Мен кәсіби маман, тәжірибелі инженер ретінде еліміздің экономикалық ахуалына алаңдамай отыра алмаймын. Өмір бойы үлкенді-кішілі кәсіпорындарда еңбек етіп, сол мекемелердегі еңбек өнімділігін арттыруға бір кісідей үлес қосып келдім. «Алдымен эконоаика, содан соң саясат» деген Елбасы сөзі қашанда өзекті. Экономиканың еселеп дамуы еңбек өнімділігін арттыруға келіп тіреледі. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы аз айтып келе жатқан жоқ. Мәселе сол нұсқаулар мен тапсырмаларды орындау тетіктерінің дұрыс іске қосылмауында болып жатады. Көптеген кемшіліктерді қарапайым жұрт байқай бермегенімен біз секілді мамандар бірден аңғарып отырады. Сол себепті, ел экономикасын дамыта түсуге үлес қосам дегендердің бір керегіне жарасын деген мақсатпен өзімнің өмірден, өндірістен, ғылымнан түйген ойларымды ортаға салмақпын. Менің бұл «Еңбек өнімділігін арттыру» туралы тұжырымдамам өндіріс орындарындағы нақты тәжрибелерімнің және әлемдік экономиканың көрнекті тұлғаларының ой–түйіндерінің негізінде жазылған.
Автор
Кіріспе
Әлемде орын алған экономикалық дағдарыстардың толқыны біз секілді дамушы елдердің әлеуетіне салқыны тимей тұрмайды. Мұндай кезде ел ішінде қобалжу нәтижелері де орын алып жататыны жасырын емес. Бұл көбінесе экономиканың кейбір саласындағы өсу қарқынының төмендеуі мен даму деңгейінің тежелмеуіне деген тілектестіктен туындайтын жағдайлар. Бір қарағанда еліміздегі әлеуметтік-экономикалық ахуал көңіл көншітпейтін деңгейде көрінетіні рас. Бұл қоғам арасында теріс сипаттамалардың орын алуына алып келіп жатады. Әрине, мұның бәрі тоқсаныншы жылдардағы қауырт жүргізілген реформалардың салдары. Реформалардың жеделдететілуі Қазақстанның сол кездегі эконмикасына теріс әсерін тигізді. Шаруашылық пен әлеуметтік процестерді басқару жүиесі тұйыққа тіреліп, экономикалық теңгермесіздіктер туындады. Сол кезде санаға тереңдеп сіңіп кеткен пікірлерден көбіміз арыла алмай жүрміз. Бұл жеке әңгіме, біздің айтқымыз келетіні – еңбек өнімділігін реттеуші механизмінің керектігі.
Жалпы, біз мынаны ескеруміз керек. Сол тоқстаныншы жылдары мемлекетіміздің алдында дұрыс экономикалық бағдарлама жасау міндеті тұрды. Не өз тағдырымызды өзіміз шешетін бақуатты елге айналу, не шарасыздықтан жағада қалып қою. Мұндай жағдайлар талай мемлекеттің басынан өткен. Экономикалық дамуын реттей алмаған көптеген Африка елдері өзгелерді қуып жетпек түгіл артта қалып қойды. Тіпті, 20 – ғасырда әлемнің картасынан оннан астам мемлекеті жойылып та кетті.
Сол себепті, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Экономиканы жаңа биікке көтерудің іс-қимылы мен реформасын жүзеге асыру керек» деген сөзін әлі де зерделеу қажет. Өйткені, біздің экономикалық дамуымыз жаһандық дағдарыстың салдарымен күресіп уқыт өткізуге емес, мемлекетімізді бақуатты елге айналдырудың міндеттерін жетілдіре беруге бағытталуы тиіс. Оның бірден бір жолы – Еңбек өнімділігін арттыруды жолға қою.
Еңбек өнімділігі қайтсе ұлғаяды?
Экономикасы өтпелі елдерде өсудің 16 пайызы – нақты капиталға, 20 пайызы – табиғи капиталға негізделген. Қалған 64 пайызы адами және әлеуметтік капиталға байланысты екен. Осы орайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазірдің өзінде кәсіпорындарымыздың бәсекеге қабілеттілігі төмендеп, табыстарының азайғанын, бұл жағдай кәсіпорындардағы еңбеккерлерге әсер етіп отырғанын атап көрсеткен болатын.
Еңбек өнімділігінің төмендеуі азаматтардың еңбекақысының азаюына ұласып, жоғары білікті мамандардың кетуіне әкеледі. Одан кейін инвесторлардың біздің мамандар мен түрлі деңгейдегі басқарушыларымыздан «сапасыз адами капитал» ретінде сырт айналуына себеп болады. Осылайша, еңбек өнімділігі мен еңбекақының өсу қарқыны экономикалық көрсеткіштің негізгі көзі және мемлекет пен адамдардың әл-ауқатын көтеруде басты индикатор болып табылады. Бұл өзекті мәселе нақты әрі ақылға қонымды шешім мен әрекетті талап етеді. Яғни, қолға алынатын экономикалық шаралар тек дағдарыстың ықпалын бұғаттау немесе азайту функцияларымен шектелмей, мемлекеттің экономикасын толыққанды дамытуды қарастыруы тиіс.
Еңбек өнімділігімен байланысты міндеттерді табысты шешу үшін негізгі үш фактор: еңбек, шикізат және капитал қажет екендігі белгілі. Ал олардың бірінің тапшылығы өндірісті ақсатады. Десек те, Қазақстанда табиғи ресурс жеткілікті. Мемлекет басшысының табандылығымен инвестициялық капитал мәселесі де табысты шешілуде. Ал енді осыған қарамастан, еңбек тапшылығы мен өнімділігі, адами капитал төмен болып қалып отыр.
Өткенге көз жүгіртсек, бұл тақырыптың қай заманда да өзекті болғанын, «бизнес акулаларының» басқаруындағы тиімсіздіктерді сипаттайтын көріністер қашан да таңқаларлық ұқсастықпен қайталанып отыратынын, нәтижесінде экономика дағдарысы алдындағы стихиялық мүсәпірлікті көреміз. Мәселен, кеңес дәуірі тұсында нашар менеджменттің салдары туралы халық шаруашылығы жоғарғы кеңесінің төрағасы болған Ф.Э.Дзержинскийдің Грознефть басшысына жазған мынадай мазмұндағы хаты еске түседі: «Бізде әр трест пен синдикат өз-өзімен, және әр қайсысы өз «бақытын» өзі пайдаланып, «бақытсыздығын» мемлекеттің мойнына арта салуға ұмтылады. Дотация, субсидия, кредит, тауарларға жоғары баға талап етеді».
Осындай мысалдар бүгінгі күні де аз емес. Мәселен, 2015 жылы «АрселорМиттал Темиртау» АҚ бас акционері еңбек өнімділігін 15 пайызға ұлғайтуды сұрады, алайда компания басшылығы бұл істе биіктен көріне қоймады. Неге өздерін жоғары білікті басқарушы-мамандар ретінде сипаттайтын халықаралық деңгейдегі менеджерлер немесе акционерлер еңбек өнімділігін әлемдік деңгейге жеткізіп, сол арқылы өздерінің бірегейлігін дәлелдеп, айналаны жағымды экономикалық жағдаймен қамтамасыз ете алмайды?
Айта кету керек, елімізде жүргізілген жекешелендірудің әу бастағы мақсаты – кәсіпорындардың тиімділігін көтеру, еңбек өнімділігін арттыру, олардың жұмысына экономикалық жауапкершілікті күшейтіп, жұмыскерлер мен басқарушылардың еңбегін лайықты төлеу және табысқа ынталандыру болғаны мәлім. Осы ретте төмен еңбек өнімділігі мен бәсекеге қабілетсіз өнім өндірісін өздері ұйымдастыратын кейбір «бизнес акулаларының» кәсіпорындағы нашар менеджментке ғана емес, жалпы елдегі экономикалық дағдарыстың кері әсеріне де қатысы бар болып шықпай ма?
Тағы бір назар аударарлық фактор – қойылған тактикалық міндеттердің перспективалық стратегиялық міндеттерден анағұрлым басым болып, нәтижесінде түбегейлі шешімдерді әзірлеуге уақыт пен құралдың жетпей қалуы. Бұдан бөлек, сансыз жеке сауалдар, министрліктер мен ведомстволардағы тиімділігі аз реформалар адамның капиталмен, өндіріс күштерінің озық деңгейімен өндірістік қарым-қатынасының қажетті сипаттамасы туралы жалпы сауалдарды көлегейлеп келгені жасырын емес.
Осы ретте кәсіпорындарды оңтайландыру мен стандарттау, және ондағы еңбеккерлерді жаппай қайта аттестаттау – еңбек өнімділігін арттыру бағытындағы маңызды қадам болып табылады. Сәйкесінше, еңбекақы деңгейі – жұмыс күшінің бағасын сипаттайды және жұмыс орындарының сапа индикаторларының бірі ретінде қарастырылады.
Біздің білетініміздей, 100 жыл бұрын, 1914 жылы АҚШ-та инженер-механик Генри Форд капитализм идеяларын практикадағы ауқаттылық ретінде жүзеге асырғандардың бірі болды. Ол сол заман үшін анағұрлым радикалдық шешімдерді белгіледі: Жұмысшылардың еңбекақысы күніне – $110; оқытуға кететін шығыстар азайып, еңбек өнімділігі артты; 40 сағаттық жұмыс аптасы қысқарды. Г.Форд еңбек өнімділігі мен еңбекақының өсім қарқынының ара-қатынасын сақтай отырып, еңбек өнімділігін ұлғайтуға жағдай жасады. Осы орайда бүгінгі «бизнес акулаларына»: «Дәл осылай еңбек өнімділігі мен еңбекақы өсімінің қарқынын арттырып, еңбеккерлерін лайықты марапатпен, әлеуметтік қорғаумен қамтамасыз еткен қайсысың барсыңдар?» деп сауал тастағың келеді.
Тағы да өткенге үңілуге тура келеді, КССРО-да алғашқы құрылымдық қайта ұйымдастырулардың бірі – ГОЭЛРО – Ресейді электрлендіру бойынша мемлекеттік комиссия құрылды. Инженер-энергетик Г.М.Кржижановскийдің басшылығымен жасалған осы жоспармен индустрияландыру, қаржылық экономикалық сипаттағы барлық мәселелер өте жоғары деңгейде орындалды, қысқа мерзімде экономикада тамаша серпіліс жасалды.
Жалпы, экономист мамандығының факторы атқарымпаздыққа жатады. Табиғатына, өзіндік мәніне сай, экономист еңбек өнімділігін, еңбекақы өсімін ұлғайта алмайды және олар бұл мәселенің практикада қандай көрініс беретінін білмейді. Бұл тұста біздің басты қателігіміз – капитал-меншік иесі өкілдерін – басқарушы мамандығына жатқызатынымыз болса керек. Ал өндірісті тиімді басқару үшін жоғары біліктіліктің қалыптасқан инженер ретіндегі синтезі қажет. Яғни, әркім өз мамандығы бойынша жұмыс істеуі, әлеуметтік лифтімен өсе отырып, тәжірибе жинақтауы, сол қарқынмен білікті басқарушы деңгейіне жетуі керек.
Еңбек үдерісі айқындылыққа, сауаттылыққа, талассыздыққа негізделгенде ғана ең төмен қосымша материалдық шығындармен еңбек тиімділігін көтерудің әлеуетті резервтері көріне бастамақ. Бұл ретте маман өндірісте техникалық, экономикалық жобаларды басқаруға дағдылана отырып, еңбек өнімділігі мен еңбекақыны арттыру мәселелерін шеше алатын болады.
Тауар айналымы саласында қалыптасатын тауар өндірісіндегі экономикалық санат ретінде сұраныс пен ұсыныс заңдылығын К.Маркс қоғамдық қозғаушы күш деп атады. Алайда, сұраныс пен ұсыныс заңдылығы баға заңымен тікелей байланысты. Нарықта сәйкес келмеушілік – диспропорция пайда болған жағдайда, сұраныс пен ұсыныс қатынасы бағаның, сапа мен көлемнің қоғамдық жаңартылуын талап етеді.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, еңбек өнімділігін арттырудың бір шарты – еңбекақының жоғарылығы болып табылады. Еңбек өнімділігінің, еңбекақының төмен деңгейі кез келген экономикалық құрылысты тежейді, сәйкесінше, бұл тетіктердің себеп-салдарын жоймай, мемлекет экономикасын толыққанды сауықтыру мүмкін болмайды. Бұл маңызды көрсеткіштердің өсімін арттырмай, экономиканы әртараптандыру, қайта құрылымдау, басқа да шаралар біз қалаған нәтижені бере қоймайды. Ендеше осы тұжырымның саяси, экономикалық, әлеуметтік бағасы қашанда қымбат болатынын естен шығармағанымыз маңызды.
Серікбосын МҰҚАНОВ,
электр байланысы инженері.