Қазақпын – бар адамзат бауырымын,
Қазақпын – тірлік, бірлік қауымымын.
«Біз бай, білімді, әрі күшті болуымыз керек. Бай болу үшін – кәсіп, білімді болу үшін – оқу керек. Ал, күшті болу үшін – бірлік керек». Ахмет Байтұрсыновтың бұл тәмсілі бүгін де өзекті һәм өткір мәселе.
Қазақ деген ежелден іргелі ел. Адал ниет, ақ пейілмен келген кімді болса да құшақ жая қарсы алатын кең жазира даласындай дархан көңілді қазақ. Табиғаттан тән тамырын үзбей, жер бетінен жерұйықты іздеген халық достықтың туын берік ұстап келеді. Әманда солай. Қазақ халқының мейірбандығы мен адалдығы, ақкөңіл достығы, адамгершілігі адамзаттық ізгілікке жол ашып отыр. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Көк байрақтың астына бірнеше ұлт пен ұлысты ұйыстырып, бірлігін бекем ұстап отырған дархан ел.
1-ші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – еліміздегі ең жарқын және мерейлі мейрамдардың бірі. Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қара шаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Сондықтан бұл мейрамның маңызы зор. Тәуелсіз Қазақстанда аталмыш мейрам 1996 жылдан бастап тойланады. 1-ші мамырды Қазақстан халқының бірлігі күні деп жариялау туралы бұйрыққа Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1995 жылдың 18-ші қазанында қол қойып, Еңбекшілер күнін тойлаудан бас тартты. Бұл күні Қазақстан Республикасында тұратын халықтарды бірлікке, ынтымаққа ұйытатын мерекелік шаралар өткізіледі.
Баянауыл – талайдың бағын баянды қылған мекен. Бұл өңірде де өзге ұлт өкілдері түтінін түтетіп отыр. Солардың бірі – Евгений Михаилович пен Зухра Гаптулханқызының әулеті. Қаны татар болса да жанымен қазақтыққа жақын жандар 1976 жылы шаңырақ құрған. Зухра Шамсуддинова 1957 жылы Ресейде туған. 1960 жылы отбасымен Қаражарға қоныс аударады. Сол жерде орыс мектебінен білім нәрімен сусындайды. Орыс тілінде хат таныса да үй үшінде ата-анасымен, ауылдағы достарымен қазақ тілінде сөйлеп, еркін меңгерген. «Тіл үйренуге ешкім күштеген де емес. Қазақ тілін өзім үшін, болашақ ұрпағым үшін жетік білгім келді. Қиындықсыз меңгердім», – дейді кейіпкеріміз. Жүзі басқа болса да қазақпен жүрегі бір жандар отбасында тоғыз баланы өсіріп, қазақы мәдениетке жақын тәрбиелеген. Балаларының алдыңғы үшеуі орыс тілінде хат танып, орыс сыныбында оқыса, қалған алтауы қазақ мектебінде тәлім алған. Сүт кенжесі Қаражарда тоғызыншы сыныпта оқиды. Қазақпен тілі де тілегі де бір отбасы қазақы мәдениет, тіл мен ділді барынша меңгерген, барынша жақын. Жақында ғана көппен бірге ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін де көппен бірге тойлаған екен. Ара-тұра дастарханға қазақы дәмді де дайындап тұратын көрінеді. Бұл отбасынан бөлек, Баянаулада мерекелі де берекелі ғұмыр кешіп жатқан өзге ұлт өкілдері жетерлік.
Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың достық, туысқандық тамыры тереңнен сыр шертеді. Өйткені олар ел басына күн туып, сұрапыл соғыс өрт шашқанда да бір тілекте болған. Тағдыр тауқыметімен Баянаула өңіріне қоныс аударған әртүрлі ұлт өкілдеріне қазақ ұлты бауырмалдық танытып, бауырына басқан. Осындай адал достықтың арқасында ауданымызда көп ұлт өкілдері ынтымақпен өмір сүріп келеді.
Әлия ТАУКЕНОВА.