Раймон КЕНО
ПОЭЗИЯ ӨНЕРІ
Сөзді негіз етіп алыңыз,
Оны от қып жағыңыз.
Даналықтан бір шымшым болсын,
Ал аңғалдықтан үлкен бір кесек салыңыз.
Аздаған жұлдыз,
Аздаған бұрыш қосыңыз,
Жүрек дірілінен бір уыс салып,
Қазанның аузын жабыңыз.
Шеберліктің темір пеші үстінде
Бір-екі рет бұрқ еткізіп алыңыз.
Және бұны қайталаңыз сан рет
Сосын жазыңыз!
Бірақ та
Алдыменен ақын болып туылып,
Ар алдында аппақ болып қалыңыз.
* * *
Аққумен бірге
Қаңқылдап қаздар жүреді,
Арамен бірге
Шыбын да өмір сүреді.
Қандыағашпенен
Пияздар қатар өседі,
Тауыспен бірге
Қоңыз да ғұмыр кешеді.
Көлменен бірге
Ми батпақ, шалшық күн кешер,
Кемеңгерлермен
Нақұрыс бірге тілдесер.
Сандырақ сөз жүр
өлең жыр салған жолменен
…Шуылдақ сөз бұл
Сыншылар айтқан хорменен.
Эжен ГИЛЬВИК
ТІЛЕК
Сендер мені еститіндей деңгейде
Үйренсем ғой сөйлеуді.
Дәл мен сөйлеп жатқанымды білмеңдер,
Бізбен сонда сөйлескен жан кім?– деңдер,
Базбіреумен шатастырып жүрмеңдер.
Жанарлардан сел жүргенде жас парлай,
Жер қозғалса қозғалмайтын асқардай
Мен сөйлеуді үйренсем ғой кәдімгі
Тастардай.
АЯЛАУ
Кей-кейде біз оңаша бір мейрамхана ішіне
Кіруші едік ұрланып,
Баспалдақпен төмен түстік сан рет
Үнсіздіктен сыр бағып.
Столды да таңдаушы едік бір барып,
Тым-тырыс боп тұрушы еді айнала
Не болмаса отыратын ол жерде
Сыбырласып-күбірлескен бір халық.
Ал бұл жердің ең тұрақты қонағы –
Көңілсіздеу күрең ойға бастайтын
Алагеуім көлеңке еді кәдімгі.
Әр столда отырған ол сан жылдар
Көлеңкелік болмысы
Күнмен тіпті кездесуден қашпайтын,
Ал күн болса саспайтын.
Қолыңменен жанасып, маңдайыңды иіскеп,
Стақанмен аймаласа бастайтын.
Біз ұмытып кеткен жалғыз Құдайдай
Ұмытылып…
…сосын сырын ашпайтын.
Аялдадық. Дамыл таптық бұл жерден,
Уақыт тоқтап қалушы еді біз үшін,
Біз есейіп бара жаттық Күз үшін
Көлеңкеден шыққан сайын жарыққа
Бөтен жан боп шығатынбыз өзгеріп
Табандардан жүрекке өткен сыз үшін.
Франсис ЖАММ
ЖҰМАҚҚА ЕСЕКТЕРМЕН БІРГЕ
БАРУДЫ ӨТІНГЕН ДҰҒА
О дүниеге кетер күні, құдайым,
Бір тілекті қабыл қылшы ылайым.
Ағаш біткенді айналып өтіп асықпай
Демалыс күні кешкілік жолға шығайын.
Есекті сөз жоқ кездестіремін көшеден,
«Мен – Жаммын» – деймін оларға. «Осы жер менің тұрағым».
Шабуыл жасап маза бермеген шыбыннан
Қайшылап сілкіп, қорғаған ұзын құлағын
Сол есектерді адал дос санап өзіме
Жұмаққа бірге баруын бізбен сұрадым.
