал өз отаным – біреулердікі…
Дым білмейді екем – білерім осы,
Ғайыпқа сену – күмәннің басы.
Мырзасы болып бір күндігімнің,
Мойындалып ап сүргінде жүрмін.
Мәрттікті текшеп сараңдықпенен,
Үмітсіздіктен адалдық көрем.
Аязда жүріп май гүлін сұрар,
Қайыршы кейпім байлығым шығар.
Жаураған жүрек жалынның демі,
Серелі мұздан жаным гүлдеді.
Мырзасы болып бір күндігімнің,
Мойындалып ап сүргінде жүрмін.
Көңіл көншітпей бір күнгі жарық,
Жақындасыппын жұлдызды танып.
Жарық күнді де менсінбей жүрмін,
Жердің өзін де жерсінбей жүрмін.
Шер тарқатуға саңырауды іздеп,
Сеңгіл тұманда саңылдаулы із көп.
Жусаннан кермек балдың бал дәмі,
Қанша ұрады Ардың салмағы?!
Мойындалып ап сүргінде жүрмін,
Үлесі қанша бір күнге жылдың.
Ұжмақта жанып, тамұқта күліп,
Тірідей кеттім табытқа кіріп.
Мырзасы болып бір күндігімнің,
Мойындалып ап сүргінде жүрмін.
АУДАРМАШЫДАН АҚПАРАТ
Ерғанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ – 1986 жылы ақпан айының 13 жұлдызында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы Ақбұлақ ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетін филолог мамандығы бойынша бітірген. «Қазақстан» ұлттық арнасында, «Казақфильм» киностудиясында, «Астана» журналында, 7-арнада редактор қызметтерін атқарған.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. «Алиф» жыр жинағының авторы.