Аға буын өкілдері мен өз тұрғыластары арасында Абай өзін жалғыз сезінді. Сондықтан 1890-жылдары назары іні буын өкілдеріне ауады. Адал досты, сөзін ұғар адамды солардың арасынан іздейді. Төменде жақын айналасы – отбасы, ағайын-туыс һәм шәкірттерімен қарым-қатынасын сөз етпекпіз.
Қонақжай шаңырақ
Абайдың ағартушылығы тек інжу-маржан творчествосымен ғана өлшенбейді. Халық арасында өткізген сан алуан жиын, сұхбат, кездесу немесе түрлі ойындары да атқарған ағартушылық қызметі болып табылады. Мысалға кітап оқу мен шығармашылықтан қолы босағанда Абайдың алданышы қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақ пен дойбы ойнау болған. Қыр қазағы уақытқа бай, ешкім ешқайда асықпайды. Тұрағұл: «Көтібақ Көрпебай, мамай Смағұл, Құттықожа, Құдайберді, Ысмағұл сияқты ойыншы шалдар қысты күні келіп, ай жатып ойнап қайтатұғын» деп жазады. «Абай ауылы қысы-жазы өте қонақшыл, әрдәйім күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады, – дейді Көкбай. – Солардың ішінде «Абайдың түстігін жейміз» деп ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге, ел-елдің басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғыз құмалақ, дойбы ойнағыштар жатады». Абай өзі ұтса «ми ұтты ғой», қарсы жағы ұтса «тақтай баққан, ойын аңдыған қу ұтады ғой» деп, елді күлдіріп отырады екен. Ойын барысында осындай әзіл-оспақ, әңгіме, бірқақпай жыр жарысына да ерік беріліп, жиналған жұрт пайдалы дерек алып отырған.
Жоғарыда аты аталған Көрпебай (1823 жылы туған) жарықтық тоғызқұмалақтың ойын тақтасын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ойнайды екен. Бірде бірнеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Жидебайға таяу Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына: «Ауыл аман болса, мен Абай ауылына кеттім», – деп Жидебайға беттепті.
Әрі қарай Ниязбек Алдажаров ақсақал жазған естеліктен бір үзінді келтіре кетудің орайы бар. «Үйге сәлем беріп кіріп келсе, – дейді Ниязбек аға, – Көкбай, Ермағамбет тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін осылай қарай бұрылып кеткенін айтады. Сөз аңдып отырған Ермағамбет: «Абай аға, ақсақал өз ауылынан кейін осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой», – дегенде, жұрт ду күлісті. Абай жымиып күлді де, аналарға: «Көрпе-екең тоғыз құмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, ойнайын деп келді» дегенде, Көрпебай: «Ол рас», – деді. Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып Еркежанға: «Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік», – деді».
Осылайша қонақтар екіге бөлініп, ойынға кірісіп кетеді. Абай төреші ретінде бақылап отырыпты. Көрпебай өзінің асқан шебер ойыншы екенін көрсетіп, есе бермей ұта беріпті. Абай үйдегі кісілерге: «Сендер осы Тобықтыда тоғызқұмалақтан Көрпебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп ойнатып көріңдер», – деп тапсырма береді. Өнер иесін жақсы бағалайтын Абай жаңадан қазан көтертіп, ет асып Көрпебайға құрмет көрсетті дейді Ниязбек Алдажарұлы.
Абайға біткен бір мінез – өзінің оқып-білгенімен әрқашанда бөлісіп отырған. Кейі Халиолла жеткізген, кейі Семейден әкелінген – Дюманың «Үш нояны», «Король қатын Марго», Лесаждың «Ақсақ французы», Булганиннің «Қызыл сақалы» сияқты шығармалар Абай ауылында ертегі ретінде айтылып жүріпті. Абай орысша романдарды атқосшы Баймағамбетке айтып беріп, өзіне қайта айтқызады екен. Сонда Бәкең еш жаңылмай, майын тамызып, түр түсіне ене, нақышына келтіріп, кейде қозғалақтап жүріп айтқанда, естігендер аузын ашып, көзін жұмып елти тыңдайды екен. Осыған оқушы балаларды бір арбаға отырғызып Семейден елге қайтқанда, жолшыбай Абай шерткен «Бақтажар», «Қырық уәзір», «Жұпар қорығы» сықылды ертегі-әңгімелерді аңыз-әңгімелерді қосыңыз. Мырзаханның көккөзді Баймағамбеті қайталап айтқыш өнері үшін «Абайдың ертегішісі» атанды.
Көтібақ Жиренше бидің баласы Мұсылманқұл (1879-1953) айтады: «Жас кезімде өз әкеммен еріп, Абайдікіне бара беруші едім. Абайдың өз аузынан естіген әңгімелерім өте көп – олар қазақтың атақты батырлары, ақылды адамдары жайында; Иран, Араб, Қытай, Үнді, Рум жұрттары, батыс еуропа халықтары жайынан; адам сүйсінерлік жақсылық, ерлік, я жан түршігерлік айуандық жөнінде, я болмаса бір елдің мінез-құлқын мысал ету, бұрынғы өткен ғалымдар жөнінде; ғылым, өнер жайлы төңіректің төрт бұрышының хабарын сол кісіден естуші едік. Болмаса оқымаған біз Аристотель, Сократ, Әбу-Сина, Ескендір, Ақсақ Темір, Шыңғыс, Абылай жайлы әңгімелерді қайдан білейік».
Жиреншенің Мұсылманқұлы, екінші баласы Құлсүлеймен (Құлке) де есті, көзі ашық азамат болып өскен.
Эпопеяның «Шайқаста» атты тарауынан мынадай үзінді келтіре кетелік. «Жай сұрасып болған соң, Абай Әлпейім шәкіртке бұрыла қарады да:
– Ал, Әлпейім, айтшы, сен бұл күнде не оқып жүрсің? – деді.
– Наху оқып жүрмін, Абай мырза! – деп, Әлпейім «не дер екен» дегендей жылтыраған көзін Абайға қадап, күлімсірей қалды.
– Е, жынды болуға аз-ақ қалған екенсің! Арабтың өзінің мақалы бар: «Фиқһты көп оқыған – ақылды болады, нахуды көп оқыған – ақымақ болады» деген, – деп осы сөздерді Абай арапша судыратып айтып шықты» (бұл жерде «фиқһ» – шариғат үкімдерін нақты дәлелдермен білу ілімі, «наху» – араб тілінің грамматикасы жайлы оқу-білім).
Мұхаң бұл көріністі келтіруі жайдан жай емес, Әлпейім сияқты Абайдан ақыл сұрап келген, шапағаты тиген азаматтар Тобықты ішінде көп болған.
Ағартушы һәм ойшыл көсем Абайдың машығы, істері айналасына үлгі-өнеге болып жайылғаны ақиқат. Ақшоқы мектебінде Кішкене молла балаларды оқытса, Аралтөбеде бай кітапхана жинақталды. Дана халқымыз «Ғұламалық бірге бітеді, шарапаты мыңға жетеді» демекші, Ақшоқы мен Аралтөбе қоныстары жан-жаққа білім-өнер таратқан мәдени ошаққа айналды.
Ақындық мектебі
Абайдың ақындық мектебі қашан және қалай пайда болған? Мұның жауабын Шәкерімнің «Жастарға» атты ұзақ өлеңінен табамыз. 1889 жылы жазылған бұл өлеңде Абай – білім шырағы, ақыл иесі деп дәріптелген. Құрбыластан көңілі қайтқан ол жастарға үміт артқан. Бұл туралы Шәкерім былай деп толғайды:
Құрбыласы қулық пен айла баққан,
Олардан алдамшы деп көңілі қайтқан.
Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.
«Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, – деп жазады Мұхаң, – жаңағы жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, 1889 жылы көбінесе музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны ауылына алғызады, тағы да сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды».
Сөйтіп, ұлы ақын жастарға қараңғылық патшалығына жарық сәулесін түсірген әулие данышпандай әсер еткен. Абайдың жастарды өз үйіріне тартудағы мақсаты – оларды ғылым айдынына және ақындықтың жаңаша жолына түсіру болатын.
Абайдың өмірбаянын жазған Кәкітай Ысқақұлы: «Әсіресе, Абайдың творчестволық еңбекке көп берілген уақыты 1889-1890 жылдар еді», – дей келе, былайша таратып айтады: «Абай ел ортасының даулы жұмысынан аулақтанып, орыс ғылымымен шұғылданды, орыс ақындарының кітаптары Абайдың ақындық рухын тебірентіп, тасқындатып жіберді. Биттей қолы босап кетіп көңілі түссе, кез келген қағазға өлең жазып тастайтын болды».
Абайдың қолында өскен Кәкітай, әрине, көргенін айтады.
Осы жылдары абайтанушы Қайым Мұхаметханов дәлелдеп бергендей, Абай алғашқы прозасы – «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» деген тарихи еңбегін аяқтап шығады. Аталмыш еңбек Абай әт-Тәбәри, Рабғузи, Рәшид әд-дин, Бабыр, Әбілғазы сияқты атақты тарихшылардың еңбектерін зерделеді деген тұжырымның айқын айғағы.
Міне, байқап отырсақ, ақынның ғылым сүрлеуіне түсуі мен пейілін талапты жастарға беруі сәйкес келеді. Бұл заңдылық, сірә.
Абай мектебі мен мұсылмандық Шығыста көп айтылатын пір мен мүрит медресесі арасында ұқсастық мол. «1889 жылдан бастап, – дейді М.Әуезов, – Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абай ауылы үлкен білгіштіктің медресесі сияқты болады. Абай ұстаз да, сөз ұғатын ынталы талапты жастардың бәрі – шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды». Тұрағұлға да жүгінелік. «Сол жылы бастығымыз Шәкерім қажы болып, – деп есіне алады Тұраш, – ақиқат олай емес, былай деп таласып жататұғын санды шәкірттердің қатарында мен де болдым».
Сөйтіп, Абай мектебiнiң шәкiрттерi, әр буын өкiлдерi – Ақылбай, Мағауия, Көкбай, Әріп, Әсет, Мұқа, топай Бейсембай ақын, керей Уәйіс ақын, уақ Иманбазар ақын, Кәкiтай, Тұрағұл, Әубәкір, Әрхамдар еді. Осы аталған шәкірттердің маңдайалдысы, әрине, Шәкерiм болды. Бұл жерде аталған, аталмаған өлең жазуға талаптанғандармен бірге Абай қыстауында өткен мәжіліс, басқосуларға тілегі бөтен емес, басқа да өнерпаздар: екі Баймағамбет (бірі-ертегіші, бірі-ақын), әнші-гармоншы Ысқақ (ырғызбай Ырысай деген кісінің баласы), циркші Ағашаяқ (Берікбол), күйші Біткенбай, әншілер Мұхаметжан, Әлмағамбет, Орынбасар, Өтегелді, тоғызқұмалақ пен дойбының шеберлері – Көрпебай, Ырсалды, Құттықожа, Нақыштың Смағұлы, Құдайберді, Текжан т.б. дәйім қосылып отырған. Бұлардың бәрі де Абай насихатын тыңдаған адамдар, кең мағынада Абай мектебінің тәлімгерлері.
Өз кезегінде шәкірттерімен бірге ізденістер Абайды жаңа идея, тың тақырыптарға әкеп отырған. Творчество адамының қуануы мен жалығуы, сүйінуі мен түңілуі алмасып отырады. Шығармашылық содан туады. Бірде Көкбай әзіл етіп, Абайды сөйлетпек үшін:
Жүрісім, тұрысымның бәрі Абайша,
Абайдан кем боламын мен қалайша.
Көп зәкөн, аз ғана ақыл өзімде бар,
Ашылып көкірегім кең сарайша, –
депті. Бұл мысалды Абай мен шәкірттер арасында жылы қарым-қатынас пен теңдік болғанын байқату үшін келтіріп отырмыз.
Абайдың «Жаз» және «Болыс болдым мінеки» деген өлеңі 1889 жылы «Дала уәләяты» газетінде (7 және 12 санында) шәкірті Көкбайдың атымен жарияланғанын айта отыралық.
М.Әуезовтің білуінше, Абайдың ақын шәкiрттерiмен көп әңгiме-дүкен құрып, оларды ақындық өнерге баулуға белсене кiрiскен екі уағы бар: 1889-90 және 1894-95 жылдар. Сүйікті баласы Әбіштің қазасы, өзге де себептер бар, 1895 жылдан соң шәкірт жастардың көпшілігі Абай мектебінен қол үзе бастағаны байқалады. Мысалы, Мұқа туған жері – Көкенге, Уәйіс – Шұбартауға оралды. Ақыр соңына дейін ұлы Абайдың жанынан табылып, күнделікті қарым-қатынаста болғандар – Ақылбай, Мағауия, Көкбай және Шәкәрім. Мұхаңның: «Осы төрт ақын – Абайдың нағыз толық мағынадағы шәкірттері», – дейтіні сол.
Енді Абайдың шәкірттерін қалай баулыған дегенге келер болсақ, өлең, дастан жазуды үйрену, шежіре, тарих деректерін жинау, ән шығару өнерлері маңдай алдыға шығады. Абай Ақылбайға «Дағыстан», «Зұлыс» атты әңгімелі өлең, яғни дастандар тақырыбын берсе, Мағауияға «Қасым» деген поэма желісін және «Еңлік-Кебек» салт-дәстүр жырын жазуды ұсынады. Көкбай Абылай хан туралы «Сабалақ» атты тарихи дастан жазуға шұғыл кіріседі. Ал, Шәкерім қазақтың ру шежіресін түзіп, тарихын түгендеу жайлы ұстаздың тапсырмасын алады. Осылайша «Абай өзі істемесе де, бой ұрған бірталай тың еңбек туады» (Әуезов). Сөз ыңғайына айтайын, ұлы ақын шәкірттеріне берген тақырыптар Абай кітапханасы тізімін ашуға септігін тигізе алады.
Абай мектебінің көрнекті өкілі – Көкбай өзінің естелігінде 1890 жылдың соңында Ақшоқыда өткен бір мәжілістен кейін, ұстазы Абайдан тапсырма алғанын айтады. Дастан қып жазуға Абылай-Кенесары тақырыбын беріп: «Абылай да, Кенесары да қазақтың мақтан қылатын ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытпастық еңбек. …Сен үйіңе барып орнығып отырып, осыны өлең қылып кел деді», – дейді («Абай» журналы. 1992. №1). Көкбайдың үйі Тақыр деген өзеннің бойында екен. Шыңғыстың сай-саласынан Бауырға қарай ағып шығатын сулар көп. Солардың ішінде қатарлас екі қысқа өзен – Мұқыр мен Тақыр негізінен тобықтының Көкше руына тиесілі болған. Тақырдағы Көкбай ауылы Шыңғыс пен Орда тауының аралығында, Шыңғысқа жақындау, одан 10 шақырымдай берідегі жазықтатұғын.
Абайдан тапсырма алып Тақырға қайтқанда: «Сонан кейін, үйге келісімен өлең жазуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім», – дейді Көкбай. Бұл қыстың басы елдің қысқы соғым қамына кіріскен уағы екен. Осы шаруамен Абайдың Ақшоқыдан Аралтөбеге кеткенін естіген Көкбай Тақырдан төте тартады (бұл екі ара 70 шақырым жер). Жол бойы өз жазған дастанды жаттауға кіріседі: «Күн суық, қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым». Өйткені, Абай машығы бірден «айт» дейді, әйтпесе тыңдамай қояды екен. «Абай бұл уақытта үлкен ауылынан Бауырдағы ауылына, тоқалыныкіне барып сонда жатыр екен, – дейді Көкең. – Кіші ауылы «Аралтөбе» деген жерде, үлкен ауылынан 35 шақырым жерде еді. …Сонымен кеш болып ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерде сәлемімді алмастан «Абылай келді ме?», – деді».
Абайдың Абайдың қасында болған, сөзін тыңдаған ондаған жастардың арасында ұлы тұлғаның атына кір келтіргені жоқ, бәрі де көкірегінде Абай жаққан адамдық шырағын қастерлеп, сөндірмей өтті. Негізі, Абайдың тәлімгер шәкірті болу үшін өзін көру, қасында еріп жүру шарт емес қой. Ақынның асыл поэзиясы оны сүйсіне оқыған, санасына тоқыған сан мың қазақ жастарының көкірегіне сәулесін түсіргені шындық. Бұл ретте, әсіресе, ХХ-ғас.басындағы алаш арыстары мен қайраткерлер шоғырын атап айтамыз (олар Абайға шәкірт емес деуге ешкімнің дәті шыдамас).
Айтқандайын, өткен ғасырдың 50-ші жылдары «Абайдың әдеби мектебі» концепциясы зиянды деп танылып, орынсыз дау-дамайға ұласты. Дәлдісінде 1951 жылдың маусымында «саяси зиянды концепция» ретінде әшкереленді. «Осы оқиғадан кейін, – деп жазады Қайым Мұхаметханов, – «Ақын аға» романы да «Абай мектебінің» кебін киді. Мұхтар Әуезов Ғылым академиясы мен университеттен қуылды. Ал мен 25 жылға сотталдым» («Абай» журналы. -2004. №2). Абырой болғанда, Сталин өлгеннен кейін Қайым аға ақталып шығады.
Абай рухының өміршеңдігі
Абай поэзиясы қазақ руханиятына бұрын-соңды болмаған жаңалықтар әкелді. Халық туралы жырлары әр қазақтың жүрегіне жетіп, көкіректерді шайдай ашты. Әуелі жас М.Әуезовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» («Шолпан» журналы, 1922-1923 жж) атты мақаласына көз тіге кетелік: «Абайдың өлеңін ішкі мағынасы мен беттеген бағыты жағынан қарағанда, көшпелі дәуірдің өлеңдерінен айырылатын жері – мұнда сүлдері құрыған зар да, әлі құрыған уайым да жоқ; оның орнында қазақ өмірінің кем-кетігін түсінетін көзі ашықтық бар, дәлдеп ауруын тауып, емін айтқан ширақтық бар. …Абай қазақтың жасына білім жарығына ұмтыл дейді, кәрісіне малыңды дұрыстап бақ дейді, атқа мінген жақсыларына елді іріткіге салмай, адал еңбек қыл, қарызыңды атқар дейді. Қазақтың өміріндегі кемшіліктің қайсысына болса да Абай өз емін айтып кеткен».
Мұхаң сөзіне Жүсіпбек Аймауытовтың мына пайымы үндесе кетеді: «…Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды. Ақылды дана, рахымды әділ, шынға сусаған, қыңырды жөнге, қисықты тезге салмақ болған, бұзықтықпен алысып өткен Абай еді».
Бақсақ, Абай рухының өміршеңдігі неде деген сұрақтың жауабын қос жазушы да беріп отыр. «Абай жолында» Мұхаң ұлы ұстазды былайша сөйлетеді: «…Не қылса осы өздерің біліп, көріп тұрған дүние асты-үстіне келіп, астан-кестен бір өзгереді де жаңғырады. Одан арғы заман, сендердің ата-бабаң, арғы-бергі аруағың аңдап, болжап білмеген бір өзгеше заман болады!». Қандай сәуегейлік ойлар, бүгінгі уақыт тұрғысынан қарағанда, Абай келешек тәуелсіздік таңына сілтеп тұрғандай күй кешеміз.
Абай поэзия әлеміне жаңа түрлер әкелген ұлы ақын болса, адамның мінезін түзеу, тәрбиелеу ісінде дәл сондай жаңа жол сілтеген ұлы ұстаз болды. Жастардың көңіліне келешекке деген сенім ұялатып, күллі шәкірттерін гуманизм жолына түсірді. Тоқ етері, мейірімді ұстаз Абайдың ақындық мектебі өзіне жүктелген миссияны толық орындап шықты. Жас ақындар арасында елдің мұңын мұңдау, халық қамын жырлау үрдісі қанат жайды. Ал, тәлімгер шәкірті Шәкәрім әлем ойының алыбына айналды.
Енді Абай рухы және оның халқына шапағаты дегенге келейік. Абай рухы, мектебі – аясы кең, мағынасы терең ұғым. Кең мағынасында оның ықпалы Мағжан Жұмабаев, Бернияз Күлеев, Шәңгерей Бөкеев, Шәкерім Құдайбердіұлы лирикасынан, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ғұмар Қарашев, Халел Досмұханбетов, Мұхамеджан Сералиндер көсемсөздерінен, Спандияр Көбеев, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов шығармаларынан тайға таңба басқандай айқын көрінеді. Егер Абай рухы болмаса, ояну дәуірі де болмас еді.
Мысалға Жүсіпбек Аймауытов: «Ең алғаш басылып шыққан жылы Абай кітабын қолыма түсіріп, түгел көшіріп алдым» десе, Сұлтанмахмұт Торайғыров: «Байқасаң, қазақтың сөзінде бар, қазақтың генийлігі, пайғамбары» деп ұстазына меңзеген. Ол:
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жаһанда жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып, –
десе, бұл Абайдың өнегесі, онан нәр алғанының белгісі.
Замандасымыз Мұхтар Мағауин: «Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуезов тілінің, бүкіл қазақтың өткен халық әдебиетінің тілі бар» дейді. Ал, ақын Серік Тұрғынбекұлы былайша толғайды:
Құдай жалғыз!
Сонан соң Абай жалғыз.
Абай жалғыз болған соң абайлармыз.
Алдымызда асу бар,
Алып шың бар –
Артымызға әлі де қарайлармыз.
Құдай біреу!
Әзірге Абай біреу.
Көңілдерді көркейтті талай жүдеу.
Көз жетпейтін өлеңнің көк аспанын,
Қиын… қиын Абайсыз арайлы деу.
Қазақ сөзі мен Абай сөзі егіз ұғымға айналғалы қашан. Теңіздерге қаншама су ақты десеңізші. Бір ғасыр бойы көктеген алып бәйтеректің жапырақтарын санап тауыса алмайсыз.
Сөйтіп, кең мағынасында, ХХ ғасырдағы қазақтың күллі ақын-жазушылары Абайдың шәкірттері. Абайды пір тұтып, оған табынбаған қазақ зиялысы кемде кем. Абай мұрасы мен «Абай жолы» романының қазақтың жиырмасыншы ғасырдағы қоғамдық санасына айырықша әсер еткені соншалықты, оларды «қазақ ренессансының қайнары» деп баршамыз да мойындауға тиістіміз.
Асан Омаров, абайтанушы ғалым.