Ағымдағы жылдың 8 айында «Нұрлы жол» бойынша салық төлеушілерден 62 млрд. теңгеден астам қаржы түсті. Бұл туралы бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мәлім етті.
Атап айтқанда, «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысушылардың салықтық қайтарымы артып келе жатыр. «Жалпы, 8 айда тікелей және жанама қосылған салық төлеушілерден бюджетке 62 млрд. теңге түсті», – деді Б. Сұлтанов.
Сонымен қатар Қаржы министрі бүгінде мемлекеттік кіріс органдары «Нұрлы жол» бағдарламасының қосалқы мердігерлеріне қатысты салықтық бақылауды жүргізіп жатқанын жеткізді.
«Нұрсұлтан Әбішұлы, әр теңгені тиімді игеру туралы туралы сіздің тапсырмаңызды орындай отырып, біз жеткізушілер мен мердігерлердің барлық тізбесіне талдау жасаудамыз. Бүгінде осы «пирамиданың» түрлі деңгейлерінде бұзушылыққа жол берген 245 фирма анықталды. Оның ішінде 27-сі бойынша тексеру аяқталып, қосымша 16 млрд. теңгеге жуық қаржы есептелді», – деді министр.