Сейсенбі, Қыркүйек 18, 2018
Негізгі > Бас баған > Әлібек Қуанышбек: Мақсатым – сирек кездесетін дертке шипа іздеу

Әлібек Қуанышбек: Мақсатым – сирек кездесетін дертке шипа іздеу

Академик Шахмардан Есенов атындағы Ғылыми білім беру қоры таяуда «Әлемнiң зертханаларындағы ғылыми машықтану 2017» бағдарламасы бойынша Қазақстан ЖОО-ның жаратылыстану-ғылыми және техникалық мамандықтарында оқитын студенттеріне арналған гранттық конкурс өткізген болатын. Осы республикалық байқауда біздің кейіпкеріміз, Семей Медицина Университетінің 4-курс студенті Әлібек Қуанышбек грант иегері атанған болатын. Біз оның медицина саласындағы тың ізденістеріне тәнті болғандықтан арамызда болған сұхбатты көпшілікпен бөліскелі отырмыз. Әсіресе, болашақ дәрігердің «Семейде иммуногистохимиялық лаборатория ашып, сирек кездесетін аурулардың емін іздеймін» деген арманына іштей сүйсіндік.

 Жұмабек: Жүлдең құтты болсын, Әлібек! Естуімізше мектеп қабырғасынан көптеген олимпиадаларға қатысып жүлдегер атанып келеді екенсің. Ал, осы жолғы ғылыми конкурстың саған әкелген басты пайдасын атап өтсең?

Әлібек: Осы жолы конкурсты 11 студент жеңіп алды, олардың ішінде менімен қоса Назарбаев Университетінен, әль-Фараби атындағы ҚҰУ-нен, Сүлейман Демирель Университетінен, Қазақ-Британ Техникалық Университенінен студенттер бар. Айта кетерлігі, жүлдегерлер қатарында өңірлік оқу орындарынан мен ғана екемін. Конкурстың финалы Назарбаев Университетінде қаңтар айының 14-ші жұлдызында өте тартысты деңгейде өтті. Финал психологиялық және жеке бастың қарым-қабілетін тренер-психологпен жүргізілген ойын-тартыс түрінде жалғасты. Осындай сауалнама-тартыс барысында әр үміткерге конкрусқа қатысу мақсаты мен себебін, ер жету дәрежесін, коммуникативтік дағдыларын, басқа да болмысын айқындайтын тапсырмалар берілді. Барлық тапсырмаларды талапқа сай орындаудың арқасында жеңіске қол жеткіздік.

Жұмабек: Сонда, жалпы медицина ішінде қандай мамандыққа оқып жатырсың?

Әлібек: Мамандығым әзірше Жалпы Медицина, бірақ Неврология саласына өте қызығамын. Бұйырып жатса, болашақта осы салада тәжірибе мен ғылымды бірге алып жүретін ойым бар.

Жұмабек: Осы уақытқа дейін көптеген олимпиадаларға қатысып жүлделі болыпсың, соның кейбіріне тоқтала кетсең…

Әлібек: Мен мектеп кезінен түрлі конкурстар, олимпиадалар мен ғылыми сайыстарға қатысып келемін. Ең маңыздыларын атап өтейін. 2011 жылы Швейцарияда өткен биология пәнінен Халықаралық Ғылыми-рейтингтік Олимпиаданда II дәрежелі диплом иегері атандым. 2012-2014 жылдар аралығында Семейде, Алматыда, Томск қаласында және Москвада өткен Медицина саласындағы Ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жүлдегері болдым. 2015 жылы Германияда өткен ISWI-2015 Халықаралық Фестиваль-конференциясында Медициналық және Гуманитарлық көмек секциясына қатысып, сол ортада өз елімді паш еттім. Сол жылы Японияның Нагасаки Университетінің бір жылдық оқу грантына ие болдым. Ең басты жетістігім ретінде АҚШ Мемлекеттік Департаментінің Грантына ие болып, 2015-2016 оқу жылын Айдахо Штатының Льюис-Кларк Мемлекеттік Колледжінде биология-медицина саласында бір жылдық білім алып келгенімді айтуға болады. Және осы жылы Норвегияда өтетін әлемнің ең беделді оқу орындарының бірі Норвегияның Ғылым және Технология Университетінде өтетін Фестиваль-конференциясына қатысуға мүмкіншілік алдым. Осы жетістіктерге жеткенім ең бірінші Алланың, содан кейін ата-анамның және алтын-ұя мектептегі ұстаздарымның арқасы деп білемін.

Жұмабек: Алтын-ұя мектебің жайлы не айтасың?

Әлібек: Мен Семей қаласының Назарбаев Зияткерлік Мектебінің 2012 жылғы түлегімін. Қанша дегенмен, бұл оқу орнында оқушыға деген талап өте жоғары ғой. Болам деген балаға бағыт-бағдар жеткілікті. Соның арқасында болашақта не істеймін, кім болам деген сауалдарға дайын жүрдім деп айта аламын. Тіпті, медицина саласына баратынымды 8-9 сынып оқып жүргенде-ақ шешіп қойған едім.

Жұмабек: Отбасыңда медицина саласында жұмыс жасайтындар бар ма? Осы мамандықты не үшін, қалай таңдадың?

Әлібек: Отбасымда екі ағайындымыз, апайым бар. Анам медицина саласында мейірбике ретінде 30 жылдан бері жұмыс жасап келеді. Медицина саласын таңдауыма бірнеше факторлар әсер етті. Ең маңыздысы биология пәніне қызығушылығым деп білемін.

Жұмабек: Неше тіл білесің?

Әлібек: Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлеймін. Қазір Нидерланд тілін оқып-үйрену үстіндемін.

Жұмабек: Бәрекелді! Жеңіске жетудегі сенің құпияң неде? Құрдастарыңа қандай кеңес берер едің?

Әлібек: Қазір білімге және ізденіске құштар студент жастарға мүмкіншіліктер өте көп қой. Ең басты берер кеңесім – уақытты бос өткізбей, сол мүмкіншіліктерді қолдана отырып, болашаққа апарар жолды салу керек. Әр кішкене қадам үлкен шыңға апарады, соны түсіну керек деп ойлаймын.

Жұмабек: Болашақ жас маман ретінде сенің біліктілігіңді қандай еңбегіңнен байқай аламыз?

Әлібек: Шыны керек, қандай салада болмасын білікті болу үшін жылдар бойы тәжірибе жинау қажет. Мен әр түрлі мүмкіндіктерді қолдана отырып біліктілігімді жинап, арттыру үстіндемін. Мәселен, АҚШ-та оқып жүрген кезімде госпитальда медициналық тәжірибеден өткен болатынмын. Сонда бар күш-жігерім мен білімімді жинап, неврология, кардиология және хирургия бөлімшелерінде көп дүние үйрендім. Бұны біліктілігімді аз да болса арттырған өмірлік тәжірибем деп білемін.

Жұмабек: Қазақстанның медицина ғылымының дамуына пікірің қандай?

Әлібек: Қазақстанның өз алдына дамуын жалғастырғанына небары 25 жыл ғана толды. Соған қарамастан, білім мен ғылымның күрт дамып келе жатқаны анық сезіледі. Қазақстанның медицина саласы алдыға нық басып келе жатыр. Оның бірден бір себебі – жастардың ғылымға деген қызығушылықтарының артып келе жатқаны. Мәселен, осы Шахмардан Есенов қорын айтсақ, қордың мақсаты Қазақстан жастарының  Зияткерлік потенциялын арттыру болып табылады. Оның дәлелі осы өзім қатысқан әлемнiң зертханаларындағы ғылыми машықтану бағдарламасы. Тағы айта кететін жәйт, мен оқып жатқан Семей Мемлекеттік Медицина Университетінде жыл сайын халықаралық деңгейде медицинадан ғылыми конференциялар өткізіледі. Міне, осының барлығы ғылымның дамып келе жатқанының бірден-бір дәлелі деп білемін.

Жұмабек: Әдебиетті ұнатасың ба? Қандай кітаптар оқисың? Кімдерді оқисың?

Әлібек: Кішкене кезімнен ата-анам мені кітапқа баулыған, сол себептен бе, кітап оқуды ерекше жақсы көремін. Шыны керек, кітап таңдамаймын. Қазақтың, орыстың, шет елдердің классика кітаптарын сүйіп оқимын. Әрине, әдеби және әдемі тілде сөйлеу үшін әдебиетті сүю керек. Менің ақындардан сүйіп оқитын авторым – Мұқағали Мақатаев.

