Көршілес елде болып жатқан уақиғалар біздің халықты да енжар қалдырмай отырғаны түсінікті. Соңғы үш-түрт күндік аралықта Қырғызстанда болған жайдың жапсарын біздің саясаттанушылар қалай «жамап-жасқап» жатыр екен? Сол пікірлерді бір өзекке түсірсек, мынандай болып шығады:
1. Қырғызстанның партиялық-саяси алаңының басым көпшілігіне олигариялық топтар бақылау жасайды. Осы партиялардың көпшілігі сайлауалды науқаны барысында ұйымдастырушылық дәрменсіздігін, өздерінде қажетті қаржылық және кадрлық ресурстар жоқ екендігін көрсетті. Мысалы, олар Орталық саулау комиссиясына құжаттарды қисынсыз тапсырған, тиісті мерзімдерді сақтамаған, уақытты өткізіп алған, үгіт жұмыстары кезінде өте көп тәртіп, ереже бұзушылыққа жол берген. Бұл – өз-өзінен заңға қайшы.
2. Саяси партиялар тар шеңберлі мақсатына жетуді көздейтін, өзінің қаржылық, әкімшіліктік ресурстары бар шағын топтардың бірлестігі болып алған. Саяси билікті әкесінен баласына әулеттік жолмен беруді қалайтын дәстүр беки бастаған. Партия кандидаттары арасында бұрынғы және қазіргі шенеуніктер мен депутаттардың балалары көп кездеседі. (Біздің бір саясаттанушымыз: «МГУ-ді оқып жүргенімде, сол Совет Одағы кезінде, қырғыз балалардың өз шыққан тек-руларына қарай бөлініп алып, қызылшеке болып жататыны есімде»,-деп жазады).
3. Депутаттықа кандидаттардың басым бөлігінің (негізінен «Мекеним Кыргызстан», «Биримдик» партияларынан) бұған дейін сан рет заңға тартылғаны рас болып шыққан. 1912 депутаттың 221-інің өтелмеген қылмыстық жазасы болған (?!). Яғни, бұлардың көбісі партияны қылмыстық элементтерді ақтап алу құралы, депутаттық мандатты ешкім тиісе алмайтын дербес құқықтық деп қарайды.
4. Сайлаушылардың дауыстарын жаппай сатып алу нышандары ап-анық. Өзінің тұрғылықты жерінен тыс тұрып та дауыс беруге мүмкіндік беретін №2 үлгісін алған сайлаушылардың саны өте көп болған. Бұл үлгіні 500 мың азамат пайдаланған, ал бұл бүкіл сайлаушының азды-көпті 14 пайызы!
5. Cайлауалды бағдарламаларда елді пандемиямен байланысты жағдайда экономикалық дағдарыстан шығару жоспары болмады. Сайлауға қатысқан партиялардың көпшілігі стратегиялық болжау-жоспардан ада, «шикі» партиялардың танымалдығы өте-мөте төмен, сайлаушыларды таңдау жасауда дұрыс жолдан жаңылдырып жіберген де солар.
6. Жаппай хаос. Өзін-өзі «Бас прокурор» етіп тағайындап алған айдаладағы біреу сайлау өтпеді деп жариялайды. Көшеде көзіне түскенді талқандап жүрген жұрт…
«Жерұйық»-ақпарат.