Әдебиетте шын мәнісінде үш өзара әрекеттестіктегі тұлғат (субъект) бар: автор, nерсонаж(дар) және оқырман (нағыз өмірде оқырмандар өте көп, бірақта туынды кеңістігінде олар бір-бірімен еш кезікпейді). Олардың өзара әрекеттестігін сипаттау біршама мөлшерде позитивті-ғылыми талдау (позитивнонаучный анализ) шеңберінен шығып, философия, феноменологиялық рефлексия аясын қамтиды.
Автор мен қаһармандардың (әрі қаһармандардың бір-бірімен) өзара әрекеттестігі белгілі бір мөлшерде лингвистикалық сипаттаудың ығына жығылады. Мәтіннің өн бойында тұлғаттық интенцияларды, әлеуметтік-моральдық қондырғыларды, өмірлік жағдаяттарды, талпыныстарды, үрейлерді, құштарлықтарды және т.б. өз бақылауына алатын не ана, не мына қаһарманның үні басымдыққа ие сегменттер бөлініп шығады. Дәл осы персонаждың сөздік сегменттері автор сөзімен бәсекеге түсіп, әдеби дискурстың қалыптасуына белсене ат салысады.
Бұның ең қарапайым мысалы – персонаждардың төл және төлеу сөздерінің хикаяттық мәтіндердегі кірігуі (драмада бұлардың біріншісі ең көлемді орынды иеленді). Төл сөздің төлеу сөзге айналуы оны оғаштандырып, шынайылығынан айырып, күлкілілікке ұшыратады, дегенмен бұның бәрі персонаж сөзін қайыра назарлауда (переакцентировка) орын алып, оның құндылық мүдделестігі өзге тұлғатқа (авторға, әңгімешіге) ауысады. Кейбірде баянша (сказ) дәл осыған ұқсас тұрпатта құрылады: жазба мәтінде ауызекі сөз әдетте сауаты аз, қарапайым халықтан шыққан тіпті әліпті таяқ деп білмейтін сауатсыз әңгімеші тарапынан имитацияланады.
Автор мен қаһарманның өзара кірігісу дискурстарының бұдан басқа түрі өздік емес төл сөз болып табылады. Бұл персонаждың ойлары немесе бастан күй кешулерін баяндау грамматикалық жақтан автор сөзін толықтай имитацияласа, бірақ интонация, бағалау, мағыналық назарша (акцент) жағынан персонаждың өздік ойының жетегіне ереді. Оны мәтін бойынан бөліп алу оңайға соқпайды; кей кезде ол белгілі бір грамматикалық формалармен (француз имперфектісімен) таңбаланады, дегенмен, кез келген жағдайда оның қай нүктеден басталып, қай жерден аяқталғанын танып білу өте қиынға соғады. Біз өздік төл сөздің бойынан бөгде сөзді «қаһарманның назаршасы мен екпіншесінен (интонирование), сөздің құндылықты бағдарынан», «авторлық бағалау мен екпіншені бұзып-жаратын» оның бағалауынан (М.М. Бахтин) аңғара аламыз.
Автордың қаһарманнан сөзсіз үстем болып келетін аймақ әдеби мәтіннің шекаралық межесі: атау, жанрлық атауша, автордың аты-жөнінің жазылуы (қол таңба), авторлық аннотация, туындыға енетін сыртқы авторлық мәтіндер (сөз басы, сөз соңы, автордың өз мәтіні турасындағы әңгімелеуі). Бұл парамәтін//паратекст (Ж. Женетт) деп аталынады да, мәтінді дұрыс оқудың жөнін сілтеп, авторлық интерпретацияны таңбалаудың функциясын жүзеге асырады. Парамәтінде автор сөзімен қаһарман сөзін еш салыстыруға болмайды, ол көбіне ұшыраспайды, әм тіптен кездеспейді.
Автор мен қаһарманның өзара әрекеттестігінің басқа түрлерінде олардың жеке тұлғалары ендігі жерде әлдебір әлеуметтік дискурсқа байлаулы емес, қайта олардың құрастырылуы лингвистикалық емес, спекулятивті-философиялық формаға ие болады. Тап осы проблемамен М.М. Бахтин («Проблемы поэтики Достоевского»//« Достоевский поэтикасының проблемасы», «Автор и герой в эстетической деятельности»//«Автор мен қаһарманның эстетикалық қызметі») көп айналысты. Достоевский белгілі бір мөлшерде «полифониялық роман» түзіліміндегі автор мен персонаждың өзара әрекеттестігінің мысалын танытып, персонаж-идеологтардың үнін автор үнімен бір құндылық деңгейіне қатар қояды. Қаһарман алыстан қарпып, алдын ала өзі жайындағы автор сөзіне дат айтып, ақыр соңында, ойдан шығарылған персонаждың құдайсыздық бұлғағы Жартушымен пікірталасқа айналады. Қаһарман бөгде санамен арбалып, онымен дауласады, өзінің соңғы сөзді айтушыға айналуы үшін талпыныс жасайды; Достоевскийдің қаһарманы бір-бірінің сөздерімен жіпсіз байланған, ал, оларды рухтандыратын идеялар диалогтық өмірде аяғынан нық басу үшін қалыптасу үстінде беріледі. Қаһарман бұл арада – әлеуметтік дискурстың статикалық таңбасы емес, керісінше, аяғынан нық басу үшін қалыптасу үстіндегі динамикалық процестің көрініс табуы.