Құдайым, маған келісім берші осыған,
Қылжақбастардың жүк арбаларын тасыған,
Жотасы жүктен, жүрегі теңнен жасыған,
Ара шағып тән жарасы ашыған,
өтетін ылғи бүгжеңдеп,
қыш құмыралар тиеген күйме қасынан,
аяқтарын қиралаңдап басатын,
жаны жара құл есекке қосылам.
Алмалары дірілдеген кәусар бұлақ үстінде
Кедейлікті жотасына арқалаған міскінге
Қара жұмыс жасап өткен, жұмсап қажыр күш күнде
Сол есекпен бұйырта гөр
Жұмаққа бір баруды
Кәусарыңнан бірге татып, бірге сусын іштім дер.
Анри де РЕНЬЕ
ЕГЕР ДЕ МЕН
Егер де мен сөз қозғасам әз махаббат жайында
Онда оным бұлақ болар маған құлақ түретін,
Онда оным шуақ болар жүректе өмір сүретін,
Онда оным құрақ болар жел тербетіп жүретін,
Онда оным қуат болар құстың тілін білетін
Онда оным жырақ тола жаңғырық қой күлетін.
Егер де мен есім кетіп сүйген болсам беймезгіл
Ол дегенің шоқ қылатын сенің үлкен көздерің,
Тәкаппарлау ерініңнен естілетін естілетін сөздерің,
Ол дегенің ыстық тәнді кезіп жүрген кезбе мұң,
Ол дегенің сүйрік саусақ ұсынатын кездерің,
Ол дегенің сен сияқты көлеңкесі өзгенің.
Ги БЕЛЛЕ
* * *
Балалар жылайды мұңдана
Бір әйел түнектен
Ымдайды шақырып, ұрлана.
Шулама! – деп айқай салады күйеуі
Үнсіз тек тұрғаны гүл ғана…
Жарықты сөндірер алдында
Сол әйел
Гүлдердің орнын ауыстырады,
Айнаға қарағандай
Күлкісін күнмен қауыштырады,
Суын да ауыстырады,
Ауа-райын өзгертіп,
Бақытсыздық ауылын алыс қылады.
Гүлдерге жымиып күледі,
Өйткені ол бітпейтіндей көрінген мына күннің
Жалғыз қуанышы екенін біледі.
Поль ЭЛЮАР
ҒАШЫҒЫМ
Келді де қабаққа жайғасты,
Бұрымың шашыммен шайқасты,
Саусағың қолыммен айқасты,
Көзіме көзің сап ойқасты,
Көлеңкең көлеңкем боп кетті
Еске сап
Тұңғиық тереңге
Шолп етіп жоғалған сол тасты.
Көздерің жұмылмай жатады,
Сол қылық ұйықтатпай матады.
Тал түсте қиялға батады,
Айтатын ештеңем жоқ болсын
Сөлеймін, күлемін, жылаймын
Себепсіз ішегім қатады.
ҚАЙЫРЫМДЫ АҚИҚАТ
Адамдардың отты заңы бар:
Жүзімді шарап қылдыратын,
Көмірден отты тудыратын,
Бір сүйіс бір тағдырды мұң қылатын.
Адамдардың қатал заңы бар:
Сұм соғыс әкелген темірге қарамай,
Қайыршы қылған өмірге қарамай,
Арының алдында таза боп қалатын
Төбеден төнген өлімге қарамай.
Адамдарда жүрек заңы бар:
Сәуленің нұрын көзіне жас ететін,
Көрген түстерін рас ететін,
Бітіспес жауын да дос ететін,
Ішпей-ақ адамды мас ететін.
Бұл бір бағзы көне заң,
Бұл бір мүлде жаңа заң.
Сөнбей жылу шырағы
Дана жүрекке ұмтылу
Бала жүректен шығады.
Юнна МОРИЦ
* * *
Қара тізім ішінде де ақ сәулеге шомылдым.
Жалғыз қалған сәттерде де көп балалы сезіндім.
Қаралы күн қара бөлме ішінде сан ояндым,
Періштелер қанаттарын қағып-қағып жіберіп,
Өмірімді һәм ауамды түрлі түске бояды.
Қауқары жоқ қария не әжімді қарт болмаса,
Қорқынышты жас боп мүлде көрінбейді ол да аса.
Ал біреудің қарттарға тән «тереңдігі» кей кезде
Сәуленің де көрсетеді қап-қара дақ екенін
Шуақтан да дақ көрген соң тітіркеніп кетемін.
Айырма не? Ауыстым да аппақ сәуле дағынан,
Шыға келдім түнек дағы – қара сәуле жағынан.
Ұмытылмас інжіл жырын оқып жұлдыз кітаптан
Төбемізден қарап тұрған шоң көздерді сағынам.
Аспан асты әлемінен ары кеткен тереңдеп,
Ағып жатты аппақ ұйқас тамырымда мені емдеп.
Жалғыз қалған сәттерде де көп балалы сезіндім
Қара тізім ішінде де сәуле шашып келем мен.
Хусто Хорке ПАДРОН (1943)
ШАРШАДЫМ
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Күнде-күнде өлуден шаршадым.
Өзімді қуғында жүрген адамдай сезінуден шаршадым.
Біреуге билік жүргізуден шаршадым.
Жеңілуден, тоналудан, керең болудан, ұмыт қалудан, сатқындықтан шаршадым.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Желдің қуыршағы болудан шаршадым.
Құдіретті сақалды ергежейлі биікте отырып алып бізге күлуі керек екен, ол бізді жіппен басқарады, билетеді.
Сол қолдардың қалауымен мен аяғымды қозғалтамын.
Жылаймын, сосын күлемін, тістеймін, ғашық боламын, көзге шөп саламын, ұмытамын.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Өзім бәрінен жақсы көретін адамдарымның қасынан қайырылмай кетуден шаршадым.
Сынаптай аққан өзен сияқты жаным ауырып,
құятын өз арнамды іздеп келемін.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Қартайғанда жалғыз қалудан шаршадым.
Ең бір бақытсыз, зәрлі кезеңдерді жасырудан шаршадым.
Арман әлемінде өмір сүруден шаршадым.
Өмір мен махаббаттың қалай өлетінін көруден шаршадым.
Шаршадым. Қатты шаршадым.
Көшелердегі өтірік, жалғандық пен жек көрінішті, ызаны сезінуден шаршадым.
Тыныштық пен сабыр сақтаудан шаршадым.
Қарнымды көтеріп жүруден шаршадым.
Галстук тағудан шаршадым.
Және сондай мұңды көздерімнен шаршадым.
Иә, иә, шаршадым. Қатты шаршадым.
Әлсіреп, тоз-тозым шығып жүруден шаршадым.
Ештеңеге қажет еместігімді сезінуден шаршадым.
Күнә жасаумен ғана айналысудан шаршадым.
Және жылаудан шаршадым.
АУДАРМАШЫДАН АҚПАРАТ
Танакөз ТОЛҚЫНҚЫЗЫ – 1977 жылы 2 қарашада Алматы қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасы президентінің «Болашақ» стипендиясының иегері атанған. 1999-2000 жылдар аралығында Францияда халықаралық құқық саласы бойынша магистратурада білім алған.
«Поэзия көктемі», «Жас толқын» фестивалінде, «Қазақтың ақын қыздары» республикалық жыр мүшайрасының бас жүлдегері. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты. 2008 жылы «Дебют достастығы» атты халықаралық конкурстың жеңімпазы. Қазақстан, Ресей, Тәжікстан президентінің поэзия номинациясы бойынша жүлдегер атанған.
2001жылы «Елорда» баспасынан «Біз-таулықпыз» атты тұңғыш жинағы жарыққа шықты. 2008 жылы «Жалын» баспасынан «Сағынып жүрмін» атты, 2010 жылы «Профимедиа» баспасынан «Айтқым келеді», 2014 жылы «Хантәңірі» баспасынан «Сүйемін» атты жыр жинақтары жарыққа шыққан.