Бүгін Би Боранбайға еңселі ескерткіш орнады. Бидің биік тұлғасы Тарбағатай төсінде, Қызылкесік ауылында бой көтерді. Ауылым деген азаматтардың арқасында, ағайындардың ауызбіршілігінің нәтижесінде тасмүсіннің мінсіз келбеті мен кешен жұмыстары қарашаның қара суығына қарамастан мәресіне жетіп, мәнді істің маңызын білген түкпір-түкпірден батыр ұрпақтары, ауылын аңсаған азаматтар жиналып мәре-сәре болып қалды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан Мерей Қартов өзінің ФБ парақшасына видео жариялады:
“Хан Батыр атанған Қабанбай бабамыздың ақылшысы болған, батырға лайық Қубас атты таңдап берген, дуалы ауыз ақсақал, өткір би , жүректі батыр – Би Боранбай Қалқаманұлының ескерткіші ашылды”,-делінген. Сонымен қатар, тасмүсіннің ашылу салтанатында Қайыртай Ақылбеков өзінің жүрекжарды жырларын арнады. Арнау өлеңнен кейін, ескерткіштің ақбұлы ашылып, ақжаулықты аналар шашуын шашты.
Боранбай Қалқаманұлы (шамамен 1704 — 1802) — қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы соғысына қатысқан батыр, белгілі би. Жас кезінде Түркістанда ескіше оқыған. Тарихи-әдеби деректерде Боранбай мен Қаракерей Қабанбай есімдері қатар жүреді. Ол қазақ хандығының тәуелсіздігі мен ел бірлігі жолында Абылай хан жүргізген саясатты жүзеге асыру ісіне үлкен үлес қосқан. В.В. Вельяминов-Зерновтың еңбектерінде, Кіші жүздің қаза тапқан ханы Әбілқайырдың орнына таққа оның ұлы Нұралыны отырғызуға мұрындық болып, Орынборға барып қайтқан 8 бидің бірі осы Боранбай екені айтылады. Кезінде арғын-найман арасындағы жер дауының әділ шешілуіне ықпал еткен. Боранбай биді Бұқар жырау, Көкбай ақын жырға қосқан. Оның көсемдігі мен шешендігі жайлы ел жадында: “Кім ұқпас Наймандағы Боранбайды, Бес байыс “Боранбайлап” ұрандайды…” немесе “Найманға би Боранбай билік айтып, Артына аруақты болған ұран. Тұсында Абылайдың ақылшы боп, Серік боп ордасында қызмет қылған” деген сияқты көптеген өлең-жырлар қалған. Бұрынғы Қызылкесік ауылы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы) “Би Боранбай”ауылы деп аталды.