Шығыс Қазақстанда кезінде өткен Altai Invest форумында Голландиядан келген сарапшылар мен ғалымдар Күршім ауданының жерін аралап көріп, ет пен сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамытуға керемет жер екен деп таң қалғаны бар.
Расымен де Өр Алтайдың ең бір құйқалы жерін алып жатқан Күршім мен Марқакөл өңірінің жасыл жайылымы, сан түрлі шөбі ұйысқан қалың шабындығы, су көзінің молдығы мал өсіруге өз-өзінен сұранып тұр. Өсірген мал өнімін тоқтаусыз «жұта беретін» алып ел де іргеде тиіп тұр.
Қазір облыс басшылығының бастамасымен осы өңірде 27 инвестициялық жоба іске асырылмақ. Мал басын көбейтуге, сүт өнімдерін қабылдау пункттерін көптеп ашуға, тауарлы-сүт фермаларының санын көбейтуге бағытталған осы жобалар іске асса, жаңадан жұмыс орындары көптеп ашылады деген дәме бар. Әзірге ауданда жүз және алты жүз бас сауын сиыр ұстайтын екі үлкен тауарлы-сүт фермасы салынуда.
«Жерұйық» ақпараттық порталы.