Тоғас хан туралы: Аңыздан ақиқатқа!

1059

Біз бала күнімізден бері қай жерде болса да жөн білетін үлкендердің Тоғас атын айтсаң болды «Е, хан Тоғас қой» дегенін үздіксіз естіп өстік, әлі де естіп  келеміз. Ал, Тоғас баба жөніндегі аңыз шежіре әртүрлі нұсқада бұрмаланып  айтылады. Мысалы  «Тоқтарқожа, Толымқожа деген екі жігіт әлдеқайдан ауып келеді. Толымқожа керей ішіне кетіп Тоқтарқожа Байыс биді паналайды» деп келеді. Одан әрі Тоқтарқожа Байыстың жылқысын бағып кетіп, жұттан құтқарады. «Сол үшін Байыс би оған жалғыз қызы Мақтаны қосқан, одан Бәйжігіт пен Жанжігіт туған» дейді. Кейбір аңызда олар қожа болған немесе сарт еді  деп жатады. Бір – ақ олар қожа болып діни істермен айналыспайды, сарт болып сауда жасамайды.   Оншақты жыл өткенде Тоқтарқожа Жанжігітті ертіп еліне қайтады, Бәйжігіт анасы Мақтамен нағашысының ауылында қалып қояды. Сол Бәйжігіттен Тоғас, Жұмық, Мәмбет туады. Бұлар ер жеткен кезде қалмақтың ханы Қатаған қазақ жұртына шапқыншылық жасап, маза бермепті. Сол кездегі қазақты билеген Есім хан «кім –де кім қалмақтың ханы Қатағанның басын алса соны хан  тағына отырғызам»  деп жариялапты.  Сөйтіп, «Қатағанның басын алғаны үшін Тоғас батыр үш күн, кейбір нұсқада үш ай хан тағына отырыпты» деп келетін аңыздың ұзын ырғасы осы. Осыны айтқанда көбіміз бұл бабаны дәріптеу емес, мазақтау, дәлірек айтсақ қорлау екенін аңғармаймыз. Рулар арасында бір – бірінің атасын мұқата әзілдеу дәстүрі бар. «Үш күн» дегені бір басқа, «Үш ай отырды» дегендері кейінгі лауазымдық қызметтер пайда бола бастаған заманның қалыбымен айтылғанға ұқсайды, «үш айдан соң қызметтен түсіп қалыпты» деген сияқты. Ғасырлар салмағының тауқыметімен бұрмаланып жеткен аңыз деректерін тура мағнасында қабылдауға болмайды. Оларды тарихи оқиғалар желісімен салыстыра зерттесек қана шындыққа жақындай түсеміз. Бұрын шежіре дерегін салыстыратын бір жүйеге келтірілген «Қазақстан тарихы» ғылымының сындарлы жүйесі болмап еді. Кәзір ондай жүйе бар, олай болса ендігі адасудың жөні жоқ.  Оның үстіне, Есім хан  өз тағына үш күн отырғызыпты дегген әңгіме қисынға келмейді деп ойлаймын, дүниеде еш жерде ешқандай хан, патша, король болсын мейлі тағына тірі пендені отырғызған емес. Тақ уақытша наградаға берілмейді, ол биліктің ең жоғарғы символы,  ханның маңындағы адамдардың өзі киелі саналатын таққа отырмақ түгілі  қолын да тигізе алмаған. Сол тақ үшін жүз мыңдаған адамның қанын төккен Есім хан тіпті де  басқа адамды отырғыза қоймасы анық. Ешқандай хан «таққа отырғызам» деп албаты уәде бере алмайды да, өйткені ол кездегі қатал заң бойынша хан тұқымынан шыққандар ғана таққа отыра алады. Бұл қағида өте қатаң сақталады, мысалы, Моғолстанның негізін қалаған Полатшы әмірге кейіннен  «Ұлыс бегі» атағы берілген. Ноғай ордасын құрған Едіге би «әмір» атағымен кеткен. Барластан шығып 35 жылда 37 мемлекетті бағындырған ақсақ Темірдің өзі «әмір» дәрежесін қанағат тұтты. Жалаңтөс баһадурдың хандыққа қолы жетпегеніне төменде тоқталамыз. Ерекше ерлігі мен еңбегі сіңген, хан тұқымынан шыққан  батырларға ұлыс – аймақтар үлеске беріліп, сол жерде хан тағына отырғызу дәстүрі болғаны рас, ендеше бабамыз үлкен бір ұлыстың ханы болуы әбден мүмкін. Мұхаметжан Тынышбаев, Мұхтар Мағауин сынды зерттеушілер Тоғас баба өмір сүрген замандағы тарихи оқиғаларды сипаттаса, Тоғас ханның атын атап жазған Несіпбек Аитов, Камал Әблірахманов, Зейнолла Сәнік, Кәрібай Таңатарұлы, Сүлеймен би, Қалихан Алтынбаев сынды біршама авторлардың жазбаша деректері бабамыздың хан тұқымынан шаққанын дәлелдеп тұр.

«…Жиырма жыл бойы Шыңғыс ханмен алысып, жағаласып жүріп жағасын жыртқан найманның Күшлік ханы» болатын[1.] Ол Шыңғысханға бағынбай Тәжік жерінің Таулы Бадахшан өлкесіне дейін барған.  Күшлік хан осы жерде Жебе ноянның қолынан қаза тапты. Одан ары «… Жебе ноян наймандарды Қара Ертістің жағалауына қайтарып, одан 30 жыл уақыт өткеннен кейін Карпини мен Рубрук наймандардың негізгі тобын Тарбағатай тауының шығыс жағынан кездестірген болатын» [2.]. Осы оқиғаларға байланысты найманның Күшлік ханға ілескен негізгі тобы дүниеге тарап кетті. Жалпы Батыс Монғолия мен Алтайдан бастап Памирге дейін тағдыр айдап бытыраған наймандардың қайта бірігу үдерісі де үзілмегенге ұқсайды.  Алайда Он алтыншы ғасырда күшейген ойраттар одағының қысымынан  біздің өлкеміздегі түркі – найман тайпалары оңтүстік және орталық қазақстанға қарай тағы қоныс аударып еді.

К. Абдрахманов «Байыс бидің тұсында  басқа ұлттардың құрамында қалып қойған наймандардың үлкен топтары қазақ наймандарына қосылды» [3.]   деп жазады. Біз білетін аңыз шежірелерде сол тұста «ақнайманның» табылуы, Байғана мен Болатшы, т.с.с. руларының келіп қосылуы сияқты оқиғалар болғаны рас және ол кездейсоқ емес. Байыс баба бастаған аталарымыз тарап кеткен найман тайпаларын біріктіріп нығайтуға көп күш жұмсап, сауда керуендерін жүргізіп,  ел аралап, жатпай тұрмай айналысып үлкен ұлыс құрған сияқты. Осының нәтижесінде қазақ хандығының құрамында наймандардың  ықпалы арта түскен. Ол жөнінде Мұхаметжан Тынышбаев «1500 – 1625 жылдар аралығында Наймандар аса ірі саяси роль атқарды. Олар басқа руларға қарағанда жан санының артықтығына сүйенді» – деп жазады.[4. ]

Байыс баба бастаған ел көсемдері наймандардың басын құрап үлкен ұлыс құрағанын К. Абдрахманов та айтады. Ұлыстар Ұлы ханмен араласып елдің тыныштығы мен тұтастығын сақтау үшін хан тұқымынан басқаруға адамдар тарту дәстүрі тарихымызда кең тараған қатаң сақталатын тәртіп еді. Ұлыс басшылары әдетте өздері танитын, жақсы білетін төре – сұлтандарды тартады ғой, бұл заңды Байыс баба да сақтауы тиіс.  «Жер төбесіз болмайды, ел төресіз болмайды» деген мақал жай сөз емес, сол заманның заңы болған.  Билер мен әмірлердің  келген сұлтандарға қыз беруі, сөйтіп олармен туыстасу  салты да көп кезігеді. Оның үстіне  бір ұлысқа әмірі жүріп тұрған  Байыс би қызын әлде бір атажұрты белгісіз, ауып келген адамға бере қоймайды, өзімен терезесі тең, ел алдында еңселі орыны бар текті адамға берері сөзсіз. Ал жылқысын бақты деген дерекке келсек, ол кездегі ұлыстық деңгейдегі билеушілердің  жылқысы  он мыңдап саналатын. Және өзінің ең негізгі байлығы саналатын жылқыны олар кім көрінгенге сеніп тапсырмайды, ондай үлкен шаруашылықты ұйымдастыру, басқару, жұттан аман сақтау, жаудан қорғау дегеніңіз аса қабылетті, айбатты да жүректі адамның ғана қолынан келеді.

Ендеше  шежіредегі «Толымқожа керей ішіне кетіп Тоқтарқожа Байыс биді паналайды» деген дерек те шындықтың бұрмаланған түрі, олар келуі келген, бір-ақ адасып келген жоқ, бұрыннан силас биді паналап, осы ұлыстың билігіне араласу үшін келген сияқты, бұл әңгімені төменде тағы толықтырармыз.  Қабанбай батырдың тарихын 40 жылдан бері зерттеп жүрген Камал Абдрахманов Тоқтарқожаның хан тұқымынан екенін  дәлелдей түсу үшін одан әрі қарай: «Қаракерей Қабанбай 1724 жылы Түркстанда хан сайланды. Бұл – факт. Оның немере атасы Тоғас хан сайланды. Ар жағында шежіре мақұлдайтын тағы да тоғыз хан бар» деп сабақтайды[3]. Тоқтарқожаның бір ұлы  Мәмбеттің немересі  Қабанбайға Абылайдың  «Хан батыр» атағын беруі Ұлы қолбасшының батырлығы мен қатар тегіне де  құрмет көрсеткені шығар.

Соған қарамастан «Тоғас хан болмаған» деген пікір айтылып та жазылып та жүр. Ешқандай дерексіз тағы да айналып келіп  «қалмақтың ханы Қатағанның басын алғаны үшін таққа отырғанын» жазатындар да бар. Шындығында оларды да сөгетін емес, біз тарихын тануда тым кенже қалған елміз, кеңестік кезең көкірегінде көзі бар, көкейінде сөзі бар абзалдар мен дегдарлардың тұқымын тұздай құртты. Сөйтіп ғасырлар мұрасын бір біріне жалғап келе жатқан шежіре – дастандарды, ондағы шындықты  айтарманға айтқызбай, тыңдарманға тыңдатпай жүйесін бұзды, желісін үзіп желкесін қиды. Біз де сол қоғамның өніміміз. Ал енді Тоғасты «хан болмаған» дейтін азаматтардың айтатын уәжі: «Қазақтың хандары санаулы ғана, олардың арасында Тоғас деген хан жоқ» дейді. Санаулы дегенде олардың Керей ханнан Кене ханға дейінгі Ұлы хандармен ғана шектеліп отырғанын байқау қиын емес.  Бұған қарсы айтарым-қандай мемлекет болса да әкімшілік бөліктерге бөлінеді, «жалғыз кірпіш қорған емес, жалғыз ағаш орман емес» демекші қандай елді болса да жалғыз хан немесе жалғыз патша билемейді. Ғылымға тереңдемей-ақ мектептің оқулығын ашсақ  сол замандағы қазақ хандығының жүздерге, жүздердің ұлыстарға бөлінгенін көреміз. Жалпы жеті сатыдан тұратын хандық иерархияның төртінші сатысы «ұлыс – бірнеше ру – тайпалардан құралады, жаугершілік жағдайда он мың жасақ шығаратын ұлысты сұлтан немесе хан басқарады» дейді жаңағы оқулық. Олар Ұлы ханның алдында ант қабылдайды, оның жарлықтарын орындайды,  алым салықтар төлейді, құрылтайға қатысып керек уақытында әскерін бастап шығады. Ол кезде кәзіргі сияқты казармада жатқан тұрақты әскер жоқ, әрбір ер азаматтың бес қаруы сай болуы шарт, жаушылар жаугершіліктің жарлығын жеткізген  жағдайда ауыл ондық, аймақ (ата-аймақ) жүздік құрайды, ру – тайпа мыңдық, ұлыс түменді құрайды. Со сияқты ол кездегі билік жүйесін кәзіргі ақпараттық, қарым–қатынас құралдары жетілген заманмен салыстыруға тағы болмайды. Ұлы хан жүздер мен ұлыстарды басқаратын кіші хандар мен сұлтандарға сүйенеді, олардың қандайы болса да ұлы ханның пәрменін орындамаса, антты бұзса аяусыз жазаланатыны да содан. Біз білетін Тұрсын ханның бүлігі де соның айғағы. Негізінде Тұрсын хан қазақ хандығынның құрамындағы Тәшкент өңірі ұлысының ханы болған, оның қарауындағы  екі ұлыс Қатаған тайпалары жауынгер ел болған дейді. Соларды  бастап Есім ханға бағынбай бүлік шығарғаны үшін өзі ғана емес бүкіл үрім – бұтағы, жаңағы екі ұлыс «Қатаған» тайпасының халқы түгел жазаланды. Тұрсын ханның бүлігін басуға Есім ханды қолдаған, ел бірлігін ойлаған сұлтандар мен билер, батырлар мен әмірлер жұмыла кірісіп көп күш жұмсады. Осы жаугершіліктің бел ортасында жүріп, ел бірлігін сақтауға үлес қосқан батыр – қолбасшылардың біреуі – біздің бабамыз Тоғас Бәйжігіт ұлы екені айғақталды. Өйткені Тұрсын хан да оңай жау емес болатын.  1613 жылы қазақ ұлыстарын екіге бөліп Ташкентте өз билігін орнатқан, Есім ханға қарсы 14 жыл күрес жүргізген  Тұрсын ханның «кем дегенде жүз мың әскер шығара алатынын» белгілі жазушы Мұхтар Мағауин  дәлелдеген. Есім хан елдің шығысында Жоңғарларға қарсы жорықта жүргенде оның ордасы Түркстанға шабуыл жасап ел ішін бүлдірген Тұрсын хан мен Есім хан әскерлерінің арасындағы ақтық шайқас бірнеше күнге созылған екен. «Жеңіске жеткен Есім хан Тұрсынды қолдаған екі ұлыс  Қатаған тайпасын аяусыз жазалаған. Қатағанның арбаның күпшегінен бойы асқан еркек атаулысы түгел найзаға ілініп, әйел заты олжаға берілді. Соның салдарынан «іргелі елдің туын көтеріп отырған сегіз ұлыстың екеуі түнекке батыпты. Содан бері қарай қазақ мемлекетін құрған қауым «алты алаш» деп аталады»[5.51] дегенді белгілі жазушы М. Мағауин айтады. Осы қасыретті оқиғаны Қазақ тарихындағы үлкен трагедиялардың бірі деп санаған жазушы «Қатаған қырғыны – Есім ханның жеңісі емес, бүкіл Қазақ ордасының үлкен жеңілісі болды» деп жазады[5.51бет].

Осыған қарасақ – қалмақтың ханы Қатағанның басын алғаны үшін үш күн таққа отырды деген дерек, кей жерде «Тоқсан күндік Тоғас хан» деген де аңғалдықпен немесе әзілмен  айтылған, шындықтың бұрмаланған түрі болып шығады. Оның үстіне «Қатаған» деген қалмақтың ханы болған емес.

Біздің батыр бабаларымыз даңқты Жалаңтөс баһадүрмен замандас болған, бірге қимыл – қызмет жасаған. Оған белгілі ақын Несіпбек Айтовтың «Жалаңтөс» поэмасындағы мынадай жолдар дәлел бола алады:

«Жалаңтөс қамал бұзған алдыменен,

көрсетіп сол соғыста ерлік ерен» [6.] дей келе Есім ханның алдына қолға түскен Тұрсынның келтірілгенін, Жалаңтөстің ерлігінің басымдау болғанын сипаттай келіп «Есімнің бұйрығымен Тоғас батыр,

Тұрсынның басын алған шауып тұрып» [6.]   деген жолдар келтірген. Бұл жерде «ханның басын хан алады» деген қағиданың сақталғанын көреміз  Байыптаған адамға осының өзі қаншама деректер беріп тұр. Демек Тоғас баба Есім ханның сенімді қолбасшыларының бірі болған. Міне осы кезде ерекше қолдау көрсеткені үшін Тоғас батырға да «хан» атағы берілген, Жалаңтөс баһадурға ерлігі мен еңбегі басымдау болса да хандық дәреже берілмеген. Тұрсын ханды жойған соң Есім хан «Тұрсынның ұлы Болатты хан тағына отырғызды» дейді шежіре.  Жалаңтөстің хан болып сайланбау себебін:

«Бір кесіп екі қайта байламайтын,

Есімнің саясаты айдан айқын.

Болмаса Ақсүйектің тұқымынан,

Ол кезде қарадан хан сайламайтын» [6.]   деп жырлайды. Ақын бұдан әрі Жалаңтөстің Есім ханға өкпелеп Самарханға кетуін де сипаттай келе:

«Жалаңтөс Самарханды мекендеген,

Ойы жоқ қазағынан кетем деген,

Есімге өкпелеген сыңайы бар,

Хандыққа қарасынып көтермеген» [6.]  деп жырлаған. Сөйтіп бұл соғыстың нәтижесінде Тоғас баба хан болып, Жалаңтөс баһадұр Самарханның әміршісі болып еді.

Ол кездегі ұлыстар ірі тайпалардың аттарымен аталатыны мәлім, ендеше Байыс бабаның кезінен бастап жинақталып сол кезде ықпалды күшке айналған Наймандардың, әлде оның ішіндегі Төлегетей ұрпақтарының, болмаса тіпті Қаракерей тайпаларының жеке ұлыс болып он мың әскер шығаруы әбден мүмкін. Осы бір ұлысты билеген адамға «хан» атағы  берілуі де заңды. Атамыздың дәрежесін төмендеткіміз келмейді – ақ, бірақ үш ай Ұлы ханның тағына отырған адам туралы жазба деректе, немесе ауызша жыр дастанда бір белгі қалса керек еді, нақтылы ештеңе айтылмайы. Келешекте ондай дерек табылып жатса, талас жоқ. Бәлкім ол кісі хандық дәрежені алғаннан кейін үш айдан соң бірдеңеге ұшырады ма, кім біледі… Бүкіл қазаққа ортақ тұлға қасиетті Қабанбай батырдың дәрежесіне арысы «Найман» немесе бергі атасы Бәйжігіттің аты тіркелмей «Қаракерей Қабанбай» аталуы да тегін емес сияқты болып көрінеді. Қаракерей сол кезде алты алашқа танымал іргелі ұлыс болды ма кім біледі.

Жанама деректер бойынша қаншама зерттеушілер Тоғас бабаның хан болғанын дәлелдеп жүргенін айттық. Белгілі ақын Кәрібай Таңатарұлының: «Базарқұл мен Назарқұл, Хан Тоғастың баласы.

Таққа отырған Тоғасқа ешкімнің жоқ таласы» [7.]  деген жыр жолдары да осыны растай түседі. Осы келтірілген деректердің бәрі хан баба төңірегіндегі күмән мен күдікті сейілтсе керек еді. Аңыз – шежірелердің көбі бабаларымыздың арғы тегін Сәйбек ханға апарып тірейді. Сәйбек ханның толық аты – жөні Мұхамет Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди» атты еңбегіндегі деректер бойынша Мұхамед Шайбани – Шыңғыс ханның немересі Шайбаннан өрбіген ұрпағы, өзбектің ханы Әбілхайырдың шөбересі. Әбілхайыр хандығы тарағаннан кейін Хорезмге билік жүргізген, сонда 1510 жылы қаза болған. Тегі бойынша Шыңғыс ханның тұңғышы Жошының ұрпағы болып тұр. Ондай деректер тарихи әдебиетте көп кезігеді. Ал Тоғас бабаның арғы тегі жөнінде: «Атамыз Тоқтар қожа Сәйбек ханнан, кезінде озған екен мың мен саннан» деп келетін жыр жолдарымен қатар қырықмылтық Сүлеймен бидің шежіресіндегі: «Тарихты енді айтамын Тоқтарқожа, Сәдібек хан баласы тегі таза» деген шумағы бабамыздың арғы тегі хан тұқымынан екенін тағы да айғақтайды. Осы сұрақтың жауабын осындай аңыздардың басын қосып талдай келе 1991 жылы Нығмет Мыңжан айтқан. Оның дерегі бойынша «Дарабоздың түп атасы Өзбек хан, одан Қаракерей Қабанбайға дейін он бес ата, Қабекең он алтыншы. Және ең қызығы, Өзбек ханнан бергі аталары түгелдей «хан» деп аяқталады. Тоқтыхан, Тоқтамысхан, Тоғасхан, т. б.» [8. 18 бет.]. Бұл аңыздарда айтылатын Сәйбек ханымыз – сол Мұхамет Шайбани. Шежірелер мен ауызекі деректер бойынша ол кісінің аты Шаһибан, Шайбан, Шахибек, Сақибек, Сайбек болып өзгеріп айтыла береді.  Осындай шежірелерге қарап көпшілік Тоқтарқожаны Шыңғыс хан әулетінен деп санайды.

Зерттеушілердің көпшілігі Тоқтарқожа Сәйбек ханның баласы дегенді айтады. Шежіредегі оқиғаларды салыстырсақ немересі сияқты көрінеді дейтін де тұспалдар бар. Баласы болуы да  мүмкін, үйткені Мұхамет Шайбани   5 әйел алған адам екен. Тек қана Ақтайлақ би шежіресі «Сайбекханнан Тоқтамысхан, одан Тоқтарқожа, Толымқожа, Қойшыаға туды» дейді.

Алайда Сайбекхан көп шежірелерде «Найманбала» аталады, руы ауызға алынбайды. Камал Абдрахманов шежірелерде кезігетін «Арғы атам Тоқтарқожа Сәйбек ханнан» деген сөзді «Сәйбек ордасынан» деген тұжырымға үйлестіреді. Осы төңіректегі көптеген аңыздарды жинап, ерінбей жалықпай талдау жасайды. Оның бәрін келтіре беруге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Дереккөздерге сілтеме жасап отырмыз, қызыққан адам сол бойынша тауып оқуына болады. Сол деректерге сүйене келе  К. Абрахманов кейбір аңыздарда кезігетін «Найманбала» деген кісі атына назар аударады. «Қабанбайдың атасы – Тоқтарқожа» деген еңбегінде   К. Абдрахманов Тоқтарқожаның шығу тегі туралы – «Найманбала (Сәйбекхан) – Шәйбендерде аманатта өскен найман Елтұтқасының ұлы. Одан өрген Тоқтарқожа да найман емей, кім болсын?» еген уәж айтады. Сондай деректерді жинақтап, жан – жақтылы талдай келе «Бәйжігіт бабаның шығу тегі найман хандарынан басталады» деген пікірді ұсынадыы. Тағы бірқанша аңыз деректерді салыстыра келе «Байыс бидің жиі сапарға шығуының басты себебі сауда емес сияқты. Негізгі мақсат – найман атаулысын қазақ ордасына жинау. Осындай шаруа үстінде Байыс би Тоқтарқожамен танысып, ұғысып кеткеніне күмән жоқ. Екеуі әуел бастан таныс, сыйласымды». [3]. деген тұжырым жасайды. 

Мұхамед Шайбани қаза тапқаннан кейін Хорезм мемлекетінің ішкі саяси күресінің аяғы қанды қақтығысқа ұласып, кейін найманның таңдаулы тектілері өз еліне қарай қоныс аударған, солардың қатарында Тоқтарқожанның найман еліне келуін осымен байланыстыратын деректер бар. Хорезмдегі тақ таласы бүліншілігі кезінде бұл төңіректегі наймандарға қатер төнуі болды,  ол өз алдына ұзаққа кететін әңгіме. Міне, осы бүліншіліктен қашқан Тоқтарқожа бұрыннан байланысы бар, найманды жиып жүрген Байыс биді тура тауып келген, және Хорезмдегі бүліншілік басылып, тынышталғаннан кейін, бір ұлын ертіп, бір ұлын қалдырып еліне қайтуы – осындай қисыннан дейді зерттеушілер.

Күшлік ханға ақырына дейін ілескен найманның негізгі тобы «қара наймандар» болатын. Найманның хандары  осы «қара найманнан» шығатынын тағы да бізге шежіре жеткізеді. Ендеше Бәйжігіттің  арғы бабалары ешқандай қожа да, сарт та,  (Абай «сарт» деп тәжікті айтады) Шыңғыс әулеті де емес, найманның ұлы ханы Инанш Білге қағанның төңірегінен тарайды деген К. Абдрахмановттың тұжырымы екінші бір нұсқаны құрайды. Бұл тұспал бойынша Байжігіт Қаракерейге жиен болғанымен найманға жиен емес деген болжал қалыптасады.

Сонымен Тоғас ханның шығу тегі туралы екі нұсқа қалыптасты. Біреуі – тегі Шыңғыс, Жошы ханның ұрпағы дейді. Екіншісі – найман хандарының әулетінен деген болжам айтады. Бабамыздың шығу тегі туралы  осы екі нұсқаның қайсысына тоқтау керек – оны келешек ұрпақтың үлесіне қалдырамыз. Шын болса қазір ДНК бойынша зерттеу жүргізіп жүрген де азаматтар бар көрінеді, шырақ алып, архив қопарып іздеп жүрген зерттеушілер және бар, ендеше көп ұзамай нақтылы тоқтамға келер күнге де жетерміз.

Бабамыздың хан болуы туралы да екі нұсқаға тоқталдық, біріншісі «Қалмақтың ханы Қатағанның басын алғаны үшін үш күн таққа отырыпты, немесе үш ай таққа отырыпты» деген ел аузында көп айтылатын нұсқа. Екіншісі «Мемлекеттің тұтастығын сақтап қалу жолындағы еңбегі мен ерлігі үшін «хан» атағы беріліп, үлкен бір ұлысты биледі» деген, тарихи тәжірибеге бейім нұсқа. Бұл  мәселе де тиянақты зерттеуді қажет етеді, шындық келешекте ашылады деп сенеміз, қазіргі ұрпақ өкілі өз қалауы бойынша біреуін қабылдай тұрады, өз басым екі мәселе бойынша да екінші нұсқаларды шындыққа жақын деп санаймын. Ең бастысы – хан тұқымынан екені, қанша уақыт болса да хан болғаны талассыз шындық. Ендігі жерде біз күмәннан арылсақ, аңызды ақиқатқа айналдыра білсек, ортақ пікірге келіп бір арнаға тоғыссақ Тоғас бабаның да тарихи тұлғасы сомдалып қалар еді.

Бұл екі сұрақ бойынша айтылып жүрген тұспалдар әрине,  ғылыми жағынан толық дәлелденген тұжырым емес, аңыз – шежірелерді жинақтап, жүйелеген жеке зерттеушілердің пікірі.  Біздің тарихымыз аңызға толы, аңыз – шындықтың күнәсіз бұрмаланған түрі болады көбінесе. Дегенмен біз аңыз – шежірені айтушыларға алғыс айтуға тиіспіз, олар шындықты бұрмаланған формада болса да бізгі жеткізді, соның арқасында бабаларымызды танып білдік. Мысалы 90 – ншы жылдардың басынада Ойшілікте Тікқұлақов Сыдық ата бастаған ауыл ақсақалдарының бастамасымен Ойшілік ауылындағы мектепке «Тоғас батыр» есімі берілді. Оған сол кездегі ауылдық округтың әкімі Жұманкүл Баяхметова мен  мектеп директоры Сәкен Көнекбаевтар ерекше еңбек сіңірді. Неге олар «ТОҒАС БАТЫР» деген тіркесті енгізді десеңіз – кеңестік сенімнен әлі ажырамаған халық, әсіресе жастар мен орта буын өкілдері ол кезде «ХАН» деген атуды қабылдамас еді.  «Хан» деген ұғым ол кезде жауыз, жалмауыз, қатыгез, қанішер, қанаушы дейсің бе, қойшы әйтеуір бәрімізді қоса алғанда ел санасындағы ең жеккөрінішті атау болғандықтан оны сол кездегі үкімет те бекітпес еді. Ел ішінде «хандар» жөнінде қазіргі пікір қалыптасқан жоқ болатын да, «Батыр» ұғымы халықтың қорғаны, қаһарман ретінде тоқтаусыз қабалданатын болды. Қалай болғанда да бұл Ұлы баба есімін ұлықтаудағы алғашқы да үлкен қадам еді бұл. Келешекте бабамыз туралы ақиқат толығымен айқындалып, бір арнаға түседі деген сенімдеміз.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

  1. Жұртбай Т. Күшлік хан. E-histori.kz >media/upload
  2. Қарасаев Ғ. «Тарбағатай, жоғары ертіс өңірінің көне заманнан ХХ ғасырдың басына дейінгі жекелеген тарихынан», // Тарихқа толы Тарбағатай ІІ, Құрастырған Е. Оралбай, – Алматы. «Мерей» баспасы, 2017. 32 – 41 бет.
  3. Абдрахманов К. Қабанбайдың атасы Тоқтар қожа. – NaimanKZ. Yvision.kz.
  4. Тынышпаев М. История Казахского народа. – Алма – Ата: «Қазақ университеті»,  1993.
  5. Мағауин М. Қазақстан тарихының әліппесі. – Алматы:  «Қазақстан», 1995. 51бет.
  6. Айтов Н. Жалаңтөс (поэма). akparat.info
  7. Таңатарұлы К. Арман да арман, шын арман. Орысқа бодан болғанбыз. Kz.reps.org.
  8. Абдрахманов К. «Хан батыр – Қаракерей Қабанбай, Астана, 2001ж.18бет)

Т. Салқынбаев. Еңбек ардагері,

 ҚР Білім беру саласының үздік қызметкері.

Семей қаласы.

Пікір қосу

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда атыңызды енгізіңіз