Танымал өнерлі жұп – Қанат және Света Айтбаевтардың ұлы Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы «І am a Sіnger» («Мен әншімін») әншілер байқауына қатысып жатқанына біраз болды. Бүгінге дейін сайыстың алты турынан өтіп, оның үшеуінде бірінші орын алғаны да мәлім.
Димаштың өнеріне тәнті болған көпшілік, міне, бір айдан бері әлеуметтік желілерде өз пікірлерін білдіріп, ризашылықтарын айтып, талқыға салып жатыр. Әншілер сайысының әр кезеңін асыға күтетіндер де баршылық. Қазақтан шыққан жас дарынның қадамына разы жұртшылық тек өз елімізде ғана емес, шет елдерде де жеткілікті екен. Димаштың әншілік талантына әлем тыңдармандарын тәнті етуге фейсбук әлеуметтік желісінің де көп әсер етіп жатқаны анық. Өйткені, оның ән шырқап тұрған бейнекөрінісі ғаламтор арқылы дүниежүзі көрермендерінің назарына ұсынылуда.
Мәселен, Димаш Құдайбергеннің Қытайдағы байқауда алғаш шырқаған «S.O.S» әнінің бейненұсқасын күні кешеге дейін 5 миллионнан астам адам көріпті! 130 мыңнан аса адам бейнероликті өз парақшаларында достарымен бөліскен. Олардың астында 7 мыңға таяу пікір жазылған. Ерекше бөліп айтар бір жәйт: пікір қалдырушылардың басым көпшілігі – Батыс елдерінің азаматтары екен (Қытайда фейсбук жоқ, оған тыйым салынған).
Төменде ең әсерлі пікірлердің бір тобын қазақшалап ұсынып отырмыз:
«Жонатан Мальнури (Франция): Кемеліне келген керемет дауыс! Дыбыстарды дәл айтуда жіберген кейбір кемшіліктері кешірімді. Кеуде түкпірінен шығатын үн мен регистрді тамаша пайдаланады екен. Ғажап!»
«Робин Уильямсон (АҚШ): Мен мына жігіттің кім екенін де, мұның қандай шоу екенін де білмеймін. Білетінім: әншінің диапазоны сұмдық! Және осы сұмдық диапазонды ол қалай әуелетеді десеңші! Феномен!»
«Кармен Фернандес Ансуатеги (Испания): Дауыс… жүректерді жақындататын ең күшті құрал. Мынадай кең диапазон қалай жақындатпасын…»
«Изабель Шоффетон (Франция): Мен бұл видеоны төрт рет көріп шықтым. Сірә, Даниэль Балавуан жұмақта өз әнін мынадай баланың шырқағанына разы боп жатқан шығар. Мына әнші, сөз жоқ, гений. Нағыз гений! Рас, кей сөздерді дұрыс айтпады, бірақ, онда тұрған не бар, бастысы – эмоция шынайы және күшті!»
«Кристин Орбст (Германия): Мәссаған, мына жігіттің көмейінде тенор мен сопраноның арасындағы, ерге тән дауыс пен әйелге тән үн арасындағы бүкіл дыбыстар гаммасы түгел жүр ғой! Тұла бойым тітіркеніп кетті».
«Сильвания Байландо (Италия): Сирек кездесер айрықша дауыс екен. Кімде-кім мына әншінің аты-жөнін білсе, маған айтсыншы».
«Иан Стюарт (Ұлыбритания): Құдайым-ау, қандай ғажап! Қайта-қайта тыңдап отырмын. Осындай да дауыс болуы мүмкін бе? «Мүмкін» дейтін шектен де шығып кеткен диапазон ғой мынау! Жаратқанның өзі берген дарын. Қуанышым кеудеме сыяр емес. Видеоны бөліскендеріңізге рахмет».
«Марсия Никайдо (Бразилия): Бұл сайыс емес шығар деп үміттенемін. Егер сайыс болса, онда басқа қатысушыларға жасалған әділетсіздік бұл. Мұнымен жарысуға кімнің шамасы келеді? Құдды бір әншінің ішінде үш әнші тұрған сияқты. Ғажап!»
«Туула Хастбакка (Финляндия): Адам сенгісіз регистр, тұнық та кең дауыс, керемет интерпретация. Мықты әнші екен!»
«Агнес Дани де Бос (Бельгия): Қандай күшті дауыс… Құдайдың берген сыйы ғой… Жылап отырмын, көзімнің жасын тыя алар емеспін… керемет… керемет… керемет…»
«Виктория Мортенсен (Дания): Қандай талант, қандай әнші! Ризамын! Кәсіби тұрғыдан өсе беруіне, кемелдене беруіне тілектеспін! Бәрі жақсы болсын!»
«Кристина Дельмендо (АҚШ): Күлсеңіздер, күле беріңіздер, бірақ, мен әннің бір сөзін де түсінген жоқпын, есесіне, дауыс қандай тамаша! Тыңдап отырып, көзімді жұмып едім, көңілім босап кетті. Көз жасым бетіммен тарам-тарам боп ағып жатыр. Тілдік кедергі бар болса да, музыка жүректерді біріктіріп, оларды мейірім мен бейбітшілікке үндей алады!»
«Эса Сейтту (Швеция): Менің бұл әнді тыңдап отырғаныма бірнеше сағат болды, тіпті, тоқтай алар емеспін. Әннің не туралы екенін де білмеймін. Мынау – адамның емес, періштенің даусы. Музыка арқылы соғысты тоқтатуға бола ма? Иә, мына жігіт тоқтата алады. Мен әлемнің жеті кереметі туралы естігем, бірақ, мына әншінің ғажайыбы бәрінен асып түсетін сияқты. Мынадай дауысты жаратқан Құдайға енді сенбесіме амал жоқ!»
Ал Қытайдың өзінде Димаштың танымалдылығы, тіпті, таңқаларлық нәтижеге жетті. Димаш Құдайбергеннің PR-менеджері әрі досы Алпамыс Шаримовтың айтуынша, қытайлық жанкүйерлер мен тыңдармандар қазақ әншісіне айрықша қолдау көрсетіп жатқан көрінеді. «Мұндай ыстық ықылас өнер адамын жігерлендіріп, шалқар шабыт береді» дейді ол.
Үндінің баяғы «Диско бишісі» фильмінде халықтың ғаламат қызығушылығын оятқан жас әнші Джиммидің құрметіне киім, иіссу, балмұздақ шығарылып, оны жұрт таласа-тармаса сатып алып жатушы еді ғой («джинсы Джимми, духи Джимми, мороженое Джимми» деген сөздер орта буын көрерменнің есінде болар). Сол секілді Қытайдағы ауқатты жанкүйерлер Димашқа қолдау көрсету үшін үй сыртына жарық шамдармен көмкеріп, оның атын жазып қойыпты. Тіпті, жергілікті ІT-мамандар Димаштың смартфондарға арналған бағдарламасын да ойлап тапқан. Димаштың суреті бар, қазақ тілінде «Мен сені сүйемін» деп жазылған сыйлық салғыш қаптар да кеңінен таралып жатыр екен. Сондай-ақ, қазақ әншісінің талантына тәнті кейбір көрермендер Димаштың құрметіне арнайы печенье де шығарыпты.
«Әрине, кез-келген өнер адамы үшін тыңдарман ықыласының орны бөлек. Мұндай сыйлықтар әншіге ерекше көңіл-күй сыйлайды. Димаш өзінің жанкүйерлерін шынымен де жақсы көреді», — дейді әншінің PR-директоры.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Дереккөз: «Алматы ақшамы» газеті