Мұқым қазақтың сүйікті ұлына айналған ұлы қолбасшы Бауыржан Момышұлының өмірі мен өнегесі – Ұлт тәрбиесіне өзек болар құндылық.
Осы құндылықтың шынайы суреттемесі, ішкі иірімдері «Мен – халқымның Бауыржанымын» атты кітапқа арқау болыпты. Кітап авторы белгілі жазушы Мамытбек Қалдыбай даңқты батырдың жанында жиырма бір жыл серік болып, шәкіртіне айналған қаламгер. Есімі елге рух болған Бауыржан Момышұлының болмысы боямасыз суреттелгендіктен де кітапты оқыған адам әйгілі батыр рухымен сырласып отырғандай әсер алады. Алайда, әр қазақтың қолында жүруі тиіс мұндай туындылардың таралымы жолға қойылмаған уақытта ол кітап көпшіліктің қолына қайдан жете қойсын.
Бір қуанарлығы, осы кітаптың ішінен Бауыржан батырдың ішкі әлемін паш еткен керемет штрихтар әлеуметтік желіде жарияланып тұрды. Фейзбукте алпыстан астам үздік үзінді берілді. Әр үзінді өз алдына оқырманды баурап, батыр бейнесін көз алдыңа алып келеді. Осы үзінділерді түгелдей оқып шыққанда Бауыржан Момышұлының ұлттық ұстанымына, абыздық деңгейіне, ұшқыр ой, өткір тіліне қаныға түсесің.
Дәл осы тұста біздерді батыр Баукеңнің рухымен сырластырып отырған екі адамға ерекше алғыс айтуымыз керек. Олар белгілі жазушылар Мамытбек Қалдыбай мен Әділбек Ыбырайымұлы. Біріншісі батырға шәкірт болған кездерінде көңілге түйген әдемі ойларды қаз-қалпында қағазға түсірсе, екіншісі қалың оқырманға жетпей жатқан осы құнды туындыны көпшілікке жеткізуге мұрындық болып отыр. Қазіргі уақыт тапшы заманда Әділбектің әлеуметтік желіден «жазушы Мамытбек Қалдыбайдың әдебиет әлемі» https://www.facebook.com/groups/1878224975747359/?fref=ts атты парақша ашып, оған кітаптың әр тұсынан кесек көріністер мен ұтқыр ойлардан үзінді жариялап отыруы аз еңбек емес. Бұл оның Батырдың парасатты ойларын насихаттау жолындағы белсенділігі мен сол батырға шәкірт болған өз ұстазына деген құрметтің белгісі болар. Өзгелерге үлгі боларлық әрекет ретінде танысақ та жарасымды. Олай дейтініміз, қазіргі қоғамға, бүгінгі буынға жетпей жатқан қаншама асыл кітаптар бар. Оларды да осындай жолмен насихаттап жатсақ әіркімнің елдік мәселеге қосқан жеке үлесі болар еді.
Бүгінгі таңда «Мәңгілік елге айналуымыз керек» дегенді жиі айтамыз. Ол үшін алдымен мәңгілік қағидаларды санаға сіңіруіміз керек. Керек қағиданың барлығы өлмейтін сөз, тозбайтын ой қалдырған тұлғаларымыздың еңбектерінде тұнып тұр! Тек, соларды қоғам санасына сіңіре алып жатырмыз ба?.. Міне, бір өзі бір халықтың рухани қазынасына айналған ерен тұлғаның бірі – Бауыржан Момышұлы! Ал, онымен рухани сырласудың, мәңгілік ойларынан нәр алудың тың жолын, жаңа сипатын ұсынып отырған жандарға қалай риза болмайсың!
Төменде Әділбек Ыбырайымұлының белсенділігімен Фейзбукте «Мен – халықымның Бауыржанымын» атты кітаптан жарияланған үзінділерді оқып шыққан адам біздің пікірімізді толық құптайды деп санаймыз.
«Жерұйық» редакциясы
ЖАРАМСАҚТАР
– Көңіліңе келсін, келмесін, сенің ақын-жазушыларың ішінде ақымақтар көп! – деді қатты дауыстап, ызалана сөйлеп. – Аш қасқырша анталап, ойлағаны – олжа, атақ. Қайтсем жағынам деп басшыларды жөнсіз мақтайды. Мұным ел-жұрттан ұят-ау демейді. Ертең ол басшылар өлсе, не ауырып қызметінен босап қалса, бірінші боп жамандайтын да тағы солар. Бұдан өткен лас, бұдан өткен жиркенішті іс бола қояр ма екен?
Жарамсақтар – жеңіл ойлылар. Соның салдарынан олар абыройдан айырылып отыр, алда да айырыла бермек. Мен олардың тұштаңдап кіріспейтін жерге кірісетінен де қауіптенем…
АЛЛАНЫҢ АҚ ЖОЛЫ
– Әділдікті қолдаушылар көбінесе жеңіліс тауып жатады. Мұның сырын қалай түсіндіресіз?
– Ұлы өкінішке қарай әділдікті қолдаушылардың қолында тек арманнан басқа ештеңе жоқ. Сондықтан олардың жолы бола бермейді, күнін бұлт жиі шалады. Бәрі бір бұқара жақсылықтан үмітін үзбейді, жеңіске жетемін деп талпынып, Алланың ақ жолынан айнымайды.
ҚАЗАҚҚА ОРЫНСЫЗ ТАҒЫЛҒАН ЕКІ КІНӘ
– Кейбіреулер қазақ жалқау дейді. Бұған сіз қандай
көзқарастасыз?
– Бұл түбірімен қате пікір. Қазақ ешуақытта жалқау болып
көрген емес. Оны жалқау дейтіндер ақылды надандар емес, ақылсыз надандар!
Қазаққа – көшпенді, жалқау деп орынсыз тағылған екі кінә бар. Екеуі де – оттауизм. Қазақ ешуақытта көшпенді болған емес, қазақ – отырықшы. Ол сығандар секілді бір елден екінші елге көшіп жүрген жоқ қой. Өз жерінде малдың ыңғайына қарай жаз жайлауына, қыс қыстауына қоныс аударғанды сендер көшпенді деп оттап жүрсіңдер. Бұл тарих кешірмейтін қателік. Екінші, қазақ жалқау болса, мал баға ма? Мал – оның өмір сүрудегі ең негізгі көзі. Ол ғасырлар бойы өзін ғана емес, көрші елдердің халқын да етпен қамтамасыз етіп келді. Малды өсіру, егін салу, балықты аулау жалқаудың қолынан келе ме? Оны оңай деп кім айта алады? Малдың бабын табу, жаздық, күздік жайлауын, қыстауын таңдау, қай жерге қалай жаю, жейтін шөбін анықтау, ауырған малды емдеп жазу, айсыз, қараңғы түнде жұлдыздарға қарап сапар шегу, қыран құс, тұлпар баптау, ауа райын болжау, сырқатты емдеу, көкпар тарту, бәйге, күрес, асық, ақсүйек тағы басқа ойындарды ойлап табу дегенің білген адамға жатқан ғылым. Оны игеру үшін ақыл, тәжірибе, өте еңбекқор жандардың толассыз ізденісі керек.
Қазақ көшпенді, жалқау деп халқымыздың өмір сүру кәсібінен хабары жоқ, жеңіл ойлы ақымақ, немесе ұрпағымыздың жігерін жасыту үшін қаскөй арамзаның айта салған сандырағы. Соны желөкпе, тайыз немелер іліп әкетіп, әлі күнге жалаулатып жүр. Әділетін айтшы, ғасырлар бойы қазақты кім асырады, жаудан, даудан кім қорғады? Білмесең біліп қой, ол өзін өзі асырады, өзін өзі қорғады. Бұл жалқаудың қолынан келе ме? Ең құрығанда бір сәт байсалдылық танытып, ойлансаңдар қайтеді?
Бұрын бүгінгідей газ, электр қуаты, мұнай, көмір болған емес. Алты ай қыстан қысылмай шығу үшін төрт түлік малға қора-жай, шөп, отбасына отын дайындаған, малдың қиынан тезек жасауды ойлап тапқан, төрт түліктің сүтінен айран, шұбат, қымыз, қаймақ, сары май, құрт, ірімшік, жент әзірлеген. Мұның бәрі асыл тағамдар. Біздің бабаларымыздың ірі, ақылды, алғыр, тапқыр, табанды, батыл, денсаулықтарының мықты болуының бір себебі осы ішіп-жеген тағамына да байланысты.
Өзің таразылашы, қазақ жалқау болса, осыншама жердің иесі атанар ма еді, осыншама данышпандарды тәрбиелеп, өсірер ме еді? Бүкіл түркі елінің қара шаңырағы бола алар ма еді? Мұны айтқанда басқаларға мақтанғандай көрінуім мүмкін. Сен, қарағым, дұрыс түсін, мұны мен мақтану үшін емес, қазақтың сан алуан қасиетіне көзім жеткеннен кейін айтып отырмын. Бір ғана мысал, Мұхаммед пайғамбарымыздың елінде жоқ қасиет қазақта бар. Ол жақта емшек ембеді деп ағасының ұлы інісінің қызына үйлене береді. Қазақ екі жастың жеті атаға жетпей тұрмыс құруына қатаң тиым салған. Тиым салуға ақыл-парасат, еңбек керек пе?
– Керек.
– Ақыл-парасат – еңбек еткен адамда ғана болады, жалқауда – ақыл-парасат болмайды. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
– Сендер сегіз сағат жұмыс істейсіңдер. Айлықтарың ішетін тамағыңа, киетін киіміңе, қыдырғандарыңа жетеді. Сендерге мал бағудың да, егін егудің де керегі жоқ. Сүтті де, етті де, майды да, бәрін магазиннен сатып аласыңдар. Газет-журнал, кітап оқып, рухани баисыңдар. Бәлкім жалқау деп сен сияқты сегіз сағат жұмыс істеп, шөп басын сындырмайтындарды айтатын шығар?
Рас, ауылдағы қайсыбір қазақ мал бағып, егін екпейді, шөп шаппайды. Ол әкесіне, ағасына, не туысқандарына сеніп, солардың көмегіне сүйеніп күн өткізгеніне мәз. Ондай бірен-саран факті арқылы бүкіл қазақты жалқау деуге бола ма?
Кез келген адамды ақылды да, ақымақ та ететін – жағдай.
Тағы сұрағың бар ма?
– Бар. Бұрынғы қазақ неге адал, әділ болған?
– Сен бала-шағаңды қалай тәрбиелейсің? Оларға не көргенділік
көрсетесің? «Қарақтарым, ұрлық жасама, кісі ақысын жеме, орынсыз біреудің көңіліне тиме, жамандыққа барма, тұлабойыңа ластықты дарытпа, біреудің бірнәрсесін тартып алма, абыройыңды сақта, ұрлап бай болғаннан ақ, адал еңбегіңмен кедей болғаның артық» – деп тәрбиелейсің бе?
– Иә, солай тәрбиелеймін.
– Ол үшін кез келген ата-ана адал болу керек. Онсыз күткен нәтижеге жету қиын. Туыс халықтардың әдет-ғұрпы біздің әдет-ғұрпымыздан айнымайтынына қарағанда қазақ жақсы тәрбиеші болған тәрізді.
Кез келген халық жақсылыққа құштар, бірақ біздің халық жақсылыққа ерекше құштар. Оның бір дәлелі – қулыққа, сұмдыққа бармаған. Қазақтың өмірінде ұрпақты ізгілікке тәрбиелеу ісі басты мақсат саналған. Тіпті ХІХ ғасырдағы қазақ халқының адал қасиеті қазіргі сіз бен бізде жоқтың қасы дерліктей. Қайсыбіріміз, жасыратыны жоқ, адал жанды:
– Өй, мынау өмірге түсінбейтін ақымақ қой, – деп күстаналайды. Халқымыз қасиеті ыдырай бастаған кезде: «Заманына қарай амалы, тауына қарай түлкісі» деген мақал ойлап тапты. Мен бұл мақалды көп зерттедім. Қулық-сұмдықты заманыңа қарай қолдан дегені дұрыс па, бұрыс па деп таразыладым. Бүгінгі таңда сен айтып отырған аңғал, адал, ақкөңіл, жамандықтан аулақ адамның жолы бола ма?
– Болмайды.
– Дұрыс.
ҰСТАЗДАРЫМНАН БАС ТАРТА АЛМАЙМЫН
– Менің бірінші мектебім – медресе.
Әкем Момыш молда. Ол кісі әдебиетші, тарихшы болған. Әкемнен кем әсер етпеген Әлекең (Әлихан Бөкейханов), Мұстафа Шоқай, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуқасов, Ахаң (Ахмет Байтұрсынов), Жақаң (Міржақып Дулатов), Мақаң (Мағжан Жұмабаев), Жүсекең (Жүсіпбек Аймауытов), тағы басқалары.
Бұл кісілерді өзіме ұстаз санаймын. Айтатын жеріңе барып айта бер, мен қорқып, ұстаздарымнан бас тарта алмаймын!
Бақытыма қарай менің екінші мектебім – Совет одағының әр түкпірінде өткізген әскери өмір.
Ұзақ жыл Орта Азия мен Қиыр шығысты, Сібірді мекендедім. Ол жақта қазақтар жоқ, керісінше әр халықтың өкілдерімен жолдас болдым.
Үшінші мектебім – соғыс.
Соғысқа қатысқанда командир боп жүрдім. Отыз үшімде дивизия командирі болдым. Соғыс біткенде дивизиямда он екі мың адам қалыпты. Сонда он екі қазақты зордан таптым.
Ленинград Финанс академиясында оқығанымды өзің білесің. Сонда қазақтан жалғыз мен екем. Әскери академияны бітірдім, бес жыл әскери академияда сабақ бердім. Сонда бір жарым қазақ кездесе ме, кездеспей ме? Айту қиын. Я учился, служил, воевал, учил людей вполне интернациональных условиях. Жылында екі-үш күн демалыста кездескенім болмаса, қазақтармен қарым-қатынасым болған емес.
Төртінші мектебім – әкемнің, алаш көсемдерінің тәрбиесі арқылы мен Шығыс және қазақ әдебиетіне құмарттым. Сыртта жүрсем де елмен байланысымды үзгем жоқ. Орыс, батыс әдебиетіне қызықтым.
Мен офицермін, филология факультетінде оқығаным жоқ. Оқымасам да жоғарыдағы төрт мектебім өзінше сырға да, нұрға да толы мектеп.
ҚҰДАЙДАН ҚОРЫҚПАЙТЫН АДАМ
– Қорқынышты қалай жеңуге болады?
– Оны жеңетін бір-ақ жол бар. Неден қорқып тұрғаныңды біліп, сезіміңді тізгіндеуге қабілетің жете ме? Жетсе, жеңіс сен жағыңда, жетпесе, қорқыныш сені аяусыз жаншып, өміріңнің тас-талқанын шығарады, не өміріңді біржола қысқартады.
Қорқыныштың пайда болу себебін түсінген адам ғана оны жеңе алады. Маған ерте кезде біреулер: «Құдайдан қорқасың ба?» деп сұрақ қойғанда, мен:
– Ешуақытта да Құдайдан қорқып көрген жоқпын, – деп жауап бергем.
– Ойпырма-ай, Алла-ай, бұлай дегенің тіпті масқара ғой. Бабаларымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген емес пе? Біз сені дұрыс түсінбей жүр екенбіз, – деп шошып кеткен.
– Сіздер Құдайдан қорқасыздар ма? – дедім.
– Қорқамыз.
– Дұрыс. Себебі, сіздер Алланың ақ жолымен жүрмеген адамсыздар.
Ал мен Алланың ақ жолымен жүріп келем. Алланың ақ жолы ешкімге зиян жасамайтын жол. Мен ешкімге, ешнәрсеге зиян жасамасам, Құдайдан неге қорқам? Сіздер қорқыңыздар. Өйткені, айтқандарыңыз өтірік, істейтіндеріңіз ұрлық, біреуді өсектейсіздер, күндейсіздер. Дүние үшін жасамайтын нәрсені жасап, екі досты айырасыздар, ағайын-туысқанның, жора-жолдастың ортасына от саласыздар.
Біле білсеңіздер, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дегеннің екі мағынасы бар. Біріншісі, Алланың ақ жолымен жүрмегендер кез келген адамды қаралап, кез келген қылмысқа бара береді. Ондайлардан қорқу, сақтану керек. Екінші мағынасы, «Алланың ақ жолымен жүрген адамнан қорық» деген мағына. Өйткені, ол бір күні болмаса, бір күні сенің қылмысыңды ашып, абыройыңды айрандай төгуі мүмкін.
– Біз түсінбей жүр екенбіз, енді түсіндік, – деп қарсы пікір білдіргендер менің жауабыма қанағаттанған сыңай танытты.
КІРІПТАРЛЫҚ
– Біреуге кіріптар болып көрдіңіз бе?
– Біреуге кіріптар болу бұ дүниенің тозағы. Ол молдалар айтатын о
дүниенің тозағынан да жаман.
Мен кіріптар болғам жоқ. Кіріптар болмау үшін ешқандай кіріптарлық іс істемеуің керек.
Сұрағың өте ойлы, бір менің емес, есі дұрыс адам баласының бәрін терең толғанысқа түсіретін сұрақ. Меніңше, арам жолмен жүргендер ғана кіріптар болады. Арам жолмен жүрген адам әруақытта да қорқынышта өмір сүреді, қорқынышы ешуақытта да сейілмейді. Тіпті көршісінің есік қаққанының өзінен оның жан дүниесі үрейленіп тұрады.
«Елі еріксіз болса, ері көріксіз болар» деген қазақтың сөзінде көп мағына бар. Ақымақ басшының қарауындағы адамдар кіріптарлыққа ұшырайды. Өйткені, ол ойын іске асыра алмайды, айтатын сөзін айта алмайды. Айтатын сөзін айтатын болса, қызметінен кетіп, көп зиян шегуі мүмкін. Сондықтан ол қай заманда да сауысқаннан сақ болады.
Сөзімнің басында менде кіріптарлық болған жоқ дедім ғой. Неге деп сұрақ қой.
– Неге?
– Мен мансапқорлыққа, байлыққа, атақ-даңққа қызықпадым. Мендей адамдар ешуақытта ешкімге кіріптар болмайды. Айтатынын айтады, істейтінін істейді. Олардың айтатыны «менің ойым, ісім – бәрі дұрыс. Дұрыс емес десең, дәлелде. Онда мен ақылмен саған кіріптар болып, ғафулық өтінуім мүмкін. Онсыз кесіп алатындарыңды кесіп алыңдар» деген бір-ақ сөз.
– Кіріптар болу – қорлықтың қорлығы дейсіз ғой?
– Әлбетте. Ол азаптың азабы.
МАҚАЛДЫҢ МӘНІ
– Сіз өткен жолы мен Құдайға да кіраптар емеспін деген едіңіз.
Мұныңыз асылық емес пе?
– Асылық емес, асылық десең, еркің. Үлкен бір бас қосуда мен
Құдайдан да қорықпаймын дегем.
– Ойбай, бұлай деуге бола ма екен? – деп молда шошып кетті.
Құдайдың алдында кінәлі болмасам, мен неге Құдайдан қорқам? Қорықса, арамзалар қорықсын!
Біздің кейбір мақалымызда тереңдік аз. Мысалы, сен «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген мақалды естіп пе едің?
– Естігем.
– Сен есітіп: «Астапыралла, дұрыс екен» – дедің бе?
– Ол жөнінде ойланып көрмеппін.
– Мен оны ешуақытта дұрыс деген емеспін. Біріншіден, ешқандай
кінәсі жоқ, істеген ісі – ақ, қоршаған ортасына, айналасындағы жаратылысқа зияны тимеген адамдар Құдайдан неге қорқуға тиіс? Екіншіден, қолында билігі бар арамзалар ел бірлігінің, ел берекесінің тас-талқанын шығарып жүр. Біреуді өлтіреді, біреуді алдайды, арбайды, орынсыз соттайды, пара алады, т. б. Оларды Құдай неге жазаламайды? Ол арамзаларға оның әлі келмейді ме?
Зұлымдар әділетті, адал адамнан неге қорқады? Оның айналасына неге топтаса түспейді? Арамзалардың Алланың ақ жолымен жүрген адамнан қорқатын себебі, пиғылы арам. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген, Құдайды есіңе ал деген де мағына береді
– Ойпырма-ай, мынаның жүріс-тұрысы, сөз сөйлесі – бәрі Алланың ақ жолымен жүріп келе жатқан адамның жүріс-тұрысы, сөз сөйлесі. Осы бәле абыройымызды айрандай төгіп, тас-талқанымызды шығармаса,
дүйім жұрттың алдында бізді хас масқара қылмаса жарар еді, – деп арамзалар аяғынан шалып, оны тентіретуге, не біржола көзін жоюға асығады.
Осындай жағдайды көрген, білген біреу сөздің мағынасына мән бермей «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деп айта салуы, «апырма-ай, мынау бұрынды-соңды естілмеген сөз екен» деп желөкпелер жұртқа жайып жіберуі мүмкін. Менің ойымша, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген мақал: «Аппақ ақ жолмен келе жатқан мына кісіден қорықсайшы. Өйткені ол сенің абыройыңды айрандай төгіп, халыққа жексұрын етеді ғой» деген мағынада айтылған болу керек…
Бұл мақалдың екінші мағынасы – өмірдің заңдылығына қарама-қарсы іс істеген, яғни, адам өлтіруге болмайтынын біле тұра – адам өлтірген, ұрлық жасауға болмайтынын біле тұра – ұрлық жасаған жауыздан қорық деп, оның іс-әрекетін дәріптеу тәрізді. Ақылың бар жігітсің ғой, бұған сен не айтасың?
– Меніңше, бұл мақал адал адамдардың сағын сындырып, арамзаларға кіріптар ету үшін айтылған мақал тәрізді.
– Дұрыс. Бұл құйтұрқы мақал. Мұны адал адамдарды қорқытып, айтқанын істету үшін арамзалардың өздері ойлап шығаруы да мүмкін. «Құдайдан қорықпағаннан қорық» дейді. Біз Құдайдан қорықпағаннан неге қорқуымыз керек? Не үшін? Онда несіне өмір сүреміз? Арамзалардың мақсаты – халықты қоян жүрек қорқақ ету. Не деген жауыздық?! Халық Құдайдан кейінгі құдырет. Ол ешуақытта қорқақ болмайды, бола алмайды.
Құдайдан қорықпағаннан қорқу емес, қарсы тұрып, күресу керек. Себебі, сені қолдайтын заң бар, халық бар. Мен бұл мақалды «Ей, арамзалар, адал адамнан қорық!» деп өзгертер едім…
ПСИХОЛОГИЯ КЕРЕК
Шағын бөлме. Ортада стол. Түстiкке қараған қабырғадағы жалғыз кiсiлiк төсекте Баукең шалқалай жатыр.
– Е, кел, – деп ол кiсi созған қолымды алып, айбат шеге, сұстана қарады. Өңi жүдеу, саусақтары сидиған, арық, бурыл мұрты өсiңкi. Тек отты жанары баяғы қалпы, тiктеп қарағанында өңмеңiңнен өтердей.
Баукең денсаулығы туралы айта келiп, сөз соңында төмендегi жайды әңгiмеледi.
– Осында бiр профессор дәрiгер әйел бұрнағы күнi:
– Естелiк жазуға кiрiспекпiн. Ақыл-кеңес берiңiз? – дедi.
– Е, жазыңыз, көптi бiлесiз, – деп қуана қоштадым. Талабы дұрыс. Бiрақ мамандардың бiр жаман кемшiлiгi – әдебиет теориясынан хабары жоқ. Шығарманы оқуын оқығанмен, талдай алмайды. Қатардағы оқушыдай: «Е, жақсы екен» – деседi. Шығарма композициясы, сюжетi, тiлi қалаймен iсi болмайды. «Е, мына жерi артық, мына жерi әлсiз, мына жерi күштi» дей алмайды.
Мамандық сырын бiлу – әдебиет емес. Мүмкiн ол ғылымға қажет шығар. Әдебиетте маманизм емес, психологизм қажет. Аузын ашып көрсем, өңешi жорықсыз үлкен, не кiшi екен дегеннен гөрi оқырманға оның көзқарасы, жан-дүниесi, қуаныш-ренiшi, яғни образы керек. Бұл жағынан мамандар хабарсыз. Оларға ең қолайлысы – естелiк жазу. Бiрақ естелiк жазу да оңай емес. Жазатынында психология, образ болу керек.
Ана дәрiгер әйел ендi келсе, не телефонмен хабарласса:
– Маманизм ғылымға керек, әдебиетке керек емес. Жазатыныңда ең бастысы психология болу керек, – демекпiн.
ЕКІ ДАНЫШПАН
– Сіз Шыңғыс ханды, Сталинді не үшін жақсы көресіз?
– Әуелі Шыңғыс ханды неге жақсы көретінімді айтайын. Түсініп
тыңда. Түсініп тыңда дейтінім, сұрағың аса күрделі сұрақ. Шыңғыс хан жанына кілең философтарды жинап алып, мәселелердің бәрін солармен ақылдасып шешкен. Мұны мен Қазан қаласында ХУІІ ғасырда жарық көрген көне кітаптан оқығанмын.
Шыңғыс хан 52 жасында қаһан атанады. Бірде: «Қаһан, мен сізге бір сауал қойсам, басымды алмайсыз ба?» – дейді қытайлық философ.
– Алмаймын.
– Осы сіз бір елге барып соғысасыз. Өз сарбаздарыңыз да, жаудың
сарбаздары да өледі. Халқын қырасыз.
– Жоқ, – дейді Шыңғыс хан оның сөзін бөліп. – Мен халықты қырмаймын. Қарсы келмеген адамның ешуақытта маңдайынан шертіп көрген емеспін. Егер ол бағынбаса, оны өлтіру керек. онсыз ол менің сарбаздарымды өлтіреді, мені өлтіреді.
Қытайлық философ:
– Өстіп қан төгіп жүргеніңізше бір аймақты алып, қатын, бала-шағаңызды бағып, жайбарақат өмір сүрмейсіз бе? – дегенде, Шыңғыс хан қылышына қолын созып барып, іле қайта тартып алып:
– Егер мен айтқан сөзімде тұрмасам, кейінгілер уәдесінде қалай тұрады? – дейді сабасына түсіп. – Жарайды, сұрағыңа жауап берейін. Мен өзімді әріп танымайтын ақылсыздар санатынанмын деп ойлайтын едім. Ақыл әріп танығанға, танымағанға қарамайды екен. Сіз ақымақ адам болып шықтыңыз.
– Неге олай дейсіз?
– Бес ешкі, оншақты қой, бес-алты жылқы отбасыммен өмір сүруіме
толық жетеді. Менің арманымды сен түсінбейді екенсің. Менің арманым – бүгінгі заманда өмір сүріп жатқан адамдардың өмірін ғана емес, өзімнен ең кемі екі ғасыр кейін өмір сүретін адамдарға дұрыс жол көрсетіп кету. Сол үшін дүние жүзінде бір ғана патшалық құрсам деймін. Дүние жүзінде бір патшалық болса, соғыс, адамды адам өлтіру тоқталады. Менің арманым осы, – дейді Шыңғыс хан.
Ленин де:
– Дүние жүзінде социализм орнамай соғыс тоқтамайды, – деді ғой.
Қазір соғыс тоқтады ма?
– Тоқтаған жоқ.
– Енді Сталин туралы ойымды ортаға салайын. Сталин басқыншылық соғыс жүргізген жоқ. Егер ол Гитлерді жеңбегенде, Гитлер дүние жүзінің тас-талқанын шығарар еді.
Социализмнің ата жауы, Англияның премьер министрі, Нобельдік сыйлықтың лауреаты Черчилль өзінің мемуарында: «Сталин тек одақтас елді қорғап қана қойған жоқ, бүкіл дүние жүзі халықтарын Гитлердің қорғасын оғынан қорғады» – деп жазды. Бұдан артық қандай баға болу керек?
– Екі данышпаннан – Шыңғыс хан мен Сталиннен басқа тағы кімдерді жақсы көресіз?
– Мен Ескендірді де, Наполеонды да ұнатпаймын. Байлық, жер үшін
басқыншылық соғыс жүргізгендердің бәрін жек көрем. Оларды ешуақытта та данышпан деп айтпаймын, айта алмаймын. Бір елді жаулап алу деген сөз халықты қойдай қыру деген сөз. Соғыс – қасапхана. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
ӨРНЕК
– Әке намысы, ана намысы дейтiн де сөз болатын. Сонда өзiн өзi жақсы ұстай бiлген ұл-қыздар туралы қазақтар: «Ойпыр-ай, мынау әке көрген, шеше көрген, тектi жердiң баласы екен ғой. Өрнегiнен айналдым» – дейтiн. Қазiр сендердiң қалай дейтiндерiңдi бiлмеймiн. Бiздiң замандағы өрнек деген сөз адамгершiлiгi, үлгi-өнегесi мол деген мағынада айтылатын.
Қазақ әдебиетi тоқырай бастағандай. Мүмкiн жарқ етiп, жұртты жалт қарататындай шығармалар әлi жазылар. Бiрақ менi ондай мүмкiндiкке өзiмiз жол бермей жүрмiз бе деген ой мазалайды…Бүгiнгi әдбеиетiмiзге жаңа өрнек керек. Онсыз болмайды…
ҚАРА ШАҢЫРАҚ
Ауылыма барғанымда мен ырызқұтымды ешкiмнiң мойнына артқан емеспiн. Осы жолы да сөйттiм. Қара шаңырақ дейтiн сөз бар ғой, сол қара шаңырақты Сүлеймен дейтiн кенже ұстап отыр екен. Ол кiсi менен кемiнде алты-жетi жас үлкен.
Баукең ернiн тiстеп, сол жағына аунай қисайды. Әлден кейiн ғана қайта түзелiп отырды.
– Бiздiң үлкен үйiмiз бабамның кенже ұлы Момынқұл мен әкемнiң кенже баласы Майсажан болады. Мен оларға тоқтағам жоқ, қара шаңыраққа тоқтадым.
Базардан мынандай (бас бармағын көрсеттi) құнан қой алдырдым. Қара шаңырақ иесi Сүлеймен шалға:
– Көке, сiз қара шаңырақсыз. Мына қойды сойыңыз, шал мен кемпiрдi шақырыңыз, жастарды шақырмаңыз, – дедiм. Ол қара шаңырақты сыйлағаныма қатты риза болды.
– Қара шаңырақпын, – деп қойды сойып, шал-кемпiрдi шақырды. Ойпырмай, сонда екi адамның менi атарға оғы болмады. Бiреуi – бабамның кенже ұлы Момынқұл көкемнiң кемпiрi – Саракүл, екiншiсi – әкемнiң кенже баласы – Майсажан.
– Қой сатып алып шығынданғаны, онымен тұрмай бiреудiң үйiне түскенi несi? Бабасы Имаш қой. Бiзге неге түспедi?! – деп екеуi де буынып қала жаздады. Оларға қолды бiр-ақ сермедiм. Олар қара шаңырақ емес, отаулар ғой. Рас па, өтiрiк пе?
– Рас.
– Қазақта ата-баба аруағын сыйлайық деген дәстүр бар. Мен сол дәстүрдiң әлдиiмен өскем. Түсiндiң бе?
– Түсiндiм.
СЕНГЕН СЕРКЕМ СЕН БОЛСАҢ…
– Юлий Цезарь Италияны билеген кісі. Кейін оны Рим ақсүйектері өлім жазасына кеседі. Ел қарап тұр. Сонда “өлсін” дегендердің арасында оң қолым деп сеніп жүрген Брут та тұр екен. Ең сенімді адамым деген ол қас боп шыға келіпті. Соны көріп қалған Цезарь тұсынан өтіп бара жатып: “И ты Брут с ними?” депті. Қазақтың “Сенген серкем сен болсаң…” дегенінің кері ғой бұл. Одан басқа сөз айтпастан өлімге басын тосыпты. Цезарьдың сол сөзі бүкіл сатқындықтың сиволына айналған. Мұны естіп пе едің?
– Жоқ.
ЖАЛҒЫЗДЫҚ
Адам баласы жалғыздықты алғаш түсінбейді, кейіннен түсінеді. «Ә, мынау жақыным, досым екен» – дейсің, сенесің. Ал, арамза, қу керегің бар кезде көлгірсіп, көзіңе өтірік күледі. Керегің жоқ кезде қолын бір-ақ сілтейді.
Олардың өзінше саясаты бар. Жақынбыз деп іші-бауырыңа еніп, аяқ-қолыңды тұсайды. Сенің ойыңмен, пікіріңмен, творчествоңмен ісі жоқ. Бар есі-дерті – пайдаланып қалу. Соларды түсінгенде шын мәнінде өзіңді жалғыз сезінесің. «Е, мына иттерге менің керегім жоқ екен, ақшам, беделім керек екен ғой,» – деп пұшайман күйге түсесің. Это очень тяжелый процесс. Мұны, қарағым, өзімнің жеке тәжірибемнен алып айтып отырмын…
ҚҰРМЕТ
Ақжан Машанов араб елдерін аралап, ұстаздардың ұстазы –
Әл-Фараби бабамыздың қабірін тұңғыш тапқан, еңбектерін ширек ғасыр бойы сарыла зерттеген, ғылыми өмірбаянын жазған, яғни Чернышевскийдің: «Адамның қызметі биік идеямен рухтанбаса, жеміссіз де, түкке тұрғысыз» деген сөзін еріксіз еске салар биік идеямен рухтанған кісі. Ақаңа қанша құрмет көрсетсек те жарасады. Түсіндің бе?
– Түсіндім.
АТАЛЫ СӨЗ БЕН ӘЛСІЗДІК
– Тыңдаушы айтушыны сөзінен байқайды ғой. Мынау аталы сөз айтты дейді. Аталы дегенінің астарын түсін. Қазақ неге аталы дейді?! Оның мәнісі бар, балам. «Е, мынаның атасы сөйлей біледі екен ғой, сөзі мағыналы екен ғой. Атасы болмаса, бұл сөзді қайдан алады?» – дейді. Көкейге қонымды сөзді сөз қадірін түсінетін адам ғана айта алады. Сөз қадірін түсіну үшін де тәрбие керек. Ал, біз оған ешқандай көңіл бөлмейміз. Бұл – зиян.
Түсін суытып, даусын қатайта сөйледі.
– Сөзден адамның барлық ата-тегі, қауымы, ойы, қылығы, пікірі, дүниеге көзқарасы, тәрбиесі түгел көрініп тұрады. Мұны сен білмейді деп айтып отырғаным жоқ, шырағым. Мұны кейбіреулерге айтсаң: «Сен білгенде мен неге білмеймін?!» – деп шамданады. Ол адамның әлсіздігі. Ондай әлсіздік, шүкір, өзімізде де бар. Оны мойындау қажет.
Баукең сөйлей отырып, қайта темекі тұтатып тартты.
ҰЛЫЛЫҚ
– Лев Николаевич Толстой граф, байдың баласы, сөйте жүріп, қолына балта ұстап, үй салысқан, егін өсіруге қатысқан, шөп шапқан. Өлгенше өзінің шаруаларымен қатар жүріп, жұмыс істеген. Офицер болып, Қырым соғысына қатысқан. Байлығы асып жатса да подвалда жұмыс істеген. Көп жерлерді аралаған. Аралағанда құрметті қонақ болам, билеп, көңіл көтерем, сұлулармен қыдырам демеген.
Сен Ясная Поляны көріп пе едің?
– Жоқ.
– Көрмесең, көр. Көп нәрсе аласың.
НАҒЫЗ ЖАЗУШЫ
– Жазушы деген сөз үлкен сөз екені рас қой? – деді.
– Рас.
– Халық ұғымында жазушы деген үлкен дәрежелі сөз. Бірақ та оны ит пен құсқа жем қылып, мазаққа айналдырып отырмыз. Мысалы, бүгінгі таңда Қазақстанда 500-ден астам жазушылар одағының мүшесі бар екен. Ал, қарағым, маған соның нағыз жазушы деген сегізінің атын атап берші? Ол үшін ойланғын. Атап бермесең, таяқ жейсің!
Баукең жұдырығын түйіп, орнынан тұрды.
СЕБЕП
– Өзің көріп, біліп жүрсің, қарағым, менің мінезім тік қой, – деді аздап жұмсара сөйлеп. – Көңіліме жақпаған нәрсеме «тәйт!» деп тастауым оп-оңай. Бірде Сәбең – Сәбит Мұқанов алашордашылар деп Ахаңды – Ахмет Байтұрсыновты, Жақаңды – Міржақып Дулатовты, Мақаңды – Мағжан Жұмабаевты, Жүкеңді – Жүсіпбек Аймауытовты жамандады. Сөзін аяқтасын деп төзіп тыңдадым. Болдырып, тоқтаған кезде:
– Сәбе, неге маған оттамағын дейсіз?! – дедім.
– Әй, Бауыржан, мен саған қашан оттамағын дедім, – деді таң қалып, екі көзі шарасынан шыға жаздап.
– Қазір айтып отырсыз.
– Қазір? Қалайынша?
– Сәбе, маған оттамағын дедіңіз ғой. Енді мен сізге оттамағын деймін. Сіз жек көріп, жамандап отырған кісілер менің ұстаздарым. Түсінікті ме?
– Әй, Бауыржан, сен де солай ма едің? – деп Сәбеңнің үні өшті.
Байқауымша, ағаларым маған жолыққанды, оңаша сырласқанды іштей қалайтын. Ол кісілердің менен бойларын аулақ ұстайтындарының, сөйлескенде абайлап сөйлесетіндерінің себебі, ұлтшыл-мұлтшыл деген қоңырауым бар ғой. Ол қоңыраудың даусы Кремльге дейін жетіп тұратын.
Баукең темекі түтінін қайта үрлей түсіп:
– Осы себеп біздің арамызды, яғни мені мен ағаларым арасын Қытай қорғаны секілді бөліп тұрды, – деді ауыр күрсініп.
ТҮҢІЛМЕЙТІН АДАМ
– Өзіңізді өзіңіз қамшылайтын кезіңіз бола ма?
– Мен өмір бойы өзімді өзім қамшылап келе жатқан, кез келген күрмеуі қиын жағдайдың өзінде де келешектен түңілмейтін адаммын. Неғұрлым қиындық қыспаққа алса, соғұрлым соңында жақсылығы болады. Неғұрлым боран, дауыл екілене соқса, соғұрлым күн жылы, мейірімді шуағын төгеді. Бұл – бұлжымайтын өмір заңдылығы. Тек боран, дауыл екпіні ұзаққа созылмауы керек. Айнала-төңіректі қараңғылық түнегі ұзақ тұмшаласа, көп адам қателесуі, қателескенде жаман жолға түсіп, өмірден баз кешуі мүмкін. Мұны ерте түсінген мен қиын жағдайлардың бәрінде, тіпті төрт жарым жыл жаумен алғы шепте соғысқанда да:
– Бұл келешек жақсы күнге алып баратын арпалыстың алғашқы баспалдағы, – деп төзгем.
БАП ПЕН БАҚ
– Қазақта «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген сөз бар. Мұны қалай түсінесіз?
– Менің өз түйсігім бойынша бақ ешкімнің алақанына ұшып кеп қона кететін нәрсе емес.
Қайсыбіреулер өмірі армандамаған биікке кездейсоқ көтерілуі мүмкін. Бұл – бақ емес.
Бұрынғы заманда бап шапты. Қазір, керісінше, сиынған Құдайынан сүйенген құдайы күшті ақымақтардың «бағы» жана бастады. Тұрмыстық молшылықта басқалардан артық тұру үшін ақымақ, ақылды болсаң да екі жағдайға қолың жету керек. Бірінші, сүйенген кісің сиынған Құдайыңнан күшті, екінші, тіпті сол құдайдай боп отырған немені сатып алатын байлығың болу керек. Міне, сонда бап шаппайды «бақ» шабады. Мұны мен бақ деп есептемеймін.
Адамды қызықтыратын өмірдің бір қаралы жолдары бар. Тек қап-қара, ешкімге рахат әкелмейді, байлығы ешкімді қуандырмайды. Керісінше, әркімді дірілдетеді, тітіркендіреді.
– Сонда бап дегеніміз не?
– Бап дегеніміз – еңбек ету, өз қабілетіңмен өмірдің жемісті жолын, тірліктің көзін табу.
Ақылы бар адам әр құбылыс сырын зерттейді, ерінбей еңбек етеді. Жоқты іздеп табады, таба алмаса, ақылы жетпесе, өзгеден ақыл сұрайды. Тәжірибесі жетпесе, тәжірибесі мол адамдардың тәжірибесінен үйренеді. Бап дегеніміз осы.
35 ҰСТАЗ
– Үйде шалқамнан жатып, көзілдірік киіп, естелігімді оқимын. Сөйтсем, Иван атты ұстаздарым баршылық екен. Олар қатардағы жауынгерден бастап маршалға дейін өскен екен. Мысалы, Иван Христофорович Баграмян, Иван Михайлович Чистяков, Иван Васильевич Панфилов, Иван Иванович Иванов, тағы басқалар. Үйде ерігіп жатып есеп қылсам, отыз бес ұстазым Иван екен. –Дауыстай, мәз бола күлді. – Астапыралла-а! Ал қанша шәкіртімнің Иван екенін кім білген?
ШАРШАДЫМ ДЕУ …
– Адам ешуақытта шаршадым деп айтпауы керек деген пікірге қалай қарайсыз?
– Адам қалай шаршадым дейді? Шаршадым десе, өмір сүрмеуі керек. Адам қай уақытта шаршайды? Ол өз қабілеті жетпейтін іспен айналысқанда шаршайды. Мұны қазақ «Болмайтын іске болымсыз жігіт ұмтылады» деп дәл анықтаған. Өйткені, қабілеті жетпейтін іспен айналысу кез келген адамды шаршатады, шаршату аз, ақылынан адастырады.
Шаршадым деген сөздің өзі өмір сүрудің жолынан тайдым, өмір сүрудің заңын, ырғағын білмеймін деген сөз. Әйтпесе, өз билігі, өз қасиеті өзінде, неге шаршайды?
Шаршадым дегеннің айналасында: «О, біз қартайдық қой. Енді анау-мынау шаруаға шамамыз, қабілетіміз жетпейді, шаршаймыз» – деген де ұғым бар. Бұл ақылға қонымды ұғым. Кім де кім өз еркімен бір істі бастап, мен шаршадым десе, ол ешнәрсенің парқын білмейтін қабілетсіз біреу. Сондықтан дені сау кез келген адамның шаршадым деп айтуға хақысы жоқ.
КӨРКЕМ СӨЗ…
Көркем сөйлей алған адам көркем іс істей де алады. Бізде жаттампаз «шешендер» бар. Мен оларды мінбе сөйлемпаздары деймін. Олар мінбеге шығып, газет-журналдардан, кітаптардан жаттап алғандарын та-та-та деп, тап бір өзінікіндей етіп оттайды. Оның сөйлеген сөзінің негізі жоқ екенін жұрт түсініп, мазақтап күліп отырады.
Көп адам осылай сөйлейді. Сөзінің 90 пайызы өз сөзі емес.
СӨЙЛЕУШІЛЕРДІҢ ЕКІ ТҮРІ
Мен көп адамның сөзін естісем де, есімде сақтамаймын. Неге сақтамаймын? Оның мәнсіз, мағынасыз екенін түсінем.
Адамдардың былшылдап сөйлей беретін екі түрі бар. Бірі – бай, екіншісі – жоғары лауазым иесі. Үй толы жұрт ішінде не бір дана, не бір ақылды, парсатты, өмірдің академиктері отыр. Байлығына, мансабына мәз надандар оларды менсінбей аузына келгенін соға береді. Жұрт үндемейді.
Мен оларға көңіл бөлмеймін. «Ой, ақымақтар, оттай беріңдер» деп миығымнан күліп отырам. Олар істің, өмірдің парқын білмейтіндер. Істің, өмірдің парқын білетіндер көпшіліктің ортасында, кез келген жерде жұртқа ұнамайтын, тіршілік дүниесіне сәйкес келмейтін сөзді сөйлемейді.
ЖОЛЫ БОЛМАЙТЫНДАР
– Қанша ұмтылса да көші түзелмейтіндер бар. Мұның сыры неде?
– Меніңше, мұның екі сыры бар. Бірінші сыры – оның қабілеті басшының, қасындағылардың қабілетінен жоғары тұр. Сондықтан оны басшы да, ол еңбек етіп жүрген орта да түсінбейді, түсінсе де мойындамайды. Бәрін өзімшілдік, қызғаншақтық дерті меңдеп алған. Сол себепті оның ешуақытта да жолы болмайды.
ЕҢ ОҢАЙ НӘРСЕ
– Маған баяғыда бір студент: «Сіз кімнен өнеге аласыз?» – деп сұрақ қойғанда, «Мен қорқақтардан, қаңғыбастардан, маскүнемдерден, өмірде қателескен, жолы болмаған жандардан өнеге алам» – деп жауап бергем. Әлгі студент таң қалып:
– Мұныңыз қалай? Өнегені жақсы адамдардан алу керек емес пе? – деді қайта сұрақ беріп.
– Қорқақтар да, қаңғыбастар мен маскүнемдер де дүниеге мен сияқты, сен сияқты пәк күйінде келген. Кейін олар өмірдің қиыншылығымен күресе алмады. Содан тасқа соғылған шөлмекке ұқсап быт-шыты шықты. «Жақсылық ағаш басында, жамандық аяқ астында» деген қазақта аталы сөз бар. Ең оңай нәрсе – жамандық, оған жету үшін көп ойланудың, көп күш жұмсаудың қажеті шамалы. Жаман жолға түсу де оңай. Олар сол оңай жолмен кетті. Мен адаспас үшін олардың қателіктерінен де өнеге алам.
БАЙЛАР
Мысалы, мен миллардтаған доллары барларды байлар демеймін. Оған аузым бармайды. Олар – ұрылар. Ұрлықпен жинаған ақшаларының, дүниелерінің ішінде жүздеген адамның көз жасы, қарғысы, өкініші, мыңдаған бала-шағаның өксігі бар.
Америка ғалымдарының байлар жалған сөйлейді, жиі жағымпазданады дегендері бекер, олар ешқашан жағынбайды. Олар бұйырады.
Шындыққа көз жеткізу үшін әуелі бай деген сөздің мағынасын түсінуіміз керек. Мен әр сөздің мағынасына мән беретін адаммын.
Қазақта «Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы» деген мақал бар. Бай деген жалпы жақсы сөз. Қатындар еркегін байым дейді. Ол – өмірінің, шаңырағының байлығы. Әркімнен тартып, не өлтіріп жинаған дүниесі көп адамдарды қазақ арамтамақтар, алаяқтар, ұрлықшылар, қанішерлер, қаныпезерлер дейді. Олар байлардың қатарына жатпайды. Байлықты зорлық-зомбылықпен жинағандардың айтатын сөзі де, адамдармен қарым-қатынасы да жалған. Олар күні үшін әйелін де, қызын да, тіпті әке-шешесін де құрбандыққа шалып жіберуге дайын. Арамнан дүние жинағандардың бәрі, біріншіден мәңгілік қорқақ, екіншіден, мәңгілік өтірікші, өле өлгенше жағымпаз, өле өлгенше лағнет арқалап жүреді. Бұл менің арамнан жинаған байлық туралы бала кезімнен қалыптасқан түйсігім.
Ерте кезде қазақтың байлары қарауындағы адамдардың қарынын аш, үсті-басын жалаңаш еткен емес. Кедейлерінің ішетін тамағы, киімі жеткілікті, алдарында малы болды. Бала-шағасының бәрін жұмыспен қамтамасыз етті.
Әрине, олардың ішінде де арамдықпен дүние жинағандары кездесті. Қарауындағыларға тамақтан басқа ешнәрсе бермей, киім әпермей, әйтеуір өлмесең болды деп қинаған, қорлаған ақымақтар да ұшырасты. Олар – байлар емес, қарақшылар, халықты қан қақсатушылар.
Ақылды байлар жылағанды жұбатқан, жан-жағындағы адамдарға жағдай жасап, өтірік айтуды да, жағынуды да білмеген. Арамнан жинаған миллионерлер, миллиордерлер өмірмәңгі қорқақтар, өмірмәңгі өтірікшілер және жағымпаздар. Оны мен де, сен де, ол да – бәріміз жақсы білеміз. Өтіріктен, арамнан жиналған дүниенің ешуақытта берекесі болмайды. Оның иесі ешбір адаммен, тіпті өзінің қатын, бала-шағасымен де дұрыс өмір сүре алмайды.
ТАРИХ САБАҒЫ
– Тарихтың сабағынан ғибарат алмаған жан қандай жан?
– Ол ойсыз, мисыз біреу. Тарихтың сабағы – өмірдің ең үлкен академиясы. Егер де адам баласы тарихтың сабағынан үлгі алып өмір сүретін болса, оның қателесуі, бірін-бірі ренжітуі, өлтіруі қазіргіден он есе, жүз есе аз болар еді. Өкініштісі – адам өткеннен сабақ ала бермейді. Мұны мен күнделікті өмір ағысы мысалына қарап айтып отырмын.
1937 жылы елім деген ерлерімізді коммунистік, социалистік жүйеге қарсы шықты деп құртып жіберді. Неге? Олар қара тобырды қорқытып, өз уысында ұстағысы келді. Қанша қорқытқанмен бәрі бір қара тобыр күндердің күнінде халыққа айналады, халыққа айналмай қоймайды. Кез келген нәрсенің пісіп жетілуі үшін ең алдымен оның толғағы болу керек, толғағы пісуі керек.
Қара тобыр ана әділетсіздікке, мына әділетсіздікке төзеді. Ерте ме, кеш пе, мен неге өзімнің еңбегіме, өзімнің қабілет-мүмкіншілігіме сәйкес өмір сүре алмаймын деп ойланады. Содан оның күрескерлік сана-сезімі оянып, халыққа айналған кезде тарихтан сабақ алмағандарды орын орнына қояды.
ҚҰДАЙҒА ҚАРСЫ КҮРЕС
– Кейбіреулердің көргенсіздігіне көңіл бөлме деген пікір дұрыс па?
– Түбірімен қате. Ол Құдайға қарсы күрес, Құдайға қарсы бол
деген үгіт, ешкімге жаны ашымайтын адамның сөзі. Әйтпесе бірге өмір сүріп жүргендердің кемшілігіне қалай ғана мән бермейсің? Олардың кемшілігі көп болса, сен қалай жақсы адам боласың? Бала-шағаңды қалай тәрбиелейсің? Сен тіпті кемшілігі көп жандардан бөлек өмір сүре аласың ба? Ол мүмкін бе? Айналамыздағы ерсі қылыққа тиым салып отырмасақ, «әкем өлді, қандай жақсы болды» дейтін безбүйректер өсіп шықпай ма?
ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ҚҰЛЫ
– Адам жақсылықтың құлы деген дұрыс па?
– Дұрыс, өте дұрыс. Айналайын-ау, адам қалай жақсылықтың құлы
болмайды? Өмір тек жақсылық арқылы гүлденеді емес пе? Өзіңе шапағаты тиген жанға қалай құл болмасқа? Мысалға басқа емес, екеумізді алайық. Кейде сен маған тамаша сұрақтар қойып, менің ұйықтап жатқан, не ұмыт болған ойларымды оятасың. Сондай сәттерде мен бес минут құлың болуға жақындап қалам. Бұдан шығатын қорытынды – жақсылықтың жүрегі күннен де мейірімді. Оған құл болмау мүмкін емес. Ол өмірдің заңдылығы. Оны ешкім де өзгерте алмайды. Қай ғасыр, қай заман болмасын жақсылық өмірді гүлдендіре береді. Адамдар бір-біріне жақсылық жасаған сайын жомарт бола түседі.
Жан-жағыңда жаман адамдар көбейсе, сенің жақсы болғаныңның құны көк тиын. Түбінде сен де солардың біріне айналасың. Сондықтан жақсылық жасаған адамдарды Құдайыңдай сыйлауың керек. Сонда өмірің берекелі, мәнді болады.
ТЕЛЕВИЗОР
– Адам баласының психологиясы, өмірге деген көзқарасы қазір өзгерді. Оған кінәлі – телевизор. Телевизор қан төгісті көрсеткен сайын адамның адамға деген ыза-кегі өршіп, қылмысты, өлімді көбейте береді. Мұны тоқтататын, яғни, кез келген адам баласының өміріне зиян келтіретін іс-әрекеттен аулақтататын жалғыз-ақ жол бар. Ол сол мемлекетті басқарған басшы данышпан болу керек. Одан басқа жол жоқ.
КҮРЕСКЕРЛІК
– Күрескерлік рух – азаматтықтың шыңы ма?
– Дәл солай. Күрескер болу үшін, Біріншіден, кіммен, қандай ортада, кімдерге сеніп күресетініңді, ең бастысы – бойыңдағы күшіңнің құдыретін байқауың керек. Оның өмір сүріп отырған ортаға қаншалық жағымды, жағымсыз жағы бар, орта сені қолдай ма, қолдамай ма, мақсатыңа сене ме, сенбей ме? Соның бәрін зерттеп, біліп алуың керек. Ортаң мақсатыңа сенбесе, сен күрескер емессің. Күрескер жұртты жақсылыққа жеткізуге сендіре алуы керек. Онсыз күрескермін деу – сандырақпайшылық.
ҚАРТТАР ҮЙІ
– Біріншіден, әке-шеше қартайғаннан кейін оның табысы да, жүріс-тұрысы да, тіпті балаларына: «Айналайын, қайдан келдің, қайда болдың?» деген сөзі де ұнамай қалады. Сондықтан жапондар, орыстар, қазақтар болсын өзінің өмірінің ең соңғы кезін рахаттанып қарттар үйінде өткізгісі келеді. Ол жерде қызмет, не байлық салыстармайды. Өмір шыңынан өлім құзына қарай домалап бара жатқандармен оңай тіл табысады, бірін бірі тезірек түсініседі. Әзілдессе, әзілі жарасып, бір-біріне риясыз көңілмен сыр шертіп, қуанады.
Егер кемпірі, ағайын-туғаны, бала-шағасы – бәрі алақанға сап ардақтаса, қарттар үйіне кімнің барғысы келеді. Ең қиыны – оларға үйкүшік боп, оңаша қалу. Онымен ешкім ақылдаспайды, ешкім ой бөліспейді. Ол бейне өмірде жоқ жан секілді. Жалғыз жұбанышы – зейнетақысы.
САЛТ-ДӘСТҮРІ ЖОҚ ЕЛ
– Салт-дәстүрі жоқ елдің мәдениеті жоқ деген пікірге қалай қарайсыз?
– Салт-дәстүрдің өзі – мәдениет. Салт-дәстүрі жоқ елді қырық сідіктен құралған, негізсіз, іргетассыз ел дейді. Ол ұлт емес. Өйткені, оның ортақ мәдениеті жоқ.
РУХТЫ ШЫҢДАУ
– Адам рухын шыңдау үшін не істегені жөн?
– Адам рухын шыңдау үшін әруақытта үмітсіздіктен, уайымшылдықтан
аулақ болуы керек. Өз өзіне сенімсіздікпен қарап, сарыуайымға берілген жан рухын әлсіретеді, берекесіздікке ұрынады. Тіршілік дүниесіне сенімі азайған адамда ешқандай рухани құдырет болмайды.
Рухты көтерудің, шыңдаудың жалғыз-ақ жолы – адам әрнәрсеге, тіпті
өзінің тірі жүргеніне қуана білуі қажет. Адамдарды, ағайын-туыстарды, не басқаларды, мына жарық дүниені көруінің өзі – бақыттылық. Соны үлкен рухани күш ретінде сезіне білуі керек. Сонда ол адамның рухы ешуақытта да әлсіреп, кішіреймейді.
АҚИҚАТ ПЕН ШЫНДЫҚ – БІР ҰҒЫМ
– Біреулер: «Ақиқат шындықтан да биік, шындық жағдайға байланысты нәрсе, ақиқат мәңгілік. Шындық жалпы ұғым. Оны әркім өзінше бұрмалай береді дейді. Сіз бұған не айтасыз?
– Шындық пен ақиқат айырылмайтын бір дене. Мағынасы бір, айтылуы бөлек. Ақылың бар адамсың, өзің таразыла. Шындық бұрмалана береді дейді. Қалай бұрмаланады? Бұрмаланса, ол шындық бола ма? Оны өзгерту мүмкін емес. Ақиқат шындықтың баламасы. Ол екеуі бір ұғым.
АЙЫПТАУ
– Орыс тілді қазақты шала қазақ деп күстаналаған дұрыс па?
– Дұрыс емес. Себебі, олар орыс тілі арқылы халыққа танылып, мамандық алып, жұмысын адал атқарып жүр. Оларды ана тілін білмейді деп айыптамау керек, оларды “сендердің адамгершілік қасиеттерің қайда? Тіпті сендерде өзінің ұлтына, өзінің мемлекетіне, ағайын-туысына жаны ашитын орыстың қасиеті де жоқ” деп айыптасаңдар, оған мен қосылам.
ҚАТЫГЕЗДІК ПЕН ҚҰЛДЫҚ
– Қатыгездікті көп көрген адам қатыгез болады дегенге қалай қарайсыз?
– Ақылы болса, қатыгездікті көп көрген адам мейірімді болады. Қатыгез
деп сен кімді айтасың?
– Жұртты менсінбей, қызмет сатысы, тұрмысы төмен адамды тұқыртып,
еңбегін қанағанды айтам.
– Ондайлар кездеседі, олар – надандар. Әрбір қоғамның, мекеменің жарғысы, заңы бар. Соның орындалуын қатаң талап ететіндерді біреулер қатыгез дейді. Мен оларды ешуақытта да олай демеймін. Қатаң талап иелері әр уақытта да ақымақтарды жолға салады, ақылы барлар ойланып, өз күнін өзі көруді үйренеді. Бұл қатал талаптың пайдасы.
Қатыгездіктің зияны – адамды құл етуі. Оның езгісіне көнген адам – ақымақ адам. Өзінің еркіндігін сақтай алмай біреуге құл болып жүргендердің қоғамға кесір-кесапаттан басқа пайдасы жоқ.
ЖІЛІК ТАРТУ
– Естуімше, жілікті палуан болсын деген мақсатпен ұсынады екен.
– Бұл да құр әшейін долбар. Балам-ау, қазақ халқы ырым жасағанда арзымайтын нәрсеге емес, мағынасы терең нәрсеге ырым жасаған. Қанша жігітті көрдің, жілік жеп палуан болған? Немене, палуан болмаса, қызын бермей ме? Өмірде миллион жігіт бар, бәріміз палуан емеспіз ғой. Ол олай емес. Атам қазақ екеумізден әлдеқайда ақылды деп білем. Кез келген адамның 12 жілігі болады. 12 жілікті бір дене ұстап тұрады.Өзімнің түсінігім бойынша, жілік тартқанда «бәріміз бір денеге айналдық, сен бір тірегімізсің» деп тартқан.
АДАСТЫРАТЫН СӨЗ
Маған ең ұнамайтыны – рухани мүгедек жандардың “бәрін тағдыр билейді ғой” деп оттайтыны. Бұл адам баласын өмір сүру жолынан шығарып, адастыратын сөз.
ЕҢ БАСТЫ ОЙСЫЗДЫҚ
– Өле өлгенше тура жолмен жүру – әркімнің міндеті деп жаңа айттым ғой. Міндет пен бақыттылық екеуі екі басқа. Мысалы, мен 200 жыл жыл өмір сүргім келеді. Оған құдыретім жете ме? Ол түгілі еркін өмір сүрудің өзі қолымнан келмейді. Тіпті кез келген адамда еркіндік жоқ.
Балаларды алайық. Үш-төрт жасқа келгеннен кейін «сен ананы, мынаны істеме, ой, құлайсың, қате жасадың, ой, ой» деп оны еркіндігінен айырамыз. Отбасында еркегі әйелінен, әйелі еркегінен, балалар әке-шешесінен қорқып жүреді. Бұл ненің жемісі? Бұл адамдардың тура, ақ жолмен жүрмегенінің жемісі.
Әркім тура жолмен жүріп, өз міндетін атқара алмағандықтан қылмыс та, апат та орын алып жатады. Бұл бүкіл адам баласына тән кемшілік.
Адал жолды аңсаймыз, адал жол – біздің өмірлік, азаматтық міндетіміз болса да, ол жолмен жүре алмаймыз. Міне, біздің ең басты ойсыздығымыз…
ЖАНЫ АШЫМАУ
– Біздің кезімізде кадрларды педагогтық қызметке алғанда оның психологиясына, адамгершілік қасиетіне баса көңіл бөлетін. Қазір жоғары оқу орнына түсе алмағандар мұғалім бола салады. Бұл қоғамымыздың дамуына жаны ашымағандық.
ҚҰДІРЕТТІЛІК
– Қазір біздің қоғамда, мысалы, ақын-жазушылардың ортасында «мен ақымақпын, парасатсызбын» деген жүрген біреуі жоқ. Бәрі де ақылды, парасатты адам сияқты. Бәрі бір оларды бір жөнге салатын сала керек. Ұрпақтың бәрі рухани құдыретті болса, өмір де, қоғам да құдыретті болар еді. Басқаларды білмеймін, менің түйсігім осы.
ТӨС ТАРТУ
– Қазақ күйеу балаға не себепті төс тартады?
– Мына сұрағың қызық сұрақ екен. Бұған әртүрлі нұсқада жауап беруге болады. Төс тарту өзі ұлттық адами үлкен қасиет. Мен кішкентай кезімде осы сұрақты әкеме қойғанмын.
– Әке, төсті неге күйеу балаға қайта-қайта тарта береді? – дегенімде:
– Балам, төс тарту – омырауымыз, ойымыз – бәрі араласты. Енді сенің ұрпағың менің ұрпағым, сенің қуанышың, менің қуанышым дегені. Бір баланы Құдай береді, бір баланы адам береді деп жан дүниеміз жарасым тапты. Осы қуанышымыз жалғаса берсін деп ырымдап күйеу балаға төс сыйлайды, – деген болатын. Одан басқа жанымнан шығарып айтатын ешнәрсем жоқ. Сен естісең, айтып көр.
АДАМ РЕТІНДЕ…
– Менің қағидама айналып соқтың, – деп Баукең аздап күлімсіреді. – Академиктерге: «Сендер бір ғылым саласының шеберісіңдер. Адам ретінде есуассыңдар. Сендермен бес минут сөйлесе алмаймын. Себебі, менің білімім жетпегендіктен емес, сендердің адамгершілік қасиеттен жұрдай екендеріңе төзбегендіктен сөйлескім келмейді. Шеттеріңнен көкірексіңдер» – деймін. Олар жақтырмай қабақтарын түйеді, түйсе, түйсін.
ҚҰДІРЕТ
– Абай құдайшыл ақын. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген өлеңі қандай? Сөйтіп отырып: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» дейді. Бұдан артық даналық бола ма? Абайдың данышпандығы осы сөзінде-ақ тұр. Қажының баласы Құдайға сен демейді, өзіңе сен дейді. Осы сөзді надан молдаға айтшы, ол:
– Е, бәрі Құдайдан ғой. Сен не оттап отырсың?! – дейді дауыс көтеріп. Мықтымын дегендер «өзіңе сен» деген Абаймен таласып көрсін. «Бәрі Құдайдан» деген сөз адамның өмірін қысқартатын, талабын кері кетіретін сөз. Себебі, «бәрі Құдайдан» деп қол қусырып, қарап отыруға бола ма? Қазақ: «Әрекетке берекет», «Қатын алмай бала бер дегеннен, еңбек етпей байлық бер дегеннен без» дейді. Қандай тамаша айтылған сөз?!
Ауылымның ақсақалдарының: «Алладан кімнен қорқасың?» – деп сұрағанда: «Талапкерден қорқам. Оның талабы орындалса екен деп отырам» – дегендерін естігем. Адамның дене құрылысында жасырын құдырет-күш бар. Ниетің ақ, талапкер болдың ба, кез келген қиындықты жарып, бұзып өтесің. Оны өзі байқамайды. Ол құпияны әлі ешкім тексерген жоқ. Ғалымдарымыз дене құрылысын зерттеумен ғана шектеледі. Оның қызметін, құдырет-күшін ешкім де білмейді. Менің түйсігімше, құдырет – махаббатта.
БАБАЛАР СӨЗІ
– Сіз жаңа Абайдың қайсыбір пікіріне қарсымын дедіңіз. Соны білгім келеді, – дедім мен еркімнен сұрақ қойып.
– Абай қазақтың «Қалауын тапса, қар жанады» дегені қалай? Қалауын
тауып қар жанады деп жүргенше еңбек етпей ме дейді.
Мен ол кісінің бұл пікірімен келіспеймін. Қазақтың «Қалауын тапса, қар жанады» дегені өмірге бейімделіп, өмірдің әр қырын, мінезін танып, түйсік-түсінігіңді молайт дегені. Түйсік-түсінігі молайған адам сараңды мырзаға, қорқақты батырға, ақымақты ақылдығы айналдыра алады. Бабалардың «Қалауын тапса, қар жанады» деген сөзі осындай мағынада айтылған. Абай бабалардың сөзімен таласпауы керек еді. Өйткені, ол ғасырлар бойы халыққа қызмет етіп келе жатқан сөз.
МОЛОДЕЦ, ГИТЛЕР!
– Гитлердің «Музыканы естен тандыра даңғырлатып қойыңдар, адамдардың ойлануға адамгершілік қасиеті қалмасын. Әйелдердің бұтын, аяғын көрсетіп, еркектің әйелге, әйелдің еркекке құштарлығын туғызыңдар, сонда халықтың ешқандай аузы бірікпейді» деген қағидасы болған.
Біз бүгін сол жағдайға жеттік. Қазір қазақтың музыкасын батыстың музыкасымен шатастырып, еркек те, әйел де желөкпе құбыжыққа айналып жүр. Мен оларды анда-санда телеарнадан көріп отырып: «Молодец. Гитлер! Сен өлсең де арманыңа жеттің» – деймін.
МҰҢАЙЫП КӨРМЕГЕН АДАМ
– Мен өмірімде мұңайып көрмеген адаммын. Жонарқамнан оқ тигенде де, кейінгі жылдары ауру болсам да, кейбіреулер газетке тілдеп жазса да, әні өледі, міні өледі деп желауыздар өсек таратса да, әртүрлі басыма іс түсіп, төбеме қиындық бұлты төнсе де, бір мұңайып көрген емеспін. Неге деп сұрақ қой.
– Неге?
– Менің рухым күшті. Қайталап айтайын, материалдық жағынан сен
байсың, рухани жағынан мен баймын. Бұлай дегенімде сенің рухың төмен түсіп кетті деп отырған жоқпын. Сен ақкөңіл, шамалы бостау адамсың. Кейде қиындық кезіккен уақытта қатты қиналмағаныңмен: «Апыр-ай, ол маған не істемеді?» деп ойланып, өкпелеп қаласың. Мысалы, мені өкпелету күні бүгінге дейін ешкімнің қолынан келген жоқ және келмейді де.
СӨЙЛЕУШІДЕН ТЫҢДАУШЫ КҮШТІ БОЛУЫ КЕРЕК
– Сен қазір мені: «О, атаңанәлет, мылжың шал!» десең, мен ашуланбаймын. Өйткені сенің түсінбейтін сөздеріңді айтып былшылдаған шығармын. Адам кейде біреудің сөзін түсінбей қалады. Ол мүмкін аталы, жақсы сөз айтқан шығар. Астарын түсінбеген адам, оны көке мылжың дейді.
Анада «Кімді мылжың, кімді көке мылжың дейміз?» деген сұрағыңа: «Сөз түсінбейтін ортада аталы сөз айтқанды – мылжың, сөз түсінетін ортада аталы сөздің шет жағасын ғана айтқанның өзін – шешен дейді» деп едім ғой. Себебі, тыңдаушы күшті болса, шешендікке ұмтылмайтын адам жоқ, яғни сөйлеушіден тыңдаушы күшті болуы керек.
ӘКЕМЕН ӘҢГІМЕ
– Әкем өте әділетті, дүние жинамаған кісі болатын. Өте әділетті еді. Бірде маған:
– Балам-ау, саған ең болмаса дұрыс бастама да қалдыра алмадым, – деді. Мен:
– Әке, маған үлкен байлық қалдырдыңыз. Бірінші – тірлік, екінші –
тегіңізді сыйладыңыз. Бұдан артық байлықтың болуы мүмкін емес, – дедім. Мен ол кісінің тазалығын жақсы көрдім. Маған әкемнің қасиеті жұқты. Ол кісі:
– Нағашыңа ұқсама, нағышыңа ұқсама, – дейтін қатаң ескертіп.
– Неге?
– Нағашыларың өте-мөте бауырмал. Әйелдері толғатып жатса, олар да
толғатып жылап жүретін.
– Онда ондай жердің қызына неге үйлендіңіз? Мен енді қалай тегіме
тартпаймын? Шешемнің құрсағында тоғыз ай жаттым. Егер сіздің ішіңізде жеті ай, шешемнің ішінде екі жарым ай жатсам сізге ұқсар едім.
Әкем жарықтық көзінен жас аққанша күліп:
– Көп жаса, балам, көп жаса, – дей берді. Мен мылжыңдап кеттім білем.
АРАЛАС НЕКЕ
– Аралас некеге қалай қарайсыз?
– Аралас неке кім кімді де өмірінің соңында өкіндірмей қоймайды. Басқа
ұлтқа үйленгендердің қартайған кезіндегі өксікке толы өкінішін талай естігем, шалының ар-намысын аяққа басқан кейбір ақымақ кемпірлердің ақымақтығын да көргем. Ондай жандардан туған балалардың оңғандары да шамалы. Абай айтқандай «ашиды жаның, қайнайды қаның». Базбіреулер некелесе салып, айырылысып, не дауласып, айқайласып, бірін-бірі қарғап жатады.
Тоқетерін айтсам, аралас неке өмірді онша гүлдендіре алмайды. Ол аз ұлтты жер бетінен жоғалтып жіберудің төте жолы.
ЖАЗУШЫ ДЕП ЖҮРМІЗ ҒОЙ…
– Жамбыл соғыста болған жоқ. «Ленинградтық өрендерім» деген өлеңін алып қара. Күллі Совет поэзиясында ондай ақсақалдық қайғы кездесе ме?
Ал енді «классиктеріңе» тоқталайын
«Ей, неміс, көзіңді ашып қара,
Барасың сен қай жаққа басып дара.
Сазайыңды тартарсың әлі-ақ өзің,
Ініңе жасырынып, қашып қана».
«Классигіміз» өстіп жазады. Жамбыл не деп отыр, мынау не деп отыр?
Екеуін салыстыр. Жамбыл, Нұрпейіс Байғанин, Әбу Сәрсенбаев, Абдолла Жұмағалиевтен басқаларының соғыс кезіндегі көңілге қонатын бір өлеңін тауып берші?
Енді проза жағын алып қарайық. Жазушы емес, жап-жас Баубек Бұлқышев
бәрін жеңіп кетті. Оқып шық оны. Жалғыз қазақты ғана емес, әріберіден кейін өзі қатарлы орыс құрбы-құрдастарын да жеңіп кетті. Өлген соң жазушы деп жүрміз ғой.
АРАМ ЖАЗУШЫНЫҢ ЖАЗҒАНЫ ДА АРАМ
– Біздің кейбір ақымақ жазушылар өздерін өздері аяйды, өздерін өздері әулие санайды! – Баукең қатты шамырқана, дауыстай сөйледі. – Мен қайдан шықтым, ұям – кім деген үлкен мәселе. Әнеукүні бір жазушымыз өзін мақтаймын деп ұстаздарын жамандапты. Тағы бір ақынымыз Мұхаңды (Мұхтар Әуезовті) мақтаймын деп Абайды жамандай жаздапты. Оның ойынша, Мұхаң аспаннан түсіпті. Бұл нағыз надандық!
Арам жазушының жазғаны да арам. Оның ойынша халқымыз бұрын түк
көрмеген, түк білмеген надан боп көрінеді. Бұл – жала!
БҮЛДІРУШІЛЕР
– Біздің үлкен кемшілігіміз – социализм деп бетінен қалқимыз, жалтақтаймыз. 1932-1933 жылдары қазақ қырылып жатқанда «классиктеріміз», «басшыларымыз колхозды мақтап жазыңдар деді» деп өтірікті көз жұмып соқты. Олар – нағыз оңбағандар!
Мұны айту себебім, олардың зияны қырық бес жылдан асты, әлі тиіп келе жатыр. «Мынауыңды басамыз, мынауыңды баспаймыз» деп бәрін бүлдірді. Қастассаң, қастаса бер!
Олар сенен бұрынғы буынды бүлдірген, сендерді де аяп отырған жоқ. Бәрің бір ізбен жүрсіңдер. Мен бұл мектептен аулақпын.
ҮШЖҮЗДІЛІК
– «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» дегенді мен шығарғам жоқпын. Сендердің білуге құмарлықтарың – топ құру, өсек айту, тағы басқа. Бұл өте аянышты, мен бұған қатты қайғырам. Ішкі мәніне түсінбей, «жасасын марксизм!» деу – екіжүзділік.
Бір жазушыны біреу мақтаса, сендер де оқымай-ақ жақсы деп
мақтайсыңдар. Бұл екіжүзділік қана емес, үшжүзділік! Осындай образдарың өз-өзінен мен мұндалап тұр. Әттең, қолымнан қаламым түсіп қалды, әйтпесе басқа шаруаның бәрін жиып қойып, осы үшжүзділік образдарыңды жасар едім. Ерте ме, кеш пе, бәрі бір ол жасалады. Оған мен сенем…
БІЗДІҢ ТІЛ – КӨНЕ ТІЛ
– Сен менің сұрағымды түсінбедің… Біздің тіл байырғы көне тіл, қаймағы бұзылмай сақталған тіл. Ескі фольклорымызды осы күнгі немерелеріміз де оқып, түсіне алады. Ал «Слово о полку Игорованы» орыстың академигі де түсінбейді. Тіпті кеше ғана өткен Петр Біріншінің тілінің өзін бүгінгі орыстар жақсы білмейді.
ТАМАҚТЫҢ ЕКІ ТҮРІ
– Әнеукүнi үлкен қызым Ақан: «Әке, екiншi тәулiк тамақ iшкен жоқсыз.
Құр жатасыз да қоясыз, ешкiммен сөйлеспейсiз. Мұныңыз қалай?» – дедi.
– Қызым, мен ойланып жатырмын. Ойланған кезiмде тамақ есiмнен шығып кетедi.
Таң қалып қарап:
– Рас па? – дедi.
– Табиғаттың бiр қызығы – басыңа ойлар келгенде, қарның ашпайды екен. Ал кейбiр кiсiлердiң тамақсау келетiнi – ойланбайтынынан болса керек.
Қызым таңырқап, не дерiн бiлмей тұрып қалды.
– Қарын ашпаудың себебi, қызым, күллi организмдi ой билеп кетедi екен.
Ол таңырқаған күйi бөлмемнен үнсiз шығып кеттi.
– Жұмыссыз ерiгiп жүргендер түскi, кешкi тамақ қашан дайын болады деп тыпыршып, тыным таппайды. Ал менiң тамақсау екенiмдi өзiң бiлесiң ғой, ә? – Күлдi. – Бiр қызығы, мен тамақты аз жесем де, арықтап көрген кiсi емеспiн.
Қысқасын айтқанда, тамақтың екi түрi болады екен. Бiр түрi – кәдiмгi өзiмiз жеп жүрген тамақ. Түсiндiң бе? Онсыз өмiр сүру мүмкiн емес. Екiншi түрi – рухани тамақ. Рухани тамағың болып тұрса, соны ойлап, толғанып жатсаң, қарның ашпайды екен. Ал рухани азығы жоқ адамдар қай жақта асхана, кафе, мейрамхана бар, үйге барғанда не жеймiз дейдi екен.
Інжiлден оқығам, бiр пайғамбар ашуланып үйiнен кетiп қалып, таудың iшiне барып, қырық күн аш жатады. Жұрт iздеп таппайды. Қырық күн өткен соң, өзi қайтып келедi.
– Тақсыр-ау, тамақсыз қалай жан сақтадыңыз? Аң аулап жейтiн қару-жарағыңыз болған жоқ. Қалайынша аштан өлмедiңiз? – дейдi жұрт.
– Мен қырық күн ойланып жаттым. Ойланған кiсi аш бола ма? Не деп отырсыңдар?! – деп тастапты. Әрине, бұл – аңыз. Дегенмен, қарағым, аңызда да шындық бар…
ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЖАЛҒАСЫ
– Мен де кететiн кiсiмiн. Я в твоем наставлении, в твоем нравоученье не нуждаюсь . «Кәрi орыс – мұсылман болмайды» деген. Қартайған Бауыржан Момышұлы сен үшiн қайта тумайды. Құдайға шүкiр, жетпiстен асып, сексенге бара жатырмын ғой. «Кәрi орыс» – менмiн. Менiң мектебiм – сенiң мектебiң емес. Менiң ұйтқым – сенiң ұйтқың емес. Менiмен әңгiмелескенде сен мұны ескер.
Екеумiз екi заманның адамымыз, екеумiз екi ұрпақтың өкiлiмiз. Екi заман мен екi ұрпақтың арасы жер мен көктей. Сол себептi екеумiздiң арамызда қайшылық бар. Мен сен бола алмаймын, Ол мүмкiн емес. Сен Бауыржан Момышұлы бола алмайсың. Екеуiнiң арақашықтығы мынандай. – Екi қолын екi жаққа жая көрсеттi. – Менiң сезгенiмдi сен сезген жоқсың. Сол себептi сен маған түсiнбейсiң. – Қолын сермедi. – Әлгi кейбiр құрдастарым:
– Бүгiнгi жас осылай, пәлен-түген, бiз өйтпеушi едiк, бүйтпеушi едiк, – деп жастарды кiнәлайды. Мен ондай нәрседен аулақпын. Өз жасымда, өз заманымда бiлерiмдi бiлдiм, iстерiмдi iстедiм. Сол себептi сен секiлдi жастарға: «Бiз осындай едiк, бiздiң көшiрмемiз болыңдар» – деуге аузым бармайды. Сенен пәлен жас бұрын туғанға мен кiнәлi емеспiн, менен пәлен жас кейiн туғанға сен кiнәлi емессiң.
Стандарт деген нәрсе бар ғой. Әрiберiден кейiн күйген кiрпiштер де қартаяды. Ал адам күйген кiрпiш емес. Әркiм өз уақытына лайықты. Әр уақыттың жақсылары да, жамандары да бар. Бұл қоғамдық құбылыс. Сондықтан ұрпақты бiр қалыпқа салуға, жасым үлкен екен деп орынсыз талап қоюға болмайды.
Әрине, бiлген өсиетiңдi жастарға айтуға хақылысың. Бiрақ сол хақың кейде орынды, кейде орынсыз болып жатады.
Аға ұрпақтан жастар өзi таңдап үлгi алады. Ол – дәстүр, жақсылықтың жалғасы деген сөз. Әр ұрпақтың кемiстiктерi де аз емес, қайта жақсылығынан кемiстiгi көп болған. Бұл жалғыз адамда ғана емес, әрiберiден кейiн жануарлар әлемiнде де, өсiмдiкте де бар.
Жақсылықты, кемiстiктi әр ұрпақ өзiнше түсiнедi. «Бiз сенiң жасыңда бүйтпеушi едiк, былай едiк» деп кiнә тағудан, жақтырсаң жақтыр, жақтырмасаң қой, шырағым, мен аулақпын дедiм ғой. Сол ойымнан мен айнымаймын.
ИМАНДЫ ЕЛДЕР
– Қарттар үйінің болғаны – құлдырау емес, керісінше, ең жоғары дамыған мемлекетте ондай үйлердің саны көп. Онда барлық жағдай жасалған.
Қарттарын сыйлаған, қариялардың өмірін түсінген, өмірге ерекше құрметпен қараған елдер иманды елдер.
Жақында теледидардан ба, кинодан ба, көріп қалдым. Бір шет елдің бұрынғы министрі қарттар үйіне орналасыпты. Танысы кездесіп қалып амандасып:
– Жағдайыңыз қалай? – дейді.
– Жағдайым жақсы. Мен бұл жерге тұрмысым нашарлығынан келгем жоқ. Қатар-құрбыларыммен сөйлесіп, көңілді жүріп жатырмын, – дейді.
Күн көрісі қиындаған қартты балалары үйден қуып шықса, орын жоқ деп қарттар үйі қабылдамаса, бұл қоғамның, мемлекеттің құлдырауының үлкен көрсеткіші.
– Бізде қайсыбір жастың әке-шешесін сыйламайтыны жасырын емес қой.
– Әке-шешесін сыйламау – Құдайды мойындамау. Құдайды мойындамау
– өмір заңдылығын, парасаттылығын басшылыққа алмау.
– Ата-анасын сыйламаған қоғам – ұрпағынан сый күтпесін деген пікір
дұрыс па?
– Дұрыс, өте дұрыс. Менің әке-шешем ешқандай атақ-даңқы жоқ
қарапайым адамдар болды. Шешем тіпті сауатсыз, оқымаған. Сауаттандыру кезінде әріптердің кейбірін ғана таныған. Ол кісілерді мен кез келген патшаға айырбастамаймын. Мен үшін Құдайдан кейінгі Құдайым – әке-шешем. Ес білген күннен бастап әкем мен шешемнің қабағына қарап, солардың айтқанын орындап, қуандырсам деп талпындым. Қалай ойлайсың, өзінің әке-шешесін сыйламаған адам кімге үлгі бере алады?
ЖАСТАР ЖӨНІНДЕ
– Қалалық жастарға менің бір тиын жаным ашымайды, – деді көңілсіздеу күйге еніп. – Өздері тағы: «Ех, колхозшылар!» – деп мысқылдай күліп, ауылдан келгендерді менсінбейді. Жақсы көйлек, жақсы костюм киіп, галстук тағып, сызылып жүргенді мәдениеттің шыңы деп есептейді.
Ауылға барса, сыймайды, аяқ-табағынан жиркенеді. Қайтып келген соң: «Ауылда ақымақтар, жабайы адамдар тұрады екен» – деп оттайды. Кім ақымақ, кім жабайы десеңші?!
Шынымды айтсам, туған тілімізді, әдебиетімізді білу, дәстүр қорын сақтау жағынан қаладағы өсіп келе жатқан ұрпаққа мен сенбеймін. Маған олар сыңар қанат құс тәрізді сезіледі.
ЖАҚСЫ АДАМНЫҢ АРТЫ ЖЫН БОЛСА, ОНДА ОНЫҢ О БАСТА ЖАҚСЫ БОЛМАҒАНЫ (Бұл да баукеңнің сөзі)
Әділбек Ыбырайымұлы