Сәрсенбі, Мам 17, 2017
Home > 1 > ТІЛЕУҒАБЫЛОВА ДАНА АЙДАРҚЫЗЫ

ТІЛЕУҒАБЫЛОВА ДАНА АЙДАРҚЫЗЫ


%d1%82%d1%96%d0%bb%d0%b5%d1%83%d2%93%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d0%bb%d0%be%d0%b2%d0%b0-%d0%b4%d0%b0%d0%bd%d0%b0-%d0%b0%d0%b9%d0%b4%d0%b0%d1%80%d2%9b%d1%8b%d0%b7%d1%8b-320x240

1997 жылы Абай ауданы, Көкбай ауылында дүниеге келген.

Республикалық М.Мақатаев атындағы мүшәйраның І орын иегері. Университетте өткен «Жас ақындар жырлайды» атты мүшәйрада «Бас жүлдені» иеленген.

«Өлеңге мен құмармын…» атты шағын жыр жинағы жарық көрген.

Қазіргі таңда Шәкәрім университеті журналистика факультетінің 1-курс студенті.

 

 

 

 

                 ҚҰРАЛАЙ

Домаланып уақыт жылжып көшеді,

Ауық- ауық мамыр желі еседі.

Өмірінің басы болды біреуге,

Құйып тұрған құралайдың нөсері.

 

Аңыз шығып бұл мезгілге әр елден,

Жетім малдар пана көрмей сан өлген.

Қалың жаңбыр қапталынан ығысып,

Сонау жылы, құла түзден лақ өрген.

 

Жамыранып тау бетін аралаған,

Суық нөсер төбеден табалаған,

Кейбіреуі анасын таба алмай жүр,

Жылы емшекке жабысып мамалаған.

 

Құралайдың аяқтары талысқан,

Ана жүрек баласына жан ұшқан.

Өксік жасын өзекке байлап алып,

Киік Ана қарап тұрды алыстан.

 

Белден басып заңдылықтың өлшемін,

Қия алмай жүрегінің бөлшегін.

Артына бұрылып кеп, Ана киік,

Баласына байлады тас емшегін.

 

Белгісіндей жаңадан шығар Айдың,

Арылуда қаптаған сонадай мұң.

Сезімін көріп тұрып құралайдың,

Жанымда қалып қойды құралай мұң.

 

  САҒАТЫМА ҚАРАП ТҰРМЫН СЕН БЕРГЕН

 

Сағатыма қарап тұрмын сен берген.

Сағынтпай-ақ өзі қайтып келер деп,

Қуанышқа мені тағы бөлер деп,

Сары күзде сықырлаған суықта,

Тонып тұрған бетімнен кеп сүйер деп.

 

Сағатыма қарап тұрмын сен берген.

Қайта оралмас тосып тұрмын жолынды,

Сөз айтар деп бар сезімге толымды.

Сен жоқ жерде ылғи мұздап жүретін,

Жылытар деп қалтыраған қолымды.

 

Сағатыма қарай берем үздіксіз,

Жылдағыдай емес биыл біздік күз.

Өзгелердің жалған айтқан сөзі үшін,

Арамызды бір-ақ сәтте үздік біз.

 

Қуаныш дәмін өзі келіп кезесе,

Бұрыңғыдай пәк сезімге бөлесе.

Сенен ылғи өктем санап жүретін,

Мына менде тәкаппарлық мың есе.

 

Сағатыма қарай берем сен берген,

Естелік қой сол кешегі күндерден.

Баяғыдай бола алмаймыз қайтадан,

Бұның бәрі қате екенін білгенмен.

 

Сағатыма қарай берем сен берген,

Куәсі деп сол кешегі бақыттың,

Бір пұшпағы алтын күміс жақұттың.

Сағат тілін кері бұрап қояр ем,

Әттең, шіркін,

Патшайымы бола алмаймын уақыттың.

 

Бөлісу:

Жауап жазу

Your email address will not be published. Required fields are marked *

+ 45 = 49