«Айқын» гезетінің 25 наурыз санында «Блогқұрылтай не береді» деген шолу топтама берілген екен. Атырауда жетінші рет өткен құрылтай жөнінде газет материалдарын ұйымдастырушылар осындай жиынның қаншалықты нәтиже беретіндігін ашу мақсатында біраз бологерлердің пікіріне орын берген. Пікірдің басым көпшілігінде көңіл толмастық бар. Осы топтамалардың көшбасына орналасқан айтулы публицист Шархан Қазығұл пікірі қоғамдағы кейбір көзбояушылықтың бетін ашып көрсетіпті. Ол өз сөзінде «Менің түсінігімде қазір блогер деген дүмше молдаларға ұқсайды. «Аңқау әкімге – арамза блогер» заманы болып тұрған сияқты» деп ағынан жарылған. Әкімдерді тиімді пиар мен тиімсіз пиардың аражігін ажыратуға шақырған автор өз ойын былай жеткізіпті.
Шархан Қазығұл:
– Ең әдемі пиар – білдіртпей жасайтын пиар. Осы бір қарапайым қағиданы түсінетін уақыт жетті. Әкім-қаралардың қазіргі таңда блогерлік қызметке жүгініп жүргендері басыма сыймайды. Әлеуметтік желілерде елдің бәрі іліп ала жүгіретін тақырыптар болады. Бірақ бұл жер – әкімдердің насихаты өтетін жер емес. Өліп қалсаң да, өтпейді. Ойбай-ау, дәл қазір журналистің пиары өтпей жатқанда, блогер деген кім? Блогер дегеніңіз – әлеуметтік ориентация ғана, оны белгілі бір мамандыққа жатқызудың ретін таппай тұрмын. Интернет заманында ауадан ақша жасауды арманға айналдырған әлеуметтік желідегі оңай олжаға құмар адамдар дер едім. Менің түсінігімде қазір блогер деген дүмше молдаларға ұқсайды. «Аңқау әкімге – арамза блогер» заманы болып тұрған сияқты. Олай демеске амал жоқ, әйтпесе әкімдердің ауық-ауық блогтур, блогқұрылтайлар өткізіп, дембіл-дембіл өздеріне тиімділігі нөлге тең пиар жасайтынын қалай түсінуге болады? Жалпы, әкім-қаралардың пиармен айналысқанына қарсы емеспін. Халық әкімдердің қате басқан қадамын білуге мүмкіндігі жетпесе де, ең болмаса, қандай жақсы істер жасап жатқанынан хабардар болып отыруы керек. Дей тұра, бұл шаруа кәсіби тұрғыда атқарылғанын қалар едім.
Дүмше молдалардан айырмашылығы шамалы дилетант блогерсымақтарды пиар ісіне араластырып, халықтың ақшасын далаға шашу – баланың ойыны, бақсының жыны.
«Жерұйық»-ақпарат.
Декеркөз: https://aikyn.kz/