Астанадағы Конгресс-холл атауы «Астана» концерт залы» болып өзгермек. Осыған орай нысанды қайта жөндеуден өткізбек. Бұл туралы «Астана ақшамы» басылымы хабарлады.
«Конгресс-холл» деген – мәжілістер, ресми жиындар өтетін орын деген мағынаны білдіреді. Ал мұнда көбіне әншілердің, өнер ұжымдарының концерттік бағдарламалары ұйымдастырылып жүр. Филармонияның концерті де осында өтеді. Бірақ жұртшылық кейде филармонияның қайда екенін білмей, шатастырып алатыны бар. Сондықтан ғимараттың маңдайшасындағы жазуды өзгертпекшіміз. Бұл туралы қала әкімінің қаулысы шықты. Ал нысанның қасбетіндегі үлкен экранға «Филармония» деген жазу тұрады, айналасы қазақтың ою-өрнегімен көркемделетін болады» , — дейді Астана Мемлекеттік академиялық филармониясының бас директоры әрі көркемдік жетекшісі Сәкен Абдрахманов.
Иә, ғимараттың атауы өзгергенімен, Астана Конгресс-холлсыз қалмайды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме аумағында жаңа Конгресс-холл ғимаратының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы жақында жаһандық көрменің дамуына орай өткен жиында айтылды.