Армысыз, аға!
Жақсы ма хал мен жағдайың?
Жеңгеміз қалай?
Хатпенен сәлем жолдайын.
Қазағым қалай, алыста аман жатыр ма?
Сұрай кетейін реті келсе ел жайын.
Сағынды ма екен Алтайым туған баласын,
Бара алмай жүрмін шегара бөліп арасын.
Ет жүрегін суырып берген Алтайдың,
Алыста жүріп емдеймін қалай жарасын.
Тулай ма әлі Қабадай қайсар анашым.
Сағынып жүр-ау, көзінің ақ пен қарасын.
Күркірей ағып тау тасқа соғып жағасын,
Іздеп жүрме екен кіндігін кескен баласын.
Өр Алтай, Қаба!
Туған жер алтын бесігім.
Мен үшін қымбат мәңгілік сенің есімің.
Өзіңде кеше кіндікті қиып, шыр етіп
Балалығымның тербеткен анам бесігін.
Балалық елес ойымды ылғи сығалап,
Қараймын кейде анамнан сурет сұрап ап.
Қазағымның қорғаны болған өр Алтай,
Өсіп ем сенде тай – құлын бұзау қуалап.
Сағындым аға, Алтайдың тауын тасында,
Бағы бар оның бармақтай ғана басында.
Қазақ пен Алтай егіз ұғым еді ежелден,
Бөле алмас ешкім, хақысы да жоқ расында,
Өр Алтайымды жырыңа қосып айта жүр,
Алтайдың бағы қазақтың ғана қасында.
Таңжарыққызы Айнұр