Сенбі, Тамыз 18, 2018
Негізгі > ○ Блогер жазбалары > «Жас дәурен» – думанды мекен

«Жас дәурен» – думанды мекен

Адам өмірінің бақыты – балалық шағы. Баланы бауыр етім деп білетін қазақ қашанда бала тәрбиесін бірінші кезекке қойған. Бүгін де бұл үрдістен жаңылған жоқ. Ұрпақ саулығы мен сауаттылығы негізгі орында. Тәрбие мен тәлімді, сауаттылық пен салауаттылықты қатар ұйыстыруда Баянауыл ауданында «Жас дәурен« оқыту-сауықтыру орталығы жұмыс істейді.

«Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген иран елінің мәтелі – шын дұрыс мәтел». Мағжан Жұмабаевтың осы сөзінде түсіне білген адамға үлкен мән, астар жатыр. Ақиық ақын патшаның алтын тағына теңейтін балалық қамсыз, риясыз өтуге міндетті. Адам баласының жаман құлқы жаратылысынан емес, өскен орта, алған үлгі, өнеге білетіндігінен болса керек. Және түзелу, бұзылу жас уақытта болады. Осы ретте, облыстық «Жас дәурен» орталығының атқарып отырған жұмысы мардымды һәм маңызды. Аталмыш орталық ғимараты 2009 жылы салынып бітіп, 2010 жылдан бастап жұмысқа кіріскен. Облыстық деңгейдегі оқыту-сауықтыру орталығы жыл бойына 13 ауысым бойынша қызмет атқарады. Облыс көлеміндегі үш қала мен он аудан бүлдіршіндері жұмыс істейтін орталық бір ауысымда 150-200 баланы қабылдайды. Оның ішінде, жазғы маусымда 200 бала оқыту-сауықтыру кешенінде болса, 150 – сабақ кезінде. Жалпы, жыл бойына 2150 тәрбиеленуші «Жас дәуренде» тәлім мен тәрбиеден нәр алып, сауығады.

– Оқу жылы басталған кезде балалар мектеп бағдарламасынан еш қалып қоймай, осында сабақ оқып, ем-шараларынан өтеді. Ең бастысы, олар таза ауада, жазық далада нағыз достар арасында еркін тыныстайды, демала алады. Сонымен қатар, қызықты логикалық ойындар, серуендеулер, үйірме, спорттық жарыстар, концерттік бағдарламалар мен би кештері ұйымдастырылады, – дейді «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру орталығы директоры Нұрсағат Ермеков.

Баланың дұрыс жетілуінде басты фактордың бірі дәрумендер болса, бұл – «Жас дәурендегі» басты мән берер қағида. Бес мерзімдік тамақтану мәзірінде барлық тағамға дәрумендер қосылып беріледі екен. Сондай-ақ, жасөспірімнің жан-жақты жетілуіне, шығармашылық дамуына жол ашатын үйірмелер де жұмыс істейді. Нұрсағат Рахметоллаұлының айтуы бойынша, бала бойындағы қызығушылығын жете түсініп, шығармашылық жолына қадам басуда жәрдемдесу үшін 12 бағытта үйірмелер қызу жұмыс атқарады. Олар, спорттық үйірмелер, қолөнер, би, музыкалық және басқа да бағыттарда. Соңғы уақытта орталықта гитара үйренемін деушілер қатары көбейген соң бұл мәселе де оңынан шешіліпті. Ептілік пен қырағылыққа үйрететін тир, әуелете ән шырқауға бағыттап, мүмкіндіктерін шыңдайтын вокал студиясы шығармашылық қабілеттерін дамытуға жоспарланған. Дебаттық сабақтар мен флешмоб бағытындағы жұмыстар балалардың бір-бірімен тығыз қарым-қатынас орнатып, сахна мәдениетіне, еркін қимыл-қозғалысқа жетелейді. Сондай-ақ, тренажорлық зал да балаларды сауықтыру үшін жұмыс істеп тұр. Құммен сурет салу үйірмесінің бар екенін газетіміздің өткен сандарының бірінде жазған болатынбыз. Әр үйірмеде 15-20 баладан бар екен.

«Көп тіл білген көштен қалмайды» дегенді жете түсінген орталық басшысы ағымдағы жылдан қытай тілі үйірмесін ашқан екен. Бұл үйірмені аспан асты елінде курстан өтіп келген екі тілді, білікті маман жүргізеді. Білім беру жүйесінде кадрлар жүйесінің білімді әрі білікті болғаны маңызды. Мектеп басшысы тәрбиені оқушыдан емес, ұстаздан бастаса іс түзеледі, мақсат айқындалады. Бұл ретте аталмыш орталық еш осалдық танытпайды. «Жас дәурен» оқыту-сауықтыру орталығының ұстаздары түрлі конкурстарда оза шығып бәйге алып, түрлі курстардан, біліктілікті арттыру курстарынан өтіп тұрады. Бала бойына білімнен бұрын тәрбие дарыту аса маңызды. Ендеше, «Жас дәуреннің» ұстаздары мен тәрбиешілерінің көздеген мақсаты да осы. «Біздегі басты талап – озық тәрбие. Балаға өмірлік дұрсы бағдар беру. Бағыт сілтеу. Шәкірттер арасында тәлім-тәрбие жұмысын жүргізу күрделі инженерлік құрылыс тәрізді, қателік жібермеуді талап етеді. Тәлім-тәрбие – барлық істің басы. Біздің міндет те, борыш та – саналы тәрбие беру», – дейді Н.Ермеков.

«Жас дәуреннің» тәрбиеленушілері күндерін қызықты әрі пайдалы өткізулері үшін арнайы жоспар, бағдарлама бойынша жұмыс жасайды. Таң күлімдеп атқаннан таңғы музыкалық жаттығу бала бойын сергітеді. Орманға серуен, танымдық сабақтар, шығармашылық, спорттық үйірмелер, емдік шаралар, барлығы, барлығы баланы дамытуға, ойын баласының танымдық деңгейін арттырып, білімін, денсаулығын жақсартуға бағытталған. Ағымдағы жылдан бұл орталықта барлық керек-жарақтарымен толықтай жабдықталған массаж кабинеті де жұмыс жасайды. Арнайы бекітілген маршрут бойынша саяхатқа шығатын 3 автобус та балалар үшін.

Бала – өмірдің гүлі. Ғаламның гүлденуі саналы да салауатты, білімді де білікті, дені сау жастардың қолында. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тұтқасы. Келешек кемелділерін тәрбиелеп отырған «Жас дәурен» жастар өмірінің дәуренді болуы жолында қызмет етуде.

Әлия ТАУКЕНОВА.

1
Authorization
*
*
Registration
*
*
*
Password generation