Ақын, сазгер, драматург Исраил Сапарбай өткен аптада Семей халқымен кездескенін еске сала отырып, келесі кезекте ақыннан алынған сұхбатты zheruiyq.kz тілшісі жариялайды.
♦ Исраил аға, Алаш жұртына хош келдіңіз, сапарыңыздың себебін айта кетсеңіз?
Қазақ айтқан ғой, мен кезбеймін, несібем кезеді, деп. Менің несібем мен тағдырым ел-жұртпен біте қайнасқан. Елдің райы мен шырайын бағып отыру – әрбір елім деген азаматтың парызы деп білем. Мен осы Семей шаһарына өзіме рухани азық жинап қайту үшін келдім. Осы сапар барысында мүмкін менің шығармашылығыма біреудің сөзі, біреудің өзі, біреудің көзі әсер етіп, жүрегімдегі ашылмаған сырларды қозғар, сезімдерді сел еткізер деген ой ғой. Өз басым үйде қамалып отыра берген өнер адамын – тұсалған тұлпармен бірдей деп ойлаймын.
♦ Байқауымызша, Семейге сирек келетін секілдісіз. Рухани сабақтастық адманың жиі немесе сирек келуіне байланысты емес шығар?
Өте орынды сұрақ. Семейге Абайдың 150 жылдық мерейтойында келгенім рас. Жалпы мен Семейге келейін, келмейін бұл қала – қазақтың алтын шаңырағы. Абайдың өзі бір дара әлем ғой. Оны қазір сен сұрап, мен айтып бітіре алмаймыз. Ол әлем шексіздікке құрылған. Мен Абай арқылы оның табан ізі қалған киелі Семей елін көп келмесем де жақсы білем. Ал рухани сабақтастыққа келсек, «Баяғы жартас, сол жартас». «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп өткен Абайдың аяғын біз де құшамыз. Қазіргі қоғамымызда да әттеген-айлар қарынымды ашытатыны рас. Материализм белең алған мына заманда рухани бай болудың өзі ерлік.
♦ Әңгімеңізге қарғанда, қоғамды капитализм билеп, рухани кедейшілік етек алып барады. Сол ортада ақын қалай алып жүруі керек?
Алланың тоқсан тоғыз есімі болса, соның бірі халық дейді. Мен қандай жағдайда да халықпен бірге өмір сүрем. Халық боп қуанам, халық боп мұңаям. Десе де, кез-келген ақында өзіндік бір жалғыздық болады. Жалғыздық деген – ұлы мұң. Ол мұң – өз еліңнің ертеңі немесе ұрпақ қамы болуы мүмкін. Тағы бір әттеген-ай бар. Руханиятты материалдық жағынан көтермелеу аздау біздің қоғамда. Ақын несімен ақын? Оның өлеңдерін халық білмесе, оқымаса, онда ол қалай ақын болады? Немесе қалтасын тесіп жүріп шығарған бір екі мың дана кітап неге жетеді? Міне, осы жағына қарның ашады. Жалпы, материализм белең алған мына заманда рухани бай болудың өзі ерлік.
♦ Исраил аға, қазіргі саны көп, сапасы жоқ кітаптардың қаптап кетуі сізді алаңдата ма?
Міне, мәселе осында ғой. Түкке керек емес кітаптар көбейіп кетті қазір. Қылт етсек кітап шығару әдетімізге айналды. Кітаптар топанға айналғанын қайтесіз, адамдар тобырға айналып бара жатыр. Міне, осы алаңдатады. Бұның себебі, ақын мен оқырман арасындағы көпір дейміз бе, руханият пен халық арасындағы жіп дейміз бе, өте әлсіз.
♦ Бүгінгі таңда автор мен оқырман арасындағы байланыстың түрлері өзгерді. Сіз оқырмандарыңызбен байланыстың қай түріне көңіл бөлесіз?
Сен әлеуметтік желілерді айтып отырған боларсың. Фейзбугта бармын. Десе де, әлеуметтік желі тек ақпарат қана ғой. Ал, қазына анау том-том кітаптардың парақтарында жатыр емес пе, айналайын. Қазір кітапты мүлдем оқымайтын ұрпақ пайда болды. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Біздің тобырға айналу қаупіміздің алғышарты да осында жатыр.
♦ Осылардың алдын алу үшін қандай ұсыныс, пікір айтар едіңіз?
Бізде, Алматыда Жазушылар Одағы жұмыс жасайды. Солардың жұмысына көңілім толыңқырамайды менің. Ойыма екі-ақ ұсыныс келіп отыр қазір. Бірі, қазақ әдебиетіне аударма жанрын дамыту керек, соған орай аударма орталығы арнайы ашылып жұмыс істесе өндіріп. Ал, екіншісі, әдебиетті насихаттау бюросы жұмыс жасап отырса. Сонда өз ішімізде өзіміз қайнамай, қоғамтануымыз ұлғайып, әлем әдебиетімен жаттық танысар едік. Және жазып-сызған дүниелеріміз оқырманға тез тараса, жылдам дамуға мүмкіндік алар едік. Және айта кету керек, біздің құдай бере салған құбылысқа айналған тірі де өлі де таланттарымыз жетерлік. Бірақ, оларды әлемдік деңгейде насихаттау мүлдем жоқ.
♦ Исрайл аға, қазақ поэзиясының болашағын сөз етсек. Кейінгі буынның өлең жазу өрнегіне не айтар едіңіз?
Бәрі басында еліктеуден басталады. Мен де еліктегем. Еліктеудің өзі өнер. Сол арқылы ақын өзін қалыптастырады, шыңдайды, үйретеді. Содан барып өз жолын, соқпағын табады. Десе де, өте қатты еліктеп кету адасумен бірдей. Адасу дегеніңіз руханияттан өзінің нақты орынын таба алмау деген сөз. Қазақ поэзиясында міндетті түрде болуы керек дүние, ол – ұлттық бояу. Міне, осыдан алшақтамауымыз керек. Соны ізденістің болғаны жақсы, іздендім екен деп өзі де, өзге де түсінбейтін өлең жазудың да түкке керегі жоқ. Бұл жерде атын атап, түсін түстемей-ақ қояйық. Бірақ, адасып жүрген, адасып барып қайта өзін тапқан шәкірттеріміз бар енді.
♦ Сонда сіз постмодернизмге қарсыз ба?
Жоқ, тек ұлттық нақышты араластыра отырып, соны ізденіс, жаңа жанр әкелсе қуанар едім. Еліктеуден өзін алып шығып, сол еуропа әдебиеті мен мәдениетін біздің табиғатымызға дәнекерлесе сөз жоқ. Қысқасы алтынтамырдан ажырамау шарт.
♦ Сазгер ретінде қазақ ән өнеріне айтар пікіріңіз.
Мен анау Розаларға кейде ренжіп айтам, сендер сахнадан айырылып қалдыңдар ғой. Қазір қазақ эстрадасын ұсақ-түйек ән мен әншілер қаптап кетті. Ән айтудан әнші өзіне рухани ләззәт алу керек. Бүгін ол әшейін шоу-бизнеске айналып барады.
♦ Көркемдік кеңес жоқ па сонда?
Бар ғой. Дәрмені жоқ. Өйткені, қазір сахнаны шәйтани әндер жаулап алды. Оларды әнші деп айтуға мүлдем болмайды. Себебі, неге олар дәстүрлі әндерді орындай алмайды. Бір-екі әнсымағын айтып жүріп әнші болып кеткендер көп.
♦ Демек, қазақтың әндерін қазіргі «қиқалақ» әндер құртып жатыр дейсіз ғой?
Иә, өкінішке орай біз соған жол беріп қойдық. Олар сахнаның төрін алып қойды. Сол орайда мына бір өлеңімді оқып берейін:
Дегенде эстрада, эстрада,
Басында ақыл-ой мен ес тұра ма?
Бір дүлей дабыл қағып келе жатыр,
Елірген есеңгіреп көш тұра ма?
Мойнына асып алып гитараны,
Айтқаны әлдекімнің қиқар әні.
Жалбыр шаш жас жігіт кеп жөн-жосықсыз,
Шайтани әндерін қайталады.
Деп ары қарай кете береді.
♦ Азаматтық ұстанымыңыз қандай?
Ұл басқа, ұлы басқа, ұлық басқа,
Аспанға шапши берме ұлып босқа.
Өзіңді ел мақтаса, есіңді жый,
Көзіңді шел қаптаса, сылып таста, – бұл менің ұстанымым.
Сұхбатыңызға рахмет!
Жұмабек Айқынұлы,
«Жерұйық» порталы.
тамаша сұқбат!!!!!!!!!