Астанадан жеделхат келді. Ішкі істер министрлігі коллегиясының кеңейтілген отырысында тергеу изоляторларының мәселесі қаралады екен, сол жиынға мен шақырылыппын. Жүргізушім Адай екеуміз таңға жақын ақ «Волгамен» Астанаға іс-сапарға шықтық. Қала шетіндегі ГАИ бекетіне тоқтап, қалыптасқан әдет бойынша Адай автокөліктің рулін маған берді. Ыңғайланып отырып алып, «тізгінді босатып, үзеңгіні бүйіріне батыра» теуіп қалғанда, жер тепсініп тұрған темір тұлпар жүйтки жөнелді. Адай оң жағымдағы орындықтың «арқатірерін» жартылай жатқызып, жайбарақат жайғасты да «аға, қарсы болмасаңыз, қанбаған ұйқының қалдығын қайтарып алайын»-деп ұйқыға кетті. Бұл да үйреншікті әдет.
Жер-жаһанға жарық пен жылулық тарататын күн сәулесімен жарыса бізде шықтық қарағайлы орманнан. Қара өзендей созылып жатқан жол бойына тоқтадым. Мен автокөліктің асты-үстін қарап, айна-терезелерін шаң-тозаңнан тазартқанша Адай да темекесін тартып болды. Жүргізушім рульді сұрамады, мен берген жоқпын.. Адай аз сөйлеп, көп тыңдайтын жолсерік. Көңілденсе әңгімешіл. 800 шақырым жолда сегіз сөз айтпайтын «мылқаулығына» мен үйренгенмін.
Бойын жазып, сергіп алған Адай маған күле қарап «аға, жол қысқарсын әңгіме айтыңызшы»-деді. «Жұмыс туралы ма, жоқ әлде тұрмыс жайында ма?»-дедім мен. «Студент болу менің маңдайыма жазылмапты. Сол жалындаған студенттік жастық шағыңыздан сыр шертіңізші»-деді де орындықтың «арқатірерін» көтерді. «Әңгіме менікі, құлақ сенікі»-деп мына оқиғаны айтып бердім.
«1977 жылдың 1-ші шілдесінде Н.К. Крупская атындағы Семей мемлекеттік педагогикалық институты тарих-педагогика факультетінің «Антей» студентік-құрылыс отряды (құрамында менде бармын) Абай ауданындағы жаңадан құрылған Ж. Молдағалиев атындағы совхозға(Медеу ауылы) барды. Мақсат шопандарға арналған қора-қопсық, үй-жай салу. Сөз орайы келгенде студенттік-құрылыс отрядтары(ССО-дейтінбіз) туралы айта кетейін. Бұл құрылым студенттік жастарды еңбекке баулудың, тәлім-тәрбие берудің, керек десеңіз сол жастардың әл-ауқатын жақсартудың сол дәуірде өмірге келген өте ұтымды формасы болды. Студенттік құрылыс отрядтары ВЛКСМ Орталық Комитетінің қарауында болғанымен, КПСС Орталық Комитетінің және СССР Совет Министрлігінің тікелей қамқорлығында болды. Сондықтан болар, СҚО дамуы осы жоғарғы билік басшылықтары назарынан тыс қалған емес. Құрылыс отрядтары құрамына студенттер ерікті түрде қабылданады. Жоғарыда айттым ғой, студенттер әл-ауқатын жақсартады деп. Құрылыс жұмыстары 60 күнге созылып 1-ші қыркүйекте бітетін. Жаз кезіндегі құрылыс жұмыстарының(жазғы семестр деп те атады) қорытындысы бойынша студенттер қыруар жалақы алатын. Қарқынды жұмыс атқарып, жоспарды орындаған құрылыс отрядтарының жауынгерлері (отряд мүшелерін осылай атайтын) 900-1300 сомға(рубль) дейін ақша табатын. Сол кезеңде бұл бір жанұяны бір жыл асырайтын ақша еді. Бірақ мысал келтірейін. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысының айлық жалақысы 550 сом болатын. Ақылды студенттер тапқан табысының басым көпшілігін ауылдағы әке-шешесінің алақанына салып, бір әулетті байлыққа белшесінен батыратын дәуір еді, шырағым. Ақшаның құны бар заман ғой. Сол 60 күнде отряд құрамындағы 40-45 жігіттер мен қыздар елсіз жапан далада бозторғаймен бірге тұрып, кешкі сағат тоғыз-онға дейін дамылсыз қара жұмыс істеп, жапалақтармен жағаласып, жанталасып жатушы едік. Белгіленген межеден бір күн кешікпей мемлекеттік комиссияға біткен объектілерді салтанатты жағдайда тапсыратын едік, шіркін!
…Біздің отряд жауынгерлері совхоз орталығынан 15 шақырым жерде бір жотаның етегінде қыстақ салып жаттық. 20-25-тегі кезіміз. Шаршап-шалдығуды білмейміз. Үш-төрт бригадаға бөлініп, шыжыған күннің астында, қайнаған жұмыстың қызығына беріліп, «социалистік жарыстың» көрігін қыздырып, жалауын желбіретіп, даланың шаңын аспанға шығарып жататын едік-ау! Ол аздай, үгіт бригадасы ауыл орталығына барып, кешке концерт қойып келеміз. Алты қанатты төрт киіз үйде тұрдық. Штаб бөлек бір үйде орналасты. Оны «қызыл отау» деп атайтынбыз. Жеке бір киіз үйде дәрігерлік пункт болды. 40 адам емін-еркін сиятын, шиферден асхана салып қойғанбыз. Осының бәрін бір сөзбен «лагерь» деп атайтынбыз. Лагерьден 30 метрдей жерде қалған-құтқан тақтайдан тұрғызылған елу қой сиятын қора болды. Совхоздың жаңадан құрылған кезі. Қойма, ет сақтайтын тоңазытқыш жоқ. Осыны ескеріп, совхоз басшылығы отряд командирі орталыққа етке күнде келіп әуре-сарсаңға түспесін деп, «күнде біреуін сойып жеңдер» деп, елу қойды бірақ берді. Осы қойларды бағатын шопан табу қиынға түскен жоқ. Себебі, облыстағы әр отрядта(сол кезде олардың саны 40-тан асатын) бір-екі 14-16 жастағы «қиын» жасөспірім болатын. Дәулеті төмен жанұяда туып-өскен, кішігірім тәртіпсіздік жасап, жасөспірімдер инспекциясына есепке алынған, бірақ бұзыла қоймаған ер баланы жаз кезінде көше ықпалынан аластату үшін, бір жағы тәрбие болсын, екіншіден азынаулақ ақша тапсын деп әрбір отрядқа бір-бірден қосып беретін. Сондай Юра деген жасөспірім бізде де болды. Сол Юра отрядтың бір қора малының «аға шопаны» болып тағайындалды. Алғаш кезде маңыраған қойдан қорқатын еді, кейін үйреніп алып, қол астындағы қойдан союға бермей әлек шығаратын болды. Жалынып-жалпайып әзер көндіретін едік.
Бір-ақ қиындық, ауыз су мәселесі болды. Құдық болғанымен, суы өте ащы еді. Тамаққа, ыдыс-аяқ және кір жууға, жуынуға да жарамсыз. Сондықтан суды тау бөктеріндегі көл-көсір болып ағып жатқан, суы тап-таза кішкентай өзеннен таситынбыз. Ол едәуір жерде болатын. 15 шақырымдай бар-ау шамасы. Атвокөліктің үстіне 200 литрлік бес бөшке тиеп алып, өзенді кешіп, ортасында тұрып, оларды шелекпен толтырамыз. Көпке дейін толмай, әлегіңді шығаратын еді. Су тасу лагерь кезекшілерінің міндеті. Кезекшіліктен көп жігіт ат тонын ала қашатын. Себебі, оларға қой сою, ішек-қарын тазалау, бас-сирақ үйіту, отын жарып, пеш жағу жүктелген, қысқасы аспазшы қыздар Натальяға, Нинаға және Халидаға «құл» болумен бірдей болатын. Бір күні тізім бойынша кезекшілік Марат(бүгінде ол соттың дүрілдеген судьясы) пен маған келді. Екеумізде ауылда өскендіктен қазан-ошақтан хабарымыз бар. Барлық жұмысты күн шықпай бітіріп тастап, бөшкелерді автокөлікке тиеп су әкелуге бет алдық. Жазық дала төсінде қос бұрымдай созылған тақыр жолмен сырғытып келеміз. Көзіміз қыр астынан қызара шыққан күн сәулесіне шағылыссада, кеше болған қызық оқиғаларды әңгіме етіп, кезек-кезек іліп алып, көңілдіміз. Кенет автокөлік жүргізуші Виктор «қараңдар, қасқыр,қасқыр»-деп айқайлап жіберді. Дауысының қатты шыққаны сонша бізге қасқыр кабинаға кіріп келе жатқандай болып көрінді де айтарлықтай шошып қалдық. Оң жаққа қарасақ, есейіп қалған екі бөлтірігін ертіп алып, бір үлкен қасқыр желе жортып барады екен. Виктор автокөлігін кілт оңға бұрды да, қасқырлардың ізіне түсті. «Виктор, абайла, абайла» деп қоямыз ауық-ауық. Біздің ескертпемізге құлақ салатын Виктор жоқ. Жылдамдықты жүрген сайын үдете түсті. «Виктор, қасқыры құрысын. Шұңқырға түсіп, аударыламыз немесе жардан ұшамыз, кері қайтайық» -дейміз. Қасқырлармен арадағы қашықтық қысқарып келеді. Қашып бара жатып, қасқыр мойнын қайыра бұрып, бізге қарап тістерін ызалана ақситып қояды. Бөлтіріктер алда, үлкен қасқыр солардың соңында. Бір кезде үлкен қасқыр бөлтіріктерді орағытып, олардан құлаш бойы оза алдына түсті де кедір-бұдыры көп, тасты жоталарға қарай екпіндерін еселей қашып келеді. Құмарлықтың құрығына ілінген Виктор «қазір, қазір, бәлем сендерді сілейтемін» деп өзін-өзі қамшылап, басып келеді. Автокөлік үстіне тиелген бөшкелер бір-біріне соғылып, граната жарылғандай тура желкемізде тарсылдап біздің негізгі мақсатымыз қасқыр алу емес, су тасу екенін еске салып келеді. Осыны сезген Марат маған аянышты түрмен қарап «мына бөшкелер айдалада шашылып қалып, іздеп таба алмай, тентіреп кетпесек болғаны» дегені сол еді, автокөлік төмпешекке тап болды-ау деймін, рульге жабысып алған Виктор тырп еткен жоқ, біз екеуміз кабинаның әйнегінің қаттылығын бастарымызбен тексеріп алдық. Бас та аман, әйнек те сау қалды. «Мынаның қулығын қараңдаршы! Қауіпті өзіне төндіріп, бөлтіріктерін ажалдан аман алып қалмақшы!»