Төлеуғазы ИМАНҒАЛИЕВ: «КОМЕРСАНТ» АТАНҒАН КЕЗІМІЗ ДЕ БОЛҒАН

Қазақстан Тәуелсіздігімен бірге түлеп келе жатқан кәсіпорынның бірі – Семейдегі «Сәуле» ЖШС. 1990 жылдардың басында қоғамдық формация күрт өзгеріп, көпшілік оң-солын айыра алмай қалған, «өз күніңді өзің көрдің» уақыты еді. Нарықтық экономикаға бет бұрған сәтте ұжым жетекшілеріне жұмысты жаңаша ұйымдастырып, тыңнан жол салуға тура келді. «Сәуле» ЖШС Бас директоры Төлеуғазы Иманғалиев та заманның беталысын жылдам аңғарғып, кәсіпкерлік тізгінді қолға алып өзін де, өзгені де жаңа белеске жетелеуге тырысты. Тығырықтарға қарамастан шағын кәсіпкерлікпен батыл шұғылданып, оны дамыта білді. Іскерлік қабілет шағын кәсіпкерліктен орта кәсіпкерлікке жеткізді. Қалай, қайтіп жүзеге асырғанын кейіпкеріміз, бүгінде Қазақстанның Құрметті құрылысшысы Төлеуғазы Сейітқазыұлының өзі айтып берсін.

DSC_1243

-Расын айтқанда, алғашында бизнес дегеннің не екенін толық түсінген де жоқпыз ғой. 1991 жылы қайтақұру кезеңі басталды. Бұл кезде бизнес, кәсіпкер деген түсінік біздің қоғамға әлі ене қоймаған. Деседе, біртіндеп жеке шағын мекемелер ашылып жатты. Ол кезде мен Семей облыстық Селэнерге мекемесінің тапсырмасымен Одақ аумағында іссапармен болып тұратынмын. Орын алып жатқан өзгерістерді ертерек аңғаруға сол іссапарлардың да пайдасы тиді. Ішкі – сыртқы жағдайларды көре жүріп бір күні «ел ашып жатқан шағын мекемені мен неге ашпаймын» деген ой келді. Байыптап қарасам ыңғайға келетін секілді. Селэнергоны Дмитри Онищенко жалпылай басқарғанмен өзім қамтамасыз ететін аудандарды бөлек шоғырландыруға болатынын түсіндім. Содан 91 жылдың ортасында ойлана келе жаңа мекемеге «Сәуеле» деп ат қойып, тиісті құжаттар жиыстырдым. «Сәуле» атауына тоқталған себебім, бірінші кезекте тұңғышымның есімі, екіншіден, электр жарығының сәулесі, үшіншіден, өзгеріп келе жатқан жаңа заман сәулелі мол болсын  деген тілекте болдым. Құжат түгенделген соң, аудандарды, оларға қарасты совхоздардың басшыларын жаңа мекеменің бағыт-бағдарын, жұмыс жүргізу тәртібін таныстырып, 42 совхозбен келісім-шартқа отырдым.

Барлық шаруа реттеліп енді директорымыз Онищенконың алдынан өту қалды. Дмитри Василиевичке құжаттарымды таныстырып, өзім басқарып жүрген аумақты «Сәуленің» иелігіне барлық техникасымен қалдыруын сұрадым. Арада 3 күн өткенде басшымыз ұжым алдында «ешқандай заң бұзушылықтың орын алып отырмағандығын» сөз етіп, рұқсат-жауабын берді. Сөйтіп, «Сәуле» алғашқы қызметін ауылшаруашылық саласын электрмен жабдықтаудан бастап кетті. Қарамағымда 228 адам жұмыс істеді. Қызмет түрлерін жетілдіріп, ауылшаруашылық техникаларының стартерін жөндеу, генератор сымдарын орау цехын да аштық. Оның өзі үлкен сұранысқа ие болып, әжептәуір табыс әкелді. Жарамсыз деген генератор бөлшектерін жинастырып, қайта қалпына келтіріп отырдық. Мал қоралары мен техника бокстарын жылытуға арналған цемент-панелдер шығардық.

-Бұл әлі ауылшаруашылық саласының ыдырай қоймаған шағы ғой. Ал, қырдағы тіршілік көздері жекешеленген шақта сіздерге де сұраныс азайған болар?

–   Иә, 1993-94 жылдары аудан, совхоздардан күш кете бастады. Техника, мал құнсыздана түсті. Біздің қызметімізге сұраныс төмендеп, ақырында іргеленіп келе жатқан мекемеміздің ауқымын кішірейтіп, мантаждау бөлімін ғана қалдыруға мәжбүр болдық. Оған да сұраныс шамалы. Бірақ, қалайда бір бөлімді сақтап қалуым керек қой. Қоғамда жұмыссыздық белең алды. Қолынан келгендер Қытайдың өнімдерін әкеп сатумен шұғылданды. Өз бетінше жұмыс істегендерді қазір ғой «Бизнесмен», «Кәсіпкер» деп әспеттеп жүргеніміз. Әйтпесе, біздердің ол кездегі атауымыз «комерсант», керек десеңз «алыпсатар» болатын.

Ешкімде ешкімнің жұмысы жоқ, әркім қолынан келген тірлігін жасай бастады. Маған да бір шаруаның жалына жармасу

керек, не істеймін? Осы кезде менің өндіріс саласынан алған тәжірибем көп көмектесті. Қалайда өнім өндірудің жолын іздеу керектігін түсіндім. Әрі қолымнан келетініне іштей сендім. Ол үшін алдымен біраз қаражат керек. Сол әтте ақша елде де, менде де жоқ. Алдыңғы жұмыстарымыздан қалған электр кабельдерін ақшаға айналдырмаққа әрекет жасап, сонау Шымкентке дейін бардық. Ақыры өткіздім, оның өзінде тауарға. 5 тонналық контейнермен барып бір вагон дүние алып қайттым. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, сабын, соды т.б. затар. Ақша жасаймыз деп әкелген әлгі дүниелеріміздің көбі соңында малға айналып кетті. Содан шашылық сатуға тәуекел жасап, базар маңында 12 жерден кәуап нүктесін аштым. Қойдың сол кездегі құны 300-400 тенге, шашлыққа айналғанда 1000 теңгеге дейін барады. «Рэкеттердің» дәуірі жүріп тұрған уақыт қой, затты ақшаға айналдырудың машақаттары аз болған жоқ.

DSC_1264

-Бұл сонда Сіздің шағын кәсіпкерлікке бірыңғай бетбұрған кезіңіз ғой?

–  Жалпы алғанда, 1994 – 97 жылдарда ақша тек азық-түлікте ғана болды. Құрылыс та, өндірістер де тоқтай бастаған. Тамақ өнімдерінен басқа ештеңеге сұраныс жоқ. Сол себепті, қолға біраз қаражат жиналған соң макарон, май, шұжық цехтарын ашуға бел будым. Олардың басын біріктіру үшін арнайы жер алып, база салдым. Мініп жүрген қара Волгамды рожки шығаратын қондырғыға айырбастап жібердім. Басынан бірге жүрген 6 адам, рожки шығаруға кірістік. Олар сенімді көмекшілерім Бағлан Ғабдулин, Ербол Дәуменов, Елшат Тасболатов, Мұхаметқали Тұрысбеков, Рымбек Жакиев, Күлзипа Құмарова.  Тәулігіне 150 киллодай өндіреміз. Өз қолымызбен шығарған алғашқы өнімді көзіміз көргендегі қуанышты сезім әлі күнге дейін ыстық. Қондырғыға ұн мен су құямыз, әлден уақытта рожкиге айналып шыға келеді. Басында тіптен қызық, алтауымыз кезек-кезек жүгіріп барып көреміз.

Еңбегімізге қарай біздің шағын кәсібіміз жүре бастады. Рожки цехын кеңейтіп, тағы екі қодырғы әкеп орнаттық. Одан кейін шемішке майы мен шұжық цехтарын аштық. Ол кезде ондай қондырғыларды таба қою қиын. Өнімнің өндірістік құнын азайтпақ үшін  күнбағыс егіп те көрдік. Өнімдеріміз жаман болған жоқ. Бәрі де қарапайым үлгіде шығарылып жатқандықтан сыртқы сипаты (товарный вид) онша болмаса да, дәмі мен сапасы жағынан өте жоғары болды. Олай болатыны, шикізатымыз ешқандай қоспасыз бірыңғай таза жергілікті өнімдерден еді.

-Әр уақыттың өз қиындығы болады дегендей, ол кезде жұмысы бар жерді заңды да, заңсыз да қадағалау орын алып жататын. Мекемеңіздің басына «қара бұлт» үйірілген кезі болды ма?

