Қазақстанның халықаралық резервi жыл басынан берi 4,2 пайызға өсiп, 95,2 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Ақордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өтiп жатқан Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында ҚР Ұлттық экономика министрi Қуандық Бишiмбаев мәлiмдедi, деп хабарлайды BNews.kz тiлшiсi.
Министр экономиканың шикiзаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемiнiң айтарлықтай артқанын атап өттi.
Бұдан бөлек, тiкелей шетелдiк инвестиция көлемi артып, 5,7 млрд долларды құраған. Бұл өткен жылғы деңгейден 5 есеге артық. Шетелдiк инвестиция, негiзiнен, химия, фармацевтика, машина жасау, құрылыс, көлiк, мұнай өндiру салаларына тартылды.
«Тiкелей инвестициялар нәтижесiнде елiмiздiң халықаралық резервi жыл басынан берi 4,2 пайызға өсiп, 95,2 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордағы актив 64,7 млрд АҚШ долларына жеттi. Өсiм – 1,9 пайыз», – дедi министр.
Айта кетейiк, Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өтiп жатыр. Отырыста биылғы жылдың 8 айындағы елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, алдағы уақыттағы маңызды мақсат-мiндеттер айқындалады.