Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевті халық «жерден алып, жерге салып» жатқанына біраз болды. Сағадиев сандырақтамаса, халық оны «саусағымен түртпес» еді. Наурыздың 9-ы күні Астанада өткен баспасөз мәслихатында қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан мен саясаттанушы Айдос Сарымды да «былай апарып тастады». Депутат Бекболат Тілеуханның да сұрағына жауап бере алмай кібіртіктеді. Бекболатпен «жекпе-жекке» шықса, өкінішке орай, желкесі үзілері анық еді.
Е.Сағадиевті «қазақ халқына және қазақ тіліне қарсы шықты» деп шырылдаған Мұхтар Тайжан мен Айдос Сарымның «министр отставкаға кетсін» деген пікіріне Е.Сағадиев: «Ол кісілердің мұндай мәлімдемелерімен таныс емеспін. Ондай сөздер айтылған болса, мен өзімнің жауабымды беретін де шығармын. Бірақ олар мұндай мәселені көтере алатын адамдар қатарынан емес», – деп менсінбеді. Сонда Сағадиевтің сандырағын тыңдап отыра беруіміз керек екен. Тіпті, оның аузына да қақпақ бола алатын тұлға әлі тумаған-мыс.
Тіпті, аталмыш мәжілісте Бекболат Тілеуханның «Сауат ашу,-дегенді құртып, «Әліппені» қайтарып беріңіз» деген талабы министрдің танауын да жыбырлатпағаны көрініп тұрды. «Шалағайлықтарға кім жауапты» деген депутаттардың сауалына жауап бермей жалтарғысы келді. Басынан бұлт арылмаған білім министрі бұл жолы да «қылшығын шығарамын деп, былшығын шығарды». «Кім жауап береді?» ,-деген сұраққа ғана жауап беріңізші» деп жалынғандай болған депутаттарға берген жауабының түрін қараңызшы: «Хорошо! Министрлік!». Зар қақсатпай «Жақсы, министрлік жауап береді» дей салса жағы сынып қалмас еді ғой. Ол қалаберді, оқулықтағы қаптаған қателіктерді тізіп берген Бекболаттың соққысынан кейін Сағадиев абдырап қалғанын байқатты. Білім министрі ақыры ашуға мініп «Әр оқулық дайындалғанда 6 ай сайтта тұр. Әр адамның құқығы бар, барып қарамайсыңдар ма?!» деп депутаттардың өздеріне шүйлікті. «Қарамайсыңдар ма?» деп дөрекі кеткеніне болайық, бірақ, білім мәселесі «әркімнің» ежіктегеніне көнсе, Сағадиев тағында «айға бата қылып» отыра ма?
Онымен қоймай, «оқулықтағы қателіктерді түзеуге, өзгертуге болады, оған ақша кетпейді ғой» деп алақанын жайып, иығын көтереді. Мәселе ақшада емес, Сағадиев мырза! Мәселе сол оқулықты жастанып өсер жасөспірімде. Оқулықтың ішінде. Оқушының қай деңгейдегі оқулықпен сусындап жатқанында. Неге түсінбейсіз?
Ал, “Күнделік.кз” жобасына келсек, Ерлан Сағадиев электронды күнделікті еліміздегі 4 мыңнан астам мектебіне енгізген, 1 миллионнан астам оқушы, 800 мыңға жуық ата ана қолдап отыр-мыс. Алайда, депутаттар ата-аналардың қалтасын қағатын кезекті жобаның қажеті шамалы екенін де бетіне басты. «Күнделікке тіркелуге ешкімді мәжбүрлемейміз» деген министр тағы да өз көлеңкесінен өзі қашты. Бұл жобаны мектептерге нақты қай уақыттан енгізетінін өзі білмейді.
Әйтеуір бір нәрсені анық айтты. Е.Сағадиев “Сауат ашудың” 2019-ға дейін жойылатынын, әзірге 0 сыныптағы балалар “Әліппе”, бірінші сынып “Ана тілі” оқитынын айтты.
Жә, орнында бар оңалар. «Әліппе» «Әліппе» болып қала берері сөзсіз. Өйткені, ол анау ұлт ұстаздары Байтұрсынов, Алтынсариндерден қалған белгі емес пе? «Сауат ашу» Сағадиевтің қана сандырағы болып қала береді. Оған бек сенімдіміз. Бірақ Сағадиев биігінде қала берері екіталай енді.
Қарапайым ғана мысал, баспасөз мәслихатында 31-арнаның тілшісі Гүлбану Әниятқызы Ерлан Сағадиевтің қатесін теріп, мынандай сұрақ қойған болатын:
«Өткенде Facebook арқылы видеожауап жасадыңыз. Сол жерде сіздің алғашқы бес сөйлеміңізден үш қате кетті. «Ақпарат желісінде» дегенді «ақпарат желінде» дедіңіз. «Білім министрлігі» дегенді «министерлігі» дедіңіз, «тапсырма берген емеспін» дегенді «ондай тапсырма мен берілген емеспін» дедіңіз. …Егер министрлердің өздері үш тілді еркін меңгермесе, онда үш миллион оқушы үш тілді меңгеріп кетеді дегенге сенесіз бе? Бұл утопия емес пе?»
Бұл сұраққа да жауап бере алмаған Сағадиев сасқанынан қайтар есіктің қайда екенін таппай қалған көрінеді.
Бәрін айтта, бірін айт, бұл бір адамға айтылып жатқан сын болғанымен, халықтың қамы үшін “жұмсақ орындықта” отырған барша азаматтарға айтылар уәж деп түсінген абзал.
Ақыры Абайға келіп жүгінеміз тағы да. Жоғарыдағы мәжілісте Бекболат Тілеухан өз сөзінде былай деп еді: – Абай айтады: Лап бергіш, қайта ойланғыш, көті айналғыш. Лап беріп, бірдеңені бастап кеп жібересіңдер де, аяғында қоғамнан қарсылық болып жатады. Елбасымыз үнемі халықпен ақылдасып, қоғаммен есептесіңдер деп айтып отырады. Алдымен жақсылап ойланып алу керек, сосын істеу керек.» – деп.
Әрине, ақыл айтқаннан оңай дүние жоқ. Мен тек жеткіздім.
PS.
Бірде белгілі бір жазушы «Абай ескірмейді, Абай ескірмейді» деп әуелеп отырып алса керек. Абайдай ой алыбының алапатын асыра түсетін үстеме сөзге өзгелер үндемей келісе берген екен, сонда әдеби сыншы Асекең (Асқар Сүлейменов): «Өкінішті, – депті күрсіне бас шайқап, – Абай ескірмесе, қазаққа ес кірмейді» деген екен.
Қазақ десең өзіңе тиеді. Қазаққа ес кірсе депутат жоғарыдағы Абай сөзін Сағадиевке айтпас еді ғой.
Жұмабек Айқынұлы,