Семей қаласындағы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде №17 мектептің 9 сынып оқушыларының қатысуымен Мұратбек Оспановтың 55 жылдығына орай «Ақын – елдің ардағы» атты кездесу кеші өткізілді.
Шара басында кітапханашы М.Оспановтың шығармашылығымен таныстыра отырып, оның журналист, ақын, жазушы, Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Республикалық «Абай» журналының бас редакторы, бірнеше республикалық мүшәйраларының жүлдегері, ҚР-ның «Мәдениет қайраткері», «Абай» ауданының құрметті азаматы екендігін атап өтті.
Оқушылар ақынның алғашқы өлеңдері «Аудитория» атты жастар жинағында жарияланғанын, кейіннен автордың «Сандықтас», «Дүние дидар», «Сүмбіле» атты өлеңдер жинағы шыққаны туралы хабардар болды.
Кездесу кешінің жалғасында М.Оспанов өзінің журналистика саласындағы: «Семей таңы», «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газеттеріндегі және «Абай» журналы редакциясындағы қызметінің ерекшеліктері жайлы әңгімелеп берді. Бұдан соң автор өзінің бірнеше өлеңдерін оқыды.
Оқушылар шара барысында ақынға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, толық жауаптарын алды. Әңгімесін қорытындылай келе М.Оспанов осындай шаралар өлкеміздің ақын-жазушыларының шығармашылығын насихаттауға ықпал ететінін атап өтті.
Шара соңында «Ақын – елдің ардағы» атты кітап көрмесіне қойылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.