-деді айқайлап Виктор. Алдымызға үңіле қарасақ, үлкен қасқыр жылдамдығын айтарлықтай тежеп, бөлтіріктерінен бөлініп, жазық далаға қарай жеке-дара қашып барады екен. «Анау төбелерге жеткізбеу керек. Жетсе құтылып кетеді»-деп Виктор автокөлігінің жылдамдығын күрт көбейтті. «Қайдан ғана тап болып еді, қаңғыған қасқырлар» -дедім мен. Менің сөзіме ешкім құлақ салған жоқ. Виктор ізге түскен аңшы болып кеткен, Марат екеуміздің арманымыз осы қуғын аман-есен аяқталып, лагерьге кешіктірмей су жеткізу. Су дер кезінде жеткізілмей түскі ас уақытында дайын болмаса, отряд командирі екеумізді тал түсте дарға асады. Қасқырлардың сорына ЗИЛ-130 маркалы автокөліктің судай жаңа болғанын қайтерсің! Ескілеу болғанда баяғыда шашылып қалатын еді. Кенет есік жақта отырған Марат «ананы қара, ананы қара»-деді дегбірсіздене. Үлкен қасқыр бізді қайтадан қуып жетіп автокөліктің оң жағын орағыта озып, аузын ақсита ашып, айбат көрсетіп бөлтіріктерімен қатарласа, шаршап қалған біреуін итермелеп, автокөліктің алдынан аластатты да, сонымен бірге кешеуілдеп қалып калды. Біз екінші бөлтірікті желкелей қуып келеміз. Енді біраздан кейін қуғын бітетініне көзіміз анық жетті. Себебі, қуғын басталғанда көз ұшында болған төбелерге 200-300 метрдей жақындап қалдық. Бөлтірік құтылады. Осы күнге дейін таң қаламын. Сол қасқырлар неге күрт оңға немесе солға бұрылмай, тура қаша берді екен. Түлкі болса бұлаң қағып, сан соқтырып кетер еді. Виктордың бар мақсаты төбеге жеткізбей, бөлтірікті қағып алмақшы. Бөлтірік шаршады-ау бәлкім немесе төбеге жақындағанына көзі жетті ме екен. Жүгірісін сәл баяулатқаны сол еді «енді сен құтылмайсың»-деді де Виктор ызалана басты газдың педалін. Жарыса, қатарласа бөлтіріктің оң жағына шыға бастады. Рульды күрт солға бұрып жібергенде, безіп келе жатқан бөлтірік алдыңғы сол дөңгелекке бар екпінімен соғылды-ау деймін, шаң бұрқ ете қалды. Үлкен жылдамдықта келе жатқан автокөлік тежеуішке бағынбай біраз жерге дейін тоқтамай сырғып барып тоқтады. Виктор айнаға қарап «ә, бәлем, жұлыныңды үздім ғой деймін»-деді. Айналып келіп, серейіп жатқан бөлтіріктің қасына келсек, жан тапсырып қойыпты. Қанжығасының майланғанына Виктор мәз. Сөніп қалған темекісін қайта тұтатып жатып «мына дала бір қасқырға азайды. Шопандар рахмет айтатын болды»-деді. «Солай-ақ болсын,Виктор, енді қайтайықшы. Біздің су апаратын уақытымыз болып қалды»-дедік Марат екеуміз.
Асыққанда жұмысың өнбейді емес пе. Өліп-талып әзер дегенде бөшкелерді суға толтырып, автокөліктің дөңгелегі жерге тимей жеттік-ау лагерьге. Асхананың алдына келіп тоқтағанда Наталья мен Халида: «сендер немене Семейге барып судың кезегінде тұрдыңдар ма? Тиіп тұрған жерге түске дейін жүрдіңдер. Енді 10 минут кешіккенде бәріміз қолымызға шырақ алып, сендерді іздейін деп отыр едік» -деп бізге дүрсе қоя берді. Дәл сол кезде, сол жерде қасқыр былай тұрсын, динозавр соғып алдық десеңде ешкім саған «жарайсың жігіттер» демейтін еді. Соны сезген біз үндемей құтылдық.
