2007 жылы ҚР Жазушылар Одағының мүшесі атанғанбыз.
Мүше екенімді айғақтайтын куәлігімді алар кезде хатшы қыздар “әдеби псевдонимі” деген жерге не деп жазамыз деп сұраған еді.
Бір жағынан көп ойланып тұратын уақыт болмағандықтан, екіншіден, бөрілі байрақ ұстаған баһадүр бабалардың ұрпағы болғандығымнан әдеби псевдонимі деген жерге “Көксерек” деп жаза салыңдар дедім.
Содан бері “Көксерекпіз”. Оны шынымды айтсам, мүлде ұмытып кетіппін.
Айтып айтпай, не керек, сол куәлік берекелі болды, негізі. Басқасы басқа, талай МАИ қызметкерінен аман-есен құтылған болатынбыз.
Кеше сондай бір «себепсіз тоқтату операциясының» құрбаны болдық. Ала таяқ шошаң етті, тежегішті бастық. Күңкілдеп түстік.
Өмірі құжаттарым дұрыс болмайтындықтан (сенімхаттың уақыты өтіп кете береді ылғи) МАИ қызметкерінен бет моншағым үзіле «қатты ұялып», жол падишасына жақындадым.
Аман-саулық сұрастық. Қақса қаныңды, соқса сөліңді алатын ағай екені қызара бөртіп тұрған, майлы бетінен аңғарыла қалды.
Аман қалу керек, кәнігі әдісіме басуға тура келді де, әлгі куәлігімді айқара ашып, көзіне тостым.
Өзі қазақшаға шорқақ сабаз екен: «Что это» деп ербең ете қалды. Мен кердең ете қалдым.
«Как что? Читать не умеешь, написано же ведь! Писатель я!» – дедім. Писатель деген сөзімнен әлгі ала таяқты әп-сәтте кішірейіп қалғандай көрінді ме, өзім батылдана бастағандаймын.
МАИ бауырым: «Кәне, кәне, мхм, Союз писателей Казахстана, Акберен Елгезек, Коксерек» деп оқи бастады.
Кенет басын куәлігімнен жұлып алды да: «Брат, а что, «Коксеректі» сен жаздың ба, не?» – демесі бар ма!!!
Ой, рахат-ай! Құдайым берді деген осы ғой, достарым-ау!
«Енді мен жазбағанда кім жазады! Киносын көріп пе едің?» -дедім күлкіден жарыла жаздап.
«Көрдім, жынды фильм ғой, әлгі қасқыр мен пацан туралы ғой, иә? Дерзкий фильм!» – деді.
Мен «иә, иә» – деп қоям. Өзім күлімеу үшін бетім мен жағымның барлық бұлшық еттерін іске қосып жатырмын.
«Ой, брат, жолың болсын! Маладес!» – деді де, құжаттарымды ашпай-ақ қолыма ұстата салды.
Уфффф!
Қысқасы, кеше Мұхтар Әуезов болып шыға келдік. Енді қайтесің!…
Ақберен Елгезектің ФБ парақшасынан