Шығыс Қазақстан облысында Көкпекті ауылында үйге баса-көктеп кірген екі адам отбасы мүшелерін түгел байлап тастап, үй иесін өлтірген, ал оның туысын ауыр жарақаттаған.
Қаскөйлер үйден бір миллион теңгеден астам қаржыны алып, оқиға орнынан қашып кеткен. Оқиға қыркүйектің 10-нан 11-не қараған түні ШҚО Көкпекті ауылы Авдеев көшесінде орналасқан үйлердің бірінде болған.
«Белгісіз екі адам үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін атып өлтірген, оның туысын соққыға жыққан. Алған жарақатынан ер адам сол жерде көз жұмыпты. Екінші адам ауруханада қайтыс болды. Қаскөйлер үйде болған екі әйелді байлап-матап, 1 млн теңгеден астам қаражатты алып, оқиға орнынан қашып кеткен», – деп хабарлайды ШҚО ІІД баспасөз қызметі.
Қылмысты ашу үшін ШҚО ІІД мен Көкпекті аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерінен арнайы жедел-іздестіру тобы құрылды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында қылмыстық іске қатысы бар деген күдікпен Көкпекті ауданының 3 тұрғыны ұсталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлайды ШҚО ІІД.
Қарақшылық және кісі өлімі бойынша полицейлер тергеу жүргізіп жатыр.