Бейсенбі, Мамыр 18, 2017
Home > Проза > Алмас Нүсіп: Кешірім

Алмас Нүсіп: Кешірім

Асылы, баяндау дейтін әдеби тәсіл – жақсы әдіс. Жақсы болатыны, әркімнің ыңғайына көнгіш, айтқанына жүргіш. Жан қинамайсың. Ой мен қиялды ұшастырып, кейіпкердің болмысын ашу үшін бірін-бірі көмкеріп, астасып жататын қайшылықтарға, нәзік психологиялық иірімдерге барып бас ауыртпайсың. Тыңдаушыға әңгіме айтып отырғандай бір сыдырғы баяндап шығасың. Алмас НҮСІПТІҢ «Кешірім» атты әңгімесі де осы баяндау әдісімен жазылыпты. Бірақ, сәтсіздеу баяндау. Баяндаудың түр-түрі болады. Оқырманын елітіп, ертіп отыратын, оқиғаны құлпыртып, түлетіп отырып жеткізетін баяндау тәсіліндегі шығармалар бар. Ол енді шеберлік мәселесі болса керек.
Ал, маған «Кешірімнің» сәтсіздеу баяндау болып көрінгені жазушының алып отырған тақырыбы баяндау әдісіне келмейді. Өйткені, шығарма Сағым отбасының тағдырына құрылған. Жігіттің төресі болған Сағым әйелінің кесірлігінен өмірден түңіліп, арақішкішке айналып, ақыры қаза болады. Біздің заманымызда өзекті тұрмыстық, әлеуметтік мәселеге айналып отырған мұндай тақырыпты бір сыдырғы баяндап шығу – қаламға сын. Сын болатыны, тақырыптың өзі қайшылыққа толы тартысты драмаға, психологиялық иірімге, небір жақсы детальдарға сұранып тұр. «Кешірім» әңгімесі Алмастың қайта жазатын шығармаларының есебінде тұрған дүние шығар деп ойлаймын. Ойлайтыным – Алмастың қалам қуатына сенім.

Өміржан ӘБДІХАЛЫҚҰЛЫ
жазушы

КЕШІРІМ

– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!..
– Кешіріпті? – Ызалана мырс еттім. – Неткен кешірімді жан бұл Күнсұлуың?! Салдақы…
«Ештен кеш жақсы» дейді. Бірақ кешігудің де жөні болады ғой. Неге кешіреді? Он жылдан соң несіне… Жаны ашымайтыны бесенеден белгілі болған. Саудасы біткен баяғы күйеуін келемеж қылу ма? Адам кейіптен ажыраған, тоз-тозы шыққан байының қиналғанына айызы қана қарап отыру үшін бе? Әлде… Түсінді ме екен? Нені? Кінәсін. Күнәсін. Ол енді мүмкін емес. Тіпті де. Солай ойлаудың өзі күлкілі. Қатесін түсінгіш болса соншама уақыт қайда қалыпты? Енді келіп…
Кешіріпті…
Бұрын таңданатынмын. Басым, ақылым жетпейтін. Ал, мынаусы шалқамнан түсірген. Алаңсыз сайранды салады келіп, салады келіп. Желігі басылып, зауығы тараған соң мейірімді.., тфу, кішілік таныта қояды. Осыншама шу болардай, кешірімге зәру болардай жазығы бар ма еді? Кінәласуға тұрмайтын үй ішілік ұсақ-түйек кикілжің. Осындай еді деп ауызға алып, алға тартуға тұрмайтын ұсақ-түйек бірдеңе. Жұрт солай айтады.
Сағым. Сорлы Сағым. Осынша дәрменсіз болармысың?! Төмен етекті ақылсыз қатын үшін асыл жаралған еркек басыңды көрге тығып. Адам түгіл бүкіл дүние танымастай өзгерер уақыттан соң да кешірдің-ау ұялмай. Намыссыз ез!
…Сап-сап. Оқырмандарымнан кешірім сұраймын. Өз кейіпкерлерімді осынша жек көретіндей, жерден алып көрге салардай жөнім жоқ еді. Әйтсе де, алғаш естігендегі көңіл-күй… Ашуланғам. Ақылға салып, салмақтап тұрарлық хәлде болмағанымды түсінуге тиіссіздер. Ешкімді аяғам жоқ.
Бірақ, мәселе мен ойлағаннан мүлде басқа болып шықты.

* * *

Сағымды бала күнімнен білем. Менің ағамның досы. Көрші ауылдан. Үйіне де барғам. Бізге тіпті жиі келетін. Ұзын бойлы, иықты, ашаң жүзді сұлу жігіт. Мінезі, мінезі қандай еді! Елгезек, жұғымды, кішіпейіл… Кете береді. Менің балаң түсінігім берген баға емес, үлкендердің өзі солай дейтін. Талай естігем. Мақтауға сөз таппай отырғандай көрінетін. Әлбетте сыртынан ғой. Ал, ол барда… Ол келгенде үйдегі жағдай мәре-сәре мерекеге ұласатындай әсер ететін. Қырық жыл көрмеген туысың Қытайдан оралса дәл бұлай қуанбассың. Бала – мен түгіл, әке-шешеміз де қопаңдасып қалады. Еркін жүріп, еркін сөйлейтін жігіт атасының табалдырығын аттағандай ардың-гүрдің кіріп келе жататын жылулық арқалап. Мойнына асыла кетем. Мен – баламын, ол – оныншыда оқитын түбіт иек бозбала. Сонда да еркелейтінмін.
Кейін оқу бітірген соң, елдің бәрін таңдандырып ауылындағы мектепке жұмысқа тұрды. Қатардағы мұғалімдік емес, үлкен, әлдеқайда үлкен болашақ күтетін жұрт аңтарылып қалған. Ал біз… Жалғыз шешесіне қарайлап қана келгенін ұққанбыз іштей. Көп ұзамай үйленді. Бұл кезде қалалық болып кеткен ағам бар, ауылдағы әке-шеше, іні-қарындас, үй ішіміз түгел барған. Менен басқасы. Тойына арнайы келіп шақырып кетсе де, бара алмадым. Алматыда едім. Мектептің атынан жарысқа қатысып. Кәдімгідей ренжіген. – «Жігіт болдың, мұндай жағдайды қалыс қалдырмауың керек қой», – деп. «Сені «қайнымды көрем» деп сарыла күткен жеңгең тіпті көрместей болып отыр», – деп.
Жеңгемізді көп ұзамай көрдік те. Бұл кезде туған жеңгем бар. Яғни, ағамның әйелі. Солардың тойына келген. Мен ойлағаннан да әдемі. Сұңғақ. Кітапта суреттелетін талдырмаштың нақ өзі. Қатар жүрсе Сағымға ғана жарасардай. Тойымызға келмеді деп, көрместей болып жүргені Сағымның жай ғана ойдан шығарғаны екенін білсем де, сырттай жақын тартып, іштей жақсы көріп жүргем. Бас салып құшағына баспаса да, «ааа, әлгі қайным осы екен ғой», – деп күле танысатындай көрінетін. Сағым арнайы шақырып таныстырғанда бетіме немкетті қарады да, қойды. Тым салқын екен. Және тәкаппар. Айналасына кесірлене, жеріне қарайтындай. Қылалық қыз деп еді, ауылдың ашық-шашық тойханасындағы абыр-сабырды бойына шақ көрмей тұрғаны байқалады. Бір қызығы, Сағым әйелінің жанында әлденеден қуыстанып, қысылатындай, әлденеге абыржитындай көрінді. Баяғы сарт-сұрт жүріс, ашық-жарқын мінездің елесі де қалмаған. Бойына үйлеспейтін кереғар мінез – биязылық бітіпті. Күле сөйлеп, кішілік танытып жатса да, баяғыдай іші-бауырыңа енбейді. Аңқылдақ қалпымен елжіретпейді. Алыстықты сезінгем. Сұп-суық сұлу жеңгем Сағымды тартып алыпты. Менен ғана емес, бәрімізден.
Тойдың соңын ала үйленген екі жасты ортаға алып, таңға дейін би болатын. Немесе, кілең жастар тойды бір үйде жалғастыратын. Оған көбіне күйеу жолдастың үйі таңдалады. Яғни, соның міндеті. Біз жақта сондай жазылмаған заң қалыптасқан. Оған да қарамады. Қал деп қанша қиылса да илікпепті. Жұмыстары бар. Сылтау екенін, амалсыздық екенін көріп тұр. Себебі… Белгілі. Үнсіз шығарып салдық. Не айтса да, сөзінің соңын әйеліне бір қарап, күмілжіп барып аяқтайтын Сағымды қоңылтақсып қалып едім. Иә, бұл басқа Сағым болатын.
Соңғы рет сонда көрдім. Хабар да алыспадық. Әйтсе де, мүлде хабарсыз емеспін. Сағымның ауылдастарымен ұшыраспай тұрмайсың. Сағымды сұраймын. «Е, ол жүр ғой», – дейді. Қазір тракторист көрінеді. «Галстук тағып шікірейіп, жиырма мың жалақымен жарымай жүргенше, май болсам да бай болайын», – депті. Өзі айтқандай жағдайы да жаман емес. Даңғарадай үй салыпты. Жақында ұлды болыпты. Жөн екен десіп, сырттай тілектестік білдірдік те, қойдық. Біраз уақыттан соң, ұзынқұлақ ажырасыпты деп жүрді. Әркім әрқалай қабылдаған. Біреулер «анадай әйелден айырылып жүрген еркекте де ес бар ма», – деп, бас шайқап, бармақ тістеп таусылды. Бұлай деп, аңдамай сөйлеп қалып жүргендер көбіне еркектер жағы. «Әйелің жыландай ысқырынып тұрса көрер едім қалай сөйлегеніңді!» Бұл бұрқ еткен ашуын бір ауыз сөзбен төгіп салған шарт етпе келіншектердің ләмі. «Ее, есті-ақ бала еді, бір себебі болған да». Неге де болса сабырмен, жанашырлықпен қарайтын көпті көрген кемпір-шал лебізін осылай білдіріп жатты. Пыш-пыш, гу-гу… Ал, мен қуанғам. Дұрыс болған екен дедім. Дұрыс болған. Іштей ғана айтқам. Сыртқа шығарсам да ешкім таңданбас еді. Керек десеңіз себебін де сұрамас еді. Себебі, себебін бәрі білетін.
«Сағым ажырасыптыдан» екі жыл өткенде біз де мектеп бітірдік. Қаңқуға қарағанда әлгі Сағым ішетін болыпты. Басы бостан, енді баяғы қалыбын табар, жарқылдап жиі келір тұрар деп күткенмен төбе көрсете қоймап еді, – рас шығар дестік. Ол келмеді деп ренжісек, өзіміз баруға болатын еді ғой. Сағымды іздеп. Бірақ… Не деп барасың? Құтты болсын айтарлықтай…
Үй ішімізбен дастарқан басында жиі сөз қылатынбыз.
– Сол келін бір көргеннен-ақ ұнамап еді, бір түрлі… – деп бастап келе жатады шешеміз.
– Тәйт әрі! Өсегіңді бала-шағамен емес, өзіңнің көк езу қатындарыңмен отырғанда бықсыт, – деп тыйып тастайды әкеміз. Бірақ, көп өтпей: – Жап-жақсы бала еді, обал болды әкең… – дейді шайын күйіне ұрттап.
– Кеше мына Нұргүл қызының үйіне барған екен, сол айтып келді, Сағымың даже тоқтамай ішетін болыпты деп…
Кейін ұмыттық. Сағымды мүлдем естен шығармасақ та, өз қызығымыз бен қиыншылығымыз «басқа жұрт қалай екен?» деуге мұрша бермей кеткендей еді. Ақыры жолым түсті. Алғашқы курсты тәмамдап, жазғы демалыста ауылға бардым. Қол бос, қарап жатпай көрші ауылға тартқам. Арнайы Сағым үшін. Көзіммен көріп қайтпақпын.
Есікті баяғы сұлу жеңгем ашты. Аң-таңмын. «Қайтадан қосылған екен ғой», – дейді шашыраңқы ойым…
– Сағым тұрмайды бұл үйде. – Түк ұқсам бұйырмасын.
– Қалай сонда? Сіз… Бұл Сағымның үйі емес пе?
– Бұл менің үйім!
– Сонда… Сағым қайда?
– Мен қайдан білем? Жатқан шығар бір бұрышта.
Күмілжіп тұрып қайда тұратынын сұрадым.
– Білмейм!
Зірк еткен дауыс пен сарт еткен дыбыс қатар шықты. «Майға малшынып жүріп салған үйін қатынына берген екен ғой», – деймін көз алдымда екпіндей жабылған есікке қарап тұрып.
Сұрай-сұрай Меккеге де… Садағы кеткір Сағымның үйіне де жеттім. Ауылдың ортасы болса да, келмеске кеткен кеңестен қалған үңірейген қос бөлмелі қоржын там елсізде қалғандай үрейлендіреді. Шүйкедей қара кемпір қарсы алды. Әрең таныдым. Қолынан дәм татып ем-ау бір кезде. Етті-жеңді, ақ борықтай салиқалы кісі еді. Адам өстіп те тозғындайды екен, көзің сенбейді. Жөнімді білген соң, кемсеңдеп келіп бетімнен сүйді.
– Е, жарығым-ай, Сағымды іздей қоярдай бұл кім десем, өзіміздің… Кел айналайын, төрлет.
Сырты сұрқиядай сұрықсыз үйдің іші жинақы көрінді. Баяғы мөлдіреп тұрған мүлкі болмаса да, жоқтан бар қылып, барынша ұқсатып баққаны байқалады. Екі бөлмелі қоржын үйдің төргісі жатын үй болса керек, кірмедік. Ас үй ғана емес басқа шаруаларға да ыңғайланып жабдықталған кіре беріс оймақтай бөлмеге тізе бүктік. Қақ ортаға дөңгелек стол қойылыпты. Малдас құрып отырып ас ішетін қазақы дастарқан. Сол жақ қабырғаға төрге тірей қойылған ескі, шиқылдақ, торлы темір кереует. Және ыдыс-аяқ салуға арналған сыры көшкен кебеженің бетіне ақ мата жабылыпты. Оң жақта киім ілгіш міндетін атқаратын көлденеңінен ұзыншақ ағашқа жартылай қағылған шегелер тізіліпті. Ол да көлемді ақ матамен жабылған. Тек жиектей қызыл жіппен көмкерілген және ортасына шеңберлей кестеленген оюға ұқсас тігісі бар. Кіре берісте дөңгелек темір пеш. «Мұндай пештер жылуды ұзақ сақтай алмаушы еді, қыста қайтіп жүр екен». Еденге жеткен жеріне дейін көк-сұр палас, ары қарай жұлмалана тозған алаша төселіпті. Төрге көрпе тастады да, мені жайғастырды.
Аһілеп-үһілеп жүріп дастарқан жайды. Жайнатып жібермесе де бір қонақты абыроймен шығарып саларлық. Неткен көнбіс адам. Өлтірмей жүрген де «жалғызым қайта түзелер» деген үміт қой. Тамағымнан түйір өтер емес, әйтсе де, азап-мехнаттан өзге татпаған Шүйке кемпірдің көңілі үшін қаужаңдаған болам. Анау-мынауды әңгіме қылған болып, шүңкілдесіп біраз отырдық. Сағымды сұрадым.
– …Кеш батқанша күтсең, келіп қалар. Жүрген шығар бір жерде. Өзің де хабардар сияқтысың. Үуһ! – Кемсеңдеп кетті. – Алғашында көшеде ұйықтап жатқан жерінен көзкөрген ағайын жанашырлық танытып, үйге әкеп тастайтын. Мен де намысқа бағып, іздеп тауып алатынмын. Кейін бәрінің көзі үйреніп алды. Көшеде жатса аттап, жолында тұрса айналып өтеді. Зіңгіттей немені көтеруге шамам да жоқ, өлмесе келер деп отырмыз міне. Алыс-жақынға таба қылып қарашы… Әйтпесе, қандай еді жарығым. Әйелім сөйтті деп… Ееһ, сорлым-ай…
Анық-қанығын да осы кісіден естідім. Сағымды бір көріп кетуге бел буғам. Ол келгенше…
– Келін түсіргенде мәз болып ем. Қуанышты емес, қаралы күн екенін қайдан білейін.
Сөзіне қарағанда, жалғызы үй болып, төбесі көкке жеткендей желпінген ана барын салып той жасапты. Той өтеді. Келіні кесірлігін көрсете қоймаса да, кербездігі жан жеткісіз. Түске дейін ұйықтайды, – ләм демепті. Жаңа отасқан жастар, еркін болсын дегені. Уақыт өте ес жияр деген үміт. Бірақ… Бір ай өтеді – өзгеріс жоқ. Екі ай өтеді – баяғыдай. Жарты жыл – қашан қараса да көретіні әйелінің асты-үстіне түсіп, зыр қағып жүрген Сағым. Өз-өзінен шаршап, айналасына саз беттене қарайтын, сыздана сөйлейтін Күнсұлу. Ұлым ғана емес, мен де қабағына қараймын. Тіпті, іштей ығып тұратындаймын. Мұндай өктемдікке қашан, қалай жетіп жүр, әлі басым жетпейді. Әне-міне түсінер, жөнге келер деген есек дәмемен жыл өтеді. Емірене иіскеп, алдына алып әлдилеп отыратын немереден хабар жоқ. Жанға бата бастағаны да осы болатын.
Шыдамның да шегі бар. Бірде екеуін отырғызып қойып ақылын айтқан. Тым әріден, өзі келін болып түскен күндерден бастаған. «Біз де жас болғанбыз. Өйтетінбіз… Сөйтетінбіз… Содан жаман болған жеріміз кәні. Елдің сөзі оңай емес айналайындар. Өсегіне бір ілінсең құрығаның. Келін емес, кесір деп қабылдайды. Етек-жеңдеріңді жинаңдар, жетеді осы жатқандарың да».
Ұзақ сөйлеген. Екеуі де үнсіз тыңдады. Ұлы төмен тұқыра береді. Келінінде өзгеріс жоқ. Кіржиіп отыр. Тіпті, бір-екі мәрте ыңырси есінеп те алды. Айылын жиса неғыл дейсің.
– М… даа, – деді сосын жайбарақат. – Мам, это уже давно, сіздер келін болған. Ол баяғыда ғой. Қазір олай емес. Жұмысым жоқ, ұйықтамаған да не істейм? Қалада тұрайық десем, Сағым көнбеді.
Айтар сөз жоқ екен. Қалмапты. Бұрын да бірдеңе деуге беті ашылып кетер, өзі түсінсін деуші еді. Бекер екен. Ұлына қараған. Бірдеңе дей ме деген ой. Басын салбыратып алып, сол отырысынан танбайды. Шүйке кемпірдің жүрегі суып кетіп еді. Күдерін үзген. Ұл өсірсем, келін жұмсасам деген арманның быт-шыты шыққан. Бір-ақ сәтте ғайыпқа тайып кеткен үміт-арманның күйігі:
– Ауылды қиынсынып жүрсеңдер, қалаға барыңдар. Өздеріңмен өздерің. Ел іші ғой, бір жаман кемпірді өлтіре қоймас, – дегізген.
– Сағым көнбейді. Мен айтқам.
– Балам, – деген жай ғана. – Келін дұрыс айтады. Жөндеріңді табыңдар…
– Жоқ, мама. Ешқайда кетпейміз… – Соны ғана айтты. Кесіп айтқан жоқ. Күнсұлу жаққа жаутаңға жуық қарай отырып, үзіп-үзіп, күмілжіп айтты.

* * *

Содан кейін-ақ оңбадық, – дейді Шүйке кемпір. – Балам мектептен шығып, трактор сатып алды. Табысты жаман таппайтын. Үйдегі азғантай малды сатып, өз жиғаны тағы бар, жаңа үй салды. Өзің де барыпсың ғой, сол үй. Обалы қане, шаруаға мығым-ақ болатын.
Үйленген соң үшінші жылдың жүзі ауа немерелі болдым. Баяғы – баяғы ма, жатқанның көкесін енді көрдік. Балаға салқын. Сағым екеуміз қараймыз. Түнде жылайды, жұбататын сол, еркек басымен. Жаялығын жуып-тазартатын мен. Бұл кезде келін жұмсау дегеннің адыра қалғанын мойындағам. Керісінше. Бүйте салыңыз, сүйте салыңыз. Өктем. Сырым үшін, – немеремнің аты, – істеймін бәрін. Емізу үшін, онда да емшегі сыздағанда ғана қолына алады. Десе де, бақытты екем. Бақытты болатынмын. Шаршаған-шалдыққанмен кейіс, ренішім сол жаманды бір иіскегеннен-ақ ұмыт болатын. …Енді ол да жоқ, қарыс жерде отырып қол жетпей…
…Бұл кезде ешқандай шаруаға араласпайтын болғам. Өздері білсін дедім. Тізгін қолына біржола тиген соң, келініме жан бітейін деді. Бұрын білмей жүріппіз, пысықтың нағыз өзі болып шықты. Магазинде бәрі бар, сатып ала саламыз деп, шайқатық етіп отырған жаңғыз сиырды соғымға жығып салдық. Басқа мал баяғы үй салғанда көзден бұл-бұл ұшқан. Мейілдерің дедім. Артық мехнаттан мен де құтылып көрейін. Дүкеннің сүті мен майы таңдайыма жұқпаса да, шыдап бақтым. Жұрттың кемпірі келін жұмсаушы еді, мені келінім жұмсайды. Оған да көндім. Кейде шақылдап жағамнан алғандай болушы еді-ау. Соның ақылымен үйден шағын дүкен аштық. Көрген де шығарсың, дарбазамен қатарласа салынған ысклад сол.
Бір күні келінім үйде жоқта Сәлима кемпір келіпті, көрші біздің. Қарызға бірдеңе алмақ. Бұрын соңды араласпасам да, пысықтығым ұстап сұрағанын бердім. Еріп келген кішкентайына да тәтті-пәтті ұстатқам. Келін келе шу шығарсын. «Өзің тауып жатпаған соң нең бар қақпас, – дей ме-ау, – өзің тауып жатпаған соң отырмайсың ба тыныш. Не өлмедің, не қоймадың…» Естімей жүрген сөзім емес, үнсіз жеңіп үйренгем. Сол сәтте үстінен түскен. Кіре берісте бәрін естіп тұрыпты. Түрі өрт сөндіргендей. Шабынып тұрған әйелін жақтан осып жіберді. «Тәубе, – дегем іштей. – Ұлыма ес кіріпті, намысы бар екен». Қателесіппін. Сол күнге тәубе емес, лағынет айтуым керек екен. Бітпейтін шу басталды да кетті.
– О, жаман неме! Түріңе қарамай сен де мынаны, – көгере тұрып иегімен мені нұсқаған, – мына қақпасты – қолын сілтей көрсетті, – қорғай қалыпсың ғой. Көрсетейін сендерге. Осы шыдағаным да жетер, көзіңе көк шыбын үймелетем.
Жаңа түскенде қазақтың сөзінің өзін бұзып айтатын қыз еді, кейіндеп мақалдатып тұрып сөйлегенде аузы-аузына жұқпайтын болған. Байынан таяқ жеген қатын асса «кетеммен» қорқытушы еді. Оның өзін жаман қатын деп мысқылдайтынбыз. Ал мынау… Мықты қатын боп шықты. Кеткен қайда, өзімізді қуып шықты. Бәленің бәрін оқып туған ба, соттастық, – заң соның жағында, – жеңіп шықты. Кейін естідім, соттағыларға ақша берген көрінеді.
Біз де бұлай сорлы кепке түспей, бірдеңеге қол жеткізер ме едік, Сағымым бас тартты. Бәрінен. Үйден де, басқадан да. Қайта қосылармыз деп үміттенгені екен ғой. Бастапқыда ашумен қол көтерсе де, артынан өлердей жалынды. Аяғына жығылуға бар еді. Сүйеді екен ғой байғұс. Анау илікпеді. Діні қатты екен.
Осы үйге көштік соқа басымыз сопиып. Тигені бірен-саран мүлік пен көк трәктір. Қанша сағы сынса да ел қатарлы тірлік кешіп жатқан. Бірақ, баяғы екпін жоқ. Екі күннің бірінде көшкен жұртына барады да тұрады. Ұлын көргісі келеді де. «Көрсетпейді екен», – деп пыш-пыштайды осы жұрт. Өзі тіс жарған емес. Шыдау қайда, мен де барғам. Есігінен аттатпады.
– Ана сүмелек балаң екеуің бұларыңды қоймасаңдар, сотқа берем!
Сотқа береді. Аузым әбден күйген, тұра қаштым. Сыртымыздан ел-жұрттың не дейтінін жақсы білем, өлмеген соң көнеді екенсің. Дей берсін, ел не демейді… – деп жұбанам ғой әлгі… Әлгі келін… түһ, Күнсұлу сайқал айтады дейді, «Сағымды түрмеде шірітуіме болатын еді, шешесін аядым», – деп. Әй, тәйір-ай. Кең пейілділік танытқандағысы…
Сорлы балам күн өткен сайын мүжіліп бара жатты көз алдымда. Сөйлемейді. Күлмейді. Күрсіне береді. Уақыт өте келе сейілер деген үміт үзіле бастаған. Не істесе де сүйегіне ілініп зорға тұрғандай салбырайды да жүреді. Бір жылдан аса осылай жүрді де, бір күні ішіп келді. Удай мас. Еңк-еңк жылап жүр.
– Мама, менің не көріп келгенімді білесің бе? – деп құшақтай алған мені.
Мас қой деп, мас не айтпайды деп тұрсам да себебін сұрадым.
– Сұмдық… Мен өлдім, мама. Түсінесің бе, тірі өлікпін енді. У-у-у… сорлы мама…
Осынша жылай алады екен-ау адам да. Көз жасы тарамданып иегіне төмен тамшылап жатыр. Ақыры, екі қолын жайып, дәрмені біткендей есік жақтауымен сырғанап босағаға сүйеніп отыра кетті. Мелшиіп біраз отырды. Сыртқары дүниеден байланысын үзгендей. Шыр-пыр боп айналып жүрген мені көрмейтін де, естімейтін де сияқты.
– Мама, – деп күбір етті әлден уақытта. Даусында діріл жоқ еді. – Мен… Ол… Ал, ол… Кешір мама. Айта алмаймын. Кешір…
Жасаураған қып-қызыл көзі… Бетіме қараған. Аянышты еді. Көз алдымнан сол түрі кетпейді әлі күнге.
…Содан түзелмеді. Өзі айтқандай тірі ө… Ееһ. – Жылап отыр екен тағы да. – Әлі ішіп жүр. Бес жыл болды. Сорлым-ай.
Егер, басыңа түсіп, осындай ауыр сәттің куәсі бола қалсаң… Құдай сақтасын. Ешкімнің басына тілемейтін жағдай. Артық азап жоқ шығар. Жұбату керек қой. Не айтам, қандай сөз табам кейуанаға жұбаныш боларлық? Тірі өлік ұл мен бір уыс бейбақ кемпір. Төрінен көрі жуық. Екеуінің де. Бір кезде төрде отырған. Өз көзіммен көргем. Енді міне…
Төр мен көрдің арасы тым тиіп тұрады екен-ау…
– Баламнан, Сағымның сау кезінен қалған естелік осы-ақ, – деді мені шығарып салуға сыртқа шыққанда, қаңқасы ғана қалған тозған көк темірді нұсқап. – Келіп тұр дер едім, мынадай молаға қай бетіммен шақырам. Аман бол, айналайын. Мендей бақытсыз шешең мен сормаңдай ағаңды еске ала жүрсең болғаны. Қанша жүрерміз дейсің біз де, аз ғана…
Көмейім бітеліп қалғандай. Қалай тыныстап тұрғаныма қайранмын. Бірдеңе деуге… Жылап жіберетінімді білдім. Иіп әкеп маңдайымнан сүйді. Әлі жылап тұр екен.

* * *

Есеңгіреп көшеге шықққам. Қай күш жетектеп, қай сайтан иектегенін кім білсін, Күнсұлудың… тіфу, Сағымның үйіне беттегем. Күнсұлумен сөйлеспекпін. Бәрін айтам. Керек болса жалынуға бармын. Бүкіл бір әулеттің тағдыры соның қолында тұрғанын түсіндіргенше ауласында жатып алам.
Көрмейтінімді, кірмейтінімді, сөйлесе алмайтынымды біле тұра солай ойладым.
Биік қызыл шытырлы үйге ұзақ қарап тұрып қалсам керек.
– Не болды? Сен де бір түнеп аттанбақпысың?
Өктем дауыстан селт етіп, жалт қарадым. Жетпістің ішіндегі шал. Еңсесі тік. Қос қолын артына ұстап алыпты. Әдемі қартайған сұлу шалдар болатын, – сол. Көзі өңменіңнен өтеді. Әлде, бір сәт қана осылай көрінді ме? Үміті кесілген, жылай-жылай көзінің жылты өшкен кейуанадан кейінгі көрген бірінші адам, шалдың соншалық асқақ көрінуінің себебі осы болуы да мүмкін.
– Әлде кезегің келмей жатыр ма?
– Түсінбедім…
– Түсінесің. Түсінесіңдер. – Даусында кейіс бар. Көзінде ашулы мысқыл ойнайды. – Иттер өңшең.
– Сағымды іздеп жүрмін, ата, – дедім. Сөз ұғар халде емес едім. Жүрдім-бардым сөйлей салғам.
– Ойдойт де. Сағым кімің еді?
– Ағам.
– Шын айтасың ба? – Таңданыспен сынай қараған. – Ее, жөн-жөн. Ағам де. Болары болып, бояуы сіңіп біткенде аға керек бола қалды ма? Әлде, табалауға келдің бе?
Шыбын шаққандай әсері жоқ. Басқа жағдайда жолыққанда мұндай сөздің қарымтасын артығымен қайырар едім, ақсақалдығына қарамай. Ішім тола өз қайғым, өзгенің гөй-гөйін қабылдар орын қалмапты. Үнсіз бетіне қарағам.
Менің жайымды ұққан болу керек, шал көп созбай жөнге көшті.
– Сықпытыңа қарағанда серілік құрып, төсек бағып жүрген салт басты қатынқұмарға ұқсамайсың. Болсаң боларсың. Ренжіме, кәрі мылжың сөйлей береді. Тек, көргенде қарадай күйіп кетесің, – деп бір тоқтады. Сөйлеуік шал жұмысымнан қалдырардай ұнап тұрған жоқ. – Сомен, ағаңды таптың ба?
– Тапсам іздеп нем бар? – Үлкенге бұлай сөйлеу әдетімде жоқ, десе де қитығып қалғам.
Кеңк-кеңк күліп қойды. Өп-өтірік.
– Жарайды-жарайды. Қалай енді, табатын түрің бар ма? Мына түріңмен әй таба алмайсың-ау.
– Сізден көмек болмаса… – дедім екі ұшты.
– Бізден ба? Біздің қолдан жөн сілтеуден басқа не келеді тәйірі. Ауылды адақтап шық, тауып қаларсың.
Мырс етіп, теріс айнала бердім.
– Мақұл-мақұл, келіп қалған екенсің, жүр.
Аң-таң артынан ергем. Ерігіп, екі қолы алдына симай жүрген шал, септігі тиіп қалар. Ыңырана түсіп бастап келеді. «Дұреееес», – деп қояды.
– Көршіңіз неге көшпей отыр, ақсақал? – дедім. Өзіме келе бастағандаймын.
– Қай көршіні айтасың?
– Жас келіншек. Сағымның үйінде тұратын.
– Е, көшіп несі бар. Басында даңғарадай үй мен дүкен бар. Не ішем, не кием демейді. Көңілдестері анау, өріп жүрген. Уайым жоқ, қайғы жоқ мұндай тірліктен безетіндей ақылын ат теуіп пе? Осы отырғаны отырған бұ қыздың. – Терең күрсініп қойды. – Обал қылды атаңа нәлет. Әп-әжептеуір баланы. Әйтпесе, біз көше кезіп іздейтін адам ба еді сол.
Шалдың алғашқы сөздерін енді байыптай бастағам.
– Көңілдес дедіңіз бе?
Тоқтап тұрып, бұрылып бетіме қараған. Менің түк ұқпағанымды көрсе керек түрімнен.
– Е, бәтшағар, сонша тістесіп тұрғанға біліп іздеп жүр ме десем, түк хабарың жоқ екен ғой.
– Жоқ ақсақал, естігем. Білем. Бірақ, көңілдесіңізді ұқпадым.
– Түк білмейсің онда. Шет жағасын ғана құлағың шалған. Бүкіл ауыл біліп болған қазір. Тіпті, көрші ауылдың дәмелі жігіттері де хабардар.
Санама енді-енді бірдеңе жеткендей. Ішім ит тырнағандай. Сағымның неге ішіп кеткенін сонда ғана ұққам. «Мама, менің не көргенімді білесің бе? Мама…».
Атпалдай азаматтың өкіре жылағаны келеді көз алдыма.
*****
Ауыл шетіндегі қауқиған қамба. Кеңес үкіметінің қалдығы. Ұзыннан ұзақ қатарластыра салынған тоқал тамдар біздің ауылда да тұратын тоз-тозы шығып. Шатырсыз. Тек, кезіндегі күзетшінің күркесі болса керек, төбесін топырақпен жапқан оймақтай үйшіктің басы бүтін. Есіктің орны тұр үңірейіп. Қалғанын тонап алып кеткен. Жазғы ыстықта оқыралаған бұзау-танаға пана болатын. Мына жетім там да пана болыпты. Тек, бұл сапар малға емес… Адамға. Адам жатыр еді. Адам болғанда қандай?! Бір кездері қыздардың өзі сөз салып, хат жазған, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмай ойлайтын жігіттің төресі. Иә, бір кездегі… Ал, бүгін… Адамның қоры… Арақтың құлы. Өзі айтпақшы тірі өлік.
Тірі өлік… – Жоқ аузым бармайды. – Сағым құныса түсіп, оң жамбастай бұрышта жатыр екен. Екі алақанын беттестіре біріктіріп, басына жастапты. Әлсіз пыс-пыстайды. Сорайып бойы ғана қалыпты. Арса-арса. Бет-аузы кір қожалақ. Алматыдан алғаш көргенде көз айыра алмай, таң-тамаша қалып қарайтын, кейін көз үйренгені сонша үйреншікті көрініске айналған, бомж деуші еді. Сол тип алдымнан шыққан. Ауылдан. Айналып шығып жүре бермек болдым да, белгісіз үміт жетелеп, бөгеле бердім. Сөйлеуік шал бірдеңе деп жатыр, – естігем жоқ.
– Сағым, – дедім ақырын. Бір кездері аға деуші едім, дей алмадым. – Сағым, тұршы… – қаттырақ сөйледім. Сезер емес. Жақындауға тура келген. Бұрын мен көргенде білінер-білінбес тыныстап, сүйкімді ұйықтайтын. Сол қалпы. – Сағым! – Иығынан жұлқуға мәжбүр болдым.
«Не керек?» – дегендей немқұрайлы қалыпта бетіме қарады. Есіне әлдене түсіргісі келгендей, түсіре алмай қиналған кейіпте ұзақ тесілді. Тесіле қарап жатты да, оқыс басын жұлып алды. Атып тұратындай көрінген. Жоқ, тұрып барып, қайта отыра кетті. …Танып еді. Тізесін құшақтай басын төмен салып отырып алып, басын шайқап-шайқап қойды. Әлденеге өкінгендей.
Ауыр, өте ауыр минуттар жылжып жатты. Екеуміз де мелшиісіп қанша отырды екенбіз.
– Еее, міне сен де көрдің. Әттееең, – деді күңірене күрсініп. Тістері бүтін екен. Сарғая бастаса да, мынадай бет-ауыздың ар жағынан маржандай көрінеді. – Әттең, – деді қайталап. Сөзі анық. Бүгінгі ішкені тарап кеткен сияқты. – Ал, не айтасың? Бәрін білетін сияқтысың ғой. Ести-ести құлақ жауыр болса да, айт ақылыңды, тыңдап көрейін.
Бетіме қарады. Жасаурай тұманытқан отсыз жанарында қорланғандық байқалмайды. Адамдарға деген өшпеенділікке ұқсас сұс бар.
– інісі ағасына ақыл айтпайды, Сәке.
Мырс еткендей болды. Артынша:
– Және, алқашты аға санамайды де. Дұрыс айтасың.
– Апамды көрдім, – дедім сәл үнсіз отырған соң. – Азып кетіпті. Сені күтіп біраз отырдық. Шай іштік…
Соңғы сөзді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім, от басы, ошақ қасындағы мамыражай, берекелі тірлікті есіне салғым келген шығар. Бекер боп шықты.
– Зәр іштік де!
Селт етіп едім. Ішім тітіреп кетті. Тілімді байлап тастап еді осы бір-ақ ауыз сөз.
– Кешір, – деді бір уақта. – Апаң бәрін айтқан шығар. Ештеңеге әуре болма. Келмеске, түзелмеске бет алған адаммын мен. Түзейміз дегендер болған. Босқа қара терге түсті де, қойды ақыры. Міне, қазір ешкім мазамды алмайды. Сөзіңді шығындама босқа. Өлді деп бетіңді сипа да, жүре бер!
– Әлсіз екенсің, – дедім. – Бір қатын жолдан тайды екен деп… Мұншама… Шешеңе жаның ашуы керек еді ғой ең құрығанда.
Тағы бірдеңелер айттым ғой деймін. Үнсіз, бөлмей тыңдады.
– Болдың ба? – деді сосын. – Болсаң бар енді. Бара ғой. Қол-аяғымды байлап, емдеуге апарғандар болған. Өзім де қоймақ болғам. Түк шықпады. Айтшы, не үшін, кім үшін қоям а? Қайтіп өмір сүрем?! – Даусы көтеріліп кеткен. Ашуланғанда жаңа ғана үрлесең құлап түсердей көрінген әлжуаз адам ширап кеткендей. Қыстыға дем алып, тістеніп аз отырды да, сабасына түсті. – Андағы тірлікке оралғым келмейді. – Ауыл жақты иегімен нұсқады. – Сен айтпақшы әлсіз екем. Қорқақ екем. Түк болмағандай жүре беруге батылым бармады. Тезірек өлсем деп ем, көрдің ғой, ол да оңай емес екен. Жоооқ, бір қатын үшін емес. Оның осылай боларын білгем. Бірге тұрып жүргенде-ақ шошынғам. Бітпейтін зауығынан шошынғам. Тоят таппаушы еді-ау. Енді міне, құмарынан армансыз шығып жатқан шығар. Көпке ортақ қатын… Хе, маған алғыс айтатын шығар қазір. «Осындай қатынды бізге тастап кеткен» деп. Білесің бе, мен бар ғой, кезінде аңдығам, кімнан бастар екен деп. Алғашқысы кім екенін біле алмадым. Бір жарым жылдан соң үстінен түстім. Бастапқыда тым сақ болған болу керек. Көп ұзамай бойы үйреніп кеткені сонша, сырт көзді елемейтін болған сияқты. Еееййй, – үнсіз жерге қарап отырып қалды. Көз алдына келтіріп отырғанын білдім. Қиналып отырғанына шүбәм жоқ еді. Басын көтермеген күйі сөйлеп кетті. Естілер-естілмес. Сыбырға жуық. – Армансыз айқаласып жатты-ау арсыздар. Және кіммен десеееңші. Басқа бір еркекпен көрсем мұнша төмендемес пе ем? Айуандар-ай. Бір күн бұрын ғана жанашырым болып, төрімде отырған сыйлы қонағым еді ғой. Алдынан кесе өткен жерім жоқ еді. Мен дейтін бір жан жоқ екенін түсіндім сонда. Әттең…
– Кіммен? – дедім шыдамай.
– Танымайсың. Айта алмаймын. Аузым бармайды. Шын сорлы екем. Ең болмаса екеуін қосып сабауға дәрменім жетпеді. Өлтіруім керек еді ғой екеуін де. Содан кейін өзім өле кетсем… Жеңіл болатын еді. Ең құрығанда беттеріне түкіруім керек еді… Ешкімім жоқ екен. Шешемнен басқа. Байғұс-ай, үміттеніп жүр-ау. Соған ғана өкінем. Басқасына… түкірдім.
Қанша отырдық екен жер сүзіп.
– Сәке… – дей бергем.
– Болды, бауырым. Қорламашы а? Жетеді осы да. Қинамашы бұдан ары. Қарғыс атқан адаммын мен.
– Ойланып көр, Сәке, – дедім сонда да. – Шешеңді… – Бәрін өзі де біліп тұр ғой, түк шықпайтынын ұқтым да, доғардым.
Үндемеді. Меңіреуге айналған. Ойсыз, тілсіз тас мүсін бір нүктеге қадалып отырып алды. Ендігі отырыста мән жоқ еді. Күдер үздім де, орнымнан тұрдым. Салбырап тағы қаншама қарап тұрдым. Селт етпейді. Сүйретіліп есікке беттедім…
Шыға берісте атымды атады. Күбірге жуық қана үнмен. Бәлкім, «ала кет», – дегісі келген шығар, басқа сөз естідім.
– Рахмет саған… Көмусіз қалмайды екем.
Бөгелме дегендей бас изеді. Бүгіндікке тұңғыш тура қарап сөйлегені осы. Жылап отырды. Тұп-тұнық, мөлдір тамшылар көлкілдеп ісіген қожалақ беттен төмен сырғып жатты.
…Үлкен жолды бетке алып ілбіп келеді екем. Жыламау мүмкін емес еді.
*****
Өз әйелін кіммен көрді екен? Төрт жыл бойы ойымнан бір шыққан емес. Жан қияр досы… Жаннан артық көрер, ардақ тұтар ағасы… Орны әкеден де қымбат қамқоршысы… Ұлағат айтқан ұстазы… Таппадым. Ешкім білмейді. Күнсұлудың ашыналарының тізіміне сұрау салғам. Елдің жел ауызы біраз «Дон Жуанның» атын атаған. Қанша үңілсем де, жамандыққа қимайтындай, Сағымды қан жылатардай ешкім жоқ. Ешкім білмейді екен. Иә, ешкім… Жоқ, біледі екен. Үш адам біледі. Күнсұлу, Сағым, … . Кім екен?! Тек, көрге өздерімен бірге кететін шындық.
Ал, Күнсұлудың кешірімі… Далбаса. Оттаубай сөз. Болмасты дабыраға айналдыруға құмар, тыңдаушысын таңдандырам деп тым қарапайым, түсінікті нәрсені «аспаннан Мәді түсіптіге» жуық әсірелеп айтуға құштар ағайынның жел сөзі.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!
«Күнсұлу–Сағым» хикаясын білетін, ең болмаса шет жағасынан хабардар адамды селт еткізер-ақ сөз. Кім болса да, әлгі айтқыш айды аспаннан бір-ақ шығарар сөзді тап басқан. Біздің өзіміз сеніп қала жаздадық.
Ал, негізінде, мәні біз ойлағаннан тым сұйық, әлдеқайда қарабайыр екен.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті.
Осы сөз ауыздан шығардан екі күн бұрын болса керек, Сағым арманына жетіпті. «Тез өлсем-ау», – деп еді, өзі ойлағандай тым тез болмаса да, әзірейіл шіркіннің жолы әйтеуір бір түсіпті. Ал, шешесі әлі тірі екен.
Естуімше, үй бетін көрмей кеткен Сағым өлетін күні (өлетінін білген ғой) үйіне келіпті. Шешесінен кешірім сұрап, арыздасып, аялы алақанға жатып, ажал жастығына алаңсыз бас қойыпты-мыс. Әйтеуір, өзі сенгендей көмусіз қалмапты. Біз бара алмадық. Хабар тым кеш жеткен. Уағында жетсе де, бару, бармауымыз екіталай.
Ал, Күнсұлу барыпты.
«Сағым өліпті» хабар тарағанда, бүкіл ауылдың сыртқа шығармаса да, іштей «Күнсұлу қайтер екен?» – деген ой көкейін тесіп, соңын асыға күткені анық. Бір қызықтың болатынына имандай сенген ғой. Иә, жұрт күткен қызықтың болмай қалуы да мүмкін еді. Бірақ, Күнсұлу барыпты. Жұрт үдірейісе қараған сыңайлы. Баяғы ажар тозған. Елдің сөзіне қарағанда ол да Сағымның ар жақ, бер жағы. Тек көшеде емес – үйде, сасық лашықта емес, – еңселі ақ сарайдың ішінде ішетін көрінеді. Қақ төрде шалжиып жатып алып. Қалған-құтқан көңілдестерімен бірігіп. Отыздан жаңа асса да, кемпір кейіпке ене бастаған жас келіншектің баяғы базары тарқай бастаған кезі екен. Тек, бірен-саран аш-жалаңаштар торуылдап жүрген болса керек.
Кәдімгідей дауыс салып кіріпті. Алайда, кіргенінен шыққаны тез болғанға ұқсайды. Босағадан аттай бере қарғыс күтіп алған. Шүйке кемпірдің қарлыққан зарлы даусы.
– Қай бетіңмен келдің, қағынып өлгір қаншық!..
Тап бермек екен, жиналғандар ара түсіпті дейді.
Болды. Бар болғаны сол. Шындаса таланты тарыдайдан таудай мін тауып беруге жететін бөстекі ауыздар ашылғаны сол, әлгі сөз ел кезіп кетіпті. Сөйтіп, бізге жетіпті.
– Күнсұлу Сағымды кешіріпті!
Шіркін, қаймыжық еріндер кешіруге тиіс бір адам болса ол Күнсұлу емес, Сағым екенін біле тұра осылай жалпылдапты.
Баласын сұрағам. Сырым төртіншіде оқып жүр дейді. Аумаған әкесі деседі Сағымның бала кезін білетіндер. Жерлеуге барыпты. Күнсұлу жіберіпті деген де сыбыс бар. Олай емесін айтып, жоққа шығарушылар көп. Соңғылардікі жобаға келеді. Ауыл үлкендері ретін тауып апарса керек. Тіпті, әкесінің кебінді денесін бас салып жылапты дегенді де айтады бұ жұрт. Бос сөз болар. Бала ғой әлі. Ер жеткен соң түсінер. Түсінген күні әкесін аза тұтып, қабірін құшақтап жатып жылар… Қайткенде де, белгісіз дүние. Болашақты болжауға құмар адамзат баласымыз ғой, сол қасиетімізге салып сырттан тон пішіп жатамыз. Сырым ер жеткенге дейін көп уақыт бар. Туған ай – туралған ет, ол күнді де көрерміз, қыр астында тұр ғой. Қалай болса да кезінде көре жатармыз. Тек, әкесінің сорын баласына мирас қылмасын деңіз.

АВТОРДАН АҚПАРАТ

Алмас НҮСІП – 1988 жылы Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылында туған. 2006 жылы Қайнар орта мектебін бітірген. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Филология факультетінің түлегі. 2012 жылы магистратурасын бітірген.
2012 жылы “Барлау” атты прозалық жинағы шыққан. Алматы облыстық «Жетісу» газетінде, Республикалық “Қазақ әдебиеті” газетінің “Әдебиет, сын” бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарған. Бірнеше Республикалық әдеби байқаулардың жеңімпазы. Қазір Республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет етеді.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған