Асан Омаров: Рухани жаңғырудың коды неде?

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын үлкен ықыласпен, асыға оқып шықтым. Шыны керек, «рухани жаңғыру» дегеніңіз баршамыз да зарыға күткен, құлаққа жағымды, жүрекке жылы тиетін тіркес емес пе.  Мақалада көтерілген қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру, туған жер бағдарламасы сияқты бастамаларды қалың жұртшылық жан-жүрегімен құптап, қуана қарсы алып жатқаны даусыз ақиқат. Теледидар мен баспасөз арқылы соның куәсіміз. Елбасымыз сөзінде: «Сананың ашықтығы керектігін» қадап айтыпты, сондықтан, жапатармағай мадаққа ілеспей жеке көзқарасымды ортаға салғанды орынды көрім. Ондағы айтпақ пікірім екеу.

Бірінші, мақаланың «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген бөлімінде «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» делінген. Шындығында бұлар қазақ мәдениетінің бір парасы ғана емес, толық мағынасындағы ірге тасы әрі қабырғасы. Кешегі тар кезеңдерді еске алайықшы, жақсы мен жаманды айырған құралымыз және қазақты қазақ қылып сақтап қалған құдірет те осылар еді ғой. Оларды тұғырынан неге төмендетуіміз керек? Мәселе сонда, материалдық және рухани жаңғыру өзектес, бірақ бір емес. Оларды шатастырмайық. Дін де,  философия бойынша да «рухани жаңғыру» қоғамда мейірімділік пен әділеттілікті нығайтумен байланысты ұғым. Осынау құдайылық екі сезім салтанат құратын болса ғана рухымыз өседі, жанымыз ләззаттанады. Күллі салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен әдебиетіміз осы екі феномен сезімнің гүлденуіне қызмет ететіні сол (айтпақшы, өзімізге үйреншікті «социализм» сөзі әлеуметтік мейірім, әділеттілік деген мәнді білдіреді,  бұл идеяның өміршеңдігі осымен өз түсінігін табады).

Міне, «тамыры тарихтың тереңінен бастау алатын рухани код» дегенде біз осылай түсінуге тиістіміз деген ойдамын. Ал, мақалада көтерілген бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, сапалы білім беру мәселелері, қала-қалама, материалдық жаңғыру шарттары. Бұлар адамның жан дүниесі мен рухани табиғатына тікелей болмаса да жанама түрде елеулі түрде оң әсерін тигізеді. Яғни ұлттық кодты және  бірегейлікті сақтаудың бір-бір парасы екені сөзсіз.

Менің айтпақ екінші жеке пікірім – мақаланың «Сананың ашықтығы» деген бөліміндегі «жер жүзіндегі миллиардтан астам адам… жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей» деген пікірге қатысты. Өз білуімше, бұл қазақ қоғамының қазіргі тарихи хәлінде дәлелдеуді өте-мөте қажетсініп отырған даулы мәселе. Неге десеңіз, «орыс тілін білмесең аштан өлесің» деп жаппай орыс тіліне бас қойған тәжірибеміз әлі күнге көз алдымызда. Соның нәтижесінде ұлттық кодтан айырылып тындық. Оның дәстүрлі қазақ қоғамының азып-тозуы, алдыңғы және артқы толқын арасындағы сабақтастықтың үзілуі, некедегі ажырасудың етек алуы сияқты әлеуметтік салдары, тере берсек, көп. Ұлттық код те, оның кепілі – ана тіліміз де шатқаяқтап тұрған тарихи хәлді ескерместен ағылшын тілі теңізіне күмп беріп түсіп кеткеніміздің арты қалай болар екен?! Анығы, бұл материалдық пәрменді дамудың алғышарты, ал рухани жаңғыруға қатысы шамалы шара.

Егер латын әліпбиі арқылы қазақ тілінің позициясы күшейсін делінсе ғой, әттең, болашаққа бағдар басқаша мәнге оранар еді-ау. Себебі, күн санап өзгеріп, танымастай құбылып жатқан сыртқы жансыз дүние ғана. Адамның өмір сүруінің мәнісі, сана-сезімі мен мінезі өйтіп өзгере алмасы, жансызбен жарыса алмасы дәлелсіз-ақ айқын. Әсілі, «Мәңгілік Ел» болуға алдымен ана тілі, Абайдың даналығы сияқты мызғымас рухани кодке сүйену керек. Сонда жаңғыру сипаты да тұрақты болмақ. Жеке адам, бүкіл қоғам  бақытқа жетсін десек, жол, айла осы арада.  Сөздің қысқасы, Елбасы мақаласындағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деген жанды баураған аса маңызды пайымды «ағылшын тілін жаппай үйренейік» деген ұран жуып-шайып кеткендей күй кештік. «Әй, қап!» демей көр.  Міне, біздерді, алдыңғы толқын ұрпақты, қатты алаң етіп отырған осы жәйт. Дәлелдеуді қажетсінетін даулы мәселе дегенім де содан.

Айналып келгенде, рухани жаңғыруымыздың коды Ана тілімізде тұрғанын терең сезінейік.

Асан Омаров,

Филасоф ғалым.

Семей қаласы.

Бағалау: 0

Автор: Жерұйық

Жерұйықпен бірге болыңыздар

Пікір жазу

Желімен кіру : 

Сіздің email сайтта көрсетілмейді. Міндетті ұяшықтарды толтырыңыз *

*

x

Тағы оқыңыз!

1 студия – Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру (толық нұсқа)

«Қазақстан» Ұлттық арнасында «1 студия» саяси ток-шоуының тұсауы кесілді. Хабардың алғашқы саны ұлттың ұйысуына, рухани жаңғыруына арналды. ...