Моңғолия сәрсенбі күні тұңғыш спутнигін ғарышқа ұшырды. Бұл туралы «Рейтер» агенттігі хабарлайды.
«Осыдан он жыл бұрын негізі қаланған жобаны аяғына дейін жеткіздік. Бұл – болашаққа жасалған тарихи қадам. Біз Моңғолияның өзінің тұңғыш спутнигін ғарышқа ұшырып отырғанын мақтан етеміз», – деп мәлімдеді Моңғолияның Ұлы мемлекеттік хуралдың төрағасы Миеэгомбын Энхболд. Моңғолия парламентінің сайтында спутникке Mongol Sat-1 деген атау берілгендігі және елде телехабар, телекоммуникация мен кең ауқымды хабар тарату мүмкіндігін кеңейтуге жол ашатындығы айтылған. Спутниктік бұл жоба Asia Broadcast Satellite (ABS) операторымен бірлесе отырып жүзеге асқан.