Ресейлік мықты технарь-экономист, ғалым Болат Ескендірұлы Ниғматулин «Аргументы недели» апталығының биылғы № 41 санында осы елдегі экономикалық ахуалға өте жақсы талдау жасаған екен. Соны оқып отырып, осы көріністі біздің елдің жайына көшіріп әкеле қойсаң, «жараса» кетер екен деп ойладық. Ойладық та, ұлты татар Бөкеңнің біраз ойларын орысшадан біраз «ойып» алып, өз оқырманымызға ұсынуды жөн көрдік.
-Ұлттық валютаның төменгі бағамы (керісінше, доллар мен еуроның жоғары бағамы) экспорттаушыларға тиімді. Біздің жағдайымызда – шикізатты шетке шығарушыларға тиімді. Бірақ рубльдің төменгі бағамы ішкі өндіруші үшін де пайдалы болуы мүмкін еді. Ол импорттық тауарды бәсекелес ете алмас еді. Ол отандық аналогтармен салыстарғанда, өте қымбат болып шығар еді. Ел отандық тауарды насихаттың күшімен емес, «суық ақылдың» арқасында сатып ала бастар еді. Доллар мен еуроның жоғары бағамы президент (Путинді айтады) үнемі айтып жүргендей, сол ішкі өндірісті қолдауға көмектеседі, сонда халықта жұмыс та бар. «В идеале» осындай болса керек. Бірақ іс жүзінде қалай? Біз секірмелі түрде, екі аттап, рубльдің бағамын екі жарым есеге бір-ақ құлаттық. Ішкі өндірістің өсімі үшін жағдай жасалған, бірақ ол үкімет мүшелерінің бұдан әрі не істеу керек екендігін білмеуінен өспей отыр. Соның нәтижесінде біз импорттың «топастықпен» өсуіне тап болдық, ал соның ізімен отандық өнімнің да бағасы өсіп отыр.
Ал, Бөкеңнің осының алдында ғана экономикалық даму министрі болған Орешкин жайында айтқаны мынау:
-Оның басында ештеңе де жоқ (Қазақша айтқанда, ми жоқ дегені ғой). Мүлдем сауатсыз! Абсолютно ноль! Оның орнын Решетников басты. Не өзгерді? Ештеңе. Нольді нольге ауыстырғанда не болушы еді?!
-Біз, Ресей, экономикалық держава ретінде жыл өткен сайын әлсіреп келеміз. Ал әлсіздерді тепкілейді. Жунглидің заңы солай. Оған кінәлі – елдің ішіндегі бұрыс экономикалық саясат. Біздің халық жай ғана кедей емес. Тақыр кедей. Біздің басты проблемаларымыздың бірі – кедейлік емес, ал қоғамның екіге бөлінуі. Елдің 3 пайызының қалған 90 пайыз халықтың қаржы активін иеленіп отыруы – салауатты мемлекеттің емес, ал жабайы капитализмнің нышаны. Бізде «өте-мөте» бай адамдар «өте-мөте» шоғырланған. Бұл орайда олардың капиталы елге қызмет етпейді. Олар мұнда ештеңе тұтынбайды, шет елге шығарып барып, сол жақта тұтынады. Олар ақшаны осында табады да, ана жақтың экономикасын қолдайды. Олар бізге қарсы жұмыс жасап жатыр.
Бөкең осылай дейді. Біздің елде бұрынырақта ересен білікті экономист, марқұм Қанат Берентаев осылай-осылай ойып-сойып салушы еді. Ресей, қанша дегенмен де, алып ел. Сол елде осылай болып жатқанда, біздің хәліміз нешік екен деп дүдәмал ойға кетесің кейде…
«Жерұйық» ақпараттық порталы.