Стилистика сияқты нарратология, яғни, хикаяттау туралы ғылым әдебиеттанумен тек қана өзінің пәндік тақырыбы жағынан қиысып, кейде тіпті оның шегінен шығып кетеді: өйткені, хикаяттаулардың барлығы бірдей көркем болып табылмайды.
Хикаяттау дискурстың типі ретінде «тікелей еліктеуге» (персонаждардың сөздеріне), сипаттауға, ой қорытуға (тікелей автор сөздеріне) қарсы тұрады. Классикалық риторикада ол өте аз зерттелді, ең негізінен тек сипаттау мен ой толғау техникасы тұрғысынан қарастырылды. Тек өткен ғасырдың соңынан бастап, типтік сюжеттік ситуацияларды (мысалы, драмада), кезбе сюжет-мифтерді және т.б. жүйелеуге тырысушылық орын алды. Хикаяттауды тап бұндай зерттеуге ең алғаш түбегейлі бет бұрғандар орыс формалистері болды. В.Б. Шкловский, Б.М. Эйхенбаум, Б.В. Томашевскийлер хикаяттық мәтінді екі түп негізге (инстанцияға) – сюжет пен фабулаға бөлді. Фабула дегеніміз – романда, әңгімеде немесе тіпті драмада (қанша айтсақ та, драма, хикаяттаушы мәтін емес) айтылатын реалды немесе ойдан шығарылған тарих, оқиғалар кезектестігі; сюжет дегеніміз – фабулаларды мәтінде орналастырудың амал-тәсілдері. Томашевский өз тарапынан аталған ұғымды төмендегідей шектейді: фабула дегеніміз – бұл шындық өмірде орын алғандық, ал, сюжет дегеніміз – ол турасында оқырманның білген дүниесі. Фабула мен сюжет – шын мәнісінде, әңгімелену бойынша мәтіннен мәтінге ауысып отыратын тарих пен дербес жұмыстардың анонимдері ретіндегі материал мен амал-тәсілдің арасалмағы. Сюжет фабуланы өзгеріске ұшыратып (деформациялап), оны сезілетін дүниеге айналдырады. Амалятта формалистер сюжетті тар ауқымда ең бастысы фабуланың оқиғалық реті мен сюжеттің тәртібі сәйкеспейтін кезде де реалды хикаяттау кезектестігімен тарих элементтерді орналастырудың амал-тәсілі деп тарқата сөз етті.
Ғылыми ойдың одан ары дамуы барысы көрсеткеніндей, қос хикаяттау бастау көзінің динамикалық арасалмағы идеясы формалистердің оған берген тәпсірлеуінен де өте ауқымды екендігі аян болды. «Оқырман қалай білді?» өз бойына не аз, не көп мөлшерде хабарланған ақпараттың егжей-тегжейлігін, оқиғаның бағалануын, ол баяндалатын көзқарасты және т.б. сыйдырады. Осы факторлардың бәрі бірнеше мәтіннің «тек бір ғана сюжетке» (формалистердің терминімен айтар болсақ, «тек бір ғана фабулаға») түзілген жағдайынан тамаша танылады. Мысал үшін, бір ғана тарихты түрлінше тәпсірлейтін төрт евангелия (қазақ қиссаларындағы бір тақырыптық сюжетті бірнеше кітәби ақынның өз туындысына нәзриагөйлікпен өзек етуі – Ә.Ә.Ә.) тап осындай. Оларда хикаяттау тәртібінің бұзылуы орын алмайды, бірақ бір оқиға бірінде түсіп қалса, екіншісінде ол қосылады да, түрлі детальдармен және мағыналық нюанстармен не көп немесе не аз мөлшерде ежегейлей баян етіледі. Осылайша, хикаяттауға тек қана өздік оқиғалық құрылым (событийная структура) емес, хикаяттауға еш қатысы жоқ элменттер де (мысалы, бағалаулар) тиселі болып келеді.
Заманалық ғылыми терминология «сюжет» пен «фабула» оппозициясын онша кең қолданбайды. Құрылымдық лингвистика оларды тарих және дискурспен (Э. Бенвенист) алмастырды, осылардың біріншісі не аз, не көп мөлшерде «фабулаға» сәйкес келсе, екіншісі «сюжеттен» де ауқымды қолданылады. Дискурс дегеніміз – осы оқиғалардың өзінен өзгеше оқиғалар туралы хикаяттайтын (баяндайтын) барлық тілдік деңгейі. Хикаяттық мәтінді қосымша, бетерфразалық (сверхфразовый) деңгейлерде ұйымдастырылған тілдік құбылыс ретінде қарастырған Р Барт, Ц. Тодоров, Ж. Женетт, К. Бремондар өз тараптарынан Бенвенистің идеясын дамытты, ал, бұл дегеніңіз – тарихи деңгей.
Бұл теория В.Я. Пропптың өткен ғасырдың 20-шы жылдары шыққан «Ертегі морфологиясы» кітабына иек артады. Пропп орыс қиял-ғажайып ертегілерінің оқиғалық элементтерін түстеп танып, бір ғана тәртіппен орналасатын мәтіндердің 31 санатын бөліп көрсетті. Ертегілік сюжеттің бұндай абстрактілі оқиғаларын Пропп функциялар деп атауды ұсынды. 60-шы жылдары (Р. Барттың «Хикаяттамалық мәтінге құрылымдық талдау жасауға кіріспесінде») тап осындай концепция бір тұрақты фольклор жанрынан бастап, барша сан алуан мүмкін болған хикаяттамалық мәтіндерге кең тарады. Функцияның дәл осындай жағдайы ендігі жерде жабық мәтінмен берілмейді, қайта түрлі тәртіппен үйлестіріледі; оның үстіне, кез келген мәтінде нарративтік маңыздылықтағы: функциялар мен индекстердің («нышан-белгілердің») түрлі дәрежедегі элементтері бөлініп шығады. Функциядан тарих («фабула») келіп шықса, ал, индекстерден – оның аранжировкасы (персонаждар, характер, мотив, ой-пікір, жағдаят пен іс-әрекет құралдарының және т.б. нақтылануы) туындайды. Функцияның өз ішінде басты функциялардың арасын жалғастырушы қызметін атқаратын негізгі және қосалқы – тіндік (кардиналдық) функциялар мен катализдер (катализаторлар) бөлініп шығады. Тіндік (ядерный) функциялар персонаждың әлдебір маңызды таңдауын (Раскольников өсімқорды өлтіреді) жүзеге асырса, ал, катализдер – осы таңдаудың жүзеге асуының кезектестігін танытады (Раскольников балта тауып, «қолданылуын» текесерді, олжасын жасырды); бұл мәтіндегі индекстер ретінде қаһарман және оның құрбандығының сырт келбетін, оның бөлмесіндегі бұйымдарды, петербург пейзаждарын, Раскольниковтің ой-пікірі мен сезімдерін суреттеу және т.б. қызмет етеді.
Оқиғаны персонаждар жүзеге асырады. Хикаяттық персонаждарға классификация жасауды кезінде Пропп қолға алып, оның концепциясын жинақтауды А.-Ж. Греймас аяқтады. Ол қатысушы тұлғалардың (действующих лиц) құрылымын екі деңгейге – актанттар мен актерлерге бөлді. Актер – хикаяттаудағы кейбір құрылымдық рөлді орындаушы нақты қатысушы тұлға (адам немесе адалық), ал, бұл рөлдің өзі хикаяттамалық құрылым тұрғысынан актант деп аталады. кез келген хикаяттамадағы актанттар типологиясы үш мағыналық оске /коммуникация осі (адресант-адресат), іздеу мен талпыныс осі (субъект-объект) және күрес (тартыс) осі (жәрдемші-қарсылас) бөлінген/: алты мүшені, алты аңсарлы тартылыс орталығын сыйдырады. Бір актант түрлі актерлерге ортақ болса, бір актер бірден бірнеше актанттық рөлді ойнай алмайды.
Актанттық сюжет құрылымы және оның актерлардың бойына сыйдырылуы туындының идеологиясы турасында, ал, қаһарманның басына түскен жағдаят: оның жәрдемшісінің барлығы мен жоқтығы, оның әлденені немесе әлдекімді іздейтіндігі не болмаса өзімен өзі ғана екендігі және т.б. жайында сөз етеді.
Тарихат-фабуланың (история-фабула) деңгейі тап осындай болып келеді. Дискурстың («сюжеттің») деңгейі нарративтік фигуралар жүйесі ретінде ұйымдастырылады, оны Ж. Женетт өзінің «Хикаяттық дискурс» трактатында жан-жақты талдап шықты. Женетт кез келген хикаяттауды қай кезде болмасын түйіндеме жасап шығуға болатын (барша «Одиссея» – «Одиссейдің Итакаға оралуға қам жасауы» түріндегі) тілдік фразалардың аналогы ретінде қарастыруды ұсынады. Фразадағы басты іс-әрекеттегі элемент – бұл грамматикалық санат жүйесіне ие етістік. Женетт осы жүйедегі – уақыт, жіктеу (модалдық) және етісті нарративтік фигураларды классификациялау үшін қолданады. Бұл орайда фигур стилистикадағыдай кейбір тарихты әңгімелеудің бейтарап, қалыпты амал-тәсілден ауытқушылығы деп ұғынылады.
Уақыт үшін негізгі фигура уақыттық тәртіпті бұзушылық (формалистер бұны сюжет пен фабуланың ойыны деп сипатталуы) болып саналады: хикаяттау кейінге қайта оралып немесе алға озып кетуі ықтимал, ал, оқиғалық дискурс тарих бойынша емес, одан не ерте, не кеш еске салынады. Қалған амал-тәсілдер жиілікпен: қайталанушы және бір реттік оқиғалар бар, сондықтан хикаятшы қайталанушы оқиғалар қатарын не бір рет, не болмаса, керісінше, бір оқиғаны талай мәрте айтып шығушылығымен байланысты болып келеді. Ақыр соңында, хикаяттау қарқыны тарих қарқынымен әрқилы арасалмақта болып келеді (изохронияның бүлінуі). Шындығына келгенде оқиғалар жайындағы дискурс ешқашанда осы оқиғалардың қарқынымен сәйкес келмейді, дегенмен, әдетте, олардың арасында теңдестік, пропорционалдық қарым-қатынас орын алмайды: әңгіме бірде қарқындаса, енді бірде бәсеңдеп қалады. Женетт осындай төрт қарқынды: 1) түйіндеме (резюме), хикаяттау оқиғадан да жылдам өрістейді, бірақ не көп, не аз мөлшерде үздіксіз баян етеді («бес жыл өтті, осы жылдар бойы қаһарман ананы, мынаны жасады»); 2) дескриптивтік пауза – хикаяттаудың толық тоқтап қалуы шұқшиған пейзаж, заттар, тұлғалар және т.б. суреттеумен алмасады; 3) сцена, яғни, мәтін сегменті, хикаяттау қарқыны оқиғаның реалды қарқынын, әсіресе, репликаны имитациялайды (бұл, әрине, бірмезеттіктің иллюзиясы); 4) эллипсис – хикаяттық ірге ажырату, тарихтың кейбір фрагменттерін («бес жыл өтті») толықтай аттап өтушілікті бөліп шығарады.
Хикаяттаудың модалдылығы (модальность повествования) оқиғалар туралы ежегейлей баяндау мен ақпараттандырумен байланыстырылады. (Атап айтар болсақ, детективте ең бастысы бізден жасырын ұсталып, ең соңына дейін жартыкеш ақпараттандыру орын алады.) Бұл арадағы басты айырмашылық – оқиғаны түрлі көзқарас бойынша баяндау. Хикаяттаудағы көзқарас идеясы Генри Джеймстен бастау алып, англо-америка сынында: сөздің шығуы романдағы бәрін қамтушы автордың тарапынан емес, қайта мәліметтер тізбегі белгілі бір персонаждар арқылы берілуі орын алатындығы негізінде жасалынып шықты. Женетт өз кезегінде, осы проблеманы қайыра ой елегінен өткізіп, сансыз сауалдар арасынан жол тауып, ең маңызды «кім көрді?» және «кім айтты?» шектеушілігін жасай білді. Мәтіндегі сөздердің ұйымдастырылуы шартты дерек көзі иелерінің (хикаятшы, хикаяттаушы персонаждың /повествующий персонаж/) бірдеңкені білушілік шеңберімен сәйкеспеуі де ықтимал: әңгімелеуші персонаждардың атынан емес, «өз атынан» сөйлеуі мүмкін, әрі ол барша фактіні келтірмейді, тек қана (кейбір) қаһармандарға белгілісін тілге тиек етеді. Сондықтан екіұшты «көзқарас» терминін біршама дәлді термин фокализациямен алмастыруды ұсынады: хикаяттаудағы не мына немесе не ана персонажға қатысты реттеліп отыратын көзқарастар ауысымын оптикалық құралмен теңестіріліп, бір сөзбен айтқанда, әңгіме кімнің тарапынан өрбісе де онымен еш байланысты болып келмейді. Фокализация нөлдік (бәрін қамтушы автор), сыртқы (персонаждарды тек іштей қарастыратын «бихевиористік» хикаяттау) және ішкі (хикаяттаудың не ана, не мына персонаждардың «көзімен» берілуі) болып келеді. Фокализация хикаяттау барысында өзгеріске ұшырауы да ықтимал; бір персонаждағы ішкі фокализация басқа персонажға қарағанда сыртқы фокализация болып табылуы да мүмкін. Сыртқы және ішкі фокализация (бейтұлғаттық («не-личного») және тұлғаттық («личного») хикаяттау тәртібі) айырымының критерийін Женеттқа дейін Р. Барт («Хикаяттамалық мәтінге құрылымдық талдау жасауға кіріспесінде») ұсынған болатын: мәтін үшінші жақтан жазылса да, оның ішікі фокализациясы бірінші жаққа еш семантикалық ноқтасыз транспонданып, тек есімдіктер мен етістік формаларын ауыстыруға ұшыратады, мысалға – «Джеймс Бонд алдынан алып бара жатқаны жоқ жасы елулердегі еркекті көрді…»; дәл осындай қайыра түзілімдердің мүмкін еместігі («Бокалдағы мұз бөлшегінің өлеусіреуі Бонды әлдебір ойларға жетеледі…») сыртқы фокализацияда орын алады.
Хикаятшының орны («кім айтты?») Женеттің соңғы санаты етіс санатымен (французша – «голоса») анықталады. Әңгімелеуші айтылған тарихтан тысқары немесе оның ішінде болуы да, оның персонажы болуы да, не болмауы да ықтимал. Хикаяттық мәтін бір емес, бірнеше тарихты өз бойына сыйдырып, олар қарапайым қосар жағдаяттық (соположение) емес, өзара кіріге бітіскен күрделі метадиегетикалық конструкциялар (кірістірме новеллалар және т.б.) түзе алады.