Жұмыс күні бітті. Жуынып-шайынып, кешкі асты ішіп болып, жігіттер өз үйлеріне тарап жатты. Киіз үйдің ішінде құрт-құмырсқа, қоңыз-шаяндар шағып алмасын деген сақтықпен биіктігі 70-75 сантиметрдей ағаш төсек(тапчан) жасап қойғанбыз. Сол төсектің үстінде дауыс көтермей әртүрлі әңгімелер айтып, ашық шаңырақтан жымыңдаған жұлдыздарға қарап жатып, кейбіріміз ұйқыға кетіп жатырмыз. Кенет асхана жақтан қыздардың «ойбайлап» шыңғырған дауыстары шықты. Ояу жатқандарымыз үйден жүгіре шығып, асхана жаққа лап бердік. Ұйықтап қалғандары шошып оянып «не болып қалды, не болып қалды» деп соңымыздан ілесіп келеді. Асхананың ішінде аспалы төрт керосин шам жанып тұратын. Асханаға жапа-тармағай кіріп бардық. Тамақ ішетін үстөлдің үстінде көздері шарасынан шығып кетердей болып төрт қой тұр. Орындарынан қозғалмайды, үстөлге қағып қойғандай. Асхананың ас дайындайтын бөлігінде бір-бір табақ ұстап, үрейленіп үш қызымыз тұр. Далаға шықтық. Отряд қарамағындағы автокөліктердің шамдарын жағып, көзге түртсе көргісіз түн шымылдығын тілгілеп лагердің жан-жағын тексере бастадық. Быт-шыт болып, қарауытып тұрған қой қораға көзіміз түсті. Қасына барсақ, қораның орнында екі қой жарылып жатыр. Қасқыр шапқаны айтпаса да түсінікті болды. Тынымсыз Виктор отряд командирін қасына отырғызып алып, лагерді айнала қоршаған сай-саланы аралап кетті. Асханаға кірсек, қойлар сол орнында тырп етпей тұр. Сүйегі ірі, батыр денелі Қазыбек бір қойды көтеріп алып, түсірмекші болды «ой-ой-ой! Мынаның жүрегінің соғысын қараңдар!»-деді. Қолымды тигізгенім сол еді, тулай соққан жүрекке, қорқыныштың дірілі қосылып, қалшылдап тұр екен, жануар! Ары-бері іздеп, қойларды таппадық түн ішінде. «Таңертең табылар» деп қойдық. Киіз үйге кірсек, ойға кіріп-шықпайтын көріністің куәсы болдық. Ағаш төсектің астында ентіге демалып қойлар тұр. Қалған үш үйде де осы көрініс. Оларды атсаңда далаға шықпайтынына көзіміз жеткен. Жарты сағаттан кейін Виктор мен командир келді. Виктор Маратты және мені автокөлігінің қасына шақырып алып, бізге сыбырлап «анау терең сайда бағанағы екі қасқыр бір тоқтыны жұлмалап жеп жатыр екен. Жақындауға тастар кедергі болды. Көзімізді бақырайтып қойып, тоқтыны жеп болып, тайып тұрды. Бізден оңдырмай өшін алды» -деді жеңілгенін мойындағандай.
Таңертеңге дейін қойлармен бірге киіз үйде түнеп шықтық. Төрт түлік малдың арасында өскен халықпыз ғой. Мен сол түні «малым арымның садағасы» деп «аттың жалында, түйенің қомында» Алтайдан Атырауға дейін мал соңында көшіп-қонып өткен көшпенді ата-бабалардың ұрпағы екеніме көзім жетті. Себебі, сол түні отрядтағы бар қазақ баласы, жаугершілік заманда білектің күшімен, найзаның ұшымен қорғап қалған Сарыарқаның төрінде қайталанбас, маужыраған рахат ұйқының жылы құшағында болыппыз.
…Жұмыс бітуге жақындап қалған. «Жігіттер! Ана қызықты қараңдар»-деді Ғалым, лагерь жақты қолымен көрсетіп. Бәріміз бұрылып қарадық. Өрістен қайтқан қойлар төрт топқа бөлініп, төрт киіз үйге кіріп барады екен. Өшіккен қасқырдың қайта шауып, қырып кетуінің әбден мүмкін екенін қойлар қалай білді екен? Біз таң қалдық.
Әңгіме де бітті, біз де Керекуге жеттік.
Әли- Хан Омарбеков,
отставкадағы полковник.