Рухани саладағы жеңілістеріміз өркениет жолындағы қазақ қоғамының өзара бірегейленуі мен тұтастануына ауыр соққы болып отырғаны белгілі. Рухани азғындаулар мен ауытқулар, этикалық, эстетикалық дезинтеграциялар, шектен шыққан көргенсіздік пен бассыздықтар ұлттың біртұтас болып ұюына кері әсерін тигізуде. Тобырлық психология жалпылама сипат ала бастады. Тұтынушылық дүниетаным мен іс-әрекет форматы басымдылыққа ие болып, ұлттық қасиеттер мен адами құндылықтар кері ысырылуда. Мұндай тобыр өкілінің діттегені де басқа, өмірлік ұстанымдары да өзгеше. Жасампаздық іс-әрекетті тұтынушылық менталитет ауыстыру үстінде. Сезімдік, тәндік қажеттіліктерді қанағаттандыру, көңіл көтеру, өмірден тек ләззат іздеу, сауық-сайран салу, құмарлықты басу адамдар іс-әрекетінің жетекші тетіктеріне айналуда. Мұндай сипаттағы адамдар саны жыл санап көбейіп келеді, болашақта да көбейе бермек. Ондай адамдардың дүниетанымы рухани құндылықтардан алшақ. Мұндай тіршілік иесі өзгенің ақылына сенгіш, бөтеннің кеңесін қабылдағыш, еліктегіш, сыртқы ықпалға бейім болып келеді. Онда сыни ойлауға орын жоқ. Манипуляцияның объектісіне жиі айналып, қателіктерге көп бой алдырады. Олар тұтынушылық қоғамның жемісі және басты субъектісі. Іс-әрекеттерінде этикалық нормалар мен адамгершілік ұстанымдар жиі ауысып, жауыздық пен ізгілік, әділеттілік пен әділетсіздік, ар мен арсыздық жиі орын алмасып тұрады. Мұндағы басты себеп – рухани мешеулік, жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптаспауы. Ондайлар үшін тобырлық сана шеңберінде қалу әлдеқайда тиімді және ыңғайлы. Осы жағдайда тәуелсіздікті қалай қорғай аламыз?
Бізде тұтынушы қоғамды қалыптастырып отырған мұндай ағымдарға қарсы тойтарыс беретін рухани күштердің қайнар көзі қайда? Жасампаз рухани күштердің тиімді тетіктері қандай деген сұрақтар туындайды. Әрине, ойға бірден оралатын құндылықтар, ол – отансүйгіштік, патриотизм, ар, намыс, ұят, әділеттілік, парасаттылық, білімпаздық, еңбекқорлық, достық, өзара сыйластық, өзара көмек, мәдениеттілік және т.б. құндылықтар. Аталған құндылықтарды қоғам санасына сіңірмей тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсіну әсте мүмкін болмайтыны сөзсіз.
Төлеуғали ҚАЙЫРЖАНҰЛЫ,
философия ғылымдарының докторы, профессор