Бензин неге қымбаттады? – 2

591

 «Жерұйық» порталы жанар-жағар майдың қымбаттауы мәселесіне бұған дейін «Бензин бағасы неге қымбаттады?» деген тақырыппен арнайы экономикалық сараптама арнаған еді. Бүгін халық үшін көкейтесті жәйтке айналған проблемаға екінші қайтар оралып отыр.

Министрліктің уәжі

Мәжіліс депутаты Альберт Рау жанар-жағармай нарығында баға келісімі және картельдік ке­лі­сімдер бойынша тергеу жүр­гізілуі керек деп санайды.

– Жыл басынан бері АИ-92 маркасы Алматыда – 160, Нұр-Сұл­танда – 170, Ақтауда – 172, Аты­рауда 200 теңгеге жет­ті. Бұ­рын ведомство баға қым­­бат­тауын импортқа тәуел­ді­лік­пен, мұнай өңдеу зауытын­да­ғы (МӨЗ) жөндеу жұмыс­та­ры­­мен түсіндіретін. Бұл жолы Аты­рау МӨЗ-індегі техноло­гия­лық қон­дырғылардың апатты жағ­дай­­да тоқтауымен байланыс­ты­­ра­ды. «Объективті себеп­ті» әр­қа­шан табуға болады. Бі­рақ бұдан қара­пайым көлік жүр­гізу­ші­лері зар­дап шекпеуі керек. Бен­зин баға­сы­ның өсуі тауар, тариф және қызметтер бағасының өсуі­не де әсер етіп, ақырында бұл қа­ра­пайым тұтынушының қалта­сы­на салмақ түсіреді, – дейді депутат.

Энергетика министрлігі мұ­най өнімдерінің бағасы нарық­тағы ұсыныс пен сұранысқа бай­ланыс­ты реттелетінін айтады. Үкі­мет неліктен бензин бағасын қол­дан арзандатуға қауқарсыз? Мұн­дай әдіс неліктен тиімсіз? Ведомство былай жауап береді: «Егер баға төмен болса, отандық өнім көрші нарықтарға кетіп, өз нарығымызда тапшылық туын­дайды. Ал егер баға жоғары бол­са, профицит туындап, қойма­ларға бензин толып, бұл мұнай өң­деу зауыттарындағы қайта өң­деу көлемінің азаюына алып ке­леді. Жанар-жағармайға төмен ба­ға­лар дәлізі жер қойнауын пай­да­ланушылардың қайта өң­дел­ген шикізатқа төмен баға ұсынуы арқылы субсидияланып кел­ді. Қазір Атырау мұнай өңдеу зауытына жеткізілетін мұ­най ба­ғасы тоннасына 20-45 мың тең­ге ара­лығында құбылып тұр. Қай­та есептегенде барреліне 6,5-15,2 долларды құрайды. Бұл ретте мұнай бағасы барреліне 60 доллардан асып кетті» делінеді министрлік хабарламасында.

Ведомствоның хабарлауын­ша, егер баға қолдан төмен­де­тіл­се, онда мұның игілігін қа­зақ­стан­дықтар ғана емес, шекаралас облыстардағы көрші елдер азаматтары да көріп кетеді. Екіншіден, мұнай өнімдері «көлеңкелі» жолмен экспорттала бастайды. Үшіншіден, мұ­най-газ саласының тұрақты дамуы­на үлкен қауіп төнеді. Аль­берт Рау болса, министрлік жа­нар-жағармай нарығындағы жағ­дайды тұрақтандыру үшін шұ­ғыл шаралар қабылдап, бензин бағасын реттеудің тиімді тетік­терін әзірлеуі және енгізуі керек деп есептейді.

Баға неге басынды?

Халықаралық рейтингтік GlobalPetrolPrices.com сайтында 12 сәуірдегі жағдай бойын­ша Қазақстандағы бензин бағасы 171,6 теңге, дизель бағасы 183,4 теңге деп көрсетілген. Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, бензин бағасы қайта кеш өсіп отыр. Ол 2020 жылы-ақ көтерілуі керек еді деді:

– Елімізде бензин бір жыл бойы өзін­дік құнынан төмен сатылып келген. Мысалы, біздің мұ­най өңдеу зауыттарына мұнай баға­сы барреліне шамамен 30 дол­лардан, яғни әлемдік бағадан екі есе төмен жеткізіледі. Егер шикі мұнай бар­релін литрге ауыс­тырсақ, қазақ­стандық мұ­най­дың бір литрі әлемдік нарық­та шамамен 170 теңге тұрады, ал бензин қазір литріне осы баға­ға жақындап қалды. Яғни да­йын өнім мен шикізаттың баға­сы шамалас. Мұнай, кез келген та­уар сияқты өзіндік құнға ие жә­не ол жыл сайын валюта бағамы­на, инф­ляцияға, соның ішінде жал­ақы­ның өсуіне байланысты өсіп отыруы қажет.

2019 жыл­дың соңында бензинді көтерме және бөлшек саудада сатуға акциз салығы көтеріліп, 2020 жылдың 1 қаң­тарынан бас­тап, жоғары акциздер қол­да­ныс­қа енді. Бензин құны сегіз теңгені құрайтын акциз 18 теңгеге дейін өсуі тиіс еді. Бірақ жаңа жылдан бастап жанар-жағармай құю бекеттерінде баға көрсеткіші 10 тең­геге өскен жоқ. Мұны «ескі» қорлар­дың жаппай сатылуымен немесе нарық қа­тысушылары мар­жасының төмен­деуімен тү­сін­діруге болады, дейді сарапшы.

– Негізгі фактор – нарық пен нарықтық қатынастар. Соңғы 9 жылда үкімет пен жанармай нарығының ойыншылары мұнай өнімдері саудасын бир­жаға шығаруға дайындық жүр­гізіп келді. Биыл 31 наурызда Қазақстан тарихында алғаш рет АИ-92 және АИ-95 бензиндері биржалық алаңда сатылды. Сәуір айында Атырау мұнай өңдеу зауыты, Павлодар мұнай-химия зауыты, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» өндірген АИ-92 және АИ-95 бензиндерін сату үшін 6 сауда сес­сиясы өткізілді. Қазақстанның мұнай өң­деу зауыттарына ірі көлемде мұнай жет­кізу­шілер сатушы ретінде қатысты. Бүгін­ге дейін көтерме бағаның өсуін тежеп келген осы кәсіпорындар болатын. Бир­жа­дағы сауда қандай өзгеріс әкелді? 6 сауда сессиясында АИ-92 бензин­нің көтерме бағасы 30 пайызға өсті. Ешқан­дай алыпсатарлық әрекет болған жоқ. На­рық­тың барлық ойыншыларына мүмкін­дік теңдей ұсынылды. Сатушы сатып алушыны көрмейді, сатып алушы кімнен сатып алатынын білмейді, – дейді М.Халық.

Алдағы болжам қандай?

Телеграмдағы FINANCE.kz ка­на­лы­ның бас редакторы Анд­рей Чеботарёв әзірге біздің бензин бағасының Ресейдегі баға­мен теңесе қоюы екіталай деп тұжы­рымдайды. Дегенмен жаз ортасына қарай литрі 200 теңгеге жетуі әбден мүмкін.

– Біздің ЕАЭО аясында энер­гетикалық ресурстардың ортақ нарығына бірігіп жатқанымызды ұмытпау керек. Жоспар бойын­ша нарық өз жұмысын 2025 жыл­­дың 1 қаңтарында бастайды. Биржа да сол келісім аясын­да іске қосылып отыр. Ор­тақ нарықты құру жобасы биржа­лық сауданы дамыту және на­рық­тың барлық қатысушысы үшін сауда-саттыққа тең қолжетім­ділікті қамтамасыз ету идея­сы­на негізделген. Бұл олар үшін бә­с­е­келестік ортаны қалып­тас­ты­рады, бағалардың ашықтығын қамтамасыз етеді, – дейді.

Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы Қазақ­стандағы бензин бағасы қолдан теже­ліп келді. Соның өзінде ішкі нарық­тағы сұранысты толығымен жауып қана қоймай, жанармай экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік берді. Тіпті былтыр акциз­дің өсуі де бағаны өсірген жоқ. Ал енді жа­нар-жағармай биржасында ашық сау­да басталып еді, тежеліп тұрған фактор­лардың «тынысы ашылып», баға еркін өсе бастады. Мұны табиғи заңдылық әрі пайда деп қарау керек, дейді сарапшы. Яғни баға өсуінің ар­қасында сала мо­дер­­низация шы­ғын­дарын жауып, экс­порт­тық по­тен­циалды арттыруға күш салып, отандық мұнай экспортын әрта­рап­тандыруға мүмкіндік алады.

– Баға тұрғысынан бәсеке­лестік ар­қа­сында біз Ресейге кім, қанша тонна бен­зин алып бара жатыр деп шекарада күзе­тіп тұрмай, оны өркениетті және ашық түрде саудалап, соның арқасында өн­ді­рісте жұмыс орнын құрып, жо­ғары жалақымен қамтамасыз ету­ге мүмкіндік алуы­мыз керек, – дейді А.Чеботарёв.

«Байдильдинов. Нефть» ав­тор­лық бағ­дар­ламасының жүр­гізушісі Олжас Бай­діл­динов «мұнай өндіретін елде бензин ар­зан болу керек деген – қате түсінік» дейді.

– Тауар өзіндік құнынан арзанға сатылмайды. Бұл туралы айтқанда адам­дар Парсы шығанағын, Араб елдерін мы­сал­ға келтіруге құмар. Мәселен, БАӘ-де АИ-95 бағасы – 255 теңге. Ресейде 250-270 теңге шамасында. Қазақстан мұнайы өз са­пасына байланысты барреліне 60 доллардан сатылады. Бір баррелде 159-160 литр мұнай бар. Яғни 1 литр шикі мұнай – 170 теңге. Қазір отандық бекет­терде АИ-92 бағасы шамамен осы бағаға жетті. Одан бөлек мұ­най­ды зауытқа жет­кізіп, қайта өңдеп, одан тағы 2-3 мың шақы­рым жол жүріп жанармай бекетіне апару, еңбекақы, салық, акциз төлеу керек. Қаймақ пен май бағасы сүттен қымбат­тап кетсе ешкім таңғалмайды. Ал өн­діру­шілер жанар-жағармай отынын қымбаттатса, наразы болады. Олар үнемі минусқа жұмыс істей алмайды ғой, – дейді сарапшы.

Мұнай-газ саласының сарапшысы Жанат Мұсабаевтың айтуынша, биржа баға өсіміне тікелей әсер етті деп са­нау­ға болмайды. Өйткені биржада бүкіл бензиннің 10 пайызы ғана сатылды. Қал­ған 90 пайызы әлі дәстүрлі жеткізу және келісімшарт жолымен сау­далануда.

Сарапшылардың айтқанынан ұқ­қаны­мыз, өндірушілер онсыз да жылдан астам уақыт өнім­ді нарықтағы құны­нан төмен баға­ға жеткізді. Шығынды экс­порт­тық түсім есебінен жапты. Енді олай жалғастыра беру мүм­кін емес. Өйткені әлемдік мұ­най бағасының арзандауы экс­порт­тық түсімнің төмендеуі­не әсер етті. Былтыр қаңтарда мұнай­­ды қайта өңдеу акцизі литрі­не 5-7 теңге­ге көтерілді. Ал биыл «Қазақстан темір жолы» темір жол тасымалы бағасын 13 па­йызға өсірген. Осындай қысым­дардың өзіне төтеп беріп, кеш қымбаттап жатқан бензин үшін де тәуба айту керек дегенге саяды сарапшылар пікірі.

«Жерұйық» ақпараттық порталы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз