Үржар ауданының Қарақол ауылдық округіне қарасты Сағат ауылы Сасықкөлдің жағасына орналасқан шағын ғана елді мекен. Халқы негізінен балық аулаумен айналысады. Мұнда 110 отбасында 500-дей жан тұрады. Аудан орталығынан жырақта жатқандықтан ба, мұнда атақты Қажымұқанмен үзеңгілес болған тағы бір әйгілі балуанның тұрғанын көпшілігіміз біле бермейміз. Рас, жетпісінші жылдары бұл жайлы облыстық «Семей таңы» газетінде жарияланды. Ол 1890 жылы туған Феофан Герасимович Лавренев деген түйе палуан болатын. Ақсақал осы ауылға 1940 жылы қоныстанып, жетпісінші жылдардың соңында бақилық болған. 1917 жылы Ресей чемпионы, 1918 жылы Еуропа чемпионы, 1926 жылы Воронеж қаласында өткен Дүниежүзілік чемпионатта Бас бәйгені жеңіп алған Ф. Лавренев келесі 1927 жылы Ижевск қаласында бұл атағын тағы қорғап қалады. Бұл жайлы Үржар ауданының Қарақол ауылында тұратын Мұрат Төлеуов (ақын Төлеу Көбдіковтің ұлы) ақсақал былай дейді:
– Сағат ауылында Қажымұқанның досы тұрады деген хабарды естіп, 1971 жылы барып таныстық, – деп бастады ол кісі әңгімесін, – Көлдің шығыс жақ жағалауындағы ұзынша келген аласа тоқал тамда тұрады екен. Бізді Феофан Герасимовичтің зайыбы Фаиза шешей жылы жүзбен, қазақша сөйлеп қарсы алды. Ақсақалдың өзі темір төсекте басына биік жастық қойып жатыр екен. Еңгезердей, жылы жүзді, қонақжай жан көрінеді.Қойған сауалдарымыздың барлығына да қанағаттанарлықтай жауап алдық. Ол кісі Беларуссияның Орша қаласында туып,17 жасында әке-шешесі Смоленск қаласына қоныс аударады. Спорт жолындағы алғашқы қадамы да осы жерден бастау алады. Әуесқой палуандардың басын қосып жүрген Аркадий Харлампиев деген адаммен танысып, жаттыға бастайды. Көп ұзамай бұла күші бойына сыймаған жас жігіт Смоленск қаласының чемпионы атанады. Енді Аркадий Харлампиев екеуі Мәскеуге, әйгілі Иван Лебедевке барады. Ол жас Феофанның күшіне, дене тұлғасына тәнті болып, өзінің циркіне қабылдайды. Мәскеуліктердің арасында аса құрметпен «Дядя Ваня» атанған Лебедевтің қоластында бірер жыл жаттыққан жігіт енді нағыз палуан болып шығып, үлкен күреспен белсене айналысып кетеді.
– Мұрат аға, мына бір суреттің тарихын сұрай алдыңыз ба? Сол жақ шетте қазақы шапан киіп, тақиямен тұрған өзіміздің Қажымқұан Мұңайтпасов емес пе!?
– Өзім де аяңдап осы суреттің сырын айтайын деп келем. Феофан Герасимович Қажымұқанды «Мухан» дейді екен. «А-а, Мұқанды айтасың ба, деп бір жымиып алды да, – әңгімесін одан әрі жалғады, – Дүниежүзілік чемпионат сәуір-мамыр айларында Девинье циркінде өтті. Мынау сурет 1913 жылы Мәскеуде, сол чемпионат басталар алдында түсірілген. Мұқан бұл доданың аяғына дейін қатыса алмады. Оның бірнеше себептері болды. Соның бастылары екеу: біріншіден, Мұқанның атын жарнамаларда «Ягоматта Муханура» деп жариялапты. Бұған жатып ыза болғанМұқан: «Мен жапон емеспін, қазақпын. Менің атым Муханура емес, Мұқан», деп қарсылық білдірген. Екіншіден, чемпионаттың қожасы оған «Поль Абс деген палуаннан жығыла сал» деген ұсыныс айтыпты. Оған әрине, намысты Мұқан көне қойсын ба. Ақыры Поль Абстың Мұқаннан жығылатынын білетін достары «бұл қатерлі әдісті қолданады» деген сылтаумен Мұқанды жарыстан шығарып тастайды. Бұған қатты наразы болған Мұқан Девинье циркінен Никитиндер циркіне ауысып кетеді. Сол жолы чемпионаттың қорытындысында Поль Абс бірінші орынды, Мартынов екінші, Кеннеди деген АҚШ палуаны үшінші орындарды иеленді де мен төртінші орынды місе тұттым. Мұқанмен сол 1913 жылы танысып, таныстығым достыққа ұласып кетті. Ол менің күрес өнерінде ұстазым болды. 1924 жылы Қазақстанға, Семейге келуіме сол кісі себепкер болды. Алайда, онымен боз кілемде белдесе алмадық. Белдескен күнде оны жеңіп кетуші едім деп және айта алмаймын. Ол асқан қара күш пен әдіс-айланың иесі еді», деп еді кәрі тарлан. Әттең, бір өкініш: Қажымұқанның досы болған осындай палуанмен әлденеше рет барып сұхбаттасып, өзіме қажетті деректерді алып алсам ғой. Алайда, бұған да шүкір. Шығыс Қазақстанда осындай әйгілі палуанның тұруының өзі бір ғанибет қой. Суреттерде: 1. Мұрат Төлеуов пен Феофан Лавренев. (1971 жыл).
- Бірінші қатарда шапанмен тұрған Қажымұқан. Феофан Лавренев соңғы қатарда оң жақтан екінші тұр.
Берікхан Тайжігіт, Аягөз ауданы.