–  Нені тұспалдап отырғаныңды түсініп отырмын. Бірақ, біздің жұмысымызға бәлендей қысым жасаушылар кездескен жоқ. Орынсыз түйткілдерге ұрынбау үшін; ешкімді алдама, артық уәде берме, жалпыға ортақ қағидалардан аттама, өз ұжданың үшін күрес.

Қазір еске алып отырсам, ол да бір қиыны мен қызығы аралас уақыт болыпты. Білсем, үйренсем, меңгерсем деген ынтаның басымдығының арқасында талай тығырықтан шығып кетіппіз. Бұрын өнім шығарып көрмегенбіз, басында бәрін өзімізше мөлшерлеп «ручной технологиямен» жүргіздік. Цехтарымыз тұрақты істеп, өнім үсті-үстіне ұлғая бастады. Әне-міне дегенде тұралап қалған ауылшаруашылық саласы да біртіндеп әлденіп біздің бұрынғы қызметімізге сұраныс түсе бастады. Мына жақта шағын өндірісіміз, келесі жақта электрмонтажымыз бар қоржынымыздың екі басы да толыса түсті. Есімде қалғаны салық мекемесінен тексеруі жиі келетін. «Анауың дұрыс емес, мынауың дұрыс емес» дейді, бұрын ондайды көрмеген басымыз нені тексеріп, нені қате деп тұрғанын толық түсіне бермейміз. Есілдертіміз әрең-әрең қалыпқа келтірген жұмысымыз тоқтап қалмаса екен деймізде қарсы келмеуге тырысамыз. «Айыппұл саламыз» деп қорқытады. Таныс іздеп шапқылаймыз немесе «бірдеңесін» ұстатып қайтарасың. Ол кезде қосымша құн салық 20 пайыз, кірістен 30 пайыз алынады. «Әлеуметтік» дегені бар 20 пайыз. Табысыңның 50-60 пайызы мемлекет қазынасына кетеді. Несие пайызы да тым жоғары еді. Ол кезде солай болды. Қазір ғой небір жеңілдіктердің қарастырылып жатқаны. Бүгінгі таңда оның жартысы да төленбейді.

DSC_1210

Сіздің компанияңызды жұрт көбінесе құрылыс мекемесі ретінде біледі. «Сәуеле» сәулетті құрылысты қай жылдан бастап меңгерді?

–  Нарықтық экономикаға біздің елден бұрын өткендердің тарихына қарасаң, көптеген кәсіпорындар уақыт ағымына икемделу тәсілін ұстанған. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың да алғашқы күннен айтып келе жатқан тапсырмасының бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті жан-жақты дамыту. Бұл саланың бір ерекшелігі экономикалық дағдарыстар бола қалған жағдайда қатты күйзеліске ұрынбайды. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан бизнесті өркендету бағытында қаншама қолдаулар жасалып келеді. Шағын және орта кәсіп саласы елдегі ішкі жалпы өнімнің 50-60 пайызын құрайтындай жағдайға көтерілген мемлекетке ешқандай дағдарыс қорқынышты емес.

Біздің мекеменің құрылыс саласындағы алғашқы қадамы Ертіс үстінен салынатын жаңа көпір құрылысына орай басталды. Алдымен алып құрылысқа байланысты сүрілетін үйлердің тұрғындарын орналастыратын пәтерлер салынуы керек екен. Соған қатысты жарияланған тендерге қатыстып, жеңімпаз атандық. Ұн-құрама жем комбинаты жанындағы 5 қабатты тұрғын үй құрылысын (28 млн. тенгелік) жүргізетін болдық. Құрылыспен шұғылданатын мекемеге қоятын талаптар аз емес болып шықты. Соның бастысы техникалық мүмкіндігі мен арнайы база болуы қажет екен. Үдеден шығу үшін бұрынғы Семагропром мекемесінің «УМС» деп аталатын базасын 50 мың АҚШ долларына сатып алдым. Бұл қаражат жаңағы шағын цехтардың пайдасы.

Айтпақшы, оның алдында Ұлы Абайдың 150 жылдығында Жидебайда салынған кесенені жарықтандыру жұмысы бізге бұйырды. (Біздің ол жұмысымыз жөнінде «Абай тойы» кітабында жазылған). Сол кезде электр-монтаж қызметін біржақты дамытып кету қиын екенін аңғардым да, құрылыс шаруашылығына қоса мән беруге бекіндім. Өйткені, бұл уақытта электрлік қызмет құрылыстың ішіндегі қосымша бір сала ғана болып қала берді.

Содан бергі аралықта құрылыстың барлық түріне және басқа да комуналдық қызмет түрлеріне қатыстық. Облыс аумағында 2 мектеп, 2 абулаторияны жаңадан тұрғызсақ, 100 ден астам мкетеп пен 70 тей абулаторяға күрделі жөндеу жүргізіп, 6 футбол алаңын салыппыз. 12 ауылдық жердің электр желілерін тарттық. Ақтоғай – Зырян аралығындағы разьездер ғимаратын жөндуден өткіздік. Абай, Курчатов, Бесқарай аудандарында қос пәтерлі үйлер мен монша салып бердік. Семей қаласында 5 және 9 қабатты 4 ғимараттың толық құрылсын жүргіздік. Кей жылдары көшелерді абаттандырумен де айналыстық. Қаладағы Қаракерей Қабанбай батырдың, Халық Қаһарманы Рысқұлбековтың ескерткіштерін орнатыстық. Сондай-ақ, бюджеттен ақша уақытында түспеген 2000 ші жылдарда кей мектептің жөндеу жұмыстарын өз қаражатыма (3,5 млн. тенгеге дейін) жасап, ақысын артынан алып жүрген кездер де болды. «Сәуеле» компаниясы 1997 жылдардан бастап,  жылына 10-15 тендер ұтып, соның бәрін уақытында орындайтындай мүмкіндікке ие болды.

Сонымен бірге құрылыс техникаларының бәрі өзіміздікі; 25 тонналық краннан бастап, цемент лайын араластыратын КамАздан бөлек 30 ға жуық техника тұрақты қолданыста жүрді.

-Соған қарағанда «Сәуленің» құрылыс саласындағы бағындырған биіктері осал болмағаны ғой.

–  2000 ші жылдардан соң шағын кәсіпкерліктен орта кәсіпкерлікке ауыса бастадық. «Сәуленің» ең қарқынды әрі өз мүмкіндігін толық көрсеткен кезеңі 2004 – 2008 жылдардың аралығы деп есептеймін. Бұл басқа уақыттарда жұмысымыз жүрмеді дегенді білдірмейді. Салыстырмалы түрде айтып отырмын. Жаңағы жылдарда алдыға қойған мақсаттарымды толық игеріп, жазғы маусымда 200 дей адамды еңбекпен қамтыдық. Артта қалған  жылдар ішінде еңбегіміздің еленбей қалған кезі жоқ. Республикалық, өңірлік деңгейдегі бірқатар марапаттарды иелендік. Облыстың, қаланың үздік кәсіпкері, Үздік салық төлеушісі деген ресми марапаттарды алғашқылардың бірі болып еншіледік.  2008 ші жылы облыс бойынша «Құрылыс саласындағы үздік кәсіпкер» номинациясына белгіленген 1 000 000 тенгелік сыйлық «Сәуленің» қанжығасына байланды. 2006 жылы Москвада өткен ТМД көлеміндегі байқаудың «Экономиканың үздік көшбасшысы» атандық. Сонымен бірге 2004 жылы Швейцария Жоғары бизнес және басқару институтының сараптау Кеңесінің шешімі бойынша Алтын медаль иегері болдық.  2014 жылы еліміздің Өңірлік даму минстрлігі тарапынан «Қазақстанның Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен марапатталдым.

–  Төлеуғазы Сейітқазыұлы, жалпы алғанда кәсіпкерлікке мемлекет тараптынан жасалып отырған қолдаулар аз емес. Сол мүмкіндіктерді бизнесмендер толық пайдалана алып жүр ме, әлде мемлекет қаражатына қол жеткізудің қиындықтары көп пе?

 – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды қолға алып, «Алдымен – экономика, содан соң – саясат» идеясын ұсынды. Ел экономикасын көтерудегі шағын және орта кәсіпкерліктің орнын жыл сайынғы Жолдауында арнайы атап, Үкіметке нақты тапсырмалар беріп келеді. Соның негізінде Үдемелі индустрияға дейінгі аралықта қаншама мемлекеттік бағдарламалар, бизнесті қолдау орталықтары, Даму қоры пайда болып, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылғаны белгілі. Менің түсінігімде мемлекет кәсіпкерлікті дамытудың тетіктерін әлі де қарастыра түсетін болады. Өйткені, кәсіпкерге табыс табушы ғана емес, жұмыс беруші, адамдарды еңбекпен қамтушы ретінде қарау уақытпен бірге белең ала түсуде. Кәсіпкерлер өзін де, өзгені де асыраушы топ. Осы топ қоғамда басымдық алған сайын елдің әлеуеті арта түседі. Мемлекеттің жүргізіп отыған саясатын осы тұрғыдан қабылдауымыз керек.

Ал, мемелекет тарапынан қарастырылған қаражаттарға қол жеткізу, қол жеткен дүниені дұрыс игеру ол басқа мәселе. Оның обьективті де, субьективті де себептері бар. Шағын және орта бизнес дамуын жеделдетудің бір жолы отандық инвесторларға көбірек қолдау жасалуы керек. Мысалы, шетелден біреу келіп кәсіпкерлікке ақша салса инвестор болып есептеліп, өндіріске жеке қаражатын салған жергілікті бизнесмендер инвестор болып саналмай келді. Соңғы жылдары бұл олқылықтар да қолға алынды. Болашақта қатарына қосылуға ұмтылып отырған үздік мемлекеттерде шағын және орта кәсіпкерліктің үлес салмағы 50 пайыздан кем емес. Бізде 17 пайыз. Бұл көрсеткіш міндетті түрде басымдық алатын болады. Сондықтан, еліміздің даму қарқыны қалыптасқан сайын, кәсіпкерлікті дамыту механизмі де тереңдей түседі деп есептеймін.

DSC_1194

 -Аға буын кәсіпкер ретінде ізбасар әріптестеріңізге қандай кеңес берген болар едіңіз?

 -Ерінбей еңбектеніп, талмай ізденген адамға қашанда мүмкіндік мол. Ойға алған іске батыл кірісу керек. Батылдық деген көзжұмбайлық емес, тәуекелділік. Әрине, біліктілік, сауаттылық өзінен өзі қажет. Мен өз балаларымның кәсіпкер болуын қалаймын. Ортаншы қызым Зәурені біраз жылдан бері баулып келемін. Сондықтан өз балама не айтсам өзгелерге де соны қайталаймын.

Негізі, кәсіпкер демократты адам болуы керек. Елімізде адамның барлық мүмкіндігі заңмен қорғалған. Кәсіпке тек табыс көзі деп емес, өз қабілетіңді шыңдау мен еркін еңбектенудің жолы ретінде қараған абзал. Бастаған ісіңнің оң нәтижесін көруге деген құштарлық адамды мезгілсіз шаршаудан құтқарады. Тапқан табыстың тұйықталып қалмауы шарт. Кәсіпкер тапқан ақшасын ары қарай айналымға сала алмаса өркендей алмайды. Білмеген адамдар ойлайды: «Ой, мынау бай, ақшаны басып жатыр» деп. Негізінде олай емес, әр нәрсенің өз заңдылықтары бар. Бизнес дегенің бір басаталған соң сені амалсыз қимылдауға, бір орында тұрып қалмауға, тынбай ойлануға мәжбүрлейтін дүние. Өйтпесең, қарызға белшеңнен батып, барыңнан жұрдай болуың әбден мүмкін.

Ең бастысы, кәсіпкер шаруашылықты жүргізудің оңтайлы жүйесін ұйымдастыра отырып, тиісті алымдар мен төлемдерді белгіленген ережелерге сәйкес жүргізуі қажет. Заңдылықтардан айналып өтуге тырысу соңында жақсылыққа әкелмейді.

-Бүкпесіз, шынайы әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Қайрат Зекенұлы


[ig-posts-carousel post_type=”post” cat=”Экономика” posts_num=”12″ posts_per_slide=”3″ show_image=”true” show_excerpt=”false” autoplay=”true” arrows=”false” dots=”true”]


Бұл жаңалықты достарыңызға жылдам жариялаңыз:

FacebookTwitterGoogleVkontakteEmail this pagePrint this page Whatsapp


Pin It

One thought on “Төлеуғазы ИМАНҒАЛИЕВ: «КОМЕРСАНТ» АТАНҒАН КЕЗІМІЗ ДЕ БОЛҒАН

  1. Төкеңнің өз болмысы сияқты қарапайым, ұғынықты ойға құрылған жақсы сұхбат екен. Елдің қазынасына қолын аямай сұғатын кейбір сұғанақ қол жебірлер емес, осы Төкеңдей ел азаматтары ғой, Елге, Жерге тірек болатын!

Жауап жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

CAPTCHA Image
Refresh Image

*