Абай мен Шәкерім дүние есігін ашқан құнарлы топырақта өмірге келген Қалқаман Сарин қазақ поэзиясында өзіндік орнын қалыптастырған көрнекті ақын. Осы уақытқа дейін алдынғы буынның үздік өкілі Фариза Оңғарсын апамыздың, орта буыннан адуынды, рухты ақын Бауыржан Жақып секілді дуалы ауыздардың құрметіне бөленіп, ақ батасын алған жан. «Мұзарт», «Бәйтерек», «Меломен», өзгеде таңдаулы топтар мен белгілі әншілердің ән-сөздерінің авторы ретінде кеңінен таныс. Жалпы ақындық өнерде биязы, майда, сыпайы, қоңыр сипатымен ортасына сүйкімді азамат. Оның байлығы өзі айтқандай Алла нәсіп еткен өлеңі, айналасын қоршаған адал достары. Осы тұрғыдан ол «қала сайын үй салған» бай адам.
Осы кезге дейін ақындар мен шешендер «өмір қамшының сабындай қысқа» десе, біздің Қалқаман «Бұл өмір қысқа құстың тұмсығындай» деп жаңа теңеу тауып, шынында уақыттың барған сайын қысқарғанын меңзеп, келте, доғал заманның салып ұрып өтіп бара жатқанын тұжырады. Адам жаратылғандардың ең озығы ақылдысы болса да, ең нәзік әлсізі екені ақиқат. Сол шындықты «Қар жаумай, қазан ұрмай, солып қалар, Қайтейін ғұмырымды гүлден нәзік» деп дәл бейнелейді. Оның «жүрек сөзім» атты өлеңдері мен «жібек сезім» атты әуенге арналған жырлары оқырмандар мен тыңдармандарын тәнті қылған туындылар. Сіз мына жолдарға назар аударыңызшы!.. «Жазмышты жазып өтермін, Жазылып қойған маңдайға» дейді. Не байқадыңыз? Ақынның өлеңдерінің ұзын ырғасы мінәжат жанры деуге болады. Ол Құдай берген өлеңін Құдай-Тағаланың ризалығына қызмет еттіріп жүрген адам. Жазып өтермін, жазылып қойған жазмышты деп тұр… Жазылып қойса, кім жазып еді? Шақтап, шамалап жазып қойған Автор кім? Әрине, Ол—Алла екенін Қалқаман ақын астармен айшықтап жақсы жеткізген. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас” деп Абай атасы айтса, Мұқағали «Бәрі рас айтқанының ақ Алланың» деп жалғапты. Осынау ұлы көшке тұлпарын қосқан Қалқаман Сарин адаспайды деп түйдік.
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, ақын
ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАСАҢ…
Жақсылық жасасаң,
АНАҢА жаса,
Жаныңа медет сұраған.
Көрсетпей сол жан саған оңаша,
Көзінің жасын бұлаған.
Жақсылық жасасаң,
ӘКЕҢЕ жаса,
Жасытпай сені өсірген.
Кемеңгер сол жан қатеңе қоса,
Кемшілігіңді кешірген.
Жақсылық жасасаң,
ЖАРЫҢА жаса,
Жанарында ойнар жалт-сезім.
Жарыңның жанған бағынан аса,
Жалғанда не бар, айтшы, өзің?!
Жақсылық жасасаң,
БАЛАҢА жаса,
Жаратқан берген сол – бақыт!
Ұл-қызың оны бағаламаса,
Ұрғаны Құдай сорлатып!
Жақсылық жасасаң,
АУЫЛЫҢА жаса,
Жәудіреп қалған жас шағың…
Барғанда сені бауырына баса,
Бақытқа бөлер басқа кім?
Жақсылық жасасаң,
АҒАҢА жаса,
Арқа тұт асқар тауыңды.
Ал, олар, шіркін, алаламаса,
Артынан ерген бауырды…
Жақсылық жасасаң,
ІНІҢЕ жаса,
Жат бауыр болман, жоқ! – десін.
Күнара емес, күніге жаса,
Күдерін үзіп кетпесін.
