«…Уақыт қарқыны зымыран. Күні кеше өткен сияқты уақиғалар бүгінде тарих беттеріне айналып та үлгірді. Бұл жаңа мемлекет пен жаңа қоғамның дүниеге келуінің азапты толғаққа толы, сонымен бірге ғаламат сәті еді. Сол сәт әлі аяқталған жоқ, бірақ ең қиын белестерден аса білдік. Ең қиын жылдар дәл қазір артымызда қалды, сондықтан да мен еліміздің еңсесі биіктей беретініне сенемін.»
(Н.Назарбаев)
Иә, азапты толғақтың арты аты әлемге жайылған Қазақтай елді өмірге әкелгені рас. Кешегі Жәнібек пен Керей негізін салған қазақ мемлекеті бес ғасыр уақыт өткен соң қайта қанат жайды. Өлі менен тірінің күнін көріп, басына қанша нәубет түссе де мұқалмаған қазақ, тілі мен ділін, дәстүрін сақтаған қазақ, қайтадан өмір есігін ашты. Жүрегіне жолбарыстың батылдығын жиып, көздеріне қыран құстың өткірлігін құйып, ақ пен қараның шегін шешендігімен қиып қазақ қайтадан тірілді.
Алтай мен Атыраудың, Ертіс пен Еділдің, Арқа мен Алатаудың арасы – қазақтың алтын бесік Ата жұрты. Осы бір ұшқан құстың қанаты талған байтақ мекеннің байырғы иесі де қазақ халқы. Тарихын тасқа қашаған кешегі бабаларымыз тәуелсіздік ұғымын тұлпарлардың тұяғымен, сұңқарлардың қанатымен өлшесе, егеменді елдің ендігі ұрпағы ел мен елді, жер мен жерді алалап тұратын «алабағандарды» адамзат санасына ортақ «ақылмен» айырбастады. Оған дәлел, құрсақтағы тағдырлардың тәлкегіне, адамзат анасының көз жасына айналған, аузынан айдаһардай от шашқан атомнан алғаш болып бейбіт түрде бас тартуы, тәуелсіздігін енді алып тамыр жая бастаған жас мемлекеттің Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, беріден айтсақ сауда нарығына сапа енгізіп Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы. Бұл – қазақ елінің маңдайына біткен көшбасшысының кемеңгерлігі.
Біз тәуелсіздік ұғымын қалай түсінеміз? Бала кезімде ұстазымыз тәуелсіздік жайлы сурет салыңдар десе, алдымен көк байрағымызды бейнелеп, жанына елтаңбамызды суреттеуші едім. Ал, аспанға қыран құстың қалықтап жүргенін келтіретінмін… Сөйтсем, бұл – менің санамдағы «еркін ой», яғни, «Тәуелсіздік» екен. Ал, қазір ше?
Мен сияқты тәуелсіздік те есейіп-ержетіп келеді. Небары 25 жыл ішінде көптеген белестерді бағындырдық. Етек-жеңін жинаған ендігі есті ел Тәуелсіздік ұғымын ұлттың руханиятымен етене жақындастырып, ұрпақ санасын тәуелсіздік философиясына сусындатуда. Ұлттар ынтымағын негізге алған Қазақстан халықтар ассамблеясының да бұл жерде атқарар рөлі аса зор.
Халық ауқаты жақсы мемлекетте оның руханияты да мықты болмағы анық. Бұл жайлы Елбасының жазба еңбектерінде айтылған. Айтқандай, ел экономикасын аяғынан тұрғызып, сауда ұйымына мүшелік етуімізде алдын-ала жоспарланған «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» бағдарламасының орны ерекше. Бәсекеге қабілетті жаңа мемлекеттің соны идеологиясы мен бағыт-бағдары, өзіндік тәжірибесі бар болуы шарт еді. Міне, ол күнге де жеттік, Тәубә!
Енді, тарихи шегініс жасап көрейікші. Керей мен Жәнібек хандық құрған тұста Асан-Қайғыдай (Асан Сәбитұлы) халық кемеңгері қазақ елінің өніп-өсер шұрайлы мекенін, яғни, «Орда» болып орналасар орынын іздеді. Мақсаты, қазаққа «Мәңгілік» мекен болар «Жер-Ұйықты» табу еді. Асан-Қайғының осы бір арманы 5 ғасырдан кейін Тәуелсіз қазақ мемлекетінің идеологиялық тұғырына айналды.
Идеологиялық тұғыр деп отырғанымыз – әрине, егеменді еліміздің бүгінде ұстанып отырған «Мәңгілік Ел» саясаты. Осы сөздің астарында тарихтан тартқан тамыр бар, болашаққа бағыттар мақсат пен мүдде де бар. Мәңгілік – ол мемлекет. Мәңгілік – ол жер. Мәңгілік – ол Ел. Мәңгілік – ол ұрпақ. Мәңгілік – ол сана. Олар мәңгілік үстемдік құрған елде ТӘУЕЛСІЗДІК ұғымы жасай бермек!
Амантай ТАҢЖАРЫҚҰЛЫ,
Өскемен қаласы.