Жұмабек: Әлібек, мен газет немесе журналдан емеспін, мақала мөлшерін шектемейміз. Әңгімемізді еркін өрбітсек…

Әлібек: Әрине, сұраңыз

Жұмабек: Кейбір жастар жеткен жетістіктеріне масаттанып, «Жұлдыз ауруымен» аурып жатады. Өзіңді жұлдыз санаған кездерің болды ма?

Әлібек: Жоқ, ондай болған жок. Жұлдыздар тек аспанда.

Жұмабек: Адамды емдеп көрдің бе?

Әлібек: Туыстарым мен достарым маған хабарласып, кей мәселелерде кеңес сұраған кездері болып тұрады. Қазір ізденіс, білім алу үстіндегі студентпін. Дәрігер маман болғанымды растайтын диплом қолға тиген соң маман ретінде міндетті түрде емдеу жұмыстарына қатысамын. Әзірше, ақыл-кеңес беру ғана.

Жұмабек: Әлеуметтік желілерде көп отырасың ба?

Әлібек: Көп отырамын деп айта алмаймын, бірақ бос болғанда әлеуметтік желілерді қолданамын.

Жұмабек: Аурудың қазақы емдеріне пікірің қандай?

Әлібек: Жалпылай айтсақ, ата-бабамыз ежелден бері кейбір сырқаттарды сорпа мен құйрық май арқылы да емдегенін кейбір жазбалардан, үлкендердің аузынан біліп жатырмыз. Және шөп пен жануарлардың өнімінен жасалған дәрумендердің де сан түрін айтуға болады. Бірақ, қазіргі кезде заман талабына сай тексеріліп, емделу қажет деп ойлаймын. Адамның ең басты құндылығы – денсаулық. Сондықтан әр емнің, әр тәсілдің өзіндік шегі болу керек, яғни, әр емге дәлдік керек, сонда ғана медицина адам өмірінің сенімді кепіліне айнала алады. Десе де, аурып ем іздегенше, аурмайтын жол іздеген адам ұтатын сияқты.

Жұмабек: Семейде қандай ауру түрі көп кездеседі?

Әлібек: Жүрек-қантамырлар жүйесі, онкология, генетикалық аурулар көп кездеседі. Ең басты себеп ретінде экологияның ластанып, адамдардың толыққанды өмір сүруіне жағдайлардың кемшіндігінен деп білемін!

Жұмабек: Осы салада қай ғалымды үлгі тұтасың?

Әлібек: Неврология саласына қызығатындықтан, сол сала жайлы, ғалымдар жайлы көп оқимын. Еңбегі сіңген мықты ғалым деп ағылшындық 1932 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Чарльз Шеррингтонды айта аламын. Нейрондардың функциясын толығымен анықтаған ең бірінші ғалым болып танылды.

Жұмабек: Болашақтағы мақсатың?

Әлібек: Мақсатым Қазақстанның медицина ғылымына айтарлықтай үлес қосу. Болашақта Семейде иммуногистохимиялық лаборатория ашып, сирек кездесетін аурулардың диагностикасы мен емдеу әдістерін іздеу басты мақсаттарымның бірі. Ол үшін бар күш-жігерімді салып еңбек етемін!

Жұмабек: Ақ халаттың сыры неде деп ойлайсыз?

Әлібек: Ақ түсті киім киген адамға қарасаң жүзі ашық, ойы кең, таза адамды көресің. Соның әсерінен пациенттерге сондай ақ жүзді болып көріну үшін дәрігерлер ақ халат кие бастады деп ойлаймын. Жарқын жүзді адамның (науқас жүзіне қарағанда одан әлде бір үміт күтіп отырады ғой) айналасына берер энергиясы өте көп болады. Барлық адамдарға айтар едім, ашық киініп, үнемі күліп жүріңіздер деп.

Жұмабек: Әңгімеңе рахмет Әлібек! Езуіңнен күлкі кетпесін, ендеше!

Әлібек: Өзіңізге де Рахмет!

Сұхбаттасқан Жұмабек Айқынұлы,

«Жерұйық» порталы

 Chase Edmonds Womens Jersey

0
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation