
Жайсаңбектер (аталас Арнай болыспен сиыспай) Абдра бекетіне көшіп келген соң, бір шеткерілеу жерге бір жағын жерден қазып, бір жағын қамыстан соғып, там үй салып алады да, әр түрлі жұмыс істеп күнелтеді.
Жағымсыз мінездері жоқ, момын жандар: Сара да, шешесі де, ағалары да көрші-колаңдарына ұнамды болады. Олар Сараны шілдехана, сүндет тойы, қыз ұзату, келін түсіру сияқты сауық кештерінен қалдырмай, өлең айтқызып, құрмет көрсетіп жүреді. Кейбір әлділеу көршілері киім-кешек, азық-түлік жағынан да жәрдемдесіп тұрады. Өстіп бұлар Абдра бекетінде екі жылдай өмір сүреді.
Алайда қайратты Жайсаңбек (Тастамбектің інісі) пен ер жетіп келе жатқан Сақариды (Сараның емшектесі) күн-көріс тұрмысы қанағаттандырмайды. Өйткені бұлардың істеген еңбектері өнімсіз тапқан табыстары мардымсыз — ішсе тамағына, кисе киіміне жетпейді. Бай ағайындарына қайта оралуға намыс жібермейді. Енді не істеу керек? Сол маңдағы байлардың біріне жалданып, мал табуға, сөйтіп, тамақтарын тоғайтып, киімдерін бүтіндеуге бел байлаған бұлар, Балқаш көлінің жағасына қыста малын отарға жіберетін Ақсу байларының бірімен келісіп, соған жалданады.

Бұл кезде Сараның шешесі Жаншөке сырқаттанып, жүріп-тұруға шамасы келмей қалады. Жаншөке мен жас Сараға көже-қатық тауып беру мақсатымен Жайсаңбек әзірше үйде қалып, Балқашқа Сақариды жібереді. Соғымға жарарлық мал сатып алуға ақшасы жоқ, қарызға мал сұрарлықтай ағайын-туысқан, жекжат-жұраты жоқ Жайсаңбек «білсе барымта, білмесе сырымта» дегендей, бұрын ұрлық істеп көрмесе де, далада жайылып жүрген біреудің өгізін бір түнде әкеліп сойып алады. Бірақ бұлардың сорына өгіз атақты Тұрысбек қажының аулынікі болып шығады. Ол ауылдың пысық малшылары тінтіп жүріп өгіз етін тауып алады да Жайсаңбекті ұстайды. Ол кезде бүкіл Жетісуға ықпалы жүріп «ақ» дегені алғыс, «қара» дегені қарғыс болып тұрған ең ірі бай-саудагер және ел билігі колында тұрған Маманұлы Тұрысбек кажы Тастемір елінің болысы Арнай Сарбасұлы арқылы өгіз «ұрлап» сойғаны үшін Жайсаңбекті Абдра бекетіндегі түрмеге қаматады.
Жайсаңбек қамалған соң Сара мен сырқат шешесінің тұрмысы бұрынғысынан да ауырлай түседі. Отар малға кеткен Сақаридан ешбір хабар-ошар болмайды. Әрине, ол Жайсаңбектің де, Саралардың да жай-күйінен бихабар еді.
Бұл кезде Арнай болыс Тұрысбек қажымен ақылдасып, Жайсаңбекке айтқанын орындатудың, сөйтіп, Сараны торға түсірудің тәсілін ойластырады. Айлакер болыс:
«Сен Маман-Тұрысбек ауылымен құда боласың. Сараны Тұрысбек қажының жақын адамы — Жиенқұл деген кісі айттырады, ол бүкіл «кәдесі мен қалың малын» төлейді, калың малды өзің аласың. Үй ішіңмен Маман-Тұрысбек ауылына көшіп барып, сол қалың малды шетінен алып, жеп отырасың. Міне, осыған құп десең түрмеден шығып, бостандық аласың да, Маман-Тұрысбек ауылының бір азаматы болып қоңсы қонасың» дегенді айтып түрмеде жатқан Жайсаңбекке кісі жіберіп сөйлестіреді. Бұл сөзге Жайсаңбек сене қоймайды.
Бірақ амал не, ол түрмедегі қиыншылыққа азар шыдап жатқанды, оның үстіне Сара мен шешесінің қайыршы болуға мәжбүр бола бастағанын да сезген. Ал отар малдағы Сақаридың бұларға қол ұшын беруге шамасы жоқ екенін де біледі. Міне, осы жағдайларды байыптаған Жайсаңбек, Арнайдың қойған шарттарын амалсыздан қабылдайды. Осыдан кейін қуанышы қойнына симаған Жиенқұл түрмеге әдейілеп ат апарып, Жайсаңбекті шығарып үйіне әкеледі де Сараға құда түседі. «Қалған мәселені қажының алдына барған соң шешіп келісеміз» дегенді сылтауратып Жайсаңбекті Тұрысбек ауылына ертіп әкетеді.
Әрнне Жайсаңбек пен Сараға жабысқан пәленің түйіні сойылған өгізде ғана емес-ті. Бір өгіздің дауын соншама шиеленістірмей-ақ қойса Арнайдың да, Тұрысбектің де ештеңесі құрымас еді ғой. Арнай болыс пен Тұрысбек қажы қолдарындағы бар әкімшілік — өкіметін пайдалана отырып, арбау сөзге алданып келген Жайсаңбекті еріксіз Маман-Тұрысбек ауылының отар жылқысына жібереді. Кейінірек Сақариды да осында алдыруға ұйғарады. Сараға төленетін қалың малды Жиенқұлдан өздері бөлісіп алатын болады.
Ал Сараны Абдра бекетінен Маман-Тұрысбек ауылына көшіріп алып, басына қос тігіп береді де, аш-жалаңаш болмайтындай етіп, үй шаруасына қосады. Аталған оқиға 1891 жылдары болған.
Бұл арада «Сара сықылды сұлу да ақын және енерпаз кызды Маман тұқымдарының біреуі ала салмай, Жиенқұлға неге береді»?—деген сұрақ туады. Мұның мәні мынада болса керек. Он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінде Маман-Тұрысбек дегендердің қазақ даласындағы сауда капиталының ірі өкілі болып алғаны, сонымен қатар ел билеу істерінде де ықпалды бола бастағаны мәлім. Бұлар сол кездің өзінде-ақ өздерімен бәсекелескен саудагерлерді әлсіретіп, оларды ірі-ірі базарлар мен жәрмеңкелерден ығыстыра отырып, сауданы неғұрлым пайдалы да кеңірек жүргізу мақсатымен татар, қырғыз, өзбек бай-саудагерлерімен де жекжат-жұрт болып қарым-қатынас жасаған. Осындай әрекеттер Маман-Тұрысбектің саудадағы даңқын кетеріп, ел билеу ісіндегі ықпалын да арттыра түскен.
Заман толқынын, өмір түйінін өзгелерден гөрі ертерек сезіне бастаған Маман тұқымдары феодализм тұсындағы ескі әдет-ғұрыптарға жабыса бермей, жаңа капиталистік қоғам дәстүріне көше бастайды. Балаларын бұрын дін жолымен оқытып келсе, енді төте оқу әдісімен де орысша да оқыта бастайды, мешіт, медресемен қатар мектеп ашады. Бұрын дін жолында биік мәртебелі болсын деп балаларын Мекеге жіберіп «қажы» атандырса, енді ірі-ірі жәрмеңкелер, базарлар мен өнеркәсіпті сауда орталықтарына жіберіп, сауда-саттық істеріне жетілдіру әрекетіне кіріседі. Ел билеу ісіне де араластырып, көрші отырған елдердің болыстығына сайлатады.
Тағы да бір айтарлық нәрсе, қазақ халқының ескі дәстүрі бойынша жеті атаға толмаса, өзара қыз алыспайтыны белгілі. Ал, Маман тұқымдары өз нәсілін «ақ сүйек» деп танып, мұндай «артықшылығы» бар тұқымды «азғындатып» алмау үшін ата жақындығын талғамай-ақ өзара қыз алыса бастайды, басқаларға қыз берсе тек таң- даулы ірі байларға, шынжырбалақ, шұбартөстерге ғана беретін болады. Өздері қыз алса да тек сондайлардан ғана алады. Әрине, осылай болғандықтан кедейден шыккан бір жетім қызды Маман-Тұрысбек қауымына кіргізуге болмайтыны түсінікті.
Одан соң, сауданы жаңа капиталистік әдіспен кең өрістете беру жолына түскен, сол арқылы мыңғырып баюдың дұрыс тәсілін тапқан Маман-Тұрысбектерге өндіргіш күш қажет болған-ды. Өсіп келе жатқан қыруар малға бақташы да, басқарушы да керек. Міне, Маман түқымдары мал өсіріп, сауда жасаудың мәнісін осылай түсінген, сондықтан да малшылар мен олардың басшыларын басқа қарапайым қазақтардан артығырақ ұстауға тырысқан.
Осындай аса пайдалы өндіргіш күш-кейінірек «құлдар» деп атанып кеткен бір рулы ел еді. Олар Қалқабайдың (Маманның әкесі) арғы аталарымен туысқан тайпадан таралып, Маман ауылының үнемі малын бағып жүретін болған, бертін келе сол рудың пысыктары басқарушы болып, қалғандары малшы-қосшы, егінші-пішенші дегендей қысы-жазы Маман-Тұрысбектің жүмысын істеп, негізгі өндіріс күшіне айналған. Сөйтіп, «құлдар» руының өзіне тән жер-суы болмаған.
Осы «құлдар» руының ішінде бір әкеден сегіз ағайынды, олардың ең кенжесі — Жиенқұл деген болыпты. Жиенқұлдың бала кезінде құныстан белі бүкір, сынықтан бір аяғы шолақтау бітеді, оның үстіне бет-әлпеті де сиықсыздау болып өседі.
Алайда ол ер жете келе «құлдар» арасындағы ықпалды пысықтардың бірі болған. Маман-Тұрысбек ауылының малын бағып, шаруасына араласып, әбден жағымды болған ағаларының арқасында Жиенқұл молдадан сабақ оқып, намаз бен құран оқуды үйренеді. «Ауызы сөзге, аяғы жүруге епті болады, жатыпатар, мысқылшы, қалжың-күлдіргі әңгіме сөздерді көп білетін сөзуар да екен. Түр- тұрпатына қарамастан өзінің сезімтал пысықтығымен ол Тұрысбектің іші-сыртын түсініп, далаға шашпай, ойлағанын ернінің емеурінінен танып, бұлжытпай орындайды, бар деген жеріне бөгелмей барып, айт дегенін жасқанбай айтатын болады. Күлдіргі ертегі-әнгімелерімен, кейбір жағымсыздарды кекетіп-мұқатарлық өткір мысқыл-сықақ сездерімен қажының көңілін көтеріп, қуанышқа бөлейтін дәрежеге жетеді. Міне, осындай Жиенқұл Тұрысбекке әбден жағымдылардың бірі болған екен.
Сиықсыз түріне байланысты Жиенқұл жасы қырықтарға келгенше қалыңдықсыз жүреді. Әркім-әркімге сөйлескенімен, ешкімнің бұған қыз бергісі келмейді. Сондықтан, Жиенқұл өзінің қуакы тілімен: «Қажеке-ау, малымыз аз, аяғымыз шолақ болғандықтан Мекеге бара алмаймыз, не қатын ала алмаймыз, қатыны көптер маңына жолатпайды, қайда барсаң бытпылдақ. Мұндай сөзге сіз де құлақ салмай жүрсіз. «Күріш арқасында күрмек су ішеді» дегендей, көлеңкеңізде жүргелі көп заман, «жақсыдан шарапат» дейтіні кайда осы!»—деген сняқты сөздерді айтып қыңқылдай береді. Сейтіп жүргенде «Апырмай, осы Жиеиқұл байғұсқа ретін тауып біреудің қызын алып берген жөн болар еді-ау» деп айтып қалады Тұрысбек. Осы сезді ұстап алған Жиенқұл, әрдайым «Қажыеке-ау, уәде кұдай аты емес пе» деп қажыны мазалай береді. Міне, осы айтылғандарға орай қолға арзан түсіп отырған, қорғансыз қызды Жиенқұлға беріп, «өндіруші күш» болып отырған «кұлдардың» да көңілін аулап қою қажет болған-ды. Міне, Сараны Маман тұқымдарының біреуі ала салмай, Жиенкұлға атастырудың себептері осылар болса керек.
Материал Сайлаубай Қайнарбаевтың
құрастыруымен 1985ж. «Жазушы» баспасынан жарық көрген
«Ақын Сара» кітабынан ықшамдалып алынды.