30-дан астам ақтөбелік ғаламтордағы алаяқтарға алданып қалған.
Жылжымайтын мүлік саудалап хабарласқан белгісіз біреулер алаяқтық жолмен есепшоттарынан қаржы жымқырған. Қазір жәбірленушілер тәртіп сақшыларына арызданып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Ішкі істер департаментінің мәліметінше, алаяқтар «баспана сатып аламын» деген желеумен есепшоттың деректемелері мен құпия кодын сұрап алады екен. Кейін ақша аударудың орнына есепшоттарды босатып отырған. Алаяқтардың арбауына түскен ақтөбеліктердің қатарында ғаламтордағы дүкен тұтынушылары да бар. Түрлі жарнамаға елең етіп, алдын ала ақшасын салып жібергенімен, тауарды ала алмай қалғандар көп.
Нүргүл Қонақбаева, облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі:
– Интернет дүкендерден тауар сатып алу туралы хабарламаларға алданып, терминалмен «Киви-кошелек» арқылы қаржы құралдарын аударып отырған. Ақшаны алғаннан кейін қылмыскерлер бұрын жарияланған хабарландыруды жойып жіберген. Осылайша азаматтар берген тауарларын ала алмай және ақшасын қайтара алмай, алаяқтардың құрбанына айналған. Облыстық ІІД азаматтарды осы ақпараттарды ескере отырып, алаяқтардан сақтану қажеттігін ескертеді.