«Автор мен қаһарманның эстетикалық қызметінде» Бахтин тап осы процесті жүйелі феноменологиялық перспектива тұрғысынан қарастырады, онда бөгде сөз туралы мәселе жеке сауалдардың бірін құрайды. Бұл арадағы назар аудару орталығы – қаһарманның кеңістік пен уақыттық формасы. Қаһарманның кеңістіктік формасы адам өз және бөгде денені түрлінше қабылдауымен анықталады; дұрыс ишара-ым жасауымыз үшін біз өз денемізді сыртқы нышанат ретінде естен тарс шығарып, тек іштей бастан күй кешуіміз керек. Әдебиетте дәл осы мағынасында бас және қосалқы персонаждардың фигуралары түрлінше беріледі. Дегенмен бас қаһарман кейбір тәни анықтамалыққа, кеңістіктік аяқталымға иелік етеді; автор адамның өздік қабылданымы ие бола алмайтын қаһармандық аяқталымды мәлім етеді. Тұлғат-персонаж объективті түрде ұсынылады, өйткені, жаратушының өз жаратылысына деген махаббат актісі тап осылай. Қаһарманның уақыттық формасы дегеніміз – оның бастан күй кешуіндегі: жан ғұмыры мен рух өмірінің, адамның әрі тұлғаттық, әрі нышанаттық ішкі өмірінің ұзақтығы. Жан дегеніміз – бұл персонаждың Жаратушының, автордың адамға сыйлаған нышанаттық жағы, рух болса, авторлық немесе құдаяттық рухтың бейаяқталымына қатысты болып келетін еркіндік мезеті.
Оқырман фигурасы көп уақытқа дейін әдебиеттанушылық зерттеулердің аясынан тысқары қалып келді. Заманалық ғылымда оқырманды белсенді шығармашылық тұлғат сипатында, тіпті оны авторға қарсы қойып (Р. Барттың «Автор өлімі») зерттей бастады: автор бұл орайда (дейігмәтіндемелік /до-текстуальный/ емес) мәтіннің абсолютті дерек көзі ретінде де емес, қайта, ішкімәтіндемелік фигура ретінде қарастырылады. Ішкімәтіндемелік, «ұйғарылған», «имплицитті» автор Бахтиннің полифониялық роман туралы ойына жуықтап келеді, өйткені, онда автор персонаждардың бірі ретінде саналған болатын. «Мәтін біртұтастыққа өзінің шығу тегімен емес, мақсатымен ие болады», бірақ та, оқырман дегеніміз – «еш тарихсыз, ғұмырнамасыз жан» (Барт). Оқырман автор сияқты туындыны жобалап, онда өзінің қатыстылығының ізін қалдыра алады. Бұндай жобалаудың формасын Констант мектебі (Х.-Р Яусс, В. Изер) «күтілім көкжиегі» деп сипаттайды. Яусс бұқараның туындыны қабылдауынның типтік модельдерін классифициялағанда: белгісіз автордың аяқ астынан табысқа жетуі, оның шокқа ұшырап, оны бірте-бірте еңсеруі, шағын топ арасындағы кейін аясы кеңи түсетін табысқа жетуі. Бұл арада оқырман әлеуметтік жақтан қастырылады. Әдеби эволюция, Яуссше, оқырманның күтілім көкжиегінің бірте-бірте трансформациялануы (әдетте кеңеюі), оқырман көзі үйренген көңілі машықтанған дағдылы стереотиптер шеңберін, оқырман үшін мәтіндегі дағдылы дүниені, туындыдан іздеп әрі табады.
Тап осындай анонимді, диффузді стереотиптердің тарихы, ұлттық әдебиеттің біршама объективті тарихы болып табылады. Дәл осыған ұқсас эволюцияны әдебиеттегі оқырман инстанцияның зор белсенділігін Изер сипаттайды. Қабылдаудың жазылмаған заңы оқырмандық еркін интерпретацияда безбенделіп, оқырман өзінше ойлап, өзінше дербес шешім қабылдайды. Әдебиет өзінің дамуы барысына оқырманға қатысты барынша көп мөлшерде «интерактивті» бола түседі.
Әбіл-Серік Әбілқасымұлы