АУДАРМАЛАР
Иван Бунин
Күз
Сарғайған гүлдер, сірə, көп,
Күз келсе, баққа үңілем.
Тамшылар – дымқыл тұман боп,
Қалықтап тұрды күнімен.
Жауратты ызғар жер-шөпті,
Аулақта – Орман, шерлі едім,
Сүйінші сұрап көрсетті,
Алтыннан тіккен көйлегін.
Тыңдап көр сен де жаныңмен,
Тыныштық – ол да сырлы өлең.
Ұлиды бұл күз сағыммен,
Ұлиды қоштасуменен…
Аралап көрші бұл күнде,
Алқоңыр бақтың арасын.
Жолдарға, шамға, гүл, түнге,
Жас төкпей көзің қарасын.
Естімес ешкім даусыңды,
Күрсініп жүрек үлгерді.
Есіңе ал ескі маусымды,
Есіңе ал есіл түндерді.
Ес жиып, сосын көктегін,
Үміт қыл келер уақытты.
Қайтармас бірақ көктемің,
Бұйырмай кеткен бақытты…
Вадим Шефнер
Сүю бұл – бір күннің бесінші бөлігі,
Кеш емес, түн емес, күн де емес, таңы да.
Сен келсең – түнде де Күн нұры төгілді,
Сен кетсең – кеш түсер таңсəрі жаныма.
Сүю бұл – бір жылдың бесінші уақыты,
Күз де емес, Һəм көктем, жайдарлы жазың да.
Қыс та емес, сірə бұл – жаныңның бақыты,
Өзіңнің еркіңде: шаттығың, назың да.
…Сүюге ұқсамас əлемде ештеңе,
Бала шақ, қарттық та, жастық та – бəрі емес!
Сүю бұл – өмірдің бесінші бөлігі,
Жай ғана…
Петрарка
О, егерде үйлессе жүрек – сезім,
Арман – тұнық, жалынды болар ма жан?
Ысырылып содан соң түнек кезім,
Ашылғанын аспаным, қалар ма жан?
Болса да айқын ойларым санамдағы,
Əлсіз, нұрсыз емес пе ол алайда?
Жарылып бір ұяттың жанартауы,
Ез тірліктің шынысын шаға алмай ма?
Жан ауырып, кегіммен, көз жасыммен,
Өзімнен өзгені артық сүйдім, кешір.
Тұтқындамын, əуремін өз басыммен,
Махаббаттың мұңына күйдім, кешір.
Сенсіз лаулап, алдыңда мұздап барам,
Көкірегім суынды. Сенім – тұман.
Мен осылай өзіңді сүюменен,
Сынға төздім, – төзбесем сенің кінəң,
Мадонна!..
Пушкин
Элегия
Ессіз күндердің елесі сөніп,
Бұлыңғыр тартып, кетті ме менен?
Шараптан құйшы, бəріне көніп,
Қайғымды үнсіз шектірген, өлең.
Мендік жол – мұңлы. Басқанда түнек,
Кешірсін ғалам болсақ күнəлі.
Құрғақ уəдеден қашқанда жүрек,
Теңіздің исін аңсап тұрады.
Алайда, достым, өлгім келмейді,
Аңсаудан мені арылтпа бекер.
Көктемнің жүзін көргім келмейді,
Көгінен күздің қалықтап өтер.
Көзімде сосын егілер ғалам,
Кеудемді жұмбақ тылсыммен тіліп.
Жалт етіп сонда көрінер маған,
Күлімдеп тұрып күрсінген үміт.
Есенин
Сырнайы сығанның – самал жел сыңсыды,
Көрікті ару қыз, күлкісі өзгеше.
Көгілдір көзінен сырғанап мұң шығы,
Тұрғанын мен көрдім, өзі тек сезбесе.
Жырақта – екеуміз, жанымыз – бір демде,
Сен – алау жалынсың, мен – шоқтай маздадым.
Айналып ақ қарға, сен тағы күлгенде,
Төбеңнен өлең боп төгіле жаздадым…
Мен үшін қоңыр жел – қоңыр сөз, ақырғы,
Пәк күлкің – тудырды-ау адамнан ақынды.
Шекспир
сонет 8
Əнбісің, жаным, əуелеп тұрған,
Бұлбұлдың əлде дауысы?
Жалығар ма едің көбелек мұңнан,
Бір ғұмыр – қанат қағысы.
Сыры не сендік күрсінісіңнің,
Жүрсің бе мұңға оранып?
Үрлесең отын құлшынысыңның,
Жалғыздық кетер жоғалып.
Тыңдашы, əнін сырнай-ғаламның,
Өзіңдей ол да əнші еді.
Тағаттап сосын тыңдай қалармын,
Құшағыма алып мен сені.
Меңзейді бізге періште жел кеп,
Жалғыздық жолы – өліммен тең деп.
Авторы: Біржан Ахмер