Жақсылық жасасаң,
ҚАРЫНДАСЫҢА Жаса,
Бөленсін шаттыққа!
Жүреді қанша жаныңда, сірә,
Жаралған тағдыр жат жұртқа.
Жақсылық жасасаң,
ДОСТЫҚҚА жаса,
Жауға да бермес өр кеуде.
Өкініп сосын өксіп балаша,
Өтпесін өмір шерменде.
Күлерсің кейін көзіңе жас ап,
Көңілің босап жыларсың.
Жақсылықты осы өзіңе жасап
Жүргеніңді іштей ұғарсың!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ ТА СҰЛУ БОЛАДЫ ЕКЕН-АУ!..
Жүрекке тəн ізгілікке ұмсыну,
Жалындаған аңсар сезім – от-алау.
“Жалғызбын…” деп жабығады бір сұлу,
Жалғыздық та сұлу болады екен-ау!
Жамалы бар, Таң секілді жаңа атқан,
Жанарында жалт-жұлт етіп таза бақ.
Сұлулықпен сүйіншілеп, Жаратқан,
Жалғыздықпен кетіпті оны жазалап.
Білем, Сезем, Қылық емес еш құптар,
Жазықсыз жан Жазмышқа кіріптар.
Сұлулықта өкініш бар, өксік бар,
Жалғыздықта қорқыныш бар, күдік бар.
Тағдыр бөлек, Жан, мұң бөлек біздегі,
Ғұмыр біреу. Оның өзі шектеулі.
Сұлулықта салқындық бар күздегі,
Жалғыздықта жылылық бар көктемгі.
Дегбір қашып, Демде шөгіп көңіл – нар,
Жанға батар орман ойдың зіл жүгі.
Сұлулықта жаңылысқан өмір бар,
Жалғыздықта сағыныш бар жып-жылы.
Арманыма болмай ынтық, ынтызар,
Бəлкім, мен де білмес едім бақ құнын.
Сұлулықта шаттық үн бар, күлкі бар,
Жалғыздықта тəтті мұң бар, Тəтті мұң!..
Қаншама рет, Бұл өмірде өлшеулі,
Бақ пен нала, Ақ пен қара арбасты.
Сұлулықта қоштасу бар ең соңғы,
Жалғыздықта махаббат бар алғашқы.
Бəрі өткінші, Сезінгенің, Сезгенің,
Тыңдау керек жүрек үнін, əуезін.
Сұлулықта өмірі бар өзгенің,
Жалғыздықта жалғыз жұп бар. Ол – өзің!
* * *
Көктем көшіп келеді енді аз күнде,
Ал, мен күзді аңсаймын. Нем бар күзде?
– Елең-алаң күй кешіп, ей, көңілім,
Сонша мұңды болардай сен жаздың не?
Бір мəңгілік бақыт кеп орнайтындай,
Көктемді адам аңсайды талмай, тынбай,
– Оған дейін ештеңе болмағандай,
Одан кейін ештеңе болмайтындай.
Енді ешбір жан егіліп жыламастай,
Енді ешбір жан сүрініп құламастай,
– Аңсары ауар көктемге жас біткеннің,
Ол да өткінші дегенге құлақ аспай.
Құр қиялдан тұрғызып алтын сарай,
Алғанменен алданып артынша оңай,
– Ақиқаттың көзіне қарай алмай,
Адам өзін жұбатар бəлкім, солай.
…Енді аз күнде кетеді қыс аттанып,
Қалды өмірі көп болса үш апталық.
Сосын, көктем келеді бар ғаламның,
Қызыл-жасыл гүлдерін құшаққа алып.
* * *
Көп қарғаның аңдығаны – өлексе,
Көрінгенге болған емен кіріптар.
Менде өйткені ешкімде жоқ ерекше,
Сағыныш бар, Махаббат бар, Үміт бар!..
Тәңір-Ием олжа беріп, о, бастан,
Иесі еткен һәм адами ғұмырдың.
Ашылғанда алақаным – көк аспан,
Жұмылғанда – қара жердей жұмырмын.
Сағыныштың сары уайым түбі, әттең,
Сабыр қашып күзгі ормандай сыңсимын.
Біреулердей бұғып қалып бірақ мен,
Жалтақтамай шын сағынып, шын сүйдім…
Махаббаттан, мейірімнен ЕҢ ҰЛЫ,
Жаратылған болмысым бар бірегей.
Бұл күндері күздей налып көңілі,
Еркеліктің естіледі үні өгей.
Тағдырымды түсіне алмай түйсініп,
Тар көрініп көп кещеге кең мекен.
Менің сұлу ғұмырыма сүйсініп,
Бұл өмірден өтеді олар… Мен де өтем!
* * *
Қондыра алмай бақытты қолға құт қып,
Бірімізді біріміз орға жықтық.
Адамзаттың арқалап бар күнəсін,
Бара жатыр айналып жер жарықтық!
Тимесін деп еш зиян жерге осынау,
Тынбай дұға қылайық, кел, досым-ау.
Жаралғанға тəн қылық сабыр ету,
Жаратқанға тəн сипат пенде сынау.
Не қыламыз өкпе артып бұл жалғанға,
Қалдырмады қу жалған кімді арманда?!
Өткен күннің қайғысын ұмытамыз,
Көктем-гүлдің қауызы бүр жарғанда.
Ұмытамыз бәрін де пенделікпен,
Жеңіл қарап мінезбен желге біткен.
Ескі қорым есігі тозып бітті,
Ешкімің де қалмады елде күткен.
Жұдырықтай жұмыр ет құсқа айналып,
«Ұшам» дейді, қанатсыз ұшпайды анық.
Жүрегімнің қалауын жасай алмай,
Тіл байланып, отырам тіс қайралып.
Құрсауынан шыға алмай ішкі мұңның,
Қабағыма тағыда түсті кірбің.
Қауырсындай нәп-нәзік жаным бір күн,
Қанатынан үзілер құс – ғұмырдың.
АРҚАТТАҒЫ БІЗДІҢ ҮЙ
Ауыл. Түнді жамылып ап,
Түгел тылсым көшке еретін.
…Біздің үйдің шамы бірақ,
Бәрінен де кеш сөнетін.
Ай көңілге нұрын сеуіп,
Қиял құштық үйге сыймай.
Кеш батса да жүруші едік,
Кешіп бастан күйді осындай.
Тұла бойдан текті аңқытып,
– Болармысың мұнша қырсық,
Әкеңе айтам! – деп қорқытып,
Жүреді Анам жұмсақ ұрсып.
Анам – момын, Әкем – қатал,
Бір біріне жақын, серік.
Кілең ұлдар қатар-қатар,
Кілем үсті жатушы едік.
Шілде күні. Өрт айнала,
Терезеден түскен арай.
Ойын қуған өңкей бала,
Оянушы ек түске қарай.
Жалаң аяқ жаз өтеді,
(Есейдік-ау біздер ептеп.)
Жаңа киім қажет еді,
– Не киеміз? Күзде – мектеп.
Ақ көйлекті (ағамдікі),
Кетседағы сарғыш тартып,
Киім қылып маған бүтін,
Беруші еді сәл қысқартып.
Таңсәріден, тым тымырсық,
Мектеп бардық таласа ерте.
Қалтамызда – құрт, ірімшік,
Арқамызда – ала сөмке.
Ауылдағы үй! Бақ, ырысым,
Бақытым да – өзіңде еді.
Саған деген сағынышым,
Содан бері көз ілмеді.
Бар байлығым сенде менің,
Өтсе дағы уақыт сырғып.
Жаратқанға тәубе дедім,
Жаратпаған бақытсыз қып.
АВТОРДАН АҚПАРАТ
Сарин Қалқаман Айымғазыұлы – 1978 жылдың 2 қаңтарында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданының Арқат ауылында дүниеге келген. 1994 жылы орта мектепті, 1998 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тарих факультетін бітірген.
Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, «Алтын қалам» әдеби сыйлығының жеңімпазы. ҚР Үкіметінің «ДАРЫН» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты. ҚР Жазушылар одағының мүшесі. «Арманымның бейнесі» атты жыр жинағының авторы.