Жыр жазу деген – азап, от,
Әйел боп туған болмысқа.
Жаныңда титтей маза жоқ,
Жолың да тайғақ, қол қысқа – деп Фариза ақын жырлағандай, жаны мен жүрегі нәзіктіктен құралған әйел адамға қалам ұстап, жыр жазу жанкештілік. Поэзия аруларының Фариза ОҢҒАРСЫНОВА бастаған тізбекте осы Толқын ҚАБЫЛШАНЫҢ да есімі орын тапқан. Оның өлеңдерін оқыған оқырманның нәзік сезім мен сұлу суретке кез болмасы мүмкін емес.
Жүрек түбіндегі әрбір қыздың айтылмайтын сырын осы өлең жолдардан табуға, жырмен бірге егіліп, жырмен бірге биікке шарықтауға әбден болады. Шалқар шабыттың кілтін тауып, өзіндік стиль қалыптастырған Толқын ҚАБЫЛШАНЫҢ өлеңдерінен ендігі оқырманның да өз бейнесін айнадан көргендей боларына сөзсіз сенемін.
Айгерім ҚИЫҚБАЙ
жазушы
КӨЗ ЖАСЫН КҮН СҮЙЕТІН КӨКТЕММІН МЕН…
Сыр іздеп өткен күннен,
Кеткен күннен.
Күмілжіп,
кімге айтамын, өкпемді мен?
Күлкісі күрсінісін көлейгелеп,
Көз жасын күн сүйетін көктеммін мен.
Кім ұққан?
Жанымның бар арпалысын.
Кім ұқсын?
Жүрегімнің әр қағысын.
Мен мәңгі қарыздармын мына өлеңге,
Кеудемнің күліп атқан әр таңы үшін.
Аңсау мен жанды өртеген сағыныштың.
Сертімен сергелдеңнің,
Сабылыстың.
Жаңбырдай жауа алмаған аласұрам,
Өртеген әр мезетте жалыны іштің.
Осылай көктем болып күн кешемін.
Көк бұлтпен,
ақ жауынмен тілдесемін.
Жазмыштың маған қиған ғанибетін,
Ақын боп туылмасам білмес едім.
* * *
Үнсіздіктің ұлылығын ұқтырып,
Жанарларға сағыныштан шық тұнып.
Әр күн сайын,
Бақыт кейпін безбендеп,
Ғұмыр кешу-
бәлкім, біздің мықтылық?
Ақиқатқа жазмыштағы бас ұрып,
Аңсағанын ақша бұлттан жасырып
Біздің бақыт,
кезікпеген күндер ме?
Тәңіріне жасай алмай асылық.
Жалқылығы жұбата алмай түнекті,
Аспанға айтып, жанды жеген тілекті
Бәлкім,бақыт,
күнәсі жоқ түндер ме?
Жаныштайтын
Жазығы жоқ жүректі?
Базынасын батқан күнге ұқтырып,
Таң атқанда қарашыққа шық тұнып.
Терезесін күзету ме тірліктің?
Тағдырым деп,
маңдайдағы мықтылық.
Кім білсін?
* * *
Өн бойымның өлең бе әлде киесі?
Мен еместей.
Мына жанның иесі.
Жұдырықтай жүрегімен алысқан.
Періште емес.
Пері де емес күй осы.
Бір тылсым бар,
Ыршып мына кеудемнен.
Байыз таппай,
секунд сайын сенделген.
Бір құдірет құлазытып жанымды,
Бір құдірет әлек оны емдеумен.
Бір ұшқын кеп,
Ізгілейді тәнімді.
Бір ғажайып бағатындай хәлімді.
Мың сан күйді бір мезетте сүрем мен,
Бір мезетте,
Сағынамын бәріңді.
Өзімді-өзім
Оңашада тергеумен.
Жанның дертін,
жүрмін бе әлде емдеумен?
Ғұмыр осы,
Киесі оның бір өлең.
Жер мен Көктің арасында сенделген.
* * *
Іздемейсің, біздер сірə, бөтенбіз?
Бəлкім, бəлкім,
Болдық іңкəр бекер біз?
Жапырағы желмен ұшып жоғалған,
Қайда барып,
паналайды екен күз?
Сол күз ғайып,
Біздің жаққа қыс келді.
Мен ұмыттым,
өзің жайлы түстерді.
Қанатымен қиқу қағып аспанда,
Сонау көктен танытады құс белгі.
Сонау көктен сыбырлайды таныс үн.
