Бастық болған жылдары аптасына екі-үш рет кезекшілікке түсетін жеке құрамның сап түзеуін(орысша развод дейді) міндетті түрде өзім өткізетінмін. Ондағы мақсат: біріншіден, ең бастысы жеке құраммен байланысың үзілмейді, екіншіден, қызметкерлердің көзіне тіке қарайсың. Сонда кімнің қызметке ынтамен келгені, кімнің «жүрдім-бардым» келе салғаны, көңіл-күйі, кір көйлек іле салып, қыры сынып, сиыр шайнағандай шалбарды киіп алып, ыңғайсызданып тұрғандары көздерінде жазулы тұрады. Жанары от шашып тұрса «құдайдың жарылқағаны», от шашпаса «қарныңның ашқаны».
Сап түзеуді өткізіп, кабинетке келіп, кезекшілік қабылдаудың қорытындысын күтіп отырмын. Көз алдымнан бір түсініксіз сурет көлбеңдеп кетпей қойды. Оны сап алдында тұрғанда байқадым. Сол сурет сағымданып көз алдыма қайта айланып келе берді. Не екені түсініксіз. Сапта тұрған қызметкерлердің түрінде немесе киім-кешегінде кездейсоқ артықшылық немесе кемістік бар. Ол не? Жауап таба алмаймын. Санаға елес болып кіріп алды да маза бермейді. Кезекшілікті қабылдап алдым да түрменің үлкен ғимаратына кірдім. Бекетте тұрған қызметкерлермен сөйлесіп, қарулы бекетке(вышка) көтерілмей, ондағы автомат асынған қызметкермен жерде тұрып тілдесіп, ешбір оғаш нәрсе көрмей қайтым келемін. Бірақ, сол көрініс тынышымды алып барады. Үйге қайттым. Ескі көпірдің ортасына жеткенде, жүргізушім Адайға «кері бұрыл!»-дедім. Адай сөзге келген жоқ, темір тұлпарын көпір үстінде шыр айналдырып бұрды. Түрмеге қарай қайта келеміз. Адай менен бұрын ішке кіріп кетіп, есіктерді ашып тұр екен. Ә дегенше ғимаратқа кіріп бардым. «Кетуімнен қайтуымның жедел болғанына» қызметкерлер сенер-сенбесін білмей тұр. Бәрімен тағыда сөйлестім, кілтті алып, қарулы бекетті ашып, ішіне көтерілдім. Көзге артық ешнәрсе түспеді. Қызметкерлердің бәрі «бастыққа не болған?» дегендей маған қарап-қарап қояды. Көмескілеу тар дәлізге бұрылдым. Алдымнан бақылаушы Болат шықты. Қақшиып тік тұра қалды. «Өте бер» – деп, көзімнің қырымен Болатқа қарадымда, дәлізге екі қадамдай кіргенім сол еді, мен кілт тоқтадым. «Міне жұмбақтың шешуі! Бар бәле осы Болатта!». Жап-жарық кең дәлізде талтаңдап кетіп бара жатқан Болатқа «тоқта!»-дедім. Даусым қатты шықты-ау деймін, Болат селк ете қалды. Жақындап келе жатырмын. Болат сол құлағына сырға тағып алыпты! Бәлкім, бүгін таққан-ау. Сырға таққан құлақтың тесігі қып-қызыл болып, қанталап тұр. Иә, кәдімгі қыз-келіншектердің сырғасы! Ашуым бұрқ ете қалды. Жұдырық тисе жалп ете қалатынын жақсы білетін Болат, кейін қарай шегіне бастады.
- Мынау не?
- Сырға.
- Есің дұрыс па? Жоқ әлде қатын болып қалдың ба?
- Онда тұрған не бар, аға?
«Онда тұрған не бар, аға?»-деген жауабы жаныма батқаны сонша, көзге ілеспейтін жылдамдықпен Болаттың иығындағы погондарын жұлып алып, қолына ұстаттымда, арызын жаздырып, жұмыстан шығарып жібердім.
Ол оқиға естен шығып кетті.
2000 жылдың шілде айында әріптесім(мені қайнаға дейтін, себебі келіншегі Әсия Түлкібастың қызы), колония бастығы полковник Мирболат Малабаев телефон шалды.
- Әлеке, облыстық аурухананың бас дәрігерімен келісіп қойдым. Екі кісілік «люкс» палата босатып қойды. Бір аптадай тексеріліп, укол қабылдап, жатып шығайық.
- Ауырмай-сырқамай қалай жатамыз?
- Ауру мен сырқаттың алдын алу керек. Оны орысша «профилактика» дейді. Көп сөзді қойыңыз, таңертең сағат онда ауруханада жолығайық. Мен де сап-саумын.
- Жұмысты қайтеміз?
- Түрме сізге денсаулық болмайды. Скорее всего, күні-түні шапқылай берсең түбіңе жетеді.
- Келістім.
