Шығыс Қазақстан облысына арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев Семей қаласының Халықаралық әуежайы мен ЖЭО-1 қайта құру жұмыстарын тексерді, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бөлімшесіне барды, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында қала жұртшылығымен кездесу өткізді,-деп хабарлайды “Жерұйық” порталы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Облыс әкімінің орынбасары С. Ақтанов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа әуежайдың қайта жөнделу жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Оның аясында ұшып-қону жолағы 2,7 шақырымнан 3,3 шақырымға дейін ұзартылатын болады, жаңа апаттан құтқару стансасы тұрғызылады, және коммуникацияның барлық түрі алмастырылатын болады. Бұдан өзге, Б. Сағынтаевқа әуежайдың қауіпсіздік жүйесінің жұмыстары туралы есеп берілді.