Іздемейді ол,
сендік сезім бəрі сын.
Жақының да,
жалғызың да емес ол,
Бəлкім, бəлкім, ең аяулы танысың?
Күрсініс пе,
Қимастық па қол бұлғап,
Қарды құшып, күмілжиді біздің бақ.
“Көктем əлі бір келер”,- деп мен жүрмін,
Қайда жүрсіз,
мен ұнатқан күзді ұрлап?!
* * *
Маңдайдағы бағым сірә, бес елі,
Аз болмады соған лайық сорым да.
Бір кем дейді,
Дүниенің есебі.
Тепереші қалар кейін қолыңда.
Бәзбіреулер баз кешкенде әлемнен.
Бір кем дейді,
бақ пен сордың себебін.
Неге ендеше,жанұшырып келем мен?
Өзегімнен өшпесін деп өлеңім.
Бір кем болса,
ғұмыр күннің ғажабы.
Ессіз сүйген кеудемдегі шаттығым.
Неге ендеше жүрегім бар жазалы?
Неге ендеше, басылмайды аптығым?
Енді біреу:
«Бәрі жалған» деседі.
Ақиқат боп өлең қалсын соңымда.
Маңдайымның бағы білем, бес елі.
Тағы да мұң.
Тағы да сор жолымда.
* * *
Сен сүйетін көктемімнің көзінен,
Мөлтілдетіп тамшы мұң.
Тайқымаған тағдырымның тезінен,
Тағы бір сыр аршыдым.
Сен баспаған көшелерді кездім де,
Жоқ іздерден жаңылдым.
Жылап тұрып,
Сені ойладым сездің бе?
Қолын бұлғап тағы мұң.
Сен құшпаған қиялымның әрбірін,
Құла дүзге лақтырып,
Сағыныштың сарқып іштім әр күнін,
Тамағыма тас тұнып.
Сен ұнатқан болмысымның бағамын,
Жатырқадым сосын мен.
Өзгеге емес,
Өзіме айып тағамын.
Сәттер осы, безінген
Солай…
ДОСТЫ САҒЫНУ
Қалқаман Саринге
Болса да жаным сергелдең,
Өлеңді ғана дем көргем,
Асу да асу белдерден,
Құла дүз, елсіз, шөлдерден,
Құс қанатымды талдырып,
Бір мейір таппай сенделгем.
Тірлікте мынау сан сынақ,
Қажыр- қайратты қамшылап,
Қатігез күнмен алысқам,
Тәңірден тосып тамшы бақ,
Талайлы тағдыр тезінде,
Қажытпап еді сан сұрақ.
Жат болып бүгін жақыным,
Келтелеу болып ақылым,
Арғымақ жырдың мен сүйген,
Терлете алмай тақымын.
Аңғалдау сенім баз кешіп,
Толарсағымнан саз кешіп,
Аласарып жүр асылым …
Айналам толы бөтен боп,
Базынам артқан бекер боп,
(«Айналайының» құлақта)
Бақытгүл досым жырақта,
Жалғыздық құшып жүрмін мен,
Сағыныш елін мекендеп.
Жалғыз- ақ сөзден ұғатын,
Сендерге қашан жетем деп.
Сәулесін шашқан күндей боп,
Жамандықтарға сенбей көп.
Жанарым төгіп бір шуақ,
Жадырап ғұмыр кешсем- ді,
Жақсының бәрі сендей боп.
Қоңырқай жүзді, күн қақтым!
Құлазып бәлкім, мұң шақтым!
Арқамнан қақшы, арда дос!
АВТОРДАН АҚПАРАТ
Толқын Қабылша Шахарбекқызы – «Шабыт» Халықаралық Шығармашылық Фестивалінің жүлдегері. «Жаныммен жалғыз кешкем мұң», «Жаңбырдағы сағыныш» жыр жинақтарының авторы. Республикалық жыр мүшайраларының жүлдегері. Жырлары қазақ радиосының лирикалық сағаттарынан оқылып тұрады. «tolkyn.com» авторлық сайтының иесі.
«Қазақстан-Қызылорда» телеарнасының редакторы, журналист-тележүргізуші. Тікелей эфирде өтетін «Өмірдің өзі» ток шоуын, «Өмір- өлең» лирикалық хабарын, мемлекеттік тілді насихаттайтын «Маржан сөз», «Тіл таным» бағдарламаларын жүргізеді. Халықаралық Жазушылар Одағының мүшесі.