Жатқанымызға үш-төрт күндей болған. Палатаға мен танымайтын бір кісі кіріп, Мирболатпен жылы амандасты. Қаланың тұрғынына ұқсамайды. Амандық-саулық сұрастық. Пакетке салып, айран, қымыз әкеліпті. Мирболат басқаратын колонияда баласы мен қызы жұмыс істейді екен. Мирболаттың ұялы телефонына қоңырау келіп, түрлі кедергілермен дұрыстап сөйлесе алмай, далаға шығып кетті. Палатада ақсақал екеуіміз қалдық.
- Сіз СИЗО-ның бастығысыз ғой деймін?
- Иә.
- Фамилияңыз Омарбеков емес пе?
- Иә.
- Сіздің осында екеніңізді білмегінімді қарашы, әттеген-ай.
- Осында келетінімді өзім де білген жоқпын.
- Неге сұрадыңыз?
- Мынау айран-пайранды көбірек әкелетін едім.
- Мирболат жомарт жігіт қой, бөлісе жатар.
- Сізге жолығайын деп жүр едім.
- Айта беріңіз.
- Сізде бір балам қызмет істеп еді.
- Қазір істемей ме?
- Жоқ.
- Неге?
- Сіз қуып жіберіпсіз.
- Бір нәрсені бүлдірген ғой, тегі.
- Жұмыста төбелесіп қалыпты.
- Мен бастық болғалы, төбелескені үшін, ешкімді жұмыстан шығарған емеспін, ақсақал.
- Бізге солай деп келді.
- Балаңыздың аты кім?
- Болат.
- Түсінікті.
- Сенің де әкең бар шығар, балам. Қазіргі жағдайы жаныма батып жүр. Біреуге жалданып, тоғайдағы өртенген ағаштарды кеседі. Әбден жүдеп бітті. Уақтылы тамақ, «нормалный» демалыс жоқ. Үйге аптасына бір-ақ рет келеді. Негр болып бітіпті. Кенже балам еді. Сенің де балаң бар шығар. Болатты қайтып алсайшы жұмысқа. «Ер мойнында қыл арқан шірімес»-деген, шырағым.
- Ақсақал, мен дүйсенбі күні ауруханадан шығамын. Сәрсенбі күні он екіде балаңыз екеуіңіз келіңіз.
- Рахмет, балам. Тәңір тілеуіңді берсін.
- Асықпаңыз, ақсақал.
Он екіде келді. Кабинетке бірінші болып, ақсақал кірді. Итеріп кіргізгендей болып Болат та кірді. «Ұрының арты қуыстың»-дәл өзі. Болатпен өте суық амандастым.
- Кел деген уақытыңда, келдік айналайын.
- Ақсақал, менің бір шартым бар. Мына Болаттың не себеппен жұмыстан шығып қалғанын өз аузынан есітіңіз. Сонан соң төрелігін өзіңіз айтарсыз.
Болат, әрине, жағдайы осылай болар деп күткен жоқ. Дегбірінен адасып, отырған орындықтың үстінде, қозғалысы жиілеп кетті. Болатқа «тұр!» дедім. «Қызметтен қандай себеппен кеткеніңді, дауыстап, түсінікті етіп, айт әкеңе!»-деп мен де орнымнан тұрдым. Болат мұрнының астынан міңгірлеп, бірнәрселерді айтты. Ешкім ештеңе түсінген жоқ. «Дұрыстап, қайтала»-дедім мен даусымды көтеріп. Бұл жолы да оңдырған жоқ, сол міңгірлеу. Әкесінің шыдамы бірінші таусылды.
- Әй, Болат, тілің кесіліп қалған ба? Неге міңгірлей бересің? Айтсайшы былай түсіндіріп!
- Ақсақал, шындықты айтуға бет жоқ қой. Болмаған жағдайды айтып, мені кінәлі етіпті.
Болат борша-борша болып терлеп кетті. Шашының арасынан шыққан тердің тамшылары, самаймен төмен қарап бірін-бірі қуалап сырғып жатыр. «Құлағыма сырға тағып, жұмысқа келдім» -деді Болат әр сөзін бөлек-бөлек айтып.
- Сырға тағып алдым дейді? Қай жеріңе тақтың, күйдіргі?
- Құлағыма.
- Әй, қарабет, туған-туыс естісе масқара болатын болдық қой. Ойбай-ау, баяғыда осылай болды айтпадың ба. Мен мұнда келмес едім ғой. Үйдегі шешеңе не деп барамын енді. Мынаны естісе ол талып қалатын болды ғой.
Ақсақалдың «үйдегі шешеңе не деп барамын» деген сөздері маған өте жылы әсер етті. Күңіреніп, күйзеліп айтты. Мен райымнан қайттым. Болатты жұмысқа алдым. Қатарға қайта қосылып, қызметін ел қатарлы атқарып кетті.
Әли-Хан Омарбеков,
отставкадағы полковник