Қазақстанның Шығысында Тарбағатай тауларының күнгейінде Үржар ауданының және осы аттас өзенннің бар екендігі баршаға аян.
1792 жылы жарық көрген И.Сиверстің «Письма из Сибири» атты еңбегінде Тарбағатай мен Үржар атаулары аталып өтіледі.
«Үржар» сөзі «үр» деген, «үрдің қызындай», «үріп ауызға салғандай» деген сұлулықтың белгісін аңғартар болса, «жар» сөзі сүйген жарды аңғартады. Бұл жөнінде көнекөз қариялар: « … Ертеде қалмақтың «үріп ауызға салғандай жар» болуға лайықты өте сұлу қызы тұрыпты-мыс, соны батырлардың бірі қатындыққа алған, содан келіп «Үржар» атауы шыққан деген аңыз айтады.
Кейбір деректерді анықтауға талпынған азаматтардың дәлелі бойынша «Үржар» сөзі моңғол тілінде «Ұялы жар» деген ұғым беретін көрінеді. Ертеректе бұл өлкеде Ұялы деген көлдің мүйісі мен Ұялы ауылы болғандығын, ал жарларына ұзақ пен қарға сияқты құстардың ұя салғандығын жергілікті өлкетанушылар алға тартады. Халық этимологиясына сүйенсек «ұры жар» түріндегі аңыз баршылық. Бұған дәлел – 1960-1970 жылдар шамасында Үржартөбе бауырынан ұрылар мекендеген үңгірлер мен көне қару-жарақтардың табылуы.
«Ақынға жараспай ма қаламды алған,
Барқытбел аман ба екен бабам қалған.
Мекендеп қарақшылар нар төбені,
Атауы Ұры жардың содан қалған», – деп ақсақалдар жырлап отыратын.
Ғылыми этимологияда «үр» көне түркі тілінде «ақ,боз» сын есімін береді, демек Үржар тура мағынасында «ақ жар» дегенді білдіреді.
Біз Үржар атауы туралы үш болжамға тоқтала келе Серікболсын Сайдығалиұлының зерттеуіне назар салайық. «1648 жылдары Тарбағатай тауын мекендеп, көшіп-қонып жүрген қалмақтар арасына келіп, рухани азық беруші Зая-пандитаның өмірдерегін жазушы Рандабахадраның еңбегінің орысша аудармасының 61-бетінде: «Осень года быка (1649) (Зая-пандита) провел в (урочище) Улу-хун между (рек) Ур и яр.Зимовал же в Хара-бута ниже по течению от сумэ на (реке) Бора-Тала»-делінген. Үржар өзені басталар тұсы оң саласын Кішкенетау өзенімен, сол саласын Қосақ өзендерімен бастаса, ортасынан Талдыбұлақ бұлағы құйылып, Үржар елді мекенінің маңында бірігеді. Кішкенетау өзені бастауын Ақперілі биігінің сайларынан алып, етекке қарай құлдилап ақса, Қосақ өзені таудың тік шатқалдарын жара отырып ағады. Байқампаз адамға жоғарыдағы қалмақ жазбасының Ур және Яр сөзінің мағынасы өзіміздің Өр мен Жарда аққан өзендер екендігін аңғарудың еш қиындығы жоқ.
Жарты әлемді жаулаған Ақсақ-Темірдің жорық жолын жырлаған шайыр Абд ар-Раззак Самаркандидің еңбектерінде де Урунг-Иар деген атау жиі кездеседі. Оның еңбегінде Қайас деген Әмірдің қолбасшысы Урунг-Иар деген жерде Инге деген төрені қуып жетіп, тас-талқан етіп жеңеді. Тарихи деректерге жүгінсек, шындығында сол тұстағы Әмір-Темірдің жорықтары солтүстік Моғолстан мен Ертіске дейінгі аралықты қамтыған екен. Осы оқиғаларға байланысты айтылатын «Урунг-Иар» атауы Үржардың ең алғашқы атауы болуы да ғажап емес.
Серікбек ТУҒАНОВ,
Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің Үржар филиалы.
https://www.facebook.com/semeymuzey/
Моё мнение